Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жеңіс үшін от кешкен…

973
Жеңіс үшін от кешкен… - e-history.kz

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. 75 жыл бойы бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз. Елін, жерін жаудан қорғау үшін мектеп партасынан қан майданға аттанған сол кездегі ұлдар мен қыздардың бейнесін қазірде елестету тіпті қиын. Сонша ерлік пен жанкештілік олардың бойына қалай бітті? Міне, сол бозбалалардың көпшілігі болашақ ұрпақтарының тыныш, бейбіт тіршілігі үшін жанын қиып, жат жұртта қала берді. Ал елге оралғандар көпке дейін соғыс атты зұлмат салып кеткен жарадан арыла алмады.

Өз еркімен қан майданға аттануды армандаған  Әбдіғұлов Өмірзақ жасы жетпейтіндігін жасыру үшін құжаттарына дүниеге келген жылын 1 жылға үлкейтіп жаздыртып алыпты. Ол мектепті бітірген бойда Алматы облысының Жамбыл аудандық әскери комиссариатына барып, 32-ші қосалқы полкқа қысқа мерзімді оқу-жаттығуға жіберіледі.

Өмірзақ Әбдіғұлов жұбайы Зайра Қапышевамен (отбасылық мұрағат)

Майдандағы арпалысты күндер 1943 жылы басталып, 1944 жылдың қарашасына дейін старшина шенінде 207-ші атқыштар полкінің пулеметшілер ротасында, кейін Прикарпат әскери округінің 10-шы гвардиялық атқыштар полкінде қызмет атқарды.

Әбдіғұлов Өмірзақ ә дегеннен соғыстың белортасынан бірақ шықты. Ол Мәскеу мен Сталинград үшін болған ұрыстарға қатысты, Киев пен Будапештті  азат етуге атсалысты. Осы шайқастарда бірнеше рет жараланса да, үйге қайтудың орнына майдан ортасынан табылды. Госпитальда жатқанымен, үнемі майданға оралуға асықты. Жас старшина үшін жаумен қасық қаны қалғанша, Жеңіске дейін арпалысу аса маңызды болды. Көптен күткен Жеңіс күнін Өмірзақ Венгрияда қарсы алды.

Майданда көрсеткен жанқияр ерлігі үшін Өмірзақ Әбдіғұлов бірнеше рет марапатталды, соның ішінде "Ерлігі үшін" медалі де бар.

Өмірзақ Әбдіғұловтың ерлігі туралы ақпарат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі" порталының электрондық базасында сақтаулы.

Өмірзақ Әбдіғұловтың ерлігі туралы ақпарат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі" порталының электрондық базасында сақтаулы

«Ерлігі үшін» медалімен Өмірзақ Әбдіғұлов күші басым жаумен болған кескілескен ұрыста өз ротасын оқ-дәрі, азық-түлік және шайқас үшін қажеттінің бәрімен дер кезінде үздіксіз қамтамасыз ете білгені үшін  марапатталды. Бұған командирінің жазбасы дәлел болады.

Командирінің Ө. Ә. Әбдіғұловтың ерлігі туралы мұрағаттық жазбасы

Үйіне соғыстан кейін екі жыл өткен соң ғана оралуға мүмкіндік туды. Гвардия старшинасы Қызыл әскердің жеке құрамының екінші кезегін  демобилизациялау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығынан кейін 1947 жылы 27 наурызда запасқа шықты.  

Осы жылдар бойы Алматы облысы Жамбыл ауданы Шиен ауылында сағына-сарғайып анасы Бәтиха күтіп отырған еді. Әкесі Әбдіғұл Смағұлов, колхоздың бұрыңғы бірінші төрағасы, жаппай қуғын-сүргін жылдары тұтқындалып, атылып кеткен болатын. Кейіннен репрессия құрбаны деп танылып, толықтай ақталған.

Соғыстан кейін Өмірзақ Әбдіғұлов Зайра Капышевамен шаңырақ көтерді. Олар жеті бала өсіріп тәрбиелеп, бәріне жоғары білім берді.

Қан майданның ортасында жүріп шыңдалған, ерлік көрсеткен майдангерлер бейбіт өмірде де жанын аяған емес. Әбдіғұлов Өмірзақ та жұмысқа бел шешіп, бірден кірісіп кетті. Себебі Ұлы Отан соғысы жылдары тұралаған ел шаруашылығын басынан бастап қалпына келтіруге тура келді. Міне осы жерде соғыс кезінде бойына сіңірген дағдылары қажет болды.

Өмірзақ Әбдіғұлов түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық мәдениет үйінің директоры, орта мектепте мұғалім болды. 1965 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы еңбекші депутаттары Шиен ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, сол жылдары сауда және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету жөніндегі комиссияның белді мүшесі ретінде еңбек етті.

Өмірзақ Әбдіғұлов республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысты (отбасылық мұрағат, 1969 ж.)

Өмірзақ Әбдіғұлов ауыр кезеңде өмір сүрді, жан алысып жан беріскен қиын-қыстауда жігерін жасытпай, әрдайым абырой биігінен көріне білген жан. Зұлмат соғыс оның жүрегінде өшпес із қалдырды. Соған қарамастан бейбіт өмірде де еш аянып қалған емес. Тағдыр жазуымен 1983 жылы жүрек талмасынан көз жұмды.

Жұбайы Зайра Қапышева елдің жадында өте мейірімді жан ретінде сақталып қалды. Ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақтың тірегі бола білген асыл анамыз 2012 жылы өмірден озды. Өмірзақ Әбдіғұлов пен Зайра Қапышеваның балалары мен немерелері даңқты ата-аналарын үнемі мақтанышпен еске алады. Ұлы майданның ер жүрек батыры атанған Өмірзақ Әбдіғұловтың ерлік үлгісі мен ізгі істері мәңгі ұмытылмайтын отбасылық шежіреге айналып отыр.     

Баласы - Бақытжан Әбдіғұлов

Фотоматериалдар Әбдіғұловтардың отбасылық мұрағатынан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?