Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ала тағы әулие – беймәлім ескерткіш

1817
Ала тағы әулие – беймәлім ескерткіш - e-history.kz
Ала тағы туралы аздаған деректер Ақсақ Темірдің өмірін баяндайтын «Зафар – намеде» кездеседі. Бұл Сарысудың оң қапталығындағы шағын төбенің өзіндік тарихы бар

Қызылорда қаласында өткізілген Жезқазған күндерінің аясында бір бітірген ісім – Ала тағы әулиенің басына бару болды. Өзімше қазақтың кәсіби тарихшыларының ішінен осынау беймәлім ескерткішке бірінші барған өзіммін бе деген пендешілік ой да қылаңдайды. Ала тағы әулие туралы шығыстың әртүрлі ескерткіштерінде жүрдім-бардым айтылып кетеді. Өкініштісі, осы күнге дейін арнайы зерттеу түгілі, ғылыми не көпшілік қолды мақала да жоқ. Таяуда Ерейментау жерінде Бөгенбай батырға арналған конференцияда Шымкент жақтан келген бір қария жасындағы адам өзінің Ала тағы әулиеге барып зиярат еткенін айтпағанда осы бір тақырып ұмытылып қалар ма еді?! Сонымен Қызылордағы келген соң, жаныма Қорқыт ата университетінің «Археология және этнография» орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеевті ертіп, Ала тағы қайдасың деп тартып кеттік.

Ала тағы туралы аздаған деректер Ақсақ Темірдің өмірін баяндайтын “Зафарнамеде” кездеседі. Бұл жазбаларда Ала тағы әулие толық сипатталмайды, дегенмен Қаратаудың солтүстік жақ биігінде тұрған Ақсүмбе мен Болған ана арасындағы талай ескі жәдігерліктер айтылған: “Тимур счастливо выступил из этой местности (Ақ сүмбе – Ж.А.) прошел через степь по Урунг-Чагылской дороге и прибыл в местность Билан (Белең – ана – Ж.А.). Выступив оттуда и пройдя через Сарык-узен (Сары су — Ж.А) и Курджун /Күршім құм – Ж.А) он остановился в Ал–Кошуне …” (Шараф ад-Дин Йезди. Книга побед /Зафар намэ/ // Сборник материалов и относяшихся к истории Золотой Орды. Т. II / Извлечение из персидских сочинений. /Собр. В.Г. Тизенгаузен/ М.,- Л., 1941. С. 144-18919,158 бб.).

Ақсақ Темірдің- әскерінің тоқтағаны Ал – Кошуны қай жер? Өзге жерге тоқтамай Ал-Кошунды таңдап алуының себебі не екен? Таңбалы маңында көне дүниенің-сынығындай болып ескі молалар, қоныстар, жеке құрылыстардың орындары жатыр. Тіпті олардың кейбірі кәдімгі баялыштан үйіліп, адам бойынан асады, арасына тас салынған. Осы құрылыстар қай заманның жәдігерлігі? Ал-Кошун /Ала қосын/ Темірге дейін осы жерді саяси орталық қылган Орыс ханға байланысты ескерткіш емес пе екен деген сұрақтар туындайды. Біздің ойымызша осы Ал-Қошуны біздің Ала тағы болуы тиіс. Себебі біздің жүрген жолымыздың бағыты да осыған келеді.

Белең анаға тоқтағаннан кейін, біз осы жерде қой бағып отырған Ғалымжаннан маңайдағы жер атауларын сұрадық. Ала тағыға зиярат еттік деген ақсақал Белең анадан сәл ғана жүрсеңіз кездесесіз деп еді. Ғалымжанның айтуына қарағанда тура терістікке қарай отыз шақырым екен. Біздің көлік бұл жолға шыдамайтын болған соң Ғалымжанның «Жаман Нивасына» міндік. Бетпақ далада Нива машинаның төресі екеніне осы жолы тағы да көз жеткіздік, салдырлатып көздеген жерге бір сағатқа жеткізбей алып барды. Осынау шөлде бала-шағасымен жалғыз киіз үй болып отырған Ғалымжанның адамгершілігіне сүйсіндім. Ең бастысы баққан қойы өзінің меншігі екен. Баққан малың өсімді болсын дедім!

Ала тағы Сарысудың оң қапталығындағы бір шағын төбе. Судың ортасында тұрған арал десек те болады, жан-жағы Сарысудың жайылмасы. Соңғы кезде Сарысудың суы мол дейді Ғалымжан. Бұл жерлерге жақындай алмай, көктем уақытында біраз уақыт алыстан қарап отыратын сияқты. Төбенің басында бірнеше ірі құрылыстардың орыны жатыр, көпшілігін жиде басып кеткен, жақындау мүмкін емес. Төбені жағалай бертінгі заманның қорымы орналасқан, арасында Мұстафа Шоқаймен ағайындас, атақты Торғай датқаның ұлы Оспанның да бейіті бар. 1924 жылы жаздың шілдесінде қайтыс болып, осы жерге жерленген екен. Кейін үлкендерден сұрап анықтасақ Сырдың бойындағы өздерінің қорымдарына күннің ыстығынан жеткізе алмайтын болыпты, толық, етжеңді адам екен. Ал бұл жерден Сырға жету үшін малшы елге жолда үш қону керек.

Қызылорданың Шиелі жағындағы ескі көз адамдар бұл ескерткішті «Ала таға» деп те атайды екен. Осы маңда жастық шағы өткен жергілікті қариялардың ішінде «ала тағы» атауы тағы жылқымен байланысты болар деп жорамал айтқандары болды. Біз болса болар дедік, қалай десек те бұл атаудың қазақтың «алаш» атауымен бір қатысы бары сөзсіз. Себебі оның бір қапталында Қазақ хандығы алғаш ту көтерген атақты Таңбалы тас әулие тұр. Шығыс тарихнамасының ең бір тамаша үлгісінің бірі болып табылатын “Бахр ал Асрар” еңбегінде Махмуд бен Эмир Вали /ХVІІ ғ. бірінші жартысы/ атақты Шайбан тұқымы Әбілқайыр ханның Моғолстанға жасаған сәтсіз жорығын баяндай келе бір қызық жағдайды сипаттайды. Қалың әскерді соңына ертіп алған Әбілқайыр хан Орталық Қазақстан даласынан өтіп, Бетпаққа ілігетін тұста “Ала-тағы” аталатын жерге келіп кідірді делінеді: “Знамена, достигающие вершиной Сатурна /Кейван/, благородством /подобного солнцу /Абу-л-Хайр-хана/ прошли через окрестности Ала-Така и, обеспеченные защитой творца-хранителя выступили по дороге через йайлак Кызыл-Надир. И когда после прохождения /нескольких/ переходов и перегонов местом расположения лагеря величия стал Иети – Кудук, искуссный фарраш – “Он выращивает облака тяжелые” – раскинул на краю неба темно-синий шелковый полог, и посыпал густой, тяжелый снег, и полил буреподобный дождь, и начал дуть сильный ветер, а холод достиг крайней степени…” (Махмуд бен Эмир Вали. Бахр ал-асрар // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Алма-Ата, 1969. 359-360 бб).

Бұл сәтсіз жорық Әбілқайырдың соңғы жорығы болды. Моғолстан шекарасына ілігетін жерде қатты ауырып Дешті – Кыпшақтың ұлы билеушісі Әбілқайыр о дүниеге аттанып кетті. Заман көші оған қарайды ма, жылжып алға тарта береді, Әбілқайырдың соңғы жорығы да, маршруты да шежіре бетінде көмескілене бастады. “Бахр ал – Асрарда” жазылатын “Ала-тағы” өзіміз көрген ескерткіш сияқты, ал Кызыл-Нәдір, Жеті Құдық Шу менен Таластың бойындағы жерлерді еске түсіреді.

Ала тағы басына шыққан адам шығыстан биік қыратты көреді. Жергілікті қазақтар қырат сөзінің орнына «нұра» дегенді қолданады, бұл Ұлытау қазақтарының да қолданатын атауы. Сол нұраның ішінде ХУ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ боламыз деген рулардың басы қосылған атақты Таңбалы тас бар. Әзілхан «әкем Таңбалы тас» Керей мен Жәнібек сұлтандардың жайлауы» деп айтты дейді. Әрине, сөз жоқ, ешқандай күмән де жоқ! Себебі Таңбалы тас Сырдың оң жағасында орналасқан, ортағасырлардың атақты мегаполисі және алаш тайпаларының саяси орталығы Сығанақ қаласына қарама-қарсы тұр. Таңбалы жар аймағы Сығанақтың жайлауы десек дөп болады. Осы жерде Орыс (Ормамбет хан) хан тұқымы, Ақ Орданың соңғы билеушілерінің бірі Барақ ханның хижраның 823 жылы Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке Түркістан өңірін босату туралы талап қойғаны еске түседі: “Пастбища Сыганака принадлежат мне по закону и обычному праву, так как дед мой Орыс-хан в Сыганаке воздвиг постройку”. Хижраның 830 жылы Сығанақты қайтарғысы келмеген Ұлықбекті Барақ хан тас-талқан қылып жеңіп, Мәуреннахрдың әскерін Самарқандқа қуып тықты: “Войско, чьим лозунгом и превосходным качеством были постоянная победа и одоление, бежало и было ограблено…Все государство Мавереннахра до такой степени расстроилось, что некоторые близорукие люди хотели затворить ворота Самарканда и делать приготовления к сидению в осаде” деп жазады тарихшы Абд-ар-Раззак Самарқанди.

Ала тағы осындай ұлы оқиғалардың куәсі екендігі күмәнсіз....

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?