Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ноғай Ордасы жайлы не білеміз?

1899
Ноғай Ордасы жайлы не білеміз? - e-history.kz

Қазақстан жерінің батысында сонау 15-16 ғасырлада ноғайлар Еділдің шығыс жағында және Оралдың оңтүстігінде «Ноғай ордасы» атты мемлекет пайда болған бірлестікке жатады. Оны құрудың басында Едіге би болды. Алтын орда тарқағаннан кейін, он төртінші ғасырдың соңында Ноғай ордасы құрылса, он алтыншы ғасырдың бірінші бөлігінде олар жандана түседі. Билік үшін өзара ішкі орын алған таластардың салдарынан XVI ғасырдың екінші бөлігінен бастап, олар ұлыстар мен ордаларға бөлініп, баяғы күш-жігерінен айырылып, беріректе оған қарасты тайпалар батыс арқылы Қара теңіздің солтүстік бөлігіне жаппай қоныс аударып, сол жердегі жергілікті халыққа сіңіп, яғни түркілермен біте-қайнасып кетеді. 

Кіші жүзге кіретін біраз тайпа мен ру 15-16 ғасырларда аталмыш мемлекетке бағынышты болды. Ол тайпалар белгілі Ноғай ордасының өсіп-өркендеуіне, тарихи дамуына, экономикасына, саясатына үлкен  үлес қосты. Бүгінде әдебиетімізде «қазақ-ноғай» дәуірінде өмір сүріп, қалам тартқан жыраулар мен ақындардың шығармалары қазіргі таңда бөлек өмір сүретін екі жұрттың бір арнаға тоғысқан құнды мұрасы болып саналады. Сонымен қатар, орта ғасырлардағы ноғай тарихы біздің қазақ халқыны шамамен 15-16 ғасырлардағы тарихына етене жақын. Сол себепті де ноғайлармен байланысты бар оқиғаларды қазақтардың тарихымен байланыстырамыз. 

Ноғайлар жайлы тарихи еңбектер

«Тоқсан екі баулы өзбек», «Тоқсан екі баулы қыпшақ» деген атаулармен егіз орта ғасырларда өмір сүрген қыпшақ, «көшпелі өзбектер» тайпалық бірлестігінде тоқсан екі ру-тайпаның болғаны белгілі. Егер солай дейтін болсақ, «тоқсан баулы ноғай» атауы орта ғасырларда өмір сүрген ноғай жұртының тайпасы мен туының санын анықтайды. Бүгінгі таңда ноғайларды зерттеуші атақты ғалым Вадим Винцерович Трепавлов өзінің жинаған түрлі жазбасын негіздей отырып, ноғайлықтарда жетпіске тарта тайпаның, сондай-ақ бөлімшелерімен бірге алғанда, жүз отыз тоғызға тарта ру-тайпаның болғанын көрсетеді. Түрік саяхатшысы Әулие Челеби он жетінші ғасырда Солтүстік Кавказ жері мен Қырым жайлы құнды мәліметтер бере отырып, ноғай жұртында жүз қырыққа тарта рулар мен тайпалар бар екенін айтады. Орта ғасырлардағы «Насаб наме-йи узбек» және «Тухфат ат-тауарих-и хани», «Маджму ат-тауарих» еңбектерде тоқсан екі тайпаның атаулары айтылады. Келтірілген мәліметтер мен Вадим Винцерович Трепавловтың жасаған ноғайлардың рулары мен тайпаларына жасаған кестесінде бүгінгі біздің құамымызға енетін біраз тайпаларды кездестіреміз.

«Моңғол» және «ноғай» сөздері туралы келесідей ойға келуге болады. Ноғайлар – біріншіден, былай алып қарасақ, дербес тайпа атауы емес, бірнеше тайпалардың бірлестігі немесе жиынтығы.  Екінші жағынан алып қарағанда, дербес тайпаға маңғыттар жатқызылады. Сонымен қатар, олар белді, қуаты күшті тайпа болғаннан соң, барлық ұлысқа кіретін тайпалар мен рулар «маңғыт» деген атаққа ие болды. Жалпылай қарасақ, маңғыт және ноғай сөздерінің терминдерінің арғы жағы әртүрлі. Бұл терминдер өзге мәнге ие болғандықтан, он бесінші ғасырдан бері бұлар жалпы ортақ этникалық мәнге ие болып, Жем мен Еділдің бойындағы түркі тектес көшпелі халықтың бір атауына айналады. Екі өзеннің бойындағы бұл тайпалардың шығу тегі маңғыт әлде ноғай атауына ие болса, этно-саяси бірлестігі Маңғыт Ұлысы мен Ноғай ордасы деген атақты иеленді. 

Төрт тәуелсіз аймақ

ХІV ғасырдың соңғы кезінде Жошы Ұлысының территориясында төрт бір-бірінен тәуелсіз аймақ құрылды. Сарайда Әмір Темір тағайындаған Құйыршық билік жүргізді; Еділдің құяр тұсы мен Хажы-тарханда Темір-Құтлығ басқарды; талқандалған Тоқтамыс Қырымды иеленді; Жайықтың сол жақ бетіне өз маңғыт тайпаларымен бірге Едіге орнықты.

Ноғай Ордасының негізгі бөлігі саналатын Еділ мен Жайықтың арасындағы сайын далада, оның орталығы Еділдің төменгі жағындағы (Сарайшық, соның ішінде Жайық бойындағы аудандарда) болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді. Олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік-шығысында Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазан қаласына дейін, оңтүстік-батысында Арал өңірі мен каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жүретін.

Едігенің саясаты 

ХІV ғасырдың соңында Жайық пен Жем өзендерінің аралығында Ноғай Ордасының қалыптасып, дамуына Едігенің ұстанған саясаты оң ықпал етті. Ақсақ Темірдің 1395-96 жылдардың жорығынан кейін Тоқтамыс хан биліктен тайдырылғанымен, саяси күрестен кете қоймады. Ол Қырымда бекініп алса, Сарайда Ұрыс ханның ұлы Қойыршақ, Хажы Тарханда Темір Құтлық, ал Еділдің шығыс бөлігіндегі Жайық пен Жем аралығында жаңадан көшіп келген маңғыт тайпасының арасында Едіге билік құрады. Едіге өз ұлысын саяси жағынан да, экономикалық жағынан да күшейту үшін Тоқтамысқа шарттар қойып, оны мойындатуға мәжбүр етеді. Шартта Едіге Тоқтамысқа: «Сен Еділдің арғы жағындағы бос жерлерден салық алма»,-деген екен. Тоқтамыс хан Едігенің мұндай шартымен келісуден басқа жолды көре алмады. Мұндай жағдайдан кейін Еділ мен Жем аралығына Тоқтамысқа салық төлемеу үшін адамдар ағылып келе бастайды. Сөйтіп, Едігенің қол астындағылардың саны артады, оның қол астындағы өңірдің экономикалық қуаты өседі. Едіге Еділ мен Жем аралығындағы өз ұлысын үлкен ұлы Нұраддинге басқартса, Алтын Орданың астанасы Сарайда «беклербек» қызметін атқарып, өзі отырады. Осылайша, ХV ғасырдың басына таман Тамалар мекендеген Батыс Қазақстандағы Еділ мен Жем аралығы өзінше бір жеке тарихи аймақ ретінде, жеке бір ұлыс, жеке бір мемлекеттік құрылым ретінде көріне бастайды.

Жаңа мемлекеттік құрылымның аты ХVІ ғасырдың басына дейін ондағы жетекші үстем тайпа маңғыттардың атауымен «Маңғыт Ұлысы», «Маңғыт Жұрты» деп аталынса, жалпы ондағы тұрғындарды жиынтық атаумен «маңғыттар» делінетін. «Ноғайлар», «Ноғайлы елі», «Ноғай Ордасы» атауы сол замандағы деректерде тек ХVІ ғасырдың басында ғана пайда болады. ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы орыс тіліндегі деректерде Ноғай Ордасындағы ру-тайпалардың және олардың құрамындағы бөлімшелердің атаулары жиі кездеседі. Тама тайпасы онда алшын, байұлы, жалайыр, қаңлы, Қатаған, кенегес, керейіт, қыпшақ, қият, қоңырат, меркіт, найман, үйсін, телеу, шымбай тайпаларымен бірге айтылады. Аталған тайпалардың бөлімшелері: қыпшақтарда – 10, наймандарда – 6, маңғыттарда – 4, Тамаларда – 2, ал кейбір тайпаларда бір-бірден ғана көрсетілген. Ру бөлімшелерінің көптігі олардың жалпы саны мен саяси ықпалдарының көптігін де көрсетсе керек.

Тамалар тайпасының атының аталып қоймай, қостамғалы-тама, жаба-тама сияқты бөлімшелермен де берілуі жалпы алғанда, осы кезеңде Тамалардың Ноғай Ордасында өзіндік орны жоғары болғанын дәлелдейді. 

ХV-ХVІ ғасырларда Ноғай Ордасындағы тайпалар атаулары шығыс деректерінде бір ғана «маңғыт» атауымен жиі ұшырасады. Себебі, ондағы билеушілер мен мырзалар тек қана маңғыт тайпасынан шыққандықтан және Едіге ұрпақтары болғандықтан, Ноғай Ордасына қатысты оқиғалардың бәрінде олар «маңғыт» деген атпен аталып қалады. Ал басқа ру-тайпалар болса, Ноғай Ордасының тарихына қатысты барлық оқиғаларға қатынаса тұрса да, бірақ маңғыттардың көлеңкесінде қалып отырады. ХVІ ғасырдың соңында Ноғай Ордасының әлсіреуіне байланысты тарих сахнасына оның құрамындағы жекелеген тайпалар өз атауымен шыға бастайды.

ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың І жартысы Батыс Қазақстандағы ру-тайпалар үшін күрделі оқиғаларға толы болды. Ең алдымен, Ноғай Ордасының мемлекет ретінде жойылып, ұсақ-ұсақ ұлыстарға бөлінуі бұрынғы ноғайлар деп саналған ру-тайпалардың үздіксіз соғыстардан әлсіреп, көршілес елдерге сіңіп кетуі, Еділ мен Жайық бойына ХVІІ ғасырдың 20-30 жылдарында қалмақтардың келуі, осының бәрі – Ноғай Ордасының шығыс бөлігіндегі тайпалар үшін аса ауыр жағдай болды. Осындай ауыр жағдайды сөз етіп отырған кезеңде Жем, Елек бойындағы Тамалар да бастан өткерді.

Ноғай Ордасының құрамына қазақ табындары да, башқұрт табындары да кірді. Өйткені алғаш Ноғай Ордасы батысында Еділдің орта және төменгі ағысы, шығыста Жайық өзені аралықтарын алып жатты. Табындардың қоныстары да осы аталған жерлер болатын. Қазақ табындарының Ноғай Ордасының құрамындағы саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайы туралы дерек жоқтың қасы.

Ноғай-қазақ шапқыншылығы

ХVІ ғасырдың екінші ширегінен бастап, Шығыс Дешті-Қыпшақтың үлкен аумағы Ноғай Ордасының үстемдігінде болды. Бұл кезеңдерде осы мемлекеттің көрсетілген аумақтағы саяси үстемдігіне байланысты, бірден-бір қарсыласы болып есептелетін Қазақ хандығы Қасым ханның билігінен кейін әлсіреп, бұрынғы күш-қуатынан айрылған еді. Кезінде Қазақ хандығының құрамына қосылған ноғайлар одан алшақтау саясатын ұстана бастады. 1520 жылдары ноғайлардың биі Сейіт-Ахмет қазақ еліне шапқыншылықтар жасайды. 1530 жылдары Шейх-Мамай да сарбаздарымен батыс өңірлерді өзіне қаратады. ХVІ ғасырдың екінші ширегінен бастап, Ноғай Ордасы, Бұхара және Хорезм билеушілері қазақтарға қарсы одақ құра бастайды. Орта Азиялық әміршілер өздерінің сыртқы саясатына аса сақтықпен қарап, екі жақтың әрекеттерін бақылап отырды. Қалмақтардың біраз бөлігі осы кезеңдерде қазақтармен бірігеді де, ноғайлықтарға қауіп төндіре бастайды. Шейх-Мамай, Жүсіп және өзге де мырзалардың қазақтар тарапынан шабуыл күтіп, Ембі өзенінің жағалауын 1535 жылы қыстап шыққандығы жөнінде ресейлік деректерде мәліметтер бар.

«Тарих-и Рашидидан» бір дерек

Ноғайлардың Қасым хан қайтыс болғаннан кейінгі уақытта оның елін жаулап алу әрекеттері, уақыт өте келе күшейе түсетіні бірқатар тарихи деректерде де айтылады. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Сұлтан-Нигар ханша мен Тахир хан арасында болған әңгімеге байланысты мәліметтен ханшаның төмендегідей сөздерін келтіреді: «Өзбектер елінде сенің ісің маңғыттарға байланысты түк өнбей жатыр. Сен оларға қарсы әскер де шығара алмай отырсың. Бұрын сенде он лак (яғни, миллион) болса, қазір бар болғаны төртеу ғана, сенде тіпті қарсы тұрар қауқар да жоқ». Бұл ойлардан Тахир ханның мемлекетте жүргізген саясатының келеңсіз жақтарын аңғаруымызға болады.

Дерек мәліметтерінде 600 мыңға жуық жұрттың ноғайлықтарға бағынғаны жайында мәліметтер бар. Олардың ішінде кердерілердің де болуы әбден мүмкін. 1803 жылғы орыс деректерінде кердерілер мекендеген өңірлер ноғайлықтар құрамында болғаны аңғарылады. Бұл деректерде аталған рулардың нақты саны мен шежіресі айтылмаса да, олардың маңғыт жұртында болғандығына дәлел бола алатын дәйектерді аңғаруға болады. Сондай-ақ ХV ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, «ноғай» сөзі полиэтнонимнен этнонимдік мәнге ие бола бастаған еді. Мұны халық ауыз әдебиетінен де көреміз. Мысалы, Бөлтірік Әлменұлы (1771-1853 жылдары өмір сүрген) жалайырлар мен наймандар арасындағы Алтын Емел дауын шешуге барғандағы кесімді пікірінде «Қақас, он екі баулы ноғайлы да жерлеген жер – бұл. Ең ақыры қазақ қоныстанған» деген сөз бар.

Ноғайлардың Хақназар хан билігіне ықпалы 

Осы мәліметтен ноғайлықтардың ХVІ ғасырдың екінші ширегінде Дешті-Қыпшаққа толыққанды билік жүргізгені халық жадында терең із қалдырғанын байқаймыз. 1536 жылы Ноғай Ордасы, Бұхара хандығы мен Хорезм арасында қазақтарға қарсы құрылған одақтан кейін, олардың осы өңірлерде ықпалы күшейгенін аңғартады. 1537 жылы қазақтарға қарсы ұйымдастырылған жорықтың нәтижесінде, оларға күйрете соққы беріп, жеңіске жетеді. Осы соғыста қазақтардың отыз жеті сұлтандары қаза тапқандығы жайлы мәліметтер бар. Қасым ханның өлімінен кейін Қазақ хандығында орын алған «орынша әлсіреу» кезеңінен кейін оның қайта өрлеу дәуірі Хақназар ханның атымен тікелей байланысты. Осы мәселемен айналысып келе жатқан зерттеушілердің кейбіреулері қазақ тағына Хақназар ноғайлардың көмегімен отырды деген пікірлерінің негізсіз еместігін байқауға болады. Ол Шейх-Мамайға тәуелді болған деген пікірлер бар. Қалай болғанымен де, Қазақстанның батыс өңірін екінші жартысынан бастап өзіне біртіндеп қайта қаратып алған. Кейбір деректерде Хақназар жас күнінде ноғайлар арасында өмір сүргендігі және тәрбиеленгендігі жайында мәлімет бар. Ол билікті қолға алған тұстан бастап бұл өңірде Қасым хан тұсындағы қазақтардың этникалық территориясын бірте-бірте қайтадан қалпына келтіруді өзіне мақсат етіп қояды. Башқұрт халқының халық ауыз әдебиеті мәліметтеріне сүйенсек, Хақназар билігін башқұрттар да мойындағаны байқалады. 1557 жылы ноғай мырзасы Ысмайыл орыс шенеуніктеріне қол астындағы бірқатар ұлыстарының қазақ патшасына қосылып кеткендігі жөнінде мәлімдеме жасаған.

Кіші Жүз құрамындағы тайпалар мен руларға байланысты орыс деректерінде аз мәліметтің кездесуін кейбір зерттеушілер олардың бұл кезде Қазақ хандығының құрамында болғанымен түсіндіреді. Бұл үрдіс әсіресе ХІV-ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында кең орын алғандығына көңіл бөледі. Алшын одағына кірген тайпалардың Хақназар хан тұсында Қазақ хандығының құрамына көп қосыла бастауы, қазақ халық ауыз әдебиетінің мәліметтерінен де аңғарылады. Олардың өте көп келуі, осы территорияны мекен еткен тайпалардың орналасуына белгілі бір дәрежеде ықпал етіп, осы өңірлердің саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірінде үлкен өзгерістер енгізді. Осындай территориялық өзгерістердің нәтижесінде, Қазақ хандығы үш жүзге бөлініп, Алшындар бірлестігі Кіші жүздің құрамына енді. Осындай тайпалардың құрамында кердерілер де болды. Хақназар ханның мемлекетті нығайту бағытында жүргізген саясаты қазақтардың күшейіп, ХVІ ғасырдың жетпісінші жылдарында ноғайлардың Жайық өңіріндегі жерлеріне ғана байланысты емес, Еділ төңірегіндегі жайылымдарына да байланысты мәселе көтере бастауына себеп болды.

Хақназардың жүргізген сыртқы саясаты туралы өз кезегінде А.Н. Рычков былай деп жазады: «Осы Хақназар хан болған соң, қатты күшейіп алды да, бір ғана ноғайлар мен Башқұртстанға ие болып қана қоймай, сонымен қатар Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхарияны, Хиуаны, Ташкентті және басқа да көптеген қаланы өз қол астына бағындырып, олардан алым жинады. Ал башқұрт халқына дейін Хақназар хан Оралдың арғы жағындағы сібірлік Көшім ханды, Белая мен Жайық өзендерінің бойында тұратындарды, қазандықтарды бағындырды; ол таулықтарды, ноғай хандарын аталған Хақназар хан бәрін өзінің қол астына қаратты».

1570 жылдары Хақназар мемлекетінің территориясы оңтүстікте Сырдарияға дейін, солтүстікте Оңтүстік Башқұртстанға шейін, батысы мен шығысы Ертіс пен Ембі өзендеріне дейін созылып жатты. Оның билігін мұндағы барлық тайпалар мойындайды.

А.Дженкинсон 1558 жылы Астраханнан өткен кезінде ноғайлықтардың жұт әсерінен қатты күйзеліске ұшырағандары туралы біршама тәптіштеп жазады. Ол оқиғаны көзімен көріп, адамдардан сұрастырып, жүз мыңнан астам адам аштықтан, ауру-сырқаудан, алауыздықтар нәтижесінде өлімге душар болғандығын жазған еді. Бәлкім осы жұт уақытында Кіші жүз ру-тайпаларын құраған көптеген тайпалар өз еріктерімен Хақназар ханға қосылуы да мүмкін. Өйткені, ноғайлықтардың біраз бөлігі орыс иеліктеріне қарай жылжыса, келесілері қазақтарға қарай мойын бұрулары әбден мүмкін. Ресей ұлықтарынан көмек сұрап барған тайпалар қазақтарға бара алмайтын, олармен әбден өштескен, басшылары мен мырзалары ұзақ уақыт жауласқан тайпалар болуы да ықтимал еді. Ал қазақтарға қосылғандарды өз жерінде, яғни атамекенінде қалған Кіші жүз тайпалары деп санауға толық мүмкіндік бар. Әрине оның ішінде Қазақстанның батыс өңірін мекендеген барлық тайпалар бірлестігі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. 

Ордадағы қырқыс

Ноғай Ордасындағы өзара қырқыстар халықты әбден қажытты. Қатарынан бірнеше жылдарға созылған аштық елді күйзеліске ұшыратты. Тіпті ноғайлықтарға бағынышты башқұрттар да жұт жылдары қатты қиыншылық көреді. Ол жерден ноғайлықтар оңтүстікке қарай жаппай қоныс аударады да, бір бөлігі қазақтарға қарай ығысса керек. Әрине, Ордаға мәскеуліктер тарапынан біршама көмек берілгендігі туралы мағлұматтар бар. Мұны ресейлік мұрағат құжаттары да растайды. Бірақ, бұл көмектерін олар кейіннен үнемі ноғайлықтар есіне салып отырды. Сөйтіп оларға берілген мардымсыз көмектерін әрдайым айта отырып ноғайлыны өздерінің саяси ойындарына кіруге мәжбүрледі. Дегенмен мәскеуліктер 1558 жылы Ливон соғысының басталуына байланысты Дешті-Қыпшақтағы мүдделеріне бұрынғыдай қарай алмады.

Осы кездерден бастап, Хақназар ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси белсенділігі күшейе түседі. Ол Моғолстан ханы Әбді әл-Керіммен соғысып, бірнеше рет жеңіліс тапқанымен, оған мойымай солтүстікке қарай қоныстанады да, қайтадан соғысқа дайындалады.

Ноғайтанушы, «Ноғай Ордасының тарихы» зерттеу-еңбегінің авторы Амантай Исиннің айтуынша, 1557 жылы қазақ жасақтары Жайықтан өтіп, Ноғай Ордасына соққы береді. Ноғай мырзалары мұндай соққыны күтпеген болатын. Қапелімде дұрыс қарсылық көрсете алмай, астрахандық воеводалардан көмек сұрайды. Отты қарумен қаруланған олар қазақтардың шабуылын тойтарады. Хақназарды бұл жолы бірқатар ноғай билеушілері де қолдаған болатын. Олар Шейх-Мамай ұрпақтары болса керек. Жоғарыда келтірілген Ысмайыл сөзінің сыңайы соны аңғартады. Егер де Хақназардың жас күнінде ноғай мырзаларының қолында тәрбиеленгендігі, яғни Шейх-Мамай әулетінде өсіп-өнгендігі рас болса, оның ең алдымен, осы отбасы мүшелеріне көмектесетіндігі баршаға аян. Шейх-Мамай ұрпақтары негізінен әкелері сияқты Жем бойында елдің шекарасын күзету міндетін атқарған еді. Олар қазақтарға басқаларға қарағанда жақын әрі тығыз орналасты. Бұл өз кезегінде қазақтармен олардың мәдени және рухани байланысын, шаруашылық қам-қарекетін жақындастыруды тездетті. Сондықтан да ішкі тартыстар кезінде қазақтарға сүйенуі заңды құбылыс еді. П.Бутковтың хабарлауынша, Жем бойындағы ел Үлкен Ноғай Ордасынан өзара қырқыстар нәтижесінде бөлініп шыққан. Тек Жем бойындағылар ғана емес, одан өзге де тайпалар қазақтар құрамына толығымен кіре бастаса керек. Өйткені Хақназардың Жайықтан өтуіне ешбір қарсылық көрсетілген жоқ сияқты. Ешқандай күштердің қарсылығының болмауын батыс қазақстандық көптеген тайпалардың Хақназар ханды қолдағанын аңғартады. Ал, Сыр өңірінен ертеректе жер иемденіп алған керейіттер оның негізгі сүйенуші руларының бірі болуы ғажап емес.

1580 жылдардан кейін Хақназар туралы ешбір деректерде айтылмайды. Сонда да болса, оның дәуірі ноғайлы, Кіші жүз тарихында өшпес ізін сақтап қалған сияқты. Олай дейтініміз, біздің ойымызша, Қасым хан тұсында басталған этникалық үрдістер Хақназар хан ел билеп тұрған кезде өз жалғастығын тапқан болса керек. Бірқатар зерттеушілердің айтуынша, Хақназар хан елді қайтадан ұлыстарға бөліп, яғни жүздерге жіктеп өзіне елді басқаруға қолайлы жағдай жасаған.

«Ноғайлық кезең» деп неге атайды?

Еуразия халықтарының «ноғайлық кезең» деп шартты түрде атауға болатын қоғамдық-саяси және халықаралық қатынастардың тұтас бір дәуірі айқындалады. Бұл атау ғылыми термин ретінде башқұрт және қарақалпақ тарихнамасында, қазақ және қырғыз халықтарының фольклорлық ескерткіштерінде «батырлық заман» ретінде ноғайлы билігі түрінде кездеседі. Бұл терминологиялық құбылыс Ноғай Ордасының Шығыс Еуропа Батыс Қазақстанның территориясында билік жүргізіп, қуатты империяға айналған ХV–ХVІІ ғасырлардағы тарихи оқиғалардың жаңғырығы еді. Ноғай Ордасы және оның құрылымындағы халықтар қазақтар, қазан, қырым татарлары, Сібір, астрахань жұрты, башқұрттар мен қарақалпақтар, түрікмендер мен қалмақтармен ассимиляцияланып, олардың құрамына сіңді. Тіпті Дон және Жайық казактарының қатарын толықтырып, өте күрделі жан-жақты ассимиляцияға түсті. Ноғайлардың өз көршілеріне тигізген ықпалын саяси, этникалық және мәдени аспектіде қарастыруға болады.

Ноғайлардың этникалық ықпалы олардың өзге этностардың қалыптасуына тікелей және жанама үлес қосуымен ерекшеленеді. Ауызша шежіремен бірге қарақалпақ эпостары да ноғайлардың туыстығын айғақтайды.

ХVІ ғасырда ауа көшулердің салдарынан, қазақ құрамындағы ноғай компоненті күшейе түсті. Ол әсіресе, ХХ ғасырға дейін Қоңырат тайпасының арасында ноғай және маңғытай ру атауының сақталуы түрінде көрініс тапты. Ал Кіші жүз аймағы тұтастай Ноғай Ордасының иелігін қамтуының өзі де екі халықтың өзара тұтастанып кеткенін көрсетеді.

 

Тайыр Қасымұлы 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?