Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Григорий Потаниннің рухына арналады

3252
Григорий Потаниннің рухына арналады - e-history.kz
Бүгін осыдан 181 жыл бұрын қазіргі Шығыс-Қазақстан облысы Павлодар уезінің Ямышево станцасында атақты ғалым, көсемсөз шебері, өлкетанушы-саяхатшы Григорий Николаевич Потанин дүниеге келген күн

Қазақтар Г.Н. Потанинді «қазақтардың мұңшылы» деп атайтын. Өйткені Потанин қазақтарға ерте бастан қызығушылық танытты, олардың тұрмысымен, мінезімен таныс болды және төл мәдениетін сақтап қалуға барынша ықпал етті 

Бүгін осыдан 181 жыл бұрын қазіргі Шығыс-Қазақстан облысы Павлодар уезінің Ямышево станцасында атақты ғалым, көсемсөз шебері, өлкетанушы-саяхатшы Григорий Николаевич Потанин дүниеге келген күн. 

Ямышево тұрғындарының, мейлі олар қазақтар немесе шабақтар болсын, күнделікті ауызекі сөйлеу тілі тың игеруге дейін қазақ тілі болды. Ямышевоны қазақ тілінде Тұзқала деп атайтын, ал орыс тілінде екпінді алдыңғы буынға түсіре отырып, Ямыш дейтін. Олардың әңгімесінде бірдеңеге ашуланып А ЩЁ, А ПОЩЕМУ деген сөздерді, тағырқағанда ИЯ АЛЛА немесе АЛЛАЙ, АЛЛАЙ дегенді, бірдеңеден көңілдері қалғанда ОЙ-БАЙ, МЯ САГАН дегендерін жиі естуге болатын. Ал қазақтар ТЬФУ ЯЗВИЮ, УОТЬ ТЕ НА дейтін. 

Одан бөлек, Потаниндер отбасында Абылай ханның Илья Потанинге жазған хаты сақталған. Аға буын өкілдерінің есімінде қазақ даласымен, оның атақты көшбасшыларымен, қазақ халқының қонақжайлылығымен байланысты көптеген деректер сақталған. 

Сондықтан Николай Ильич Потаниндей казак офицерінің баласы қазақ тілін терең зерттеуге неліктен талпынғанын түсінуге болады. 

Кейінгі жылдары кадет корпусы болып қайта құрылған Омск әскери училищесіне 1846 ж. оқуға түскеннен бастап ол қазақ тілін жетік меңгеріп алды, оған Потаниннің Шоқан Уәлихановпен достығы жақсы әсер етті. 

Шоқан мен Григорийдің тілге қатысты қиындықтарын В. Обручев «Григорий Николаевич Потанин» кітабында былай суреттейді: «...Сирек кездесетін қасиеттерге ие бола отырып, ол қиындықтарды жылдам еңсеретін, озат оқыды және барлық құрдастарынан асып түсті... Орыс тілін мүлдем білмейтіндіктен, ол алғашқыда жалғызсырап жүрді. Казак хорунжийі Николай Потаниннің ұлы Григорий де дәл сондай күй кешті. Кітаптарға және сурет салуға әуестік екі баланы жақындастырып, дос қылды». 

1863 жылы ол Ресей және Қытай арасындағы шекараны белгілеген комиссия құрамында болды; қазақ жазбаларын зерттей келе, ол қазақ әдебиеті мен алтай қазақтары әдебиеті арасына салыстырмалы талдау жасады; осылайша ол Қазақстанның және Орталық-Азия елдерінің даму тарихына үлкен үлес қосады. Туған жылы, оқуы, дүниетанымы, шығу тегі, білімге құштарлығы және туған еліне деген сүйіспеншілігі және т.б. қасиеттері арқасында жақындасқан досы, пікірлесі Шоқан Уәлихановтың ерте өлімінен кейін де, ол екеуінің ортақ ісімен айналысуды жалғастырады. Олардың бірлескен еңбектері, сондай-ақ саяхатқа, және жалпы Отанға қызмет етуге бағытталған үлкен жоспарлары болатын. Шоқан шығыс тайпаларының филиологиясымен айналысуды, ал Григорий – Петербор ботаникалық бағына және Ғылым академиясының зоологиялық мұражайына арнап коллекция жинауды ниет етті. Осылайша, ғылым мен саяхат саласындағы өзінің жұмыстарымен қоса, ол Шоқан еңбектерінің жинағын жарыққа шығаруда көп тер төгеді. 

Негізінен, дәл осы Уәлиханов Потаниннің зерттеушілік қызметіне үлкен ықпал етті және оның саяхатшылыққа деген құштарлығын оятты. Бүгінгі күні Потанин ғылыми ортаға Орталық Азияға жасаған саяхаттарымен және зерттеулерінің нәтижелері болып табылатын жазбаларымен, еңбектерімен танымал. Географиялық сипаттамаларынан және жол жазбаларынан бөлек, ол түркі-моңғол халықтары ауыз әдебиетінің жүздеген аңыз, әпсана, ертегілері түрінде орасан зор рухани мұра қалдырды. Оның еңбектері 600-ден асады, олардың көпшілігі көлемді шығармалар болып табылады. Н.С. Смирнованың есептеуі бойынша Г.Н. Потаниннің қазақ халқы жөніндегі және Қазақстанға қатысты мұрасының өзі шамамен 750 баспа парағын, яғни 1,5 мың бетті құрайды. Г.Н. Потанин өзінен кейін қазақ халқының тарихы, өлкетануы және фольклоры жөнінде құнды деректерді қалдырды. 

Григорий Николаевич қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Мысалға, 1917 жылдың жазында ол Орынборда өткен Бірінші Бүкілқырғыз съезіне Семей облысынан делегат ретінде қатысты және кейін Бүкілресейлік құрылтай жиналысына делегат болып сайланды. Дәл осы съезд большевиктерге қарсы «Алаш» қазақ саяси партиясының қызмет етуін есептеу нүктесіне айналды. Бір жылдан кейін ғылыми ортада Григорий Потаниннің 80-жылдығы тойланды. Оған құрмет көрсету мақсатында шәкірттері мен қызметтестері осы мерейтойға арналған сібір зерттеушісінің еңбектер жинағын жарыққа шығарады. Іс-шараны ұйымдастырушылардың қатарында – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұса Шорманұлы, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев және Мыржақып Дулатов секілді қазақ демократтары болды. Ал Ахметтің «Потанинге сый» және «Ер Сайын» поэмасы да осы жинаққа енуі керек болатын. Г.Н. Потанинді жақсы тәрбие алған, дархан жүректі және жағымды кісі ретінде жиі сипаттайды және бұл қасиеттер оның өміріндегі түрлі деректермен расталады. Потанин туралы П.П. Семенов-Тяньшанский былай деп жазады: «Григорий Николаевич шыңдалған еңбектерімен және денсаулығын сарп етуімен, ерекше көнбістігімен және шыдамдылығымен, жергілікті тілдерді жетік меңгеруімен және халықтармен тіл табыса білуімен, география және жаратылыстану ғылымы саласындағы кең танымымен, өз ісіне деген сүйіпеншілігімен және ғылымға жан-тәнімен берілгендігімен ерекешеленетін». 

Григорий Николавеичтің бойындағы бұл қасиеттер Орталық Азияның көшпелі халықтарына жақындығы арқасында қалыптасқан болар. Ал «Алаш» көсемдерінің бірі Әлімхан Ермеков кейін Г.Н. Потанинді «қазақтардың мұңшылы» деп атағанын жиі еске алатын. Өйткені Потанин бөтен халықтарға қызығушылықты ерте бастан танытқан, олардың тұрмысымен, мінезімен таныс болған және сол халықтардың төл мәдениетін сақтап қалуға барынша ықпал еткен». Потаниннің отан сүйгіштік сезімі қатты сезілетін, әсіресе ол туған жері Ертіске деген ерекше ықласынан байқалатын. 1877 жылы Ертістің жоғары жағына саяхаты кезінде ол былай деп жазады: «Біз өмір сүріп жатқан мына жерлер адамның нағыз отаны. Бұл жерде алғашқы табынушылық [күнге] пайда болған. Бұл жердің өзендері алғашқы адамдар үшін ана құрсағы іспеттес болды, әкелерін олар тау шыңдарынан байқайтын. Адам мен Хауаның жұмағы Ертістің жоғары жағында болғанына енді менің күмәнім жоқ …». Ұлы ағартушы және қоғам қызметкері 85 жасында дүние салды және Томск қ. Преображенск зиратына жерленді. Кейін, 1956 жылы зиратты жою себебінен Потаниннің бейіті Томск мемлекеттік университетінің Университет тоғайына көшірілді. 

Қазақ халқы отандық ғылымға, қазіргі кездегі Қазақстан, Ресей және басқа көршілес мемлекеттердің қарым-қатынасына салмақты үлес қосқан қазақ даласының ұлы баласын мәңгі есте сақтайды. Және де Потаниннің Шоқанмен достығын жылулықпен еске алады. Мысалыға, тек Қазақстанда ғана, дәлірек айтқанда Петропавл, Алматы, Астана, Семей қалаларында Потаниннің есімі берілген көшелер бар, ал Павлодар облысының Черное ауылдық мектебі және Павлодар облысындағы тарихи-өлкетану мұражайы Григорий Николаевичтің есімімен аталады. 

Материалды дайындағын Малика МУРСАЛИМОВА 

Пайдаланылған әдебиет: 

1 Мұқанов К. Өмірлік достық (Шоқан Уәлиханов және Григорий Потанин) // Солтүстік Қазақстан. – 2005. – 3 қаз. – 5-бет. 

2 Мусин Р. Григорий Потанин: Қазақстанның тарихы мен қазынасы. http://www.kazaky.kz/ 

3 Сманов Б. Қазақ халқының үлкен досы. http://old.abai.kz/

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?