Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Мәңгілік ел» идеясын қалай түсініп жүрміз? 

23121
«Мәңгілік ел» идеясын қалай түсініп жүрміз?  - e-history.kz
Қазақ елі тәуелсіздік алған уақыттан бері өзіндік мемлекеттік немесе ұлттық идеясын іздестірумен болды. Түрлі пікірлер, сан алуан ұсыныстар болды. Бірақ, ұзақ уақыт бір ортақ тоқтам жасалған жоқ 

Ұлттық тарихымызға назар аударсақ, қазақ халқының қаншама буын ұрпақ өкілдері елі мен жерін қорғау жолында күресті, сол жолда жанын беріп, қанын төкті. Сол ата-бабаларымыздың арманы азаттық, бастандық болатын. Бірақ олар тәуелсіздіктің сағымында көреалмай кетті. Дегенмен, кейінгі ұрпақтың сол азаттыққа жететініне сеніп кетті. Олардың бар арманы елдің тұтастығы мен бірлігі, тәуелсіздігі болатын. 

Қазақ елі тәуелсіздік алған уақыттан бері, өзіндік мемлекеттік немесе ұлттық идеясын іздестірумен болды. Түрлі пікірлер, сан алуан ұсыныстар болды. Бірақ, ұзақ уақыт бір ортақ тоқтам жасалған жоқ. Енді, міне халықты ортақ мақсатқа топтастырушы идея өз шешімін тапты. Ол әр қазақстандықтың мақтанышы мен Отанға деген патриоттық сана-сезімін қалыптастыратындығы сөзсіз. 

Елбасы ұлттық идея жайында: «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды, ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деді. Президент өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті. 

Академик О. Ысмағұлов: «Мәңгілік ел» ұғымы еліміздің тарихында ежелден бар. Бұл термин Түркі қағағанаты тұсында да қолданылған. Түркілер өздерінің ұлы мемлекетін «Мәңгі ел» деп атағаны тарихтан мәлім. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін жазбаларында да «Мәңгілік ел» сөзі ұшырасады. Демек, бұл кездейсоқ келген этнотермин емес. Қазақтар бағзы заманда қалыптасқан ұлт. Біздің тарихымыз – өз бой-бітімімізде, өз сүйегімізде таңбаланып қалған» [1], – дейді. 

«Мәңгілік ел» бүгін ғана айтыла салған атау емес. Тарихымызға көз жіберсек, түркі дәуірінде Тоныкөк абыздың айтқан сөзі бар екен: «Мәңгілік ел болып қалыптасуымыз керек. Біздің бектеріміз бен қағандарымыз өзге жұрттың алдауына түспеуі керек. Аға буын қателессе, ол кейінгі жас ұрпаққа да қиындығын тигізеді. Сондықтан, біз шектес, шекаралас елдермен сарабдал саясат жүргізуіміз керек» деген. 2003 жылы шыққан Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабында біздің қазақтың ата тарихы он екі асқарлы белеске бөлінген. Соның бір белесінде Түркі қағанаты туралы айтылған. «Мәңгілік ел» қалыптасты деп нақты көрсетілген. 

«Мәңгілік ел» идеясының көтерілуі мен «Мәңгілік ел қақпасының ашылуы өте орынды. Себебі, бұл жаһандық жағдайда елдігімізді, тұтастығымызды сақтау үшін аса қажет, үлкен идея деп білемін. «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде біздің қазақ халқы титулды ұлт, ал біздің жерімізді мекендеуші өзге этностар сол ұлттың төңірегінде топтасып, әрмен қарай бейбіт өмір сүріп, саяси тұрақтылқты сақтауы тиіс. Ол үшін қазақ халқы бекем болса дейміз. Қай жағынан мықты болуы керек? Алдымен өз тілін құрметтеу, үйрету тетіктерін жетілдіруі қажет [2]. 

Астанада Елбасы: «Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, Қазақстан 2050 стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін-де білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – «Мәңгілік ел» біздің өзіміздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан 2050» мәңгілік елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!», – деп аяқтады өз Жолдауын [3]. 

2d4e6c277ae2f69e8cd539f6a7e1e37b.jpg

Біздің ата-бабаларымыз мемлекет құраған, бақуатты, баянды өмір сүрген. Оны есепке алсақ, «Мәңгілік ел» атанып жүрумізге заттық, материалдық, рухани негізіміз бар. «Мәңгілік ел» ұғымын прагматикалық тұрғыдан бүгінге бұрсақ, уақыт пен заман сынына төтеп беретін ел болудың бірінші сатысы – Қазақ елі деген ұғым сияқты. Мәңгілік елдің эволюциялық дамуының алғашқы кезеңі -Қазақ елі [4]. 

Еліміздегі «Мәңгілік елдің» үлкен идеологиялық негізі болуы шарт. Идеологиялық негіз недентұрады? Сөз жоқ, біріншіден, тіл мәселесі. Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру керек. Одан кейін тарихи сананы қалыптастырғанымыз абзал. Біз өз тарихымызбен мақтанатын елміз. Біздің тарих ұялмайтындай, ешбір тарихтан кем емес, қажет болатын болса, тіпті әлемдегі ең алдыңғы қатарлы өркениеттердің сапында болған, кешегі ұлы түркілердің ұрпағы, арғы дәуірлерде ұлы мәдениет жасаған этностың қазіргі жалғасы дейтін тарихи сананы өзіміздің ғана емес, осы елде тұратын ұлт өкілдерінің де санасына сіңіруіміз керек [5].

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеологиясы бізге, мемлекетімізге не берді? Бұл идеология мемлекетіміздің одан әрі қарыштап дамуына шынайы мұрындық бола ала ма? Елімізді мекендейтін жүздеген ұлт өкілдерін біріктіре түсе ме? Қазақ халқының ұлттық мақсат-мүддесіне сай келе ме?

Қазақ мемлекетінің тарихы өте күрделі екендігі анық. Төл тарихымыз әсіресе тәуелсіздік алған тұста кешегі кеңестік кезеңдегі идеологиялық құрсауда жасалған бұрмалаулар мен адасуларды қайта зерделеп, қолға алынып, зерттеулер үстінде. Зерттеу нәтижелері бүгінгі Еуразия құрлығының саяси бітім-болмысының қалыптасуына еліміздің, ата-бабаларымыздың тікелей ықпалдарының болғандығын көрсетті. Қазақ тарихы ұлт ұрпақтарының кеуделерін мақтаныш керіп оқитын, олардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастырып, құлдыққа емес – ұлттық кісілікке тәрбиелейтін тәрбие құралына айналды. Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи зерттеулердің нәтижесінде осыншама кең-байтақ жердің қазақ баласына кездейсоқ емес, ата-бабаларымыздың орасан зор, ақыл-парасаты мен жанкешті еңбектерінің арқасында ғана ұрпаққа аманат болып қалғандығы белгілі болды. Ұлттық-мемлекеттік идеологияның қоғамның барлық мүшелерін, әсіресе әр түрлі әлеуметтік, этникалық және саяси топтарды біріктіруде, билік пен халықты бір-біріне жақындастыруда маңызы айрықша болды. Ұлы тарихымыз көрсеткендей, қандай идеологиялық жүйе болмасын ол біртұтас болған жағдайда ғана қоғам өз тұтастығын сақтайды. Бір қоғамда әртүрлі идеологиялық жүйенің қатар орнауы қоғамды ыдыратып қана қоймай, сөз жоқ, мемлекеттің идеологиялық қайшылығы нәтижесінде құрыдымға кетуіне себепкер болатындығын да тарих көрсетті [6]. 

Қазақстандағы «Мәңгілік Ел» – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – дейді Елбасы. Мұндағы «ұлттық» ұғым түсінігі барша Қазақстан халқын қамтыған мағана білдірсе, «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекет құраушы халықтың сан ғасырлық құндылығын ұлықтауын, көпұлтты, көпдінді ғана болмасын, межесі мен мәресін айқындайтын іргетасқа төл тарихымыздың қойнауында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа аманатталған, бәсеке мен сынақтардан шыңдалумен бүгінге жеткен бабалар арманы қаланды. Қазақстанда елдікті нығайтып, тәуелсіздікті баянды ету үшін Елбасы «Ұлт жоспары. 100 нақты қадам» бағдарламасында 85-қадам осы «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеуді тапсырған болатын [7]. 

Біздің ойымызша «Мәңгілік ел» патриоттық актісі терең ойластырылған және ғылыми негізделген құжат болуы керек. Оның патриоттық, идеологиялық негізде қазақ халқының тарихи арманы көрініс табуы тиіс.

Жандос Жақсыгелдінов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты 

Әдебиеттер:

1. Ысмағұлов О. Бәйтерек түбіндегі бас қосу. Мемлекеттігіміздің арқауы — Мәңгілік ел // Астана, Ақшамы, 20 наурыз, 2014. — 9-б. 

2. Еңсенов Қ. Бәйтерек түбіндегі бас қосу. Мемлекеттігіміздің арқауы — Мәңгілік ел // Астана, Ақшамы, 20 наурыз, 2014. — 9-б. 

3. Шағатай А. Мәңгілікел — Қазақ халқыныңұлттықидеясы — Н.Ә. Назарбаев // BNews.kz. 17.01.2014. — 3-п. 

4. Қалиев Н. Бәйтерек түбіндегі бас қосу. Мемлекеттігіміздің арқауы — Мәңгілік ел // Астана, Ақшамы, 20 наурыз, 2014. — 10-б. 

5. Ыбраев Ш. Бәйтерек түбіндегі бас қосу. Мемлекеттігіміздің арқауы — Мәңгілік ел // Астана, Ақшамы, 20 наурыз, 2014. — 10-б. Ыбраев Ш. Бәйтерек түбіндегі бас қосу. Мемлекеттігіміздің арқауы — Мәңгілік ел // Астана, Ақшамы, 20 наурыз, 2014. — 10-б. 

6. Сыздықов С.М., Қанаев С., Жеңіс Ж. «Мәңгілік ел» идеясы: қалыптастасуы, үш негізгі тарихи сабақтастық. — Астана: Фолиант, 2013. — 273-274-бб. 

7. Әбілева А. «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеу жұмыстары басталды // BNevs.kz. 28 қаңтар, 2014. — 5-п. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?