«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Егеухан Мұқамәдиқызы: Өмірім - өнерімнің тарихы

1696
Егеухан Мұқамәдиқызы: Өмірім - өнерімнің тарихы

Бүгін ақын, журналист, айтыскер, Монғолия және Қазақстан жазушылар одағының, Монғолия журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Егеухан Мұхамәдиқызының туған күні. Он бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқалы» әз ана алпыс жылдан астам шығармашылық ғұмырында оншақты жыр жинақтарының авторы атанған екен. Қазақтың айтыс өнері тарихында өзіндік өрнегімен елеулі із қалдырып, қазіргі күні «Кәп әулеті» атты айтыскерлер династиясын қалыптастырған ақын анадан сеңгірлі сексен жасқа толуы қарсаңында орай құттықтай барып, өмір жолы, шығармашылығы туралы сұхбаттасқан болатынбыз.

- Армысыз, апа!

- Бар бол, балам!

- Мерейлі сексен жасыңыз құтты болсын, апа! Сізге «Әдебиет порталы» мен сан мыңдаған оқырмандарының атынан зор денсаулық, отбасы, әулетіңізге амандық, шығармашылық табыстар тілейміз! Мынау келіп жатқан ұлыстың ұлы күні, әз Наурыз құтты болсын!

- Рақмет, айналайын. Әумин, айтқаның келсін! Өздеріңе де Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! Мынау жер жүзін шарпыған дерттен, пәле-қаладан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

- Апа, Тәңірінің жазуы, тағдырдың сыйымен, сексен деген мәртебелі жасқа келіп отырсыз. Құтты болсын! Киелі өнеріміз айтыстағы орныңыз турасында, ұлттық руханиятты дамытуға өзіңіз отанасы болушы Кәп әулетінің қосып келе жатқан сүбелі үлесі хақындағы мәліметтермен жалпақ жатқан қазақ әлемі молынан хабардар екендігі анық деп білеміз. Бұл да бір сүйінішті мерей ғой. Ата-анадан балаға, баладан немере-шөбереге ұласып жатқан бұл талант-дарынның қайнар көзі қайдан? Жалпы өзіңізді алғаш ақындық өнерге, әдебиет әлеміне жетелеген кім болды? Сұхбатымызды осыдан бастасақ жөн болар.

- Рақмет, мұның бәріне тәуба, әрине. Бұл тұрғысында айтар болсақ, мені өнер өлкесіне, өлең әлеміне жетелеп әкеліп, алғашқы қадам бастырған, жол сілтеп баулыған адам, ол – өзімнің анам болды. Анам Зағипа – өз заманында ауыл-аймағына белгілі айтыскер ақын болған кісі. Арнайы сабақ алып, хат танымаса да «Шәкір-Шәкірат», «Қалқаман-Мамыр» т.б. ел ішінде сол заманда таралып жүрген алуан түрлі қисса-дастандарды табан астында, бірден жаттап алып, сосын өзі айна-қатесіз мақамдап, әндетіп айтып отыратын құймақұлақ адам еді. Сол кісінің өнерге жуықтығы – ұрпақтары, біздерге көп әсер еткен болуы керек деп есептеймін. Менің алдымдағы ағам Елеусіз де жасынан талаптанып, елге танылған жазушы болды. Елеусіз ағам Монғолия қазақтары арасынан тұңғыш рет көлемді роман жазған қаламгер. Әдебиетке ерте талаптанған сол ағамның соңынан ерген мен де босқа қарап қалуды жөн көрмедім. Сөйтіп, анамның қолдауымен он алты жасымнан бастап халықтың алдына шығып, ауыл арасындағы кішігірім айтыстарға қатыса бастадым. Жиырма жасымнан жазба әдебиет аулына ат басын бұрып, содан бері алпыс жыл бойына өз шамамша жазба әдебиетте де шығармашылығымды дамытып, ақын деген атты лайықты алып жүруге тырысып келе жатқан жайым бар.

Тағы бір анықтап айт кетерлігі: менің шығармашыл адам болуыма, ақындық әлеміне біржола келуіме, жалпы өмір жолыма үлкен ықпал еткен адам – Кеңес Одағындағы алуан түрлі ойпыл-тойпыл кезінде қазіргі Шығыс Қазақстаннан Монғолия қазақтары арасына бас сауғалап барған Шәмел Қалқаұлы деген ақын болды. Бұл Шәмел атамыз туралы менің арнайы жазған үлкен естелігім бар. Былтыры «Жұлдыз» журналына шықты. Бұл кісі біздің өмірімізге үлкен үлгі айтқан, өзі де маған үлкен толғау арнаған адам болатын. Міне, жасымыздан үлкендердің, осындай ұлылардың ұлағатын тыңдап, ойға тоқып, оқып өстік. Осылай, біртіндеп өлең шығаруға қалыптасып, жатылған соң барып поэзия әлеміне қадам бастық қой.

Айтыс сахынасында

- Иә, ағаңыз, талантты қаламгер Елеусіз Мұхамадиұлының халықтар достығын арқау еткен «Жоғалған қыз» романы мен Жа лама айдаған қасіретті жылдар туралы «Өрікті көл» хикаятын өз кезінде Баян-Өлгейдегі қазақ оқырмандары жылы қабылдап, зор ықыласқа бөленген туындылар еді ғой. Бүгіндері ағаңыздың жолын қуып, әдебиет, өнер әлемінде жүрген ұрпақтары бар ма?

- Солай болған. Елеусіз ағамның ұрпақтары түгелдей Атажұрттқа қоныс аударып келген. Өзі 2003 жылы алпыс бес жасында Қарағанды жанындағы Ақтау кентінде дүниеден озды. Ұрпақтарынан өнерге, әдебиетке бейім балалар шығып жүр. Ағамның үлкен ұлы Әбдірахман домбырашы болды. Монғолияда консерватория бітірген. Қазір Ақтауда музыкадан сабақ береді. Ағамның кіші ұлы Батырдың оныншы сыныпта оқитын қызы да талаптанып өлең жазады. Яғни, Мұхамәди әулеті өнер мен әдебиеттен кенде қалып жатқан жоқ. Шүкір, шығармашылдық қасиет атадан балаға жалғасуда.

- Алтай тауының күншығысында жатқан азғана қазақ шоғырынан, Баян-Өлгей топырағынан алғаш туып шыққан ақын қыздардың бірісіз. Жалпы, бұл өлкеде әр кезеңде шығармашылықпен шұғылданған ақын қыздар қатары көп пе? Алғашқы өлеңдеріңіз қай жылдары жарық көрді?

- Ақын қыздар бұл елде қазір баршылық. Ертерек дәуірде аса көп болмаған болуы керек. Көбі айтыскер ақындар. Менің білуімше, әкесі ақ пен қызылдың қырқысында қосақ арасында бос кетіп, қапияда қаза болғанда, ақын қызы Күрішхан соңынан бір жыл бойы жоқтап көріс айтқан екен. Күрішхан ақынның зар-налаға толы жоқтау жыры кезінде ел арасына кең тараған еді. Менің шешем сол кісімен қатарлас болса керек, бірге отырып, қосыла жоқтасқан екен. Өкінішке қарай, Күрішхан соншама кең тынысты ақын болғанымен, ел жадында сақталып, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлары көп емес.

Өзім қатарлас ақын қыз-келіншектер турасында айтқанда, менен бірер жас кіші Гүлдан Шолтайқызы деген қаламгер сіңліміз шығып, тәп-тәуір жазып жүрді. Сонымен бірге Баян-Өлгей аймақтық қазақ радиосында журналист болып қызмет істеген Гүлдәри Зейнешқызы деген талантты ақын қыз болды. Өкінішке қарай бұл қыз таланты толықтай танылып үлгермей, қапияда қаза тапқан еді. Сол тұста Баян-Өлгейлік шығармашыл қыз-келіншектердің «Аққайың» атты жыр жинағы жарық көріп, көптеген жас ақындардың тырнақалды туындылары жарық көрді. Соның ішінде марқұм Гүлдәридің де өлеңдері кірген болатын. Біз аймақтағы әдебиет өміріне араласа бастағанда ақын қыздар саусақпен санарлық ғана болған еді.

Өз басым, жиырма жасымнан бастап өлең жаза бастадым дедім ғой. Алғашқы өлеңдерім Баян-Өлгей аймақтық басылымдар: «Өркендеу» газетінде, «Жаңа талап» (кейін «Шұғыла» атанған) журналында жарық көрді. Сол ерте кездегі газеттердің бірінде мынадай бір өлеңім басылыпты:

Жүрегім бар өмірде қия алмаған,

Арманым бар, жетпеген, қиялдаған.

Талапты ұштап, мақсатқа ой қанатын,

Кездерім бар кей уақыт толғанатын.

Асығамын ұғам деп өмір сырын,

Жеткізем деп әлекпін көңіл жырын..., -

деген балаң көңіл, албырт шақта жазған жыр жолдарым екен. Менің өлеңдерімді Жәмлиха Шалұлы деген ақын, аудармашы ағамыз алғаш монғол тіліне аударып, «Арпа ішінде бір бидай» деген атпен орталық басылымда жариялаған еді. Осы орайда айтқанда, Монғолиядағы қазақ қыздары арасынан сол елдің жазушылар одағы мен журналистер одағына алғаш мүше болған болған бір тарихым бар. Кезінде белгілі журналист Қуатай Ыбырайымұлы «Ел білетін Егеухан» атты мақаласында осы жайларға кеңінен тоқталған еді. Оны қайталап жатпайық.

Сүйікті немерелер ортасында

- Иә, осылай анаңыздың әсер-ықпалымен, әрі алдыңыздағы үлгі тұтар ағаңызға еліктеп, өлең өлкесіне, өнер әлеміне біржола бет бұрған екеенсіз. Жастай қосылған жан жарыңыз Кәп ағамыз сіздің ақын жаныңызды түсінетін, өзі де шығармашыл адам болғаны да өмір бойы әдебиет пен өнерден аулақтап, қол үзбеуге септігін тигізген болар. Әрі көп жылдар кітапханада қызмет жасаған екенсіз. Бұл да болса шығармашылықты шыңдау, таным көкжиегін кеңейтуге үлкен демеу болған шығар?

- Солай десек болады. Жалпы алғанда, менің рухани өмірімнің мән-мағынасы да, бағыт-бағдар сілтеушісі де осы кітап әлемі болды деп есептеймін. Ол заманда кітапқа құрмет те, сұраныс та жоғары еді ғой. Қазақстаннан Монғолияға достық жолымен барлық оқулықтар мен кітаптар, мерзімдік басылымдар іркіліссіз келіп тұратын. Қазақстаннан келетін ол оқулықтарды оқушыларға тегін таратып беретінбіз. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын барлық мерзімдік басылымдарды жаздырып алып, оқып тұрдық. Мен қазақтың барлық классиктерінің еңбектерімен мен осы кітапханада, қым-қуыт даяшылық ішінде жүріп таныстым. Сол ұлылардың туындыларын оқи отыра, олардың руымен сырласып, өлеңдер жаздым. Білімнің, ғылымның, талаптың, өнердің бәрі кітапта ғой.

- Иә, «кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген осы. Кітап демекші, аға буын өкілдері тарапынан: «Қазіргі күні балалар кітап оқымайды, кітапқа соншалықты қызықпайды, оқырмандар мен қаламгер арасындағы байланыс дәстүрі әлсіреді», - дегендей сындарды жиі естіп жатамыз. Бұл турасында не айтар едіңіз? Өз немерелеріңіз кітаппен дос па?

- Бұл да рас қой. Оған толық келісемін. Ал оқу жағына келсек: өзімнің немерелерім кітап оқиды. Бірақ, шынын айту керек, біздің замандағы балалардай, кітаптан бас алмай, тапжылмай отырып оқиды деп және айта алмаймын. Қазіргі балалардың көбі: «Оқы, оқы!» - деген қадағалаудың күшімен оқығаны болмаса, өз еріктерімен соншама жан салып, ден қойып оқымайды ғой. Бұған кім кінәлі?

Бұрынғы балалар демекші, біздің үлкен қызымыз Тамараның кітапқа құмарлығы ерекше еді. Оның оқушы кездегі кітап оқуға ден қойғаны сондай, үйде бастаған кітабын аяқтау үшін тағат таппайтын. Сосын осы кітабын мектепке алып барып, сабақ үстінде, партаның сөресіне тығып қойып оқитын. Бұл пән мұғалімдеріне қайдан ұнасын. Осыған тыйым салғанда, мектепке жасырып алып кіріп, онда да кіре берісте кезекші тексеретін болғанда, жанындағы құрбысының сумкасына салдырып кіргізетін еді. Сол Тамара қызымның кітапты соншалықты жақсы көретіндігіне арнап:

Тамара өзің – кітапжанды баласың,

Барады артып, кітапқа көзқарасың.

Ұнатамын сенің осы ісіңді,

Аз ақшаңа кітап сатып аласың..., -

деп қызымның бұл «қулығын», кітапқұмарлық талабын құптай отырып, болашақ өміріне сәттілік тілеп өлең жазғаным бар. Бұл – бір Тамараға ғана емес, сол өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі буынға арналған өлең деп білемін. Ол кездегі жас буын – расымен де керемет кітапқұмар еді ғой.

Егеухан Мұхамәдиқызының жұбайы, ақын Кәп Құмарұлы

- Иә, қазіргі жас буынды кітапқа, кітапханаға үйірсек етіп тәрбиелеу – қоғамдағы толғақты мәселенің біріне айналғалы қашан. Сіз анаңыздан жыр-қисса тыңдап өсіпсіз. Біз де кешке таман ата-әжелеріміздің айтқан ертегісін, аға-әпкелеріміз кітаптан заулатып оқитын «Төрт батыр», «Қырымның қырық батыры» сияқты жырларды тыңдап өстік. Күні кешеге дейін, балалар ата-әже, әке-шешелерінің маңында үйіріліп жүретін еді ғой. Қазір барлығы солай деуден аулақпыз, бірақ балаға қиял-ғажайып ертегі айтып, жақындаудың орнына, кейбір үлкендеріміз көк жәшіктегі шетелдің сериалына телміріп, немесе қалта телефоннан әлеуметтік желіге үңіліп, балаға назардың азайғаны рас қой. Өзіңіз әредік телесериал көресіз бе?

- Жоқ. Мен ешбір телесериал көрмеймін. Телесериал көруге уақытым да жоқ. Мен жасымнан уақытпен жарысып жанталасқан жанкешті адаммын. Ойлап қарашы, біздің үлкен отбасымызда апасының оншақты баласы өсті. Бір баланы көтеріп, өмірге әкелудің өзі – қаншалықты жүк, қаншалықты үлкен парыз, оңай дүние емес қой. Енемнің оншақты баласын бағып-қағып өсіруден өзге де жұмыстар шаш етектен еді. Ғалым, журналист Қуанған Жұмаханұлы менің елу жылдығыма арнап жазған мақаласында: «Егеуханның шабыты үш салада менмұндалайды», - деп жазғаны бар еді. «Үш сала» деп отырғаны – жазба ақындық, айтыскерлік, журналистік қой. Себебі, мен журналист болып, тілшілік қызмет те атқардым. Біздің ауылда менен басқа жаза қоятын ешкім болмады ма, әлде жазуға ебім болған соң, солай болуға тиіс дедім бе, осы ауылдық меншікті тілші деген міндетті ұзақ жылдар атқарып, алып жүрдім.

Бұл жұмыстардың екі арасында, әр уақытта, алыс-жуықта жүрілетін айтыстарға қатысуым керек болады. Оған уақыт шығарып дайындаласың. Мұнан бөлек жазба ақындар сайысына, жыр мүшайраларына да қатысып жүрдім. Осылардың арасында, уақыт үшін түк те қажеті жоқ шахмат жарыстарына да ауыл-аймақтың намысын қорғап қатысуға тура келді. Әрине, бойда намыс болған соң, оған да жай барып қатыса салғым келген жоқ. Соның нәтижесінде шахматтан мемлекеттік екінші разрядты спортшы атанғаным тағы бар. Мен осылайша, табиғатымнан тынымсыз адам болдым да, ондай ұзын-сонар кино сияқтыларды тапжылмай отырып көруге уақытым мүлде жетпеді. Уақыт қазір де жетіспейді. Өйткені, жасымнан қалыптасқан дағдым: не бір нәрсені шимайлап жазып отырамын, немесе жастайымнан үйренген дағдым – қазақтың ұлттық ою-өрнегін салып, пішіп-тігіп, қолөнермен шұғылданып отырамын. Мен уақытты сонша құрметтейтін жанмын. Абайдың он бесінші қарасөзіндегі сияқты, күн сайын мен өзіме өзім: «Осы өмірде не істедім, не тындырып жатырмын? Қанша уақытым босқа өтті? Енді қайтпек керек?», - деген сияқтылардың барлығына өзімше ой жүгіртіп, есеп жасап отыратын адаммын.

- Әңгімелеу барысында өз отбасыңыз, әулетіңізге қатысты «апасының балалары», «әке-шешесінің балалары» деген меншіктеу ұғымдарын қолданатыныңызды аңғарамыз. Мұның мәнісі неде? Жалпы, бұл да болса, қазақтың отбасылық институтына тән қарым-қатынас қой?

- Иә, солай. Оның мәнісі былай еді. Менің жолдасымның әкесі отыз сегіз жасында «халықтың қандымойын жауы» делініп, жазықсыз ұсталып кетіпті. Атамыз халық сауатын жаңа оқумен қатар, діни оқумен де ашатын заманда бала оқытқан жан екен. Жаңа үкімет мұны «кешірілмес қылмыс» деп тауып, ұстап әкетуге келеді. Сол кезде енем жиырма бес жаста екен. Менің жолдасым әкесінен бес жасында қалыпты. Артынан ерген екі қарындасы бар. Кіші қарындасы әкесін ұстаушылар үйге келіп жатқанда мына өмірге жаңадан келіп жатыпты. Ұстап әкетіп бара жатқанда жарықтық, сәбидің дауысы шыр етіп, жерге түседі ғой. Сонда жарықтық атамыз: «Қандай бала екен?» - деп сұрапты: «Қыз бала», - дегенде, дереу атын қойып: «Бұл сәбидің бетінен қақпай өсіріңдер. Менің басымдағы халді мынау баладан көрмеңдер! Бұл – тұтас халыққа келген нәубет», - депті де, қош айтып кете барыпты. Содан қайтып оралмаған.

Солайша жарынан жиырма бес жасында қалған енеміз бала-шағасын бағып-қағып: «Осыларды қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқытпаймын», - деп солар үшін отырып қалған ғой. Содан мен келін болып түскеннен кейін, дүниеге келген әр баланы өзіне меншіктеп, бауырына баса берді. Біздің баламыздың үлкені – Тамара. Енеміз Тамараны менімен қосымша емізіп отырып, мейірленгенде суалған омырауынан ағарып сүт шығып кетті ғой. Сол кісінің осыншалықты шексіз мейіріміне бола, барлық бала – анау да апасының баласы, мынау да апасының баласы болып еркелеп өсті. Дәулеткерейді: «Өзімнің кенжем», - дейтұғын. Сондықтан мен аруаққа шет болмаймын деймін де, Дәулеткерейді: «Біздің үйдің балаларының кенжесі», - деп айтудан именіп, оны: «Біздің үйдің кішісі», - деп ғана айтамын. Өйткені, «кенже» десем, марқұм енем естіп тұрғандай, олай айтсам – мұның не деп ренжитіндей сезіліп тұрады. Дәулеткерейдің алдындағы журналист қызымыз Есенгүлді: «Әкесіне тартқан, қолы солақай», - деп апамыздың өзі Кәпке берген. Одан кейінгі Естай деген қызды маған берген. Апамыздың өзі атап берген меншікті екі қызымыз бар. Өзгесінің бәрі – апасының балалары. Осы балаларын: «Өз балаларым», - дейтін. Маған жорта, балалардың көзінше: «Жаман қатын ары отыр, жаман қатын исікеме!» - дейді. Ақырын ұрланып иіскей сала, тұра қашып, сөйтіп енемізді күлдіріп жүретінбіз. Бәрі де қызықты өмір, ене мен келін арасындағы қазақы сыйластық, әже мен немере арасындағы ыстық махаббат қой.

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсыновамен

- Қазақ айтысының алтын дәуірінде сахна төрінде болдыңыз. Айтыстың кешегісі мен бүгінгісі көз алдыңызда. Айтыстың ілгерірек тарихына көз жүгіртсек, Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей ақындар заманында, ең жасы елулерде, алдыңғылары сексен-тоқсандағы ардагерлер халық алдында айтыстың көрігін қыздырған екен. Омар Шипиндей арынды айтыс ақындары Қазақ КССР Жоғарғы Кеңесінің шақырылымын жырмен ашқан да тарих бар. Яғни, аға буын ақындар халықтың көз алдында болған. Ол заманда да жас буын болған, әрине. Ал қазіргі күні аға буын өздеріңіз түгілі, қырыққа ілінер-ілінбес айтыскерлердің өзі, боксерлер айтпақшы, «қолғабын шегеге іліп тастайтын» болды. Бұл – айтыстың алға озғаны ма, әлде кешегі аталар дәстүрінің жұқарып тозғаны ма?

- Оның рас қой. Біздің қазақта «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген тәмсіл аңыз бар. Бұған қарасақ, аға буын айтыскерлер – жастай сахнадан түсетін ретіміз жоқ. Меніңше, жастарымыз бірінің соңынан бірі, толқын-толқын болып қаулап, өкшелей өсіп келе жатқандықтан, бұлар егделеген адамдардың сахнаға шыққанын аздап ұнатпай ма, қалай? Аға буын айтыскерлер сахнаға орайын таппағандықтан шықпай жүр ғой, әйтпесе өнер – қай жаста да өнер. Жасында ойға құйып, бойға берген талант қайтпайды ғой. Қазір қарап отырсаңыз, айтыса алмай, қатардан қалып қойған ақын жоқ. Түрлі себептермен сахнадан ертерек кетіп жатқаны рас. Айтысты ұйымдастырушылар біразғана топты шиырлай бермей, орта жастағыларды, алдыңғы буын ағаларды да, кейінгі буын інілерді де кезегімен шығарып айтыстырып отырса ғой деген ой менде де бар.

Сахнадан бұларды ерте шеттетпей, бірнеше дәуірдің куәсі болған аға буынды да мүмкіндік жасап айтыстырған жөн ғой. Тым құрығанда елу-алпысқа дейін айтысып жүруге көбінің әлеуеттері толық жетер еді ғой деп ойлаймын. Ол енді ұйымдастыруға байланысты болар. Мысалы, өзімді өткен жылы отбасылық айтысқа шақырып, оған қатыстық, ұйымдастырушыларға рақмет. Немерем Ардакереймен айтысып, бір-екі ауыз сөзімізді халық алдында айттық қой. Өнер адамдары да жүйрік ат тәрізді, дүбір естілсе бүйірі қызып, елеңдеп тұрмай ма? Өнер бәйгесінен, өмір ағысынан қалмай ілесіп жүріп отырса, олардың да халыққа айтары бар шығар деп білемін.

- «Жүйріктің дүбірі» дедіңіз ғой, әңгіменің ауанын осы дүбірге қарай бұрайықшы. Жан жарыңыз, кең тынысты ақын Кәп ақсақалдың шығармашылығына көз салғанда, тұяғының дүбірімен кең даланы елеңдеткен өрен жүйріктер туралы, жалпы жылқы тақырыбына, аттың сынына, оны күтіп-баптау турасындағы сан алуан әдіс-тәсілдерге көбірек тоқталып, көсіле жырлағанын аңғарамыз. Ақсақалдың жылқы туралы жырлары інішде әрдайым жадыңызда тұратын шумақтар бар ма?

- Әрине, бар болғанда қандай. Ақсақалымның барша өлеңдерінің мазмұны, тақырыбы – бәрі есімде ғой. Бүкіл өлеңдерін жолма-жол жаттап алмасам дағы, есімде көп жерлері ойымда қалып отыратыны – заңдылық. Себебі, ол кісінің барлық жазған дүниесінің алғашқы оқушысы да сыншысы да, тыңдаушысы да, насихатшысы да менмін ғой. Ал керісінше, менің жазған дүниелерімнің де оқушысы сол кісі болатын. Шабыт келгенде туындар дүниелерімізді өзді-өзіміз жеке-жеке жазып аламыз да, аяқтаған соң өзара талқылауға салып, ой-пікірімізді бөлісіп, ақыл-кеңес алып отырған жандармыз ғой. Кейінірек оған біртіндеп балалар да қосылды. Сондықтан да болар, отбасымыздың бұл үрдісінен хабардар ақындар әзілдесе де «Баян-Өлгейдің кіші әдеби үйірмесі» деп айтатыны бар еді. Белгілі ақын Имашхан Байбатырұлының:

Бұл өлкенің қазағы – жырды алтындай қазады,

Бізден қалған өлеңді, үйде апамыз жазады, -

деп жазған бір әзілі бар. Сондықтан ол кісінің барлық шығармасының ішінде бір-біріміздің сын елегімізден, талғам таразымыздан өтпегені, әсте жоқ. Ақсақалдың жылқы туралы жазған жырлары ішіндегі «Аттың сыны» өлеңіндегі:

Елік бас, теріс азу, елең құлақ,

Өр кеуде, бөкен танау, құлан сирақ.

Тік бақай, қысқа біткен берік белді,

Тұяғы – кер құланға бітер тұяқ, -

деп басталатын жолдары әрдайым көкейімде тұрады. Сондай-ақ оның «Арпа сыймас» деген алаяқ атын сынағаны да жадымда тұр. «Жар қызығы – жан қызығы» деген естелігімде бұл тақырыпты тереңдете қаузап, тарқатып жаздым да.

Ақсақалымның атты жақсы көргендігі тұрғысындағы бір айтарлық жағдай: ол кісінің ғұмырындағы барлық бәйге атын екеуіміз бірігіп баптайтынбыз. Жолдасым бәйгеге қосар атты жаратуға әкелетін кезде мен сұлы дорбасын тігіп, дайындаймын. Сосын жүйрікке беретін сұлыны да өзім қадағалап, оны адам жейтіндей дерлік, шөп-шалам, құм-тасынан арылтып, ұлпадай қылып тазалап, жібітіп, бөрттіріп дегендей, беріп отыратынмын.

Ақсалым жетпіс беске келгенде жазған «Тал бойынан тарыдай мін таппадым» деген өлеңім бар. Осы өлеңімде марқұм жолдасымның атты жанындай жақсы көргендігі, жүйрік пен жорғаны баптағанды ұнатқандығы, осы жолда тынбай азаптанып, соның жемісін де татқандығы қамтылған еді.

Жалпы, ол кісінің маған арнап жазған дүниелері де көп, әрине. Біздің өміріміз туралы үлкен хикаяны бастамай-ақ қояйық. Ол бір – ұзақ тарих. Бұл қилы-қилы қызықты ғұмыр тарих алдағы күндері шығатын «Кінәлі қыз» деген кітапқа арқау болған. Содан оқырсың.

Қазақстаннан Монғолияға сапарлай барған өнерпаздар ортасында

- Бәрекелді, ол туралы кітап шығып қолымызға тигенде жата-жастана оқырмыз. Әркімнің де қанаттанып ұшқан ұясы болады ғой. Сонау Қобда өзеннің бойында, алып таулардың ойында, алма бағы миуалы Байынор деген ауыл барын білеміз. Осы ауылдың әдеби өмірі туралы тоқталсаңыз. Жалпы, бұл елден шыққан ақын-жазушылар, өнер адамдары көп пе? Туып өскен мекенге Атажұрттан ат арытып жиі барып тұрасыз ба?

Байынор – қасиетті өлке ғой. Байынорға барып тұрамыз. Өткен жылы даталы тойы болды. Барып қатыстық. Бойда шамамыздың барында туып-өскен жерге барып, аунап-қунап тұрғанға не жетсін! Ал осы өлкеден туып шыққан өнер, әдебиетке жуық адамдарға келсек, ол жерде негізі, бұрыннан елге белгілі үлкен ақындар болмаған. Ауыл-аймақтың деңгейіндегі Әубай, Семей, Сағынған деген ақындар болыпты, ертерек кезде. Семей мен Сағынған менің шешеммен айтысқан адамдар екен. Шешеммен айтысып отырғанда Сағынған мақамдап:

Ой жеңеше-ау, қой ағекем ұрсар ау, -

дегенде менің анам дереу жалғастырып:

Саған Шәңкен ұрсысса да,

Маған Мұхаң ұрыспайды ау, -

деп елді ду күлдіріп жүрген кездері болған. Ол кездері ауылда жазба ақындар тым сирек болыпты. Соңынан біздің ақсақал, менің ағам Елеусіз Мұхамадиұлы, сосын Муса Байырқасынұлы деген жазушы, журналист шықты. Зарқұм Баймергенұлы ептеп жазып жүретін. Соңғы кездері тарихи күрделі дүниелерді жинақтап жазып жүрді. Талантты қаламгер, журналист Қуатай Ыбырайымұлы да Байынордың ұлы. Бұлардан кейінгі бірнеше буындар бар осы күнде. Бірлі-жарым шәкірттеріміз де болды. Біздің балалар да осы топырақтан түлеп ұшқандар. Байынор топырағынан талай таланттар түлеп ұшарына сенімім зор.

- Сұхбатымыздың соңын тағы да өзіңізге етене өнер айтысқа таман бұрып, кеңінен тоқталайықшы. Тыңдаушы, көрермендерге сезілмегенімен, көп алдында суырып салып өлең сайысына шығу – екінің бірінің қолынан келмейтін өнер. Әйел айтыскер болудың да қиындығы болған шығар?

- Мен ең алғаш он алты жасымнан бастап ел-жұрт алдында айтысқа шықтым. Оңай емес, әрине Баян-Өлгей аймағының жиырма жылдығында айтыстым. Бұл жиырма жасым еді ғой. Сол жылдардан бастап жатылып, талай қарсыласпен сөзбен сайысып, қарпысып айтыстық. Өзіміздің қатарластарымымыз Сахаба, Үмітхан, Тоқтамұрат т.б. ақындармен айтыстың думанын талай қыздырдық.

Әйел-ақын, оның ішінде айтыскер болу – оңай емес. Ертеде ауыл-аймақтағы айтыстар кезінде, баланы бесікпен алып баратынбыз. Сондай кезде мен көгала жорғаға мініп, баланы алдыма бесігімен өңгеріп көтеріп алып, айтысатын жерге апарып қойып, қарсыластармен сөз сайысқа түсетінмін. Бірге келген ақсақалымыз жүйрік-жорғасын бағып, бәйгеге қосып, той тарқаған соң баламызды бесігіне қайтадан жақсылап бөлеп өңгеріп алып, атымызға мініп ауылға тартатынбыз. Қазір ойласам, жастық екен ғой, шіркін!

- Айтыс – сөз барымтасы. Барымтаға лайықты қарымта қайтару керек. Айтыстың анық дәуірлеген шағы – күні кешегі қос мың жылдықтың тоғысы тұсы ғой. Айтыскерлер қандай, көрерменнің айтысқа деген ынта-ықыласы қандай керемет еді. Дегенмен, қазіргі көрермендерде де айтысқа деген кешегідей ыстық ықыластың қызуы бәсең бе дейміз. Жасыратыны жоқ, қазірде: «Сен басында мынаны айтасың, сол кезде мен былай айтамын», - деп келісіп, жаттап, көпшіліктің алдына былайша айтқанда жасанды қойылым жасайтын жағдайлар ұшырасып жатады. Сіздердің айтыстық дәуірде мұндай қитұрқы амалдар аздап болса да болды ма?

- Жоқ, жоқ, ол заманда ондай болмаған. Айтыстың біріккен жүйесінің өзі алғашында болмады ғой. Ол кезде ананың ана тойда, шілдеханада айтқанын көргемін деп, беделді кісілер шақырып-шақырып алады да, сайыстарға апарып салып жібереді. Содан кейін аузыңа құдай не сөз салады, бұйырғанын көретінбіз. Мысалы, 1989 жылғы Алматыдағы халықаралық айтысқа келгенде де, кіммен айтысатынымызды білгеніміз жоқ. Сахнаға шығарды да, айтыс салып жіберді ғой.

Сол жолы ең алдымен Әбдікәріммен айтыстық, одан кейін Қатимолдамен айтыстық деген сияқты, біздің тұсымызда олай келісіп алып, айтатын сөзіне алдын ала жұппен дайындалады, анау анамен шығады, мынау мынамен шығады дейтін жоқ еді. Сол сәтте Құдайға сыйынып сахнаға шыға беретінбіз де ойымызға оралған сөзімізді айтып, көптің алдында барымызды ортаға салатынбыз. Айтыстың қасиетінің өзі де сол суырып салмалық емес пе! Мүмкіндік болса, табан астында суырып салып айтқанға не жетсін! Айтыскерлердің осы қабілеттерін тәуір көріп, айтысты да сол үшін тамашалаймыз ғой.

Қазақ руханиятының алыптары Өзбекәлі Жәнібеков, Сағат Әшімбаевтармен дидарласқан сәт

- Иә, әр дәуір, кезеңнің өз ерекшелігі болатыны заңдылық қой. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі қазақ айтысы ел-жердің намысын ту етіп, халықтың көкейіндегі мәселелерді лайықты жеткізіп айта алып жүр ме, әлде шоулық форматтардың аясында «сипай қамшылаумен» бағытынан ажырап, түптің түбінде ұлттың жан жүрегінен ығысып шығып қала ма, мұны енді болашақ көрсетеді. Расында да, алдыңғы буындардың заманы қаншалықты партиялық идеологияның шеңберінде болды дегенімізбен, сөздері түйінді, салмақты болған екен.

- Ол заманда расында да солай болды. Жауапкершілік басым еді. Айтысқа шынайы кіршіксіз өнер ретінде қарау керек. 1989 жылы халықаралық айтысқа келдік дедім ғой. Сол кездерде осы айтыстың мән-мағынасы, жауапкершілігі туралы айтқан бір жолдар есіме түсіп отыр:

Айтыс – шындық, сын, үндеу, сауық-думан,

Ақын арын, сақтайды жаны құрбан.

Халықаралық атақты ұлы айтыс,

Аңсаған ел мен елді қауыштырған.

Мұнда ақынның өнерге қаншалықты берілетінін, қаншалықты намысын қорғайтыны белгілі тұр ғой. Бұл айтыстың әрқашан айнымас үлкен қасиеті деп білемін. Шындығында ел мен елді, жан жақтағы қазақтарды қауыштыруда, ұйыстыруда айтыстың да үлкен ықпал, рөлі болған жоқ па!

Қапы тауып қарсылас ілер қайдан,

Жан ортада сөз бастау – оңай ма ойдан.

Айтыс – әуен, айтыс – салт, айтыс – қызық,

Айтыс – күрес, қару – тіл, нағыз майдан.

Бұл жолдар сол халықаралық айтыс басталарда айтқаным болатын. Сол айтыста атақты ақын Қатимолда сахнада домбырасын сыйлаған еді. Осыдан кейін айтыс туралы үлкен толғау жазған едім. Мұнда айтыстың қасиеті мен құдіретін барынша ашып көрсетуге тырыстым. Жанрын Кәп марқұм «Шалқыма» деп қойған болатын. Айтысты бастау, өрістету, жинақтап түйіндеу деген – үлкен жауапкершілік қой. Қазақ айтысы ұрпақтан ұрпаққа жасай беретініне сенімдімін. Талантты жастар да көп қой.

Ақын ұлы Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылық кешінде

- «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - дегендей, өнерді өміріне балаған отбасында дүниеге келіп, ұлттық руханияттың уызына жарып өскен ұрпақтарыңызды бұл күнде дүйім қазақ жұрты біледі. Дәстүр жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы қалай өрбіп жатыр?

- Аллаға шүкір! Әр нәрсеге талаптанып, талантын ұштап, жазып, шұғылданып жүрген талапты балалар бар. Біздің балалардың ішінде жасында Бәделхан деген ұл да айтысты. Тамара деген қызымыз өлең жазып жүрді. Есенгүлдің ғылымдағы, журналистикадағы қадамдары, табыс-жетістіктері ел-жұрттың көз алдында ғой деп ойлаймын. Дәулеткерей туралы да осылай айтуға болады. Кезінде айтысқа қатысқан Бұлбұл деген қызымыз ұлттық қолөнер жағын таңдады. Тамара қызымыз екеуі ұлттық киіз үйдің ішкі жабдықтарын қолдан жасап, безендірумен айналысып, ұлттық этнографияның дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Жалпы ұрпақтарымның ішінде өнерден құр жүрген ешкім жоқ. Немере-шөберелер де сол ізбен келе жатыр. Айтыста танылып жүрген, өткенде өзіммен айтысқан Ардакерей деген немерем бар. Әмірхан деген ұлымның баласы Аманжолдың кіші ұлы тәп-тәуір домбырашы болып өсіп келе жатыр. Тамараның қызынан туған жиеншарымыз – ол да домбырамен ән айтады, күй шертеді деген сияқты, бәрі де өнердің айналасында. Өнерден бәрі де тым қалыс емес. Жақсы. Тәуба.

Әйел баласы атқаратын қолөнердің шаруасының бәрінен дерлік аулақ болмадық, шамамызша уақыт бөліп, атқардық дедім ғой. Сол балаларға жұғысты, немере-шөберелерге үлгі де болған шығар. Сөйтіп тынымсыз еңбек еткен жандармыз, өмірде. Балалар да осы үлгіні ұстанып келе жатыр.

- Сексеннің сеңгіріне Жаратқанның нәсіп еткен денсаулығы мен шығармашылық адамына тән сарқылмас қуаттың арқасында қаламыңыз қолыңызда, оймағыңыз бармағыңызда дегендей, әдемі жетіп отырсыз. Осындай мерейлі сәтіңізде, халқыңызға, ұрпақтарыңызға, оқырмандарыңызға қандай тілек, лебіз арнаған болар едіңіз?

- Рақмет. Сексеннің сеңгіріне келсем, де, шүкір, қаламымды қолымнан, қолөнерімді жанымнан тастаған жоқпын.

Сексенің сеңгіріне сері келдім,

Күдірін күтірлетіп ылди-өрдің.

Жаратқанға жаныммен қарыздармын,

Теңіздің тереңінен жаһұт тердім, -

десем дағы, бәрібір дауасыз кәрілік өз дегенін жасатып, ырыққына көндірмей қоймайды ғой. Сонықтан да бүгінгі күнге тәубашылық айта отырып:

Қыс қысқанда аңсадық қоңыр күзді,

Қариялар – қастерлі, жаны ізгі.

Жас ұрпаққа тілеймін ақ ниетпен:

«Берсін – деп, - біздің алыс жолымызды!» -

деп жастардың тілеуін тілейміз. Ұрпақтарыма айтарым: бірінші – бірлікшіл болсын; өзінің елі үшін, ұлты үшін, отаны үшін, жері үшін жанын пида етуге әзір, отаншыл, халықшыл болыңдар деймін. Екіншіден, қандай да болмасын өнерден бас тартпасын, ұмтылсын, өнерлі болсын, «сен де бір кірпіш дүниеге» деп Абай атамыз айтқанындай «еліміздің бір кірпіші болып, кетігін тауып қаланатын, лайықты азаматтар болыңдар деген тілегім бар.

- Рақмет, апа, еліміздің өскелең жас ұрпағына арнап айтқан ақ тілегіңіз қабыл болсын! Сәуірдің бірі, адамзат баласы бір-біріне риясыз күлкі сыйлайтын күні шығып жатқан сексен жасыңыз құтты болсын! Ұрпақтарыңыздың, ел-жұртыңыздың ортасында, Тәуелсіз Қазақстанымыздың бейбіт өмірінің шуағына бөленіп аман-есен жасай беріңіз!

Асылбек Байтанұлы

adebiportal.kz