Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы «Сарыарқа» газетіндегі ұлттық тақырыптар

1871
Алғашқы  «Сарыарқа» газетіндегі ұлттық тақырыптар - e-history.kz

«Сарыарқа» газеті ұлт зиялыларының басын қосып, ұлтқа Алаш идеясы арқылы қызмет етті. Сол себептен де «Сарыарқа» газетін таза ұлттық және саяси басылым деуге болады. Газет көтерген ұлттық тақырыптарға тоқталмас бұрын «Алаш идеясы» дегеніміз не,  осы сұрақ төңірегінде жауап бере кетсек пе деп ойлаймыз.

Ең алдымен алаштанушы ғалымдардың  пікіріне құлақ ассақ, «Алаш идеясы» дегеніміз – ұлттың мәңгілік темірқазығы іспетті  идеологиясы. Филология ғылымдарының докторы, Ғарифолла Әнес «Алаштың ұлы  Халел» атты мақаласында былай деген: «Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология».

       Жасыратын түгі жоқ. Бүгін біз де не көп піспеген идеялар көп.

Қазақ мемлекетінің  ұлттық идеологиясының негізі платформасы әлі жасалынған жоқ. Сол үшін  көмескі кейбір идеялар жасанды жүйеге айналады. Бұл әрине менің субьективті пікірім. Кезінде «ақ патшаның» тұсында «партияны өсірмесе, өшіруге қару қылған жоқ» .

Дүйім жұртты дүрмекке түсіріп, қазақ топырағын шарпып өткен ақ пен қызылдар күресінің астарында да ұлтты бөліп алып билемек болған тұрпайы «идеология» жатыр. Барлығының  қазақты жарылқаймын, теңдік әперемін деп ұрандатқанымен бір бармақтары іштерінде бүгулі болды.

Кешегі қазақтың ақ пен қызыл  топтарының қайсысына сенерін білмей аңтарылып қалғаны да осыдан  еді.

Дәлірек айтсақ, олар тек тамақтың төңірегінен ұзай алмаған  тағылық көзқарасынан «идеология»  жасағысы келді. Әрине, жасап та үлгерді.

Ал,  алаш жолы адамдық құндылықтарға бай, тек  гуманизмнен ғана тұратын  ұлттық идея болатын. Мұнда ешбір елді бағындырып алып жаныштап отыру деген атымен жоқ. «Алаш идеясы» бізге сонысымен құнды, сонысымен биік.

Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай  мырза «Алаш идеясын»  мынадай бес топқа бөліп жүйелейді:  

1. «Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

2. Жердің астындаға, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә. Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

3. Ә. Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

4. Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. «Мемлекет басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...» (Х.Досмұхаметов).

5. Ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. «Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарылып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды» (З.Тоған).

        Бұл бес тармақ Алаштың  жұмыс бағыты мен болашақ стратегиясы еді.    Бүгінгі «Қазақстан 2050» стратегиясы сияқты.  Бағыты – анық,  мақсаты –түсінікті. Ал енді сол бағыттың алтын арқауы – Алаш идеясы. Өте қарапайым ғана бес бағыттан тұратын тұғырнамада бүкіл құндылықтар мен ұлы мақсаттар жатыр. Бес бағытты ғана арман қылған зиялылар  тобы өздерінің газеттерін осы төңіректі терең түсіндіруге ғана бағыттады. «Сарырқадағы» ұлттық тақырыптардың легі жоғарыдағы бес тақырыптың айналасында болды.

        Бес тұғырнаманың ішінде жер мәселесі неліктен алдыңғы сапта тұр. Мұның да өзіндік себептері бар. Ең алдымен жер болмайынша қалған төрт мақсаттың түгенделуі де еш мүмкін емес.

    «Автономиясыз жұрт жер-суға жеке ие емес, көптің аузына қарайды. Қазақ-қырғыз жұрты жерінен айырылса, шаруасы күйзеледі, малынан айырылады. Малмен адамның өмірі байлаулы. Малдан айырылған жұрт өмір жүзінен жоғалмақшы.

     Біздің қазақ-қырғыздың жері мол. Енші аламын деп телміріп отырған жұрттан жерімізді қорғауға автономия үлкен қару. Автономиялы жұрттың жер билігі өзінде болады. Билік өзінде болған соң, әлбетте халқын шаруасына, тұрмысына қарай орналастырады. Жұрттың еңбек сіңіріп, күн көріп отырған жерін басқаның қолына кетпестей қылып қорғайтын заң шығарады. Қазақ-қырғыз жерінің саны көп болғанымен, сапасы жоқ. Осы күнгі тұрмысына, шаруасына лайық жер тимесе, қазақ шаруасы сөзсіз бұзылады, жұрт байлығы құриды. Жердің зары күшті. Жер дегенде  орыс жерінде отырған 10 миллион еуро мұжық ішкен асын жерге қояды.

   Саған жерді текке алып берем деп С. Р.партиясы бар мұжықты соңынан ертіп отыр. Кімнің жерін алып беретінін құдай біледі. Алпауыт (дворян) қолындағы жер мұжық сусынын қандырмайды. Біз бұл күнде автономия алғанмен түбінде өз алдымызға жұрт болып жасаудан үмітіміз болса, Алаш ордасы  бір заманда теңеледі деп сенсек, сонда да бас қосып, дүкен құрып отыруымызға жер керек. Жерлі жұрт табанды, іргелі, қонысы мықты болады. Басқа жұртқа қоңсы қонып, тізесі ашылып, бытырап, сіңіп кетпейді; өз алдына мемлекет болып  отыруына болады. Жерсіз жұрт қанша талпынса да, басы қосылып, бірігіп, өз алдына билік алып, өмір жасай алмайды» дейді.

         Басылым беттерінде білім мен иманға байланған парасатты ел құру тақырыбы бір сәтке болсын толастаған жоқ. «Қазақ» газетіндегі  «....Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы –  заманның түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма?» – деген Ахмет Байтұрсынұлының қамырық қалі осыны аңдатады.

         Күреспей жеңістің келмейтіндігін халық қаперіне салған қайраткер: «Көп ісіне көп болып жабылайық. Саңылаулы, саналы, халық азаматтары көмек етіп, күш қосып, демер деген үміт зор. Қолымнан не келеді деп қорынбаңдар! Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлі келетін жұмыс алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке әсер болмақшы», – деп түйін жасайды.

   Мұндай ойды Имам Әлімбеков та «Сарыарқаның» №3 санындағы мақаласы арқылы ары қарай  сабақтай түседі: «Біздің ел жиып, мал шашып, талас-тартыс шығарып, партияласып жатқанымызды біліп отырған орыстар «қазақ ел бола алмайды, комиссариатқа санына қарай өкіл кіретін болса қазақтан көп кіреді. Қазақ көбейсе зорлық қылады. Қазақ әділ емес», – деп отыр.   Мұнысы рас та һәм өтірік те: көп деп аздың үнін шығармай бүктеп тастау заманы қалған да; азға көп көптік қылмайтын заман тұрғанда бұрын қазақты езіп үйренген, енді қазақтың теңелгенін көре алмайтын жүзі қаралар әлі табаққа кіріп, тонын айналдырып киіп, жаңалық ісіне де кірісіп, тағы бізге жауып отырған жаласы. Жаңа заманда да тағы бізді құбыжық қылып көрсетпегі. Онысы бола қояр ма екен?

   Егер де біз өз жұмысымызды өзіміз жүргізіп, басқарып кетсек, әділдік жолына таймай ұйымдасып, іс қылуға тырыссақ арам көңіл орыстардың жаласы өзі-ақ адыра қалатын нәрсе» деп жазады.

        Барлығы береке-бірлікке ғана тіреліп тұрғандығын, берекесіз ненің болсын қазаққа қайырылыс бермейтіндігін «Сарыарқа» №13  санында Абай хакімнің сөзімен  үстей түседі: «Қазақ ойлайды: «бірлік - ат ортақ, іс ортақ, киім, дәулет ортақ болса екен» деп. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Ағайын қорымай, мал іздеп неге керек? Осы ма, бірлік? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып, бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса екен, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді. Әйтпесе, Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі, біріне-бірі бәле іздейді. Не түсірін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі».

 «Сарыарқаның» алғашқы санына алғадайлап Жүсіпбек Аймауытов жазғандай: «Мұндай заманда атқа мініп, іс қылмағанда қайда істейсіңдер? Бар болсаңдар, істейтін істерің мынау: мұғалім, учитель, болмаса жоба білетін жас жігіттер басшы болып, қара бұқараның басын қосып, «Бұқараның ұйымы» деген ұйым жасау керек. Бастаушы болса, қостаушы табылады. Қорқатын, қорғалайтын заман емес; жыбырлайтын, сыбырлайтын заман емес; ұйым жасауға Құдайдың пәлесі болмаса, адамның пәлесі түк қыла алмайды» дейді.

Ұлт қайраткерлі  осылайша ұран тастап халықтың бір жолда, бір ұйымда болуы ғана керек екендігін, білім болмай бірлік болмайтындығын, бірлік болмай ұлттың бостандығы ұзаққа бармайтындығын насихаттаумен болды. Сөйтіп, «Сарыарқа» газеті «Алаш идеясын» жәмиғаттқа жеңіл әрі ұдайы жүргізе берудің таптырмас құралына айналды. Біз өзімізше осылай деп ой түйеміз. Егер де екі том (Алаш көсемсөзінің 9-10 томдарын айтып отырмыз) еңбекті парақтаған адам болса біздің бұл пікірімізбен толық келісер еді деген сенімдеміз.

        Ұлттық ұйым құру кешегі кезеңнің күн тәртібінен түспеген бас тақырыптарының біріне айналған болатын. Ал ұйым құрылды делік, оның атқарар ісі қандай болмақ керек? Бұған берілмек жауап та дайын.

 «Сарыарқаның» екінші нөмерінде Жүсіпбек Аймаутов, «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» мақаласында қазақтың құрылмақ  ұйымы нені бітіру қажет екендігін толыққанды тәпіштеп береді: 

1. Қара бұқараға теңдік әперу жолында бас қосып, түсіндіріп, партияны тоқтату;

2. Комитеттерге зәбірсіз, таза кісілерден сайлату;

3. Ел ішіндегі атақты зиянды кісілердің көзін жоғалту;

4. Комитеттің істеген жұмысын бақылап отырып, жамандығы шыққандарды түсіру;

5. Билердің билігін байқап жүріп, қиянат қылған, пара алғандарын түсірту;

6. Қолы жете алмай жүрген нашардың ақысын алып беруге тырысу;

7. Халыққа алым-шығынды әділдікпен салдыру: кедейге кедейше, байға байша;

8. Елге пайда келтіру жолында мектеп, уақ қарыз серіктігі, потребительский лавкалар ашу;

9. Ұрыны тию;

10. Оязный һәм обласной комитеттермен өз тұсынан хабарласып, не жұмыс болса халыққа таратып һәм елдегі жұмысты комитеттерге білдіріп тұру».

        Осы он тармақтың бірнешеуіне  тереңірек тоқталып кетейік. Ең алғашқы тармақты таратқандағы айтарымыз («Партия болды да, ел іші бүлінді» деп Абай хакім айтпақшы)  бұқараны партиялар салатын бүліктен аман-сау алып қалу.  Жалпы партия атаулы халықты жікке бөлмейтін керісінше топтастыра түсетін құрылғы болу керек  дейді.

Олай болса, партия дегеніміз не? Оның ішікі құрылымы қандай болуы керек? деген сұрақтарға «Сарыарқаның» № 3 санында жарық көрген «Партия» атты мақаласымен  Жүсіпбектің  өзі  жауап  береді:

«...Байлар, саудагерлер партия жасаса, байлығын үлкейтіп, кәсібін зорайту; кедейлер бірлессе байға пайдасын жібермеу, теңдік алуға тырысу; жұмысшы, қызметшілер партия шығарса, ақысын көбейтіп, жұмысты шағындап істеу.   Міне, басқа жұрттың партиясы осы. Біздің қазақтың партиясы бұ партияларға ұқсамайды.

  Өйткені қазақ тұрмысын түзеуге партия болмайды – бұл бір; байлар-күштілер бірыңғай, жұмысшы, кедейлер бірыңғай одақтаса алмайды – бұл екі; партияшылар көптің қамын ойламайды, өз басының билігін, атағы, мақтануы үшін таласады – бұл үш».

  Жүсіпбектің айтқаны айна-қатесіз ақиқатқа айналды.

     Төл тарихымызда Көлбай Төгісов төрағалық еткен «Үш жүз» деген партия болғандығы белгілі. Алдымен «Алаш» партиясымен жақындасуға әрекет еткен ол, кейінгі кезеңдерінде   «Алашқа» оппонент болып шықты.

 «Үш жүз» партиясы тарих сахнасына 1917 жылдың қараша айының ортасында шықты. Бұл жөнінде «Сарыарқа» газеті  мынадай ақпарат берген екен «Алаш атынан аталған депутаттарға күйе жағып сөндірмек ниетпен «Үш жүз» деген партия жасадық деп («Үш жүзден» садаға кеткір кеселдер) Алаш балаларының арасына әрекет салмақ болып жатыр.

       16 қарашада Омбыдан Мұқан Әйтпенов һәм Ысқақ Көбеков қол қойған телеграмда: «Белгілі кадет Бөкейханов жасаған Алаш партиясының жолына наразы қазақтар жеке «Үш жүз» деген социалист партиясын жасадық. Мақсаты – федерацияны қорғау һәм түрік-татар тұқымдарын біріктіру. Учредительное собраниеге жеке список шығару тұрағы – Омбы», - деп жазады.

  Осылайша «Үш жүз» партиясының  Бүкілресейлік құрылтай жиналысына жеке тізім шығару әрекеті – қазақтың тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтіріп, алауыздық қаупін тудырған-ды.

 Қазақ өзді-өзі таласатын болса сыбағалы депутаттық мандатынан айрылуы анық. Олай болса қазақ депутаты сөзсіз орыстарға ауысып  кетеді.

  «Съезд қаулысында қазақ облысының депутаттар списогі біреу ғана болсын дейтіні» осы болатын. Алайда, «Үш жүз» социалист партиясы құрылған күнінен бастап-ақ, екі қазақ таласса, көрші орысқа олжа болғалы тұрғанын мүлде түсінген жоқ.

  Бұлда  топ-топ партия құрып, бірін-бірі жоққа шығарған бүгінгі күнгі серкелерімізге ғибрат болса жарар еді.

       Ел болашағы ұрпаққа тікелей байланысты. Жас семинарист Мұхтар  Әуезовтың қанша заман өтсе де құндылығын жоймайтын, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесі «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласы осы «Сарыарқада» жарияланды. Ұлы Абай «бес дұшпанның» атын атаса, Мұхтар ол қасиеттерінің пайда болуының түпкі себептерін іздейді:

 «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы; бірі – адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда, мақтан әуел басыма болса немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу – бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани слахит деп айтылады.  Екінші – меннен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол.

   Бұл инсанит, яғни адамдық жолы. Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хәкімдердің айтуында, екінші марқұм әкеміз Абайдың «Әкесінің баласы – адам дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген мақалы да һәм пайғамбар ғалайһсаламның «Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген» деген хадисы да көрсетеді. Әуелі, адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді.

   Сонан кейінгі ол адамның өмір жолында көретін жақсы-жаман үлгісінің бәрі жамау, я бояу болады. Жә, сол адамшылығымызға ірге салатын ортаның көп түрлі істерінің ішіндегі бізге ең әсерлісі қайсы? Бұл туралы және сол білгіштердің шешуі мынау: адам баласы бір үлгі біреуден аларда ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сөйтіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз.

   Бұлай болғанда өмірінде әділет, мархамат, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың әрекеті үй іші мен отбасынан, ғайбат-өсектен аспаған анадан ақ жүрек адал ниетті қамқор тууы мүмкін бе?

   Бұл себеп әр адам өзінің балалық күніне көз салса, бар қазақтың баласының анасынан болатын тағлымы мына түрде болады. Әуелі ана балаға байлық-барлықтың өзіңде болғандағы бағасы, дәмі қандай; өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. Онан соң өзің ретті құрбының өзіңе қатарласа алмай қалып жүргенін жақсы деп үйретеді.

  Және неше түрлі өзінің ауданы із-түссіз қараңғы ойына кіретін жаман мінезінің бәрін баласының сіңіргіш жүрегіне жұққызады. Бұдан кейін әр бала қызғаншақ, өзімшіл, мақтаншақ, пайдакүнем, сұмырай мінездерді ойына артып алады. Ана талқысынан асқанда бала шет жағалап әке ақылына құлақ салады. Бірақ оның жақсы түрлері болса да, әлгіндей түрі тағлым көрген балаға көбінесе жұқпай кетеді.  

  Бұдан кейін бала құрбы арасына кіріп, құрбының мінезі мен әдетін көреді. Ол құрбылардың бәрі де әлгі баланың шыққан анасындай аналардың қолынан шыққан соң, олардағы адамшылықтың нәр-жұғынның шамасы да белгілі болады. Бұдан кейін бұл бала қандай оқысын, қандай үлгісі мол ортада жүрсін әуелгі анадан алған өрнек ішкі сырының арқауы болады.

   Бұл арқауының маңызы қара тастай болып, салмағы бергідегі көрген, естіген, білгеннің бәрін басып жатып алады. Сол себепті бізде қайратының жалыны жаланған екпінді ұлтшыл жоқ. Саны белгілі бірлі-жарымды айтып та керек емес. Қай уақытта, қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар.

  Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес. Бұлай болғанда алғашқы сөзімді қайта айтамын: адам баласы тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды.

   Ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе!

 Оны түзеймін десең әйелдің халын түзе» дейді ағынан жарылып.

Бұл біздің бүгінгі ұрпақ тәрбиесі жолында жадымызға тоқып, бойтұмардай сақтайтын салауатты сөз.

       «Сарыарқадағы» ұлттық тақырыптардың ішіндегі ең көп көтерілгені – білім мәселесі.

  «Халықтың оқығаны көбеймесе, жүз бостандық болғанымен де жүз тиындық пайда көрілмейтіні айдан анық. Күннен жарық қазақтың ел қатарына, адам есебіне кіруі оқығандардың көбеюіне байланысты. Сондықтан қазақ көшбасшылары мынадай саяси құлдық жіптерінің әр қайсысынан шешіп алып қалуды бір жақ қолына ұстаса, екінші жақ қолына елдің оқығандарын көбейтуді ұстауы міндет. Мұнсыз шешілгенмен де қазақ мойны бәрі бір құлдықтан  құтыла  алмайды».

        Баланы қандай мұғалім оқытады?, Оқу бағдарламасы қандай болмақ? Оқудан шығатын мақсат қандай? Бұл сұрақтар да «Сарыарқанаң»  көп талқылаған мәселелерінің бірі.

    Мұхтар Әуезов «Оқудағы құрбыларыма» атты мақаласында өзекті мәселені көтере келіп, алаштың  оқыған жас азаматтарына қарап, бұлай дейді: «Біздің мақсатымыз мал табу, шен тағу емес, надандық неше батпан болып үстіне артылып, зілдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу екенін ұмытуға жөн бе? Қашан да болса адам махаббат, мархабат, ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса, ұлтшылдық, адамшылыққа жетпекші емес пе?

   Бұл жүректің сіңіргіш таза уақытын өткізіп алсақ, үлкейгенде жыласақ та, қалай өзімізді күйінішке жегізсек те әлгі нәрселер келер ме? Өзіміз көріп жүрген қандай үлкен нәрсені алсақ, сол үлкенді үлкен қылып тұрған біраз ғана жиылып шоғырланған ылғи кішкене нәрсе. Осы кішкене нәрселер мықты болса, ана үлкеніміз де мықты болмақ. Ол морт сынған осал болса, әлгі үлкен нәрсе де осал болмақ.

  Бұл бірді-бірге себеп қылып тізіп, жалғастыра жаратқан жаратушының шебер қолының дүниенің ісіне кіргізген өзгерусіз жолы. Жә, осыған қарағанда ұлт тізгінін ұстап тұрған оқығандарымыз, солардың істерінің таудай болып үлкейіп, дабырайып көркеймегіне не шарт?  Әрине, бірінші, сол оқығандардың бірлік, берекеде болып, шоғырланбағы шарт; екінші, істері маңызды, орнықты, табанды болу үшін әрбір оқығанның ақтығы, екпіні, білімі.

    Рас, туғаннан білімді, ұлт ісіне екпінді ақ жүрек болып туа қоймалық, бірақ алдыңғы оқыған қамқор ағалар не ойлап, нені істеп, нені арман қылып жүр, соны біз істемесек те білу, бетін ұғу керек емес пе? Осы рахымды күннің жылуына қызып, біз де аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Қала-қаладан ұйым ашалық. Халық түзеуді жол қылайық. Бұрынғы жаман әдеттерді тастауға тырысалық, әйтпесе «болыстық тигізетін інілеріміз жетіп келеді» деген алдыңғы ағалардың қуанышын күйінішке айналдырып, «қарғайын десе жалғыз, қарғамайын десе жалмауыз» болып жүрмелік. Онда біздің оқымағанымыз,  болмағанымыз артық».

         «Бастауыш мектептердегі оқу программасы» деген мақалада жас шәкірттердің оқу бағдарламасы түзілген. «Алаш дуанындағы оқытушылар ұйымына әр жерден хат келіп, бастауыш мектепте қандай сабақтар, қай тілмен оқытылатынын сұрайды. Баршасына газет арқылы білдіруді борыш көрдік.

1) Бастауыш мектепте сабақ арнаулы қазақ тілінде оқылады;

2) Орыс тілі төртінші бөлімнен бастап, кірме тіл есебінде оқытылады;

3) 5 жылдық бастауыш мектеп программасы мынау;

I бөлімде:

  1. Ана тілі: әліппе, оқу, әдемі жазу;
  2.  Есеп: алу, жию жүзге дейін; көбейту, бөлу жиырмаға дейін;
  3. Иман-иғтиһад;
  4. Дене тәрбиесі;

II бөлімде:

  1. Ана тілі: оқу, тіл құралы, жатқа жазу (емле), әдемі жазу;
  2.  Есеп: жүзге дейін;
  3. Дін сабақтары: иғтиһад, ғибадат, құран кәрім;
  4. Қол істері;
  5. Ән;
  6. Дене тәрбиесі;

III бөлімде:

  1. Ана тілі: оқу, тіл құралы, жатқа жазу, әдемі жазу, үлгілі жазу;
  2. Есеп: төрт амал, керекті өлшеулер;
  3. Дін сабақтары: ғибадат, құран кәрім, тәжуидпен;
  4. Қол істері;
  5. Ән;
  6. Дене тәрбиесі;

IY бөлімде:

  1. Ана тілі: жатқа жазу, үлгілі жазу, ойдан жазу, оқу;
  2. Есеп: төрт амал, өлшеулер (уақтау, ірілеу, төрт амал);
  3. Дін сабақтары: ғибадат, құран, тәжуидпен;
  4. Орыс тілі;
  5. Тарих ислам;
  6. Ұлт тарихы;
  7. Жағырапия (жалпы);
  8. Жаратылыс;
  9. Ән-күй;

10)Дене тәрбиесі;

11) Қол істері;

Y бөлімде:

  1. Ана тілі: жатқа жазу, үлгілі жазу, ойдан жазу, оқу;
  2. Есеп:
  3. Араб тілі;
  4. Орыс тілі;
  5. Жағырапия (мемлекет);
  6. Ән-күй;
  7. Дене тәрбиесі;
  8. Қол істері;
  9. Жаратылыс;

    10) Ислам тарихы (қазіргі сұлтанға дейін);

     11)Ұлт тарихы;

«Бала оқыған да не «әкем берді» деп оқиды, не «жақсырақ күн көру басқышына шығам» деп оқиды. Ұлтқа яки адамдыққа қызмет қылуды ниет қылып оқу оқыған жерінің тәрбиесіне қарай бірсыпыра оқып, көзі ашылған соң болатын іс. Қазақ курстарында жоғарғы екі түрдегі шәкіртті осы екі зәрушілік айдап келіп отыр.

     Осы келген шәкіртті шын мұғалім қылып шығару мұғалімдік курстың міндеті. Шын мұғалім қылып шығару үшін:

  1. Оқу «әкесі бергендік» яки «дәреже» үшін керек болмай, адамшылықтың кемелі үшін  керектігін  ұғындыру.
  2. Ғылым көктен түскен, адам баласының ақылы жетпейтін, ойламай нана берілітін, оқи берілетін жұмбақ бір нәрсе болмай, жаратылғаннан осы минутқа дейінгі адам баласының өмірі, тәжірибесінің қорытындысы екенін ұғындыру. Басқаша айтқанда, «пәлен айтты» деп ойламай, жоққа  нанып  үрейленуден  құтқару.
  3. Жаратылыстың заңыннан, дүниенің ағысынан хабардар қылу, бастары түзу ойлауға  жол  ашып  беру.
  4. Осыларды өздері түсінген соң, басқаларға үйрете білу. Сездіре білу әдісін (педагогикамен) таныстыру.

Әсіресе, оқу жөнінде адамшылықты біліп, аз болсын, көп болсын адамшылыққа қызмет қыларлық кісі болушылық, ұлтты біліп, ұлтқа қызмет қыларлық болушылық жоғарғы көрсетілген сұраулармен таныс болғанда ғана қолға түседі. Құр жүрген тазалығы да, соқыр болған соң ешқайда апараалмайды».

Осы жерде әлеуметтік жағдай мәселесі де сөз болмай қалған жоқ.

  Оқыған дұрыс. Егер байдың баласы білім ала алса, ал кедейдің баласы қаражаты жетпегеннің себептерімен оқуға түсе алмаса не болады?

  Тұрмысы төмен ата-ананың баласы қалай оқымақ деген заңды сұрақтар қойылатыны анық. Газет мұны да жіті түсініп, серіктіктер ашу керек деген мәселе қаузады. Осыған орай Семейде 1917-1918 жылдары «Теңдік» серіктігі ашылған еді.

   Бұл «Сарыарқа» газетіне құрылтайшы, демеуші болған серіктік. Ондағы қаржы қоры  қайырымды байлардың, ұлт болашағын ойлаған оқығандардың, тіпті шәкірттердің ортаға салған ақшасынан құралған екен.

   Басты мақсаттары халыққа газет, кітап шығарып тарату еді. Алғашқыда қырықтан аса мүшесі болған серіктік  кейін адам санымен ұлғая түсті.

  Серіктікке (ұлт қазынасына) көмек көрсеткен адамдар есімін «Сарыарқа» газеті баяндап отырған. Қайырымды қазақ байларын мадақтаған мақалалар тұрақты түрде басылды.

   Соның біріне тоқтала кетелік: «Осы үлкен тілеу – ұлт қазынасының негізін салуда алаш балаларының ұлтшылдығы көрінер, қанша уақытта ержетіп, ел қатарлы ел болатындығы білінер, сыналар. Сондай азаматтарымыздың ішінде біреуінің жомарттығын айтпай отыруды кінә деп білемін. Ол азамат кім еді? Алаш дуанындағы Ақым қажы Аңдамасов еді. Ол не азаматтық қылды? Ол ұлт қазынасына 10 мың сом берді. Оның несі таңсық? Қазақта бір кісінің ұлт үшін он мыңдап ақша беруінің біріншісі болғандығы үшін таңсық.

   Барлығы 60- 70 мыңдай сомасының жетіден бірі - он мың сомды ұлт пайдасына бөліп беретін қазақтан да ұлт баласы шыққандығы таңсық.

 Жүз миллионға ие болып, екі миллион беріп отырған ноғайлардың таңсығынан 70 мыңға ие болып, он мыңын беріп отырған Ақым қажымыздың қымбатын  кем  дей  алмаймыз».

          Жедел арада ұлт қазынасын құрып қаржы қорын жасақтамай тірлік көшінің оңға баспайтынын білген ұлт зиялылары Орынборға 5-ші декабрьде  жалпы қазақ сиезін ұйымдастырды. Әлихан Бөкейханов: «Заман түрі мынадай болған соң, қазақ өзін-өзі қалай қорғамақ керек, қалай бостандығын сақтап, қалайша өз бетімен адам болмақ керек?

  Міне, осыны ақылдасу үшін бұл сиезде алаш баласының ел болып, жұрт болуына керекті қаулының бәрін жасар; мал-мүлкін, қатын-қызын аяған қазақ баласы ол қаулыларды тезінен орындар. Бірақ қай жұрттың болсын, жұрт қатарына қосылып, ел боламын дегенінде күн бұрын қам қылатын, өте ескеретін бір жұмысы бар, ол - пұл табу жағы. Бұлай болса, бізде жалпы қазақ жұртының игілігіне арналып жиылған ақша ұлт қазынасы болу парыз» дейді.

         Міржақып Дулатов та осы істің басы-қасында болып  үгіт - насихат жұмыстарын жүргізді.  Ерлер  еңбегі еш кеткен жоқ. Ептеп жер-жерде  бұл іс-әрекеттер өз жемісін бере бастады. Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Қызылжарда «Талап», Ақтөбеде «Бірлік», Павлодарда «Ғылым»,  Екі баста «Ұйым» дүниеге келді. Бұлардың бәрінің мақсаты халықтың көзін ашып, ғылым таратпақ болатын. Осындай ұлтқа үлкен пайда тигізгер игі  істерді  басқаларға өнеге ретінде «Сарыарқа» газеті өзінің беттерінде әрдайым насихаттаумен болды.

        Тағы бір  тоқтала кететін нәрсе оқырман жайы. Газеттің ары қарай өмір сүру тағдыры  тікелей оқырманға қатысты. Оқырманды газеттен алыстататын  нәрселер бiрiздiлiк, бiрсарындылық, таптаурын тақырыптардың қайталануы мен тың iзденiстердiң аздығы.

        Бұл кеселдердің «Сарыарқа» газетінде қатысы жоқ деп айтуға толық негіз бар. Біріншіден, газет пен  оқырман қауым бір-бірімен тығыз байланыста болған. Газет сұрақ қою мақсатында редакцияға ағылған оқырман хаттарына міндетті түрде жауап береген. Бұған газеттегі «ішкі хабарлар»  мен  «ел хабарлары»  секілді  айдары  куә.

  Бұл бір жағынан оқырманды, газетті, жалпы халықтың тіршілігіне нәр тартатын тәсіл. Мысалы 28-нөмірінде Қарқаралы, Кент елі, бірінші ауыл қазағы Тілеген Іңкарбаев деген азамат «Сарыарқаға» хат жазып, ақыл сұраған: «Мен көп жылдан бері сауда һәм басқа кәсіппен тапқан аз сомамды халық пайдасына жұмсауды лайық көріп, өткен 1912 жылы Кент елінің ішіндегі Талды өзенінің бойынан 20 мың сом расход қылып, тоған байлап, бір ауылдас 90 үйге ақыл беріп, егін салдырып едім. Жыл сайын 50 мың сомдық пайда көріп, бүл күнде басқалар да егін салуға айналған соң, өткен 17-ші жылы бес мың сомға диірмен сатып алып, Қызылкеніш деген жердегі Найзатасқа сол тиірменді салдырып едім.

  Жақын жерден диірмен даяр болған соң халық алысқа барып әуре болмай, пайдаланып тұр. Шүкір, жер жақсы, диірмен даяр, су бар. Қызылкеніштегі диірменнің қасынан жақсы школ-медіресе салуға ниет қылып, 10 мың сом ақша шығарып, бірінші ауылдың адамдарына маслихат қылып едім, баршасы бір ынтымақта болып, ризалығын білдірді. Шамалары келгенше жәрдем бермекке де уағда қылды. Рұқсатсыз школ неге салдың деп жүрмес пе? Жылдамырақ газет арқылы білдірсеңіз  екен».

         Сондағы  бұл хатқа  орай «Сарырақаның» қайтарған қарымта жауабы мынадай: «Сөзіңіз ісіңізге үйлес болса, сәт тілейміз. Медіресе-школ салуға ешкімнің рұқсаты керек емес. Медіресе ашып, бала оқыту түгіл, қазақ-қырғыз осы күні жеке патшалық (автономия) жасаймыз деп жатыр. Кімнен болса да өтіл сұрамайды».

          Осы тақылеттес хаттар легінде қисап жоқ. «Сарыарқаның» 11-нөмерінде «Басқармаға хат» деген атаумен  басылған төмендегі  хаттың хикаясы тіптен қызық: «Мына біраз сөзімді газетаңызға қыстырып жіберуіңізді өтінем. Семей облысына қараған Қатонқарағай деген қалада 55 үй мұсылман бармыз. 1914 жылы Ғұмар қажы Жәкежанов деген кісі медіресеге деп екі бөлмелі үй салдырып беріп еді. Соны халықтан ақша жинап бір жерге салмақшы болып жүргенімізде Көккөз деген қажы арпалысып отырып өзінің үйінің бұрышына салдырды. Сонан бері балаларымыз аса көрім оқып келе жатыр еді, биылғы жылы Қажекеңе тері илеуге бір үй аса қажет болғандықтан мұғалімді айдап шығып, бір сартты алып келіп, тері илеттіріп жатыр. Балалар қаңғырып көшеде бос қалды. Өзінде оқитын бала жоқ. Омыраусоқ ақсақалдарды бір табақ ет беріп, жағын қарыстырып қойды» .

        Медіресе дегеннен шығады, дін мәселесі «Сарыарқаның» басты тақырыптарының біріне айналды. Дін жеке бап тармағы ретінде бекітіліп төмендегідей түзілім жасады.

  1. Дін жұмысына хүкімет қатынаспасын.
  2. Қазақтың өз алдына ерекше мүфтилігі болсын.
  3. Бір болыстың һәм бір махалланың имам, мәзімдерін бір болыс елдің, я махалланың адамдары төте сайлау  жолымен үш жылға бір сайлансын.
  4. Әр болыста 5 молладан сайланған бір ұйым болсын. Ұйым ағзаларын болыс һәм махалла моллалары  5 жылда бір сайлап отырсын.
  5. Мирас жұмысын шариғаттың бұйрығы бойынша моллалар басқарсын.
  6. Зекет, һұсыр, фкдия, уақыф, құрбан сияқты садақалар уақытша комитеттер қолына жиылсын.

Кейін келе большевик хүкіметінің дін туралы: «Тұтқан  дініне қарап, кісіге қасиет, яки артықшылық беретін; дін бостандығын қысатын, яки тарылтатын заңдарды, қаулыларды шығару Республика (мемлекет) алабында тиылады. Әркім сүйген дінін тұтады.

        Дінсіз болуға да ерікті. Тұтқан дініне, яки дінсіздігіне қарай, кісінің хұқығын бұзу жоғалады. Мешіттен мектеп айырылады.

Ғылым үйретілетін мейлі мекеме, мейлі қауым, мейлі жай кісі мектептерінің баршасын да дін сабағы оқытылмай тиылады.

Ешбір мешітшіл һәм діншіл қауымдар мемлекеткен ие болуға хұқы жоқ. Россиядағы мешітшіл һәм діншіл қауымдардың барлық мүліктері жұрт қазынасы» - деген үкімі халыққа басқа таңдау жасатып, дін исламға қауіп төндірді. Ел ішінде дүрбелең  туды.

        Сол кезде де «Сарыарқа» газеті  салихалы бағытынан таймай ақиқатқа араша түсті. «Большевик үкіметі мектеп-школдарда дін сабағы оқытылмасын деп шығарған пәрмені туралы Қазандағы ғұламалар қауымы кеңесіп, мынадай қаулы жасаған: «Ислам дінінің бұйрығы бойынша әрбір мұсылман адамға дін үйрену һәм үйрету парыз. Жас балаға жеті жасқа жеткен соң дін үйрене бастау керек деп пақырымыз айтқан. Егер қазіргі пәрменмен іс қылып, мектептерде дін сабағы тоқталса, шариғаттың әмірін орнына келтіру мүмкін емес. Және дейді басқа түрлісін түсіндіріп оқыту халқымыздың сүреңін бұзады. Бұған шейін де талай таршылыққа шыдаған халық мұнан былай да шара тауып, әр түрлі  мектеп-медіреселерде дін сабағын тоқтатпай оқыта беруге тырысу керек.

       Дін сабағы тоқталса, бүкіл мұсылман һәм молла атаулы жауапты, күнәһар болмақ. Бұл туралы Қазан ғұламалары дайым бүкіл Россия ғұламаларының кіндік ұйым ережелері де қарсы тұрмақ жәһәтінде» – дейді.

        Осы мысалдардан-ақ бұл басылым беттерінен ұлт тақырыбының бір сәтке де болсын толастамағанын,  ұлт мүддесіне төнген қауіпке қаншалықты араша  болғандығын шын жүрегімізбен бағамдауға болады.              

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?