Өткен ғасырдың зұлматы – 1937-1938 жылдардағы репрессия туралы бүгінгі ұрпақ не біледі? Қазіргі жастардың санасында қуғын-сүргін құрбандары туралы қандай түсінік қалыптасқан? Осы күнгі өнер иелері сол кезеңнің қасіретін қалай түсінеді? Осы тектес сұрақтарға жауапты Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында ұйымдастырылған «1937: Еске алу алаңы | Жоқтау» көрмесіне табуға болады. Аталмыш көрмеде жас суретші-дизайнерлердің қуғын-сүргін тақырыбына байланысты жазған шығармалары мен жасаған туындылары қойылған.
Бұл арт-көрмені ұйымдастырушы – Ілияс Жансүгіров қоры мен «Nedelka Project» жобасы. Ұйымдастырушылар «көрменің мақсаты – өткенді ұмыттырмау, санада жаңғырту, өнер туындылары арқылы қуғын-сүргіннің табиғатын, оның тереңдігін қоғамға, әсіресе бүгінгі жастарға түсіндіру» дейді. Өйткені Ілияс Жансүгіров қорының төрайымы Ажар Жандосованың пайымдауынша, сол бір зұлматты жылдардың зардабы қазіргі жастар үшін аз зерттелген, таңсық тақырып болып табылады. Тіпті тарихтың осы қаралы беттерінен мүлдем бейхабар жастар да кездеседі.
Көрмеге қойылған туындылардан бұл тақырыпқа авторлардың әр қырынан келгендігін көруге болады. Онда кенепке салынған көркемсуреттен бастап, фотосуреттер мен инсталляцияларда сол жылдардағы жаппай тұтқындау, зиялы қауымды қудалау, жер аудару, бірін-бірі сатып кету, халықтың бойындағы үрей, сан қилы тағдырлар көрсетілген. Мәселен, Ғалымжан Қайралапов пен Елена Позднякова сынды жас дизайнер-суретшілердің қиялынан туған композициядан сол кезеңдегі бостандығынан айырылып, «Гулаг», «Карлаг» сынды түрмеге тоғытылғандардың тағдыры мен олардың болашаққа деген сенімін байқауға болады. Адамдардың сұлбасын тікенек темірмен беру арқылы авторлар қоршауда өткен тағдырды бейнелеуге тырысқан. Алайда темір қоршауда отырған жандардың жанында көк шөп өсіп тұр. Композиция авторларының бірі Ғалымжан Қайраларов көк шөп болашақты, алдағы жақсы күндерге деген сенімді, өшпеген үмітті білдіретінін айтады.
– Адам бейнесін тікенек темір арқылы берген себебіміз – олар өз еріктерінен айырылған жандар. Алайда еркіндігі болмаса да, бұл жерде де өмір жалғасқан. Көрген адам бірден түсінетіндіктен, оған ат беруді жөн көрмедік, – дейді.
Сондай-ақ жобаға қатысушы Зитта Сұлтанбаеваның «Молчание ягнят» атты картинасы зұлматты заманның құрбандарының қасіретті тағдырын бірден еске түсіреді. Сол жылдарда оқу орнын бітіру кезінде суретке түскен түлектердің бірсыпырасының басы қиылып алынған... Олар – репрессия құрбандары...
Бейбіт Қойшыбай, тарих ғылымдарының қандидаты, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары:
–Кеңес заманының жақсылығын жоққа шығармаймыз, бірақ сол кезде қазақ халқына қарсы үлкен қылмыстар жасалды. Соны бүгінгі күні ашып айтуымыз керек. Ол – қазақ халқының бірнеше рет ұлттық апатқа тап болуы. Кеңес заманы орнағалы ел бірнеше рет: 1917-1918,1921-1922,1931-1933 жж. ашаршылыққа ұшырады. Осы үш дүркін өткен ашаршылық кесірінен 4 миллионнан аса адам қырылды. Егер ықтимал өсімін есепке алсақ, сол жылдары осы зұлматтың кесірінен 10 миллионнан аса жаннан айрылдық. Бұл аздай, биліктің өз халқына, ұлттық интеллигенцияға қарсы жасаған саяси репрессиясы күйзелтті. Ұлттың қаймағын отызыншы жылдардан бастап, 1937-38 жылдарда тұтқындады, атты, асты... Мәселен, «үлкен террор» кезінде 120 мыңнан астам адам репрессияға ұшыраса, соның 25 мыңы атылған. Кейіннен біразы ақталғанымен, бірақ есімдері қоғамдық өмірге қайтарылмады. Үш дүркін өткен ашаршылықтан кейін, босап қалған жерге орталықтан өзге қоныстанушылар келді, индустрияны көтерді, тың игерді – қазақ халқы өз жерінде азшылық болып қалды. 30-шы жылдарғы алапат ұлттық апат кезінде тірі қалған халықтың есеңгіреген, шамасы жеткен бөлігі жан-жаққа көшіп кетті. Республиканы билеуші ауыстырылғаннан кейін, үкімет оларды жинауға кірісті. Халықтың еңсесін көтеру үшін үлкен мәдени революция жасалғаны белгілі. Мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп ашылды, мәдениет үйлерін, театрлар салып, ел ішінде ақын-жазушылардың, өнер адамдарының слеттерін, кездесулерін өткізді. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы болды. Социалистік ұлт жетістігі күллі әлемге паш етілді. Жыл аяғында қабылданған сталиндік конституция бойынша автономиялық қазақ республикасына одақтық тәж кигізілді. Осылай, большевизм билігі қазақ халқына жасалған мемлекеттік қылмысты сәтімен жасырды. Өз елінде азшылық болып қалған, тұрмысы тұралаған елді Одақтас республика дәрежесіне көтерді. Егер сонда одақтас республикаға айналмасақ, тәуелсіздікті көрмей қалуымыз да ғажап емес еді. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ кешегі ұлттық апаттың құрбандарына борышты екенімізді ұғынуып, әрдайым есте ұстауымыз керек. Ащы тарихтан сабақ алып, жастардың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында көп насихат жүргізу қажет. Қазіргі жастар өткен замандағы ірі қасіреттер мен олардың себептерін білсе, демократияны бағалауға үйренеді. Десе де, НКВД-ның құжаттары толықтай ашық емес. Сондықтан көп шындықты білмейміз. Жалпы цифрларды айқанымен, кейбір құжаттар құпия жатыр. Бүгінде өмірде жоқ, басқа үкіметтің құпиясын сақтау қисынға келмейді. Сондықтан сол кезеңнің ақтаңдақтары ашылатын кез алда.
Дерек көз: aikyn.kz