Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кәрім Тоқтабай тұғыры

2520
Кәрім Тоқтабай тұғыры - e-history.kz

Тоқтабай әулеті – ұстаздар династиясының жарқын үлгісі. Кәрім Тоқтабайдың өмірбаянына үңілмес бұрын отбасы мен ата тегі тарихына тоқтала өткен жөн. Кәрім Досжанұлының өз жұрты жайлы нақты әрі ұғынықты деректерде Арғын Әйдеркеден Кәдірімбет, одан Өмірзақ руы тарайды. Осылай Кәрімнің атасы Тоқтабайға келеді. Тоқтабай – Дәуітбай Қорғанбекпен бастас, Ыбырай Алтынсаринмен дос-жар болған кісі. Тоқтабайдан алты бала тарап, олардың арасында ел есінде Досжан, Есжан, Досмағұл, Мұқан қалса, Есжаннан Батырхайыр, Досжаннан Ғабділкәрім тарайды.

Текті әулеттің тағдыры

ХХ ғасыр басында қазақ халқының көрген қасіреті мен азабы, тартқан зардабы аз емес-ті. Зұлматты заманда өмірге келген зиялыларды халықтың  зарлы да шерлі, запыран үні жайбарақат қалдырмады. Аласапыран заманның кесапаты өз заманынан асып туған асыл ерлердің асқақ арманың аяқ асты етті. Азаттықты аңсаған Алаш азаматтары заманының аждаһасымен ғұмырының ақырғы сәулесі сөнгенше арпалысып өтті. Сол қасіреттің ең ауыры – есіл ерлердің жазықсыз жапа шегуі еді. Сондай алыптардың бірі де, бірегейі Кәрім Тоқтабай болатын. К.Тоқтабай Алаш идеясын қолдаған және жүрегі Алаш деп соққан азаматтардың бірі болды. Есімі ескерусіз қалған Алаш арыстарының атын ардақтап, қолға шам алып, шаң басқан архивтерді ақтару – біздің парыз. 

Тоқтабай әулеті – ұстаздар династиясының жарқын үлгісі. Кәрім Тоқтабайдың өмірбаянына үңілмес бұрын отбасы мен ата тегі тарихына тоқтала өткен жөн. Кәрім Досжанұлының өз жұрты жайлы нақты әрі ұғынықты деректерде Арғын Әйдеркеден Кәдірімбет, одан Өмірзақ руы тарайды. Осылай Кәрімнің атасы Тоқтабайға келеді. Тоқтабай – Дәуітбай Қорғанбекпен бастас, Ыбырай Алтынсаринмен дос-жар болған кісі. Тоқтабайдан алты бала тарап, олардың арасында ел есінде Досжан, Есжан, Досмағұл, Мұқан қалса, Есжаннан Батырхайыр,  Досжаннан Ғабділкәрім тарайды. Алғаш Ы.Алтынсарин Торғай өңірінде мектеп ашқанда сол мектепке баратын оқушылардың саны жеткіліксіз болған. Ы.Алтынсарин Торғайдың маңайындағы Бесқопа деген жерден Тоқтабай деген азаматқа: «Басқа бермесе де, Тоқтабайдың алты баласы бар, соның бірін берсін», - деп сәлемдеме жолдайды. Тоқтабай Ыбырай атамыздың ұсынысымен өзінің ауылында «Қосағал» ауылдық мектебін ашып, оның барлық шығынын өзі төлеген. Тоқтабай Досжан, Досмағұл, Мұқан атты балаларын Торғайдағы Ыбырай мектебінде оқытқан. Кәрімнің әкесі Досжан 1871 жылдың 30 қыркүйегінен бастап Ы.Алтынсарин мектебінде оқып, білім алған. Өз заманының сауатты, көзі ашық адамы болған. Ыбырай мектебін бітіргеннен кейін де ағартушыға көмекшілік қызмет атқарады. Алтынсарин мектебі үшін ауыл-ауылды аралап жүріп, дәріс алуға шәкірттерді жинайды. Осындай игілікті іске қатысты Досжанның немересі, Кәрімнің үлкен ұлы Рәшит былай дейді:

«– Бір жолы мектепке бала тарту мақсатымен Ыбырай Алтынсарин мен Досжан атам бір ауылға келеді. Алғаш меймандостықпен қарсы алып, мектепке балалар жіберуге ықылас білдірген ауыл ақсақалдары кейіннен айнып қалады. Оған себепші – орыстың қанжығаға байлаған санитарлық қапшығы. Ал оның сыртында крест таңбасы бар еді. Мұны көрген ақсақалдар бұлар кәпірлік жолды үлгі тұтып жүр, балаларды да орысша оқытып шоқындырмақ деп қауіптенеді. Ауыл адамдары мектепке бала беруден бас тартады. Мұны Ыбырай мен Досжан кейінірек біледі» [1]. 

Қараңғы басқан халықтың осы ісі Ыбырай мен Досжанды қамықтырғаны анық. Білімді ұрпақтың езгіге төзбейтін, елі үшін күресе алатынын білгенде, сол ауылдың адамдары балаларын мектепке беруден бас тартпаған болар ма еді, кім білсін? Бір білеріміз, жасынан білімге зерек болған Тоқтабай ұрпақтары ел үшін болған егестерден кері шегінбейтін ұрпақ болғаны. Тоқтабай әулеті бала оқыту ісіне жан-тәнімен араласып, белсенді жұмыс атқарған. Тоқтабай ұлдарының барлығы мұғалім атанып, оқушылардың дұрыс қалыптасуына, қазақтың ұлттық танымы мен ұлттық идеясын сіңіруге аянбай еңбек еткен. Тоқтабай ұлдарынан болашақ Алаш қайраткерлері білім алған. «Қосағал» ауылдық мектебінде Досжан Тоқтабайұлынан білім алған  Нұрғали Құлжанов кейін белгілі қоғам қайраткері болды. Досжанның інісі Досмағұл да Ыбырай мектебінде білім алып, кейін Қазанның мұғалімдер семинариясын бітіріп, Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Боровой, Ақсуат мектептерінде орыс тілінің мұғалімі болып ұзақ жылдар қызмет етті. Досмағұлдан білім алған жазушы, атақты ұстаз Спандияр Көбеев «Орындалған арман» атты романында өзінің осы кісіден дəріс алғанын айтып, ол кісі туралы жылы лебіздер жазған [2].

Досжанның ең кіші інісі Мұқан Орынбор гимназиясын бітіріп, Торғай мектебінде ұстаз болды. 1895 жылы 8 желтоқсанда №4964 бұйрық бойынша Тосын болысының №6 ауылында Тосын ауылдық мектебі ашылады. Орынбор гимназиясын тəмамдаған Мұқан Тоқтабай сонда барып қызмет етеді. Мұқан орыс тілі мен қоса француз тілін де оқып, сол тілде еркін сөйлей алатын кісі болған көрінеді. Мұқан мұғалімдік қызметті адал атқарып, ар және Алаш алдында абыройы биік болды. Ол Алаштың рухани көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының алғашқы ұстазы атанды. Ол жайлы Асқар Дулатұлы естелігінде: «Әкеміз Міржақыпты жаңадан ашылған ауыл мектебіне түсірді. Оның алғашқы сауатын ашқан, қазақша-орысша бірдей оқытқан кісі – Мұқан Тоқтабаев. Осы мұғалімді Міржақып кейін ылғи мақтап отыратын», – деп жазады [3].

Досжан Тоқтабайұлы – халық баласымен қатар, өз ұлдарының дұрыс білім алуын толық қамтамасыз еткен асыл ер. Досжан Ы.Алтынсаринің қасында жүріп, мектеп ашу, бала оқыту ісіне белсене араласты. Тоқтабай балаларының қай-қайсысы болса да, мұғалім болып, бала оқытып, қазақ игілігі үшін адал қызмет етті. Сондай ерлердің бірі – Ғабділкәрім Досжанұлы еді. 

Ғабділкәрім Досжанұлы Тоқтабай  – 1892 жылы қазан айының 15 жұлдызында бұрынғы Торғай уезінің Шұбалаң болысына қарасты бірінші ауылы «Бесқопа» бойында дүниеге келеді (бүгінгі атаумен Қостанай облысы, Жанкелдин ауданының «Шеген» ауылы). «Шеген» ауылына жақын жерде «Тоқтабай қарасуы» аталатын кең өзен иіні бар. Осы иін – Тоқтабай əулетінің қыстауы. Кәрім – аумалы-төкпелі заманда елінің бағы үшін туған азаматтардың бірі. Ғабділкәрім Досжанұлының ҚР Президент архивінен табылған жеке іс қағазына назар аударатын болсақ, өзінің автобиографиясын былайша жазады: «Мен Торғай уезінің киргизы (қазақ) «Шұбалаң» болысында, Досжан Тоқтабайұлы әулетінде 1892 жылы 15 қазан айында дүниеге келдім. 1899-1901 жылдары ауылдық мектепті, 1901-1903 жылдары Торғайдағы екі сыныптық орыс-киргиз училищесін, 1903-1905 жылдары Қостанай қалалық училищесін, 1905-1909 жылдары Орынбор киргиздар мұғалімдер мектебін аяқтадым», – деп жазады [4].

Кәрім мұғалімдер мектебін  білікті ұстаз деңгейінде бітіріп шығады. Бұл училищені кезінде Кəрімнің əкесі Досжан да оқып бітірген. Мұғалімдік оқуды таңдауына кеңес берген де əкесі Досжан болса керек.

Алаш деп соққан жүрегі

Кəрім ұстаздық жолын елге оралып, Торғайдың болыстық мектебінен бастайды. Кәрім болыстық  мектепте 3 жыл қызмет етіп, одан 1912 жылы өзі оқыған Торғайдағы орыс-қазақ мектебіне ауысады. 1919 жылға дейін осы мектепте математика және физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Кәрім мұғалімдік қызметін ақпан төңкерісіне дейін абыройлы атқарады. Кәрім мұғалім бола жүріп, саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды. Бірден беделді қызметке білек сыбана кірісе кеткен жоқ. 1916 жылғы патшаның маусым жарлығына қарсы шығып, қара жұмысқа бармаймыз деген көтерілісшілерді қолдағаны үшін екі айдай түрмеге қамалады. Жазығы қара халыққа араша болып, олардың сөзін сөйлегені ғана еді. Олардың мұң-мұқтажын түсінер азамат екендігін осы жерден анық байқаймыз. Өз қара басының қамынан гөрі халықты жоғары қоя білген. Түрмеден шыққан соң, мұғалімдер кеңесіне төрағалық жасайды, одан соң жаңадан ұйымдаса бастаған тұтынушылар қоғамына басшылық етеді. 

1917 жылдың 1 шілдесінде патша өкіметі қазақ ауылдарынан «мал-жанның, жер-су, шаруаның есебін» ала бастады. Осы «есеп алу» алдында, 1917 жылғы «Қазақ» газетінің №234 санында қазақ қоғамының көрнекті ірі қайраткерлері Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы,  А.Байтұрсынұлы бастаған зиялыларының қазақ халқы есебін дұрыс бермесе, «ұрылады, ұтылады» деп, дәл есеп беруге шақырған үндеу хаты жарияланды. Үндеуде «Торғай һәм Ырғыз уезінің есебін алуға өзіміздің оқыған қазақ жігіттерін лайық көрдік» деп ішінде Кәрім Тоқтабаев, Батырхайыр  Тоқтабаев, Мұқан Тоқтабаевпен бірге 40 жігіттің есімі үндеу хатта атап көрсеткен. Біз бұл үндеу арқылы Алаш көсемдері Торғайдағы Тоқтабай балаларына айрықша үміт артатындығын анық байқаймыз. Тоқтабай әулетінің барлық баласы Алаш игілігі үшін аянбай қызмет ететіндігін іспен де көрсете білген. Ал Досжан Тоқтабайұлы болса, 1917 жылы Торғай облысының қазақтар съезінде Торғай уезінің атынан қатысады.

1918 жылы Орынборды қызылдар алады. Осы кезеңде Торғайда да Кеңес жұмысы жандана бастайды. Кәрім алғашқы Торғай уездік Кеңесіне мүше болып сайланады. Күзге қарай қаланы дутовшылардың басып алуына байланысты уездік Кеңес тарқайды. Ізінше Әліби Жангелдиннің жауынгерлері қалада қайыра Кеңес билігін орнатады. Қостанай мен Жаманқалада (Орск) «Алаш» партиясы басшылығымен әскери жасақтар жабдықтала бастайды. 1919 жылдың үшінші қаңтары күні қызыл комиссар Әліби Жангелдин Кәрім Досжанұлын «Алаш» партиясы басшыларымен Кеңес жағына шығуларына келісімге келуге Жаманқалаға жұмсайды. Осы уақытта «Алаштың» әскери құрамасын Мырзағазы Есполұлы басқарды. Кеңес құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Сейдәзім Кәдірбай сынды қайраткерлер болды. Оның ішінде Кенжин мен Қаратілеуовте болды. Ақыры ұзақ әңгіме, үлкен таластан кейін алашордашылар Әліби Жангелдиннің ұсынысын қабылдайды. Осы арада Кәрім Досжанұлының «Алаш» басшыларымен болған келіссөзде маңызды рөл атқарса керек. Осы келіссөзден кейін «Алаштың» әскери құрамасы Торғайға бағыт алады [4].

1919 жылы Амангелді Иманов Торғай уезінің соғыс комиссарлығына сайланғанда, Кәрім Тоқтабай оның орынбасары болып тағайындалады. 1919-1922 жылдары Ақмола, Қарқаралы, Семейде халық ағарту саласында қызмет атқарады. Атбасардан Қарқаралыға ауысқан Кәрім Семейде ақтардың қолынан Нұрғали Құлжановтың атылғанын естиді. Торғайлық Нұрғали Құлжанов пен оның зайыбы Нәзипа көпшілікке танымал ағартушы интеллигенттер болатын. Қызылдарды жақтаушы Нұрғали училище директоры болып істейтін. Кәрім ҚР Президент архивінен табылған жеке іс-қағазында өзінің «Семейге келіп, ол жерде Бөкейханов және Ғаббасовпен орталық Алаш-Орданың саясатын зерттеп, танысуды мақсат еттім», – деп жазады [5].

 Семейде Кәрім Досжанұлы Әлихан Бөкейханмен танысады. Осы жерде Кәрімнің ұлт көсемімен жақын қарым-қатынаста болып, Ә.Бөкейханның жер мәселесі жайлы айтқан сөздерін өзі автономиялы республиканың тұңғыш жер шаруашылығының халық комиссары болған уақытында жүзеге асырғысы келгендігін аңғарамыз. Семейде Губерниялық халық ағарту бөлімінде жұмыс істеп жүрген К.Тоқтабайды Ә.Жангелдин Орынборға жұмысқа шақырады. Ақмолада уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, 1921 жылдың 19 желтоқсанында партия мүшелігіне кандидаттыққа өтеді, 1922 жылдан мүше болады. «Кәрім Досжанұлы 1922 жылы Әліби Жангелдин ұйымдастырған «Қызыл керуеннің» құрамында Спасс, Қарағанды заводтары мен Қарқаралы уезін аралап, керуен құрамында республиканың барлық халық комиссариаттарынан өкілдер болды. Олар күйзелген халыққа көмек көрсетеді. «Қызыл керуеннің» белсенді мүшелерінің бірі Кəрім кеңестендіру жұмыстарын насихаттауда ерекше көзге түседі. 

Кәрім Тоқтабай 1922 жылы 3 қыркүйек күні Орынборға келіп, осында өткен ІІІ Бүкілқазақстандық Кеңестер съезіне Семей губерниясынан делегат болып қатысады. Съезден кейін халық ағарту комиссариатына қызметке қалдырылады. 1924 жылдан бастап Кәрім Досжанұлы жер шаруашылығы халық комиссариатында істейді. Комиссариаттың коллегия мүшелігіне еніп, жерге орналастыру жөніндегі бас басқарманың бастығы болып тағайындалады» [6].

К.Д.Тоқтабай 1925 жылдың қаңтарында Семей губерниялық атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Бұл уақытта елдің мазасын алған аштық уыты әлі тарқай қоймаған болатын. Торғай халқы 1921-1922 жылдар аралығында аштықтан жұтап қалады. Аштықтан қырылған халықтың саны есепсіз еді. Осы уақытта Тоқтабай әулеті аштықпен күресуге зор жәрдем жасады. Кәрімнің немере ағасы Батырхайыр Тоқтабай Есжанұлы Торғай үйезінің Аш-арық бөлімінің комиссия мүшесі болып сайланып, Алаш жұртына 1922 жылы «Ақжол» газеті арқылы «Торғай керуені», «Ашыққан ел», «Бұл не?», «Торғай халқының мұңы!» атты мақалаларын жолдайды. Бұл мақалаларда Торғай халқының жай-күйі, ашыққан елдің ащы запыран үні жазылады. Осы жылдары 1921-1922 жылдардың күзі мен қысында Ақмолада оқу бөлімін басқарып тұрған Кәрім Тоқтабай іскер, ұжымдастырушылық танытып, астығы мол шықкан Ақмола, Атбасардан астық жинап, Торғай халқына жөнелтіп жатты. 1921-1922 жылдары қазақ жерін қамтыған жұттан Торғай үшін Семейден де ірі қара мал жиналады. Міржақып Дулатұлы онда, Семейде губерниялық сотта қызмет атқаратын. М.Дулатұлы бас болып, Жүсіпбек Аймауытұлындай елге танымал қаламгер қостап, істің басы-қасында Кəрім Тоқтабай жүріп, Семей елінен Торғай жұртына деп жылу жинайды. Семейліктер 8575 ірі қара жинап береді. Сол малды Торғайға айдап əкеліп, үлестіріп берушілердің басы-қасында Жүсіпбек Аймауытұлының өзі болады. Республикалық «Еңбекшіл қазақтың» (бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті) 1922 жылғы 16 желтоқсандағы 76 санында Торғай облысы жұртшылығының аштан өлуге айналған бір қатар қазағын 8575 ірі қара мал жинап беріп ажалдан арашалап қалғаны үшін: – Семей еліне алғыс айтамыз! – деп шын жүректен тебірене жазады А. Юсупов, Ə. Қасымұлы, К. Бүркітов, І. Бəйменов, П.Құлжанов сынды хабарға қол қойған торғайлық азаматтар.

1924 жылы Кəрім Тоқтабай Республика Жер шаруашылығы халық комиссариатының жерге орналастыру басқармасының бастығы болып, қызмет атқарған. Басқарма бастығы Кəрім Тоқтабай аштықтан жұтап, елден босып шыққан ағайындарына Торғай уезінде Əулиекөлдің ең шұрайлы жерінен жер бөліп беріп, артель ұйымдастырады. Босып келген торғайлықтардың басын құрап ұйымдастырған артель атын «Қосағал» деп атайды. Қосағал Кəрім Досжанұлының арғы атасының аты. Торғайда осы аттас «Қосағал» зеңгірі бар. «Қосағал» артеліне Кəрім Досжанұлының немере ағасы Батырхайыр Есжанұлы жетекшілік етеді. Артелге Торғай жақтан босып келген 514 жанның басы осы жерде бірігеді. Торғай Уезінде «Қосағал» артелі ұйымдастырылып, онда 141 шаруашылық, 514 адам болды. Торғай еліне 1925 жылы Семейден 6 мыңға жуық ірі қара айдалып әкелінді де, шаруасы аса төмендеп кеткен адамдарға бөлініп берілді. Бұл шаруаға да ұйытқы болған Кәрім Тоқтабай еді. Осылайша, Кəрім Досжанұлы торғайлық ашыққан елге  қамқор болған [7]. 

Архив құжаттарында Торғай өлкесіндегі осы аштықтың алдын алуға еңбегі сіңген азаматтардың ішінде Кәрім Тоқтабайдың да аты жиі кездеседі. Бірақ, бүгін есімі ескерусіз келе жатқан Кәрімнің бұл еңбегі еш жерде жазылмай, айтылмай келеді. 

Жазығы елін сүйгені

Кәрім Досжанұлы 1924 жылы Жер шаруашылығы халық комиссариатында қызмет етіп жүргенде, жер мәселесі жөніндегі біржақты пікірге қарсы жұмыс жасайды. Комиссариатта К.Тоқтабай комиссариаттың коллегия мүшелігіне кіріп, жерге орналастыру бас басқармасының бастығы болып тағайындалады. 1924 жылдың 4 қыркүйегінде жер шаруашылығы комиссариатының коллегия мəжілісі өтеді. Коллегияда Қостанай облысының №4 Арақарағай ауылы тұрғындарын байырғы, орын тепкен қоныстарынан көшіру мəселесі сөз болады. Қойылған желеулері: орман ішін қоныстанған қазақтардың малы Арақарағайға жуынды жеп, отап барады. Орманды қорғау қажет! Соған орай байырғы тұрғындарды Арақарағай орманынан көшіру керек. Мəселені шешуге ол кезде коллегия мүшесі Кəрім Тоқтабай қарсылық білдіріп, ойын ашық айтады: «Көшірілмек тұрғындардың бəрі де жергілікті халықтар, олар басқа жақтан көшіп келгендер емес (не пришлые). Бұл мəселені тексерген арнайы комиссия алған ұсыныстарынан қайтуы керек...» Осы айтылған сөзден кейін Арақарағай ауылының тұрғындары атамекенінде қалады. 

Кәрім Тоқтабай мемлекеттік қызмет атқарғанымен қатар, баспасөз беттерінде де жиі көрініп жүрді. Ол «Қызыл Қазақстан», «Советская Киргизия» журналдарына, республикалық газеттерге («Еңбекші қазақ») мақала жазып, проблемалық мәселелер көтеріп отырған. Ол тың жерлерді игеру жөнінде жеке және бірнеше автор ретінде де кітап жазған азамат. 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының  №11-12 санында «Қазақстандағы қоныстандыру жұмысы», 1929 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №1 санында  «Қазақстанда Кеңестік шаруа құрылысы» атты мақалалары жарық көрді. Ол Семей қаласында қызметте жүріп, «Қазақ тілі» газетінің шығуына белсене араласты. Кеңестік қазақ баспасөз басылымдары қатарында орын алатын «Қазақ тілі» газеті 1919 жылдың 4 желтоқсанынан 1928 жылдың наурыз айына дейін Семей қаласында шығып келген. Алғаш жарық көрген күннен бастап «Қазақ тілі» газеті қазақ қоғамының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне қал-қадірінше қызмет етті. Басылымның қалыптасуы мен шығуына Мәннан Тұрғанбаев, Мұхтар Əуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәймерден Тоқжігітов, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Шайқы Мұсатайұлы, Шынжы Керейбаев, Имам Əлімбеков, Мұқсын Қордабаев, Уәли Забиров, Кәрім Тоқтабайұлы, Жұмажан Тәттібай тағы басқа жауапты редакторлар, басты шығарушылар, автор-тілшілер, баспагерлер ұйымдастырушылық қызметке белсене араласып, аса жауапкершілікпен атқтарды. «Қазақ тілі» газеті қал-қадірінше сол кезеңдегі қазақ халқы үшін ең өзекті мәселелерге үн қосып, бағыт-бағдар беріп, ой-пікірлерін ортаға салып қалың оқырманмен бөлісіп отырды. 1925 жылы «Қазақ тілі» газетінде Шәймерден Тоқжігітов, Уәли Забиров редакторлық қызметті атқарса, Кәрім Тоқтабайұлы, Жұмажан Тәттібай уақытша жауапты шығарушы болып жұмыс істеген.

Кәрімнің өз қолымен жазған биографиясы. (141-қ., 16-тіз.,  2810-іс, 7-парақ)

1925 жылы «Жаңа мектеп» журналы өмірге келді. «Жаңа мектеп» журналының авторлар құрамы мен мақалаларда саяси түс ала бастауы 1927 жылы №6(21) санында жарияланады. Бұл кезде журналдың таралымы 5000 тиражға көбейді. Жауапты басқарушы: Кәрім Тоқтабайұлы болды. Кәрім Тоқтабайұлы қазақ баспасөзінің дамуына қызмет етті. К.Тоқтабайдың мақалаларының көп бөлігі жер шарушылығына арналған [8].

1925 жылы Жер жөніндегі комиссариат жер межесін анықтау және оның мөлшерлі нормасын ғылыми тұрғыдан негіздеу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады. 1925-1926 жылы Ә.Бөкейхан барлық жұмысын жер бөлісімен, оның кесімін анықтайтын ғылыми-зерттеу жұмысына арнады. Жер мәселесі жөніндегі шаруаға билік басындағы Кәрім Тоқтабайда белсене араласа бастады. Жалау Мыңбай, Нығымет Нұрмақ, Кәрім Тоқтабай, Смағұл Садуақас, Сұлтанбек Қожан сынды үкімет басындағы қайраткерлер Ә.Бөкейханның пікірін қостап, мемлекеттік ресми дәрежеде ат салысты. К.Тоқтабай Швецов пен Ә.Бөкейхан айтқан жер бөлу пікірін ресми қолдап, Мәскеуге де ашық білдіре бастады. Бұл сөзімізге Е.Омардың тергеуде берген түсініктемесі дәлел бола алады. Жер мәселесі жөнінде Е.Омардың түсініктемесі былай деп жазылған: «Айтпақшы, мен – Омаров, жер бөлісі жөнінде халық комиссары Тоқтабаев Кәріммен сөйлестім, сонда ол: Швецов жасаған жер бөлу жоспарын Мәскеу бекітпеді, сондықтан да Қазақстанның коммунистері, оның ішінде мен де бұл ұсынысты бекітуге күш салуымыз керек, - деді». Е.Омар қазақ коммунисттерін және олардың жер мәселесі жөніндегі пікірін былайша баяндайды: 

«Қазақ коммунистерінің арасында екі топтың барлығы маған белгілі. Олардың біреуіне - Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы Жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етеді. Екінші топтың жетекшілері: Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұрмақов, Тоқтабаев Кәрім, Тоғжанов тағы басқалары. Бірінші топ – ұлтшылдардың қатарына жатады, екіншісі де біріншіден пәлендей айырмасы жоқ. Аталған екі топтың арасындағы алауыздық тек мәнсап бөлісуден және жеке бастарының араздығынан туындаса керек. Өйткені қазақ халқының мүддесін қорғау кезінде, мысалы жерге орналастыру мәселесі жөніндегі тартыс кезінде екі топ та бірігіп кетті» [9, 157] – деп түсініктеме береді. Бұл түсініктемелер арқылы біз Кәрімнің ел мүддесі, қазақ игілігі жолында Алаш арыстарымен бірге болып, аянбай еңбек еткендігін анық байқаймыз.

1927 жылдың 28 наурызы мен 3 сәуірі аралығында Қызылорда қаласында ҚАКСР Кеңестерінің 6-шы бүкілқазақстандық съезі болып өтті. Съезге жер-жерден сайланып келген 314 делегат шешуші дауыспен, 18 делегат кеңесші дауыспен қатысты. Съездің күн тәртібінде Қазақстан үкіметінің есебі, жалпыға бірдей халық санағы туралы ақпарат, Қазақстан астанасын ұйымдастыру туралы мәселелер қарастырылды. 3 сәуірдегі съездің ең соңғы кешкі мәжілісінде 151 мүшеден және 52 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазатком құрамы сайланды. Ал 4 сәуірде 6-сайланған Қазаткомның 1-сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде ҚазОАК Төралқасын және ҚАКСР халкомдарын сайлау мәселесі болды. 21 адамнан тұратын Қазатком Төралқасы және 5 адам оған кандидат болып сайланды. Сонымен қатар 16 адамнан тұратын Қазхалкомкеңес құрамы, КСРО ОАК Ұлттар кеңесі мүшелігіне 5 кандидат пен 3 мүшелік кандидаттығына кандидат сайланды. Кәрім Тоқтабай 1927 жылдың 4 сәуіріне дейін Семей губаткомының төрағасы болып, 1927 жылы 2 наурызда өткен Қазөлкекомның бюросында Ғ.Тоқтабайды Қазөлкеком қарауына шақыру және оның орнына Мұхтар Саматовты ұсыну туралы шешім қабылданды. Шешім бойынша 2 сәуірде М.Саматов Семей губаткомының төрағасы қызметіне мақұлданып, Ғ.Тоқтабай 4 сәуірде ҚАКСР Ағарту халкомы және ҚазОАК Төралқасының мүшесі болып сайланды [10].

Кәрім Тоқтабай Оқу-ағарту комиссары қызметінде жүріп, Алаш арыстары Ә.Бөкейхан, өз жерлесі, жас күнінен аға тұтқан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды азаматтармен пікірлес болып, қиын-қыстау кезеңде оларға қол ұшын созуға тырысты.  Кәрім Тоқтабайдың Алашшыл азамат екендігі үлкен үкіметтік қызметтер жасап жүргенде де белгілі еді. Оның Алашқа бір бүйрегінің бұруы көпке ұнамағандығы анық. Әкесі Досжан өз інілерімен қатар, балаларына да Алаш идеясын дұрыс ұғындырып, Алашшыл азаматтарды тәрбиелей білген еді. Кәрім 1917 жылы Торғайдағы Алашорда бөлімінің белді мүшесі болып тұрғанда-ақ, Алаш жұртшылығы үшін адал қызмет етуге ант етті. 1931 жылы Кəрім Тоқтабай Қазақстанның Бүкілодақтық атқару комитеті жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалып, Мəскеуге барады. Сол жылдары Мәскеуде Қазақстанның тұрақты өкілі қызметінде істеп жүрген Кәрім Тоқтабай елде болып жаткан келеңсіз жайларды Сталинге, оның серіктеріне жеткізген болатын. Бірақ олар тарапынан ешқандай шара қолданылмады. Қайта И.Голощекиннің қазақтарға жүргізген «Кіші Октябрь» атты саясатын қолдады. Осының нәтижесінде қазақ жерінде жаппай қырғын, ашаршылық бел алды. Аштық жылдары «Сібір-ағашы» («Севлес») деген тегін жұмысшы күші Қазақстаннан ерікті жалдамаларды алдырады. 1933 жылдың 2 ақпанында Қазақ автономиялы республикасының Москвадағы өкілетті өкілі Кәрім Тоқтабайдың солар туралы Голощекинге жолдаған хатында былай деп жазады:

«Жұмыс істейтін орындарына келген қазақ жұмыскерлері адам төзгісіз қиын жағдайға душар болып отыр. Оларға баспаны берілмеген, басқа жұмысшылар деңгейінде азық-түліктерін де ала-алмай отыр. «Сібір ағашы» тарапынан жасалып отырылған кісі төзгісіз жағдай саларынан күнбе-күн Мəскеуге ондаған қазақ жұмыскерлері, батырақтар ағылуда. Күн көрістік қаражаты жоқ олар ашығып, күйзеліс көруде, вокзалдарды паналап, өз тұрақтарына жете алмай басып жүр...» [11]деп халықтың запыран үнін жеткізеді. Бірақ Қужақ атанған қаныпезер Голощекин қазақ даласын түп-тұяғына дейін құртуды енді ғана бастаған еді. К.Тоқтабай Кеңестік қызметте жүріп, Кеңес билігінің басшыларына қазақ халқының жай-күйін ашық әрі анық жеткізеді. К.Тоқтабайдың халықшыл азамат болғандығы кеңес билігіне ұнамағандығы анық. Аяғы 1930-шы жылдардың басында қазақ зиялыларын қудалау науқаны басталды. Кәрім Досжанұлының атына да «Алашты қолдаушылардың бірі болды, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлымен дос болды» деген арыздар Мәскеуге түсіп жатты. Ақыры жабылған жаламен 1933 жылы қазақтардың Мәскеудегі тұрақты өкілі қызметінен босатылады. К.Тоқтабай Мәскеу өкілі қызметінен кейін «Дегерес» асыл тұқымды жылқы заводында директор болып істейді. Мұнда да қудалауға ұшырап, қара ниеттілердің торына түсті. Алматы түрмесінде 9 ай отырады. 

Кәрім Тоқтабайдың жеке іс-құжаты. (141-қ., 16-тіз., 2810-іс, 4-парақ) 

Кәрімнің азаматтық көзқарасы мен алашшылдығы оны қуғындауға алып келді. 1933 жылы 10 қазанда Алаш партиясына қатысы үшін (РСФСР Қылмыстық кодексінің 58.11, 59.3 баптары бойынша) тұтқындалды, 1934 жылдың 4 мамырда ОГПУ еңбек колониясында үштіктің шешімімен 5 жылға сотталды. Содан кейін үкім Воронежге жер аударылуға ауыстырылды. Тағдыры шиеленіске, шырауыққа толы тұлғаның шыққан шыңы биік еді. Ол шыңға оны халыққа деген адал қызметі,  жанашырлығы шығарды. Халық үшін өз басын бәйгеге тіккен тұлғаны аяусыз кеңес билігі темірторға қамап, тағдырын талан-таражға салады.  Кәрім Тоқтабайдың темір торға қамалғандағы  бар айыбы елін сүйгені еді.

Есімі ескерусіз қалған тұлға

Кәрім Тоқтабай 1934 жылы Воронежге жер аударылады. Мұхтар Мурзин, Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұханбетұлы, Сейдазым Кәдірбай, Әбдірахман Айтбаевтармен бірге Воронеж қаласына жер аударылады. Мұнда Кәрім Досжанұлы совхоздар тресінің директоры болып істейді. Айдауда жүрген Кәрім де қазақтың қайраткерлері Халел, Жаһанша сынды азаматтарға көмек қолын созады. Воронеж қаласында айдауда болған Алаш арыстары бірге талай бас қосқаны ақиқат. К.Тоқтабайға Воронеж қаласының ауа-райы, төмен тұрмыс тіршілік, айдаудағы ауыр ойлар денсаулығына кері әсер еткені рас. Кәрім айдауда жүргенде бәйбішесі қайтыс болып, үш баласы әкеден де, анадан да айырылып жетім қалады. Алматыда қалған балаларын қасына алып, бағып-тәрбиелеу үшін Кәрім Досжанұлы осы Воронежде орыс қызы Мария Петровна Пашутинаға үйленеді. Одан 1935 жылы Эста деген қыз бала туады. Кәрім Тоқтабай 1936 жылы Воронеж қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды. Алаш деп өткен асыл ердің ақырғы сәулесі осылай жат елде сөнеді. К.Тоқтабайдың бар ғұмыры күреске толы болды. Қателігі мен қасіретті көп ғасыр, қазағым деген тұлғаға қуаныш сыйламады. Қайта көргені азап пен айдаудан арылмаған азаматқа туған жерінен топырақ бұйырмады.

К.Тоқтабай 1958 жылы 28 желтоқсанда ақталып, ал 1992 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратурасы К.Тоқтабайды толық ақтау туралы қорытынды шығарды. К.Тоқтабайдың есімі Тәуелсіз Қазақстанға қайта оралғанымен, атқарылған іс азамат үмітін ақтамайды. Тоқтабай жайлы тоқсан ауыз сөзді тобықтай қорытындыласақ, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Кәрім Тоқтабай жас Қазақ республикасының қалыптасуы мен нығаюына, оның ұлттық кадрларының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты, Қазақстанда білім беру, мәдениет пен ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі белсенді іс-шараларды атқарды. Ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына өз үлесін қоса білген ғалым еді.

Кәрім Тоқтабай толық ақталғанымен, есімі әлі ескерусіз келеді. Жат жерде белгісіз жағдайда көз жұмған арыстың жатқан жері белгісіз. К.Тоқтабайдың жер жайлы жазған кітаптарын іздеу жұмыстары жасалып, қазақ тілді оқырмандардың қолына түсуі қажет. К.Тоқтабайдың баспасөз бетіне шыққан мақалалары мен жазған кітаптары қазақ жұртшылығына керек екендігі анық. Кәрім Тоқтабаевтың ел үшін жасаған еңбектері сараланып, бір күні болмаса бір күні өз бағасын алар деп сенеміз. Сеніміз мол. Ел үшін еміренген ерлердің адал еңбектері халқымен түбі қауышады. Содай ерлердің бірі К.Тоқтабайдың есімін қазақ ұмытпауы қажет!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Қиын тағдырлы комиссар» /«Торғай тынысы», 2 бет, №109 саны / Ескендір Рамазан, «Дала дидары» газетінен / - 1991.- 6 желтоқсан.

2. Торғай энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 526 бет.

3. «Ардақтап өтем әкемді» / Гүлнәр Дулатова / «Бес арыс»: естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары / Құрастырған – Дидахмет Әшімханов / «Жалын», Алматы - 1992.

4.  РКПА фонд-141, оп-16, дело 2810, 7-листок.

5. РКПА фонд-141, оп-16, дело 2810, 8-листок.

6. «Тоқтабаев туралы» /Әмірхан Абдуллин /«Торғай тынысы», - 1991. - 27 тамыз.

7. Еңбекшіл қазақ.1922 жыл.16.02.№76

8. Кенжебаев Б., ҚожакеевТ. Қазақ совет баспасөзі тарихынан. – Алматы, 1962. – 25 б.

9. Жұртай Т. Ұраным Алаш.-Алматы: «Ел-шежіре», 2008.472-б

10. «Нығмет Нұрмақов және губатком төрағалары», С.Шілдебай. «Ақшам», №11, 2022.-8 ақпан. 

11. «Елін сүйген азамат»: /Ерден Досжанов/ «Торғай таңы». – 1992 -22 қыркүйек.

Жауынбай Жылқыбайұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?