Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Маңғыстау түбегіндегі ежелгі өркениет іздері

1962
Маңғыстау түбегіндегі ежелгі өркениет іздері - e-history.kz

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Абланова Эльвира Амангелдіқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Маңғыстауға әр кезеңде мекендеген халықтар жайында археология ғылымы не дейді екен? Маңғыстау өңірлеріне қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде табылып музейге қойылған жәдігерліктер жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

- Алғашқы тас құралдарын пайдаланған адамдар қауымдастығы Маңғыстауда 1 млн. жыл бұрын пайда болған деген пікір бар. Қазіргі ғылыми жүйе бойынша Тас дәуірін: 1. Палеолит (ежелгі тас дәуірі); 2. Мезолит (орта тас дәуірі); 3. Неолит (жаңа тас дәуірі) деп бөліп қарастырамыз. 

Палеолит – ежелгі тас дәуірі бүкіл адамзат тарихының ең маңызды кезеңі. Маңғыстаудың палеолит дәуірін алғашқы зерттеуші геолог – Алан Георгиевич Медоев Сарытас шығанағы маңында орналасқан Шақпақ ата, Өңежек жерлерінен табылған палеолиттік еңбек құралдарының жиынтығын зерттеген. Маңғыстау жері алғашқы адамдардың қалыптасу кезеңі өткен жер екендігіне табылған еңбек құралдар дәлел болады. 

Басы: Маңғыстаудың арғы тарихы туралы зерттеулер

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде табылған қарапайым шақпақ тастардан жасалған алғашқы еңбек құралдары және неолит кезеңіде алғаш қолданысқа ене бастаған керамикалық құмыра көрсетілген.

Сондай облыстық музей қорында Тас және қола ғасырының аралығындағы археологиялық өтпелі кезеңге (б.з.б. 4-3 мыңжылдық) мысты-тас ғасыры (энеолит) қатысты жәдігерлер де бар. Осы кезеңде таспен қоса мыс құралдар да пайда бола бастаған.

Маңғыстаудың мысты-тас ғасыры кезеңіне жататын Қосқұдық-1 тұрағына 1995-2006 жж. археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тұрақ қабырғалары тастармен қаланған дөңгелек шұңқырдан бір бүйірмен тізесі бүгіліп жатқызылған европоидтық ересек ер адам мүрдесі табылды. Зерттеушілер өлген адамды бұлай жатқызудың мәнісі ана жатырындағы баланың жағдайын қайталату деп біледі. Табылған бас сүйек бойынша Ресейдің антропологиялық реконструкциялау лабораториясында пластикалық реконструкция (авторы Е.В.Веселовская. б.э.д. IV м.ж.І жартысы) жасалды. Мұнда жерлеу рәсімдеріне тән бірде-бір зат кездеспеген. Болжам бойынша, жерлеу рәсімдік сипатта болған және үй құрылысын салу кезінде жасалған. Көне заманның мифтік түсінігі бойынша. Бұл құрбандықтың мәнісі – қонысқа табан тіреген сәтте дүниені реттеу болып табылады.

Қосқұдық-1 энеолит тұрағындағы адам жерленген орын (б.э.д. IV м. ж. І жартысы). Қосқұдық-2 тұрағынан табылған тастағы жыландар бейнесі бар. Әуелгі мифологияны зерттеушілердің пікірінше, жыландар бейнесі су киесімен оның жойқын күшімен байланыстырылады. Олай болса Қосқұдық суреттерінің мазмұны өте терең. 

Археологтар 1993 жылы Қосқұдық, Тұщықұдық жерлеріне қазба жүргізді. Нәтижесінде археологтар бір көргенде қарабайыр өрнек сияқты әсер қалдыратын бүкіл бетіне шымқай орналасқан қатар-қатар қисық сызықты тасты тапты. Әрбір қатардағы кертіктердің санына жетіп, математикалық есебін шығару үлкен жаңалыққа бастап әкелді – таста айлық жылдың күнтізбелік есебі басылған. Астрономдар өз есебіндегі 29 күннен тұратын 11 айда алты күндей сәйкессіздікке әкеледі, сондықтан он екінші ай 29 немесе 30 күн емес, бақандай 36 күндік қылған. Сонымен, жалпы есебінде көне маңғыстаулықтардың айлық күнтізбесі 355 күннен тұрады. Бұл тасқа қашалған күнтізбе де музей қорында сақтаулы.

- Адамзат тарихы дамуында қола кезеңінің де үлкен орны бар ғой. Аталған кезеңнің Маңғыстау өңіріндегі ізі айқын деуге бола ма?

- Маңғыстаудың қола дәуірі аз зерттелген. Бұл кезең – ұлы көшпенділер өркениетінің бастау кезеңі. Осы уақытта тұрақты мекендер пайда болды. Қола мен мыс бұйымдарын жасау, металлургиялық өндіріс игерілді. 

Қола дәуіріне жататын жерлеу орындарына Ұлыкіндікті, Тоқсанбай қоныстары белгілі. 

2005 жылы Шопан ата қорымынан 1,5 км жерде орналасқан Ұлыкіндікті діни-ғұрыптық жерлеу кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Кешеннен екі қабір орны табылды. Бірінші қабірдің диаметрі 6 м болатын дөңгелек пішіндегі тас қоршауы болған көрінеді, тастары шашылып, бүгінгі таңда құрылысы бұзылған. Тас қоршаудың ішінде ерекше қабір орналасқан. Барлығы 12 тасты тігінен қойып тұрғызған қабірдің пішіні жұмыртқаға өте ұқсас болып келеді. Қабірдің беті плиталармен жабылған. Уақыт өте келе бұл плиталар сынып, төменге құлаған. Қабір түбінде ер адамның қаңқасы сақталған. Мәйіт бір қырынан жатқызылып, басы шығысқа қарай, тізелері бүгіліп жерленген. Мүрденің артқы жағынан ішіне ұсақ жануардың қабырғалары салынған кішкене құмыра ыдыс табылған. Екінші қабірдің құрылысы және жерлеу дәстүрі күрделі. Қабір дөңгелек пішінді, іргетастары сақталған күмбезді құрылыс. Бұл қабірде егде әйел адам жерленген.

Дененің басы шығысқа бағытталып, қырынан жатқызылған. Моланың қабырғалары тастан қаланған, төменгі бөлігі жұмыртқа тәрізді, жоғарғы бетіне күмбез тіктелген. Жерленген дененің үстінен сексеуіл бұтақ-шыбықтарынан тор жасалынған. Бұл ағаш тордың үстіне құмыра ыдыс қойылған. Жерлеу рәсімі кезінде тас қоршау мен күмбез арасына алау жағылған. 

Облыстық музейде салттық жораға арналған тас балға, салттық жоралғыға арналған дөңгелек тас, салттық жоралғыға арналған келісап қойылған. Ұлыкіндіктіден діни-ғұрыптық жерлеу кешенінен кешенінен табылған ер және әйел адам бас сүйегінің пластикалық реконструкциясы жасалған. Оның авторы: Е.В. Веселовская. Кезеңі: б.э.д. IІ м. ж.ІІ жартысы.

- Адамзат баласының ұзақ дәуірлер бойы баяу жылжыған өркениетіне жылдамдық беріп, Жер шарындағы өркениеттер арасындағы қарым-қатынасқа жан бітірген – Темір дәуірі ғой. Музейден Темір дәуіріне қатысты қандай артефактілерді тамашалауға болады?

- Б.э.д. 2 мыңжылдық аяғында Еуразия кеңістігіндегі көптеген халықтар жаңа қолайлы шаруашылықтың түрі – көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Қазақ даласы үшін ежелгі темір дәуірі б.з.д. IX-VIII ғғ. басталған. Технологиялық көзқарас тұрғысынан қарағанда бұл жаңа индустриалды циклдің кезеңі ежелгі көшпенділердің тұрмысында темір бұйымдарының пайда болуы және металлургиялық өндіріс дамуымен байланысты, бірақ бастапқы кезеңінде өнімнің көп бөлігі қоладан жасалды.

Маңғыстаудың бізге белгілі темір дәуіріне жататын Шағатай катакомбасы, Дықылтас мазары, қорымы және т.б. орындары белгілі. 

1985 жылы Бозашы түбегіне жататын Шағатай катакомбасына археологиялық зерттеу жүргізілді. Жерлеу камерасының тереңдігі 6 м биіктікте. Солардың ішіндегі ерекшесі ағаштан жасалған зембілге әйел адамның қойылып жерленуі. Музейде катакомбалық жерлеу орнынан табылған қыш ыдыстар, қош иіске арналған ағаш ыдыс сақталған.

Осы кезеңге жататын Түпқараған түбегіндегі Дықылтас мазары 1992-93 жылдары зерттелген болатын. Табылған адам мүрделерін зерттеу барысында олардың негізінен еуропеоид екені, бірақ монголоидтік қоспалары анық көрінетіні анықталған. Бұл жаңа далалық этностардың қалыптасуының аса күрделі болғандығын растайды. 

Жерленген бір ер адамның антропологиялық қайта қалпына келтірілуі б.з.д. 3 ғасырында өмір сүрген адамның нақты бейнесін жаңадан жасап шығуға мүмкіндік берді. 2009 жылы Ресей антропологиялық реконструкциялау лабораториясында Е.В.Веселовская Дықылтас мазарында жерленген ер адамның бассүйегі бойынша реконструкциясын жасады, қазірде музейдің экспозиция залына қойылған.

Түбек археологиясындағы келесі үлкен жаңалық Алтынқазған жерінен табылған қазба заттары болып табылады. Алтынқазған діни-ғұрыптық кешені Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезеңіне жатады. Оның қалыптасуына ата-бабаларды құрметтеу және оларға сый атау мен құрбандық шалу діни сенімі негіз болған. Кешеннің негізгі нысаны құрбандық шалу салт-жоралғылары жасалатын рәсімдік қоршаулар болып табылады. Көшпенділер әлемі дәстүрінің өте жарқын көрінісін бай ат әбзелдерінен тұратын сый-сияпатының кешенінен байқауға болады. Металл бұйымдарының негізгі жинағы б.д. 3-6 ғасырларына жатады. Кешенге қазба жұмысын 2014 жылы археолог А.Е.Астафьев жүргізген. 2017 жылы қазба жұмыстары жанданып, Е.Богданов пен А.Астафьев зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Қазба жұмысын жүргізе келе мынадай ғылыми болжам жасаған Алтынқазған діни-ғұрыптық кешені ғұн көшпелі тайпаларынан қалған. 

Ең басты жаңалық алғаш рет қазақстандық тарихшыларды ғана емес, әлемдік деңгейде археологтарды елең еткізген ғұндар кезеңінің соңғы 3-6 ғасырына жататын Алтынқазған діни-жерлеу кешені жерінен табылған ғұндардың жылқы әбзелдеріне қолданған алтынмен шайылған әшекейлері, және тарихта ғұн стилі немесе полихромды стилді жылқы әбзелдерінің жиынтығының табылуы.

4-5 ғасырларда ғұндарда полихромды стиль шыңына жетті. Осы кезеңге тән заттай ескерткіштердің Алтынқазғаннан табылуы бұл тарих ғылымындағы үлкен жаңалық қатарында.

Ұлы Жібек жолының «Маңғыстау тармағындағы» ең ежелгі қоныстанушылар мекенін А.Е.Астафьев 2005 жылы Қарақабақ шатқалының сағасынан (әр түрлі карталар мен деректерде «Қарақабақ», «Қарақауақ») тапқан болатын.

Жартас қалдығының үстіндегі қалашықтың көлемі – 3 гектарға жуықтайды. Тұрғын үйлер «г» тәрізді орналасып, дөңгелек ошақтар, бағана-тіреулері, саз балшықтан жасалған құрбандық шалатын орындары анықталған.

Қалашық I-VI ғасырларға тән. Қарақабақ қалашығының тарихы V-VІ ғ. І жартысындағы ғұн одағының көшпелі тайпалары кезеңінде маңызы арта түскен.

Қарақабақ қалашығы Маңғыстау ғұндарының рухани тарихы қайталанбас Алтынқазған діни-ғұрыптық кешенінің қалыптасуымен тікелей байланысты.Саз құмыралар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан. Яғни сол уақыттарда қалашықта арнайы шеберханалар болған.

Музейде Қарақабақ жерінен табылған шырағдандар, қалашықтан табылған құмыралар көрмеленген.

Ерте орта ғасырларда Маңғыстау облысы аймағынан белгілі Ұлы жібек жолы континент аралық сауда жолдарының солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегінің аймағы құрлық және теңіз сауда қатынастарының ұштасқан сауда жолдарының транзиттік бөлігінің бірі ретінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда алғашқы отырықшы елді мекендер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалау алқаптарында – портты қыстаулардың пайда болуына септігін тигізді. Теңіздегі сауда барлық Каспий маңы мемлекеттерін біріктірді. Қазіргі таңда бізге белгілі орта ғасырлық қалалардың бірі Қызылқала қалашығы. Одан алынған мәліметтер бұларды Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының керуендік трассасында пайда болған ірі-шаруашылық қаланың қалдықтары деген болжамдар айтуға мүмкіндік береді. 

Қызылқала қалашығына алғашқы зерттеулер өткен 100 жылдықтың 70-80 ж. КСРО ҒА Археология институтының Волга-Орал археологиялық экспедициясымен ресей археологы Лев Леонидович Галкиннің жетекшілігімен қазба жүргізілді. Бұл экспедицияның нәтижесінде ескерткіш құрылымы мен өмір сүру уақыты жайында алғашқы деректер алынды. Л.Л.Галкин бұл құрылыстың бекініс екенін анықтады. Ол Қызылқаланы XI ғ. басы мен XIII ғасыр аралығында өмірген қала деп тұжырымдайды.

2004 жылы археолог А.Е.Астафьев Қызылқаланы зерттеген. Қамал қабырғаларына ою бедерленген қызыл кірпіштермен тұрғызған. Мұнда мыс және темірді өңдеп шығару өркендеген. Ал қаланың оңтүстік бөлігінде керамикалық бұйымдарды күйдіріп жасайтын бірнеше пештердің қалдықтары сақталған. 

Маңғыстау облыстық музейінде қазба кезінде табылған көзешілер (қыштан бұйым істеушілер) жасаған тұрмыстық, шаруашылық, ас үйге қажетті саз ыдыстар қойылған. Табылған ыдыс-аяқтардың бір бөлігі Хорезм мен Ираннан әкелінген. Қызылқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Солардың бірі – моншақтар.

Археолог А.Е.Астафьевтің мәлімдеуі бойынша Қызылқала қалашығы біздің өлкеміздегі ортағасырлық жалғыз ірі қала. Ортағасырлық араб жазба деректерінде айтылатын Сиякух-Манкашлак қаласы туралы Араб географы ал-Истахридің жасаған картасында (Х ғ.) көрсетілген. 

Қызылқала қаласының құлауы 1220-1221 жылдары қыста Шыңғыс хан әскері Хорезмді талқандағаннан кейін белгілі бір уақытта халықтар тарихында және Азия мен Еуропа елдерінің сауда қатынасында орнаған тәртіптің бұзылған уақытында басталды. 

Музейде Қызылқала жерінен табылған оюлы қызыл кірпіштер қойылған. Әкімшілік аймағы осы арнайы қызыл кірпіштен салынған! Қызылқала ерте орта ғасырларда Маңғыстау облысы аймағының Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында орналасқан жалғыз ірі қалашық. 

Алтын Орда кезеңінде сауда қатынасы Арал-Каспий аймағы арқылы екі бағыт бойынша: Үстірт жазығы және Маңғышлақ түбегінің айлақтары арқылы жүзеге асқан. Кетікқала қалашығы Түпқараған айлағы жағалауында орналасқан порттық қоныстардың бірі, керуендердің соңғы нүктесі болды. Кетікқала қалашығының орнынан табылған қыш құмыралар да музей қорында сақталған.

- Суайдынға шыққан балықшылар осы жерде балықтың үлкен үйірі жүр-ау дегенді сезініп барып ау салады, нәтижеге жетеді. Сол сияқты, Маңғыстау тарихына қатысты мұрағат деректері осында бар-ау деп, барып қарасам-ау деген жеріңіз бар ма?

- Тағы да Ресейдің Москва, Санкт-Петербург архивтерінде, Батыс Еуропа архивтерінде отырсам деймін. Өткен ғасырлардағы шетел жиһангездері мен экспедицияларының жазбаларына қатысты ізденіс жұмысы жалғаса береді. Одан басқа ескі шағатай тілінде құнды дәйектерді Түркия, Иран мемлекеттік архивтерінен қарағым келеді.

- Сонда өз болжам-деректеріңіз бойынша адайлар Маңғыстауға оңтүстіктен келді ме, әлде басқа жақтан ба? 

- Нұсқа көп. Кавказда Адай су деген бар, Шегем сарқырамасы, Жеменеиня деген атаулар бар. Алтайда Жеменей деген атау бар. «Сауран айналып келген адайлар» деп айтамыз ғой. Одан соң  мына Түркістанның аумағында жүрген кезеңі болды. Бұл әлі де зерттей түсуді қажет етеді.

- ХІХ ғасырдан бастап Маңғыстау түбегінде көптеген көтерілістер жүрілді ғой. Осы көтерілістердің зерттелуі туралы айтып өтсеңіз?

- Иса-Досан көтерілісінен бастап, жалпы Маңғыстау қазақтары көтерілісін маған дейін кеңестік кезеңде Мариям Тұрсынова керемет зерттеген. Ғалымның «XIX ғасырдың екінші жартысындағы Маңғышлақ қазақтары» атты ғылыми еңбегінде XIX ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтарының әлеуметтік-экономикалық және саяси тарихы қарастырылған. Архив деректері негізінде шаруашылық және әлеуметтік қатынастардың ерекшелігі, патша өкіметінің түбектегі отарлық әскери-саяси экспанциясы, 1870 жылғы көтерілістің себептері, қозғаушы күші және барысы, өлкедегі балық шаруашылығын жүргізу жағдайлары зерттелген.  Ғалымның аталған еңбегі орыс тілінде жарияланған. Сол кітап қазақшаға аударылған. Аудармасы көңілден шықты деп айта алмаймыз. Мен осы аудармаға алғысөз жазған едім.

Отызыншы жылдардағы адай көтерілісіне қатысты архив деректері негізінде жаңаша көзқарастағы  ең алғашқы «Адай көтерілісі» мақаласын 1990 жылдары тарихшы ғалым Талас Омарбеков жазды. 

Тарихшы ғалым Болат Жұмағұлов отызыншы жылдардағы Адайлар көтерілісін кандидаттық диссертацияға деңгейіне жеткізді. Монографиясы бар. Ал жалпы бұл кезеңдегі Маңғыстау тарихына қатысты біраз деректерді жинадым, әлі де жинау үстіндемін. Өз көзқарасымды жинақтау еңбектерімде айқын танытамын. Репрессияға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы шықты ғой. Бұл – зерттеушілер үшін біршама мүмкіндік ашып отыр. 

- Осы мүмкіндікке орай, жалпы тәуелсіздік тұсында қайта қаралуға тиісті қандай ғылыми тақырыппен көбірек айналысып жатырсыз?

- Мен бұл тұрғысында маңғыстаулық белгілі тұлға Тобанияз Әлниязұлының тарихымен айналысып жатырмын. Тобанияз – Маңғыстаудан шыққан тұңғыш Адай уезі ревкомының төрағасы. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің № 354 шешіммен В.И.Ленин мен Калинин қол қойған Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру декреті қабылданды. 

Қырғыз (Қазақ) Автономиялы республикасы құрамына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғыстау уезі, Закаспий облысының Красноводск уезіндегі 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахань губерниясындағы Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтарына шектес, қазақтар қоныстанған бұрынғы жерлер кірді. 1920 жылғы 22-қыркүйекте Бүкілресейлік Атқару Комитетінің жаңа декреті бойынша Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрамына Орынбор губерниясы енгізілді. Орынбор қаласы республиканың астанасы болды.

1920 жылы 12 маусым күні губерния құқығы негізінде Адай уезі құрылды.

Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің 1920 жылғы 25 қазандағы №5 қаулысына сәйкес Адай уезіне Маңғышлақ уезінің территориясы мен Закаспий облысына қарасты Красноводск уезінің 4, 5 - Адай болыстары енді. 

1920 жылдың қазан айына дейін бұл сұрақтың шешілмеуіне әсер еткен жағдай Маңғышлақ уезінің заңды түрде-де юре Қазақ АССР-і құрамында болуы, іс жүзінде – дефакто Закаспий облысы жарлығына бағынып жұмыс жүргізуі болды.

1920 жылғы 25 қазандағы ҚазОАК Президиумы қаулысының шешімімен: а) 1920 жылғы 1 қыркүйектегі №354 Қырғыз (Қазақ) автономиясы туралы Жарлықтың негізінде КССР құрамына кіретін Маңғыстау уезінің аумағы және Закаспий облысы Красноводск уезінің 4 және 5 Адай болыстары Адай уезіне біріктіріліп, Ревком құрылды. Адай уезі Революциялық комитет құрамы 5 адамнан: 1. Т.Әлниязұлы, 2. Жұбаев, 3. Жаналиев, 4. Холодков және жеті күн ішінде бесінші орынға үміткерге қол қойылды. 

1920 жылы 25 қазанда Қазақ Орталық Атқару Комитеті ОАК мәжілісінің қаулысымен Маңғышлақ уезінің аты Адай уезі болып өзгертілді.

Форт-Александр қаласындағы уездік революциялық комитеттің Т.Әлниязұлын төраға ретінде мойындап, бүкіл өлкеге қатысты мәселені Тобаниязбен шешу керектігін ресми таныған дерек 1920 жылы 8 желтоқсанда №1 протоколмен құжатталған халық өкілдерінің және Адай уезі ревкомының мүшесі П.Холодковтың қатысуымен өткен жиналыста жарияланды.

Тобаниязбен бірге Адай уездік ревкомының мүшелері 1921 жылдың 31 қаңтарынан бастап Форт-Александровскіге келіп, жұмысын бастады. Уревком мен оның бөлімдерінің қызметі жанданып, жұмыс бүкіл уезді қамтыды.

- Өткен ғасырлардағы тарихи оқиғаларға қатысты әрине, орыс, қытай т.б. архив деректеріне сүйенетініміз заңдылық. Архив дерегіне сенеміз деумен қатар, ондағы баяндауларға сын көзбен қарауға құқымыз бар ғой? 

- Әрине, олай деуге болады. Архивте жиналған құжат өте көп. Оның ішінде сіздің зерттеп отырған тақырыбыңызға қатысты маңызды деректі таңдай білуіңіз қажет. Зерттеп отырған тақырыбыңызға қатысты ресми деректерді бірінші табамыз, екінші оларды саралаймыз, үшінші жүйелейміз, төртінші талдаймыз.  Яғни сол ғасырда, жылда өткен оқиға мен ресми хаттарға, циркулярлық жазбаларға көңіл бөліп, не болды, қалай болды деген сияқты фактологиясына мән береміз. Мысалы, төңкеріске дейін Маңғыстау түркімендері мен адайлар арасына Хиуадан келіп шапқыншылық жасады дейді. Бізге сол шапқыншылық қай жылы жасалды деген фактологияны анықтау маңызды. Архив құжаттарына біржақты қарауға болмайды. Сыни тұрғыда қарау керек. Тарихшы ретінде бізге ондағы идеологияны емес, фактісі қажет. Маңғыстауда қандай саяси-әлеуметтік қозғалыс болғаны, ұлттар арасында не әрекеттер болғаны сияқты баяндаулардан өзге қолға ұстар дерек болмаса, сол жазбаларға сүйенбегенде не істейміз? Ол кезде біз отар елміз.. Билеушілер жазғысы келді ме жоқ па, олар өз елінің тарихымен бірге бізді жазып отырды.

Қазақстандағы кеңестендіру, оның ішінде Маңғыстаудағы жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыру және ұжымдастыру саясатын жүргізудегі жеке тұлғаның орны және өкімет міндеттеген бағдарламаның сылбыр орындалуы мен оның сәтсіздікке ұшырауын тағы да аймақтағы нақты бір тұлғаға таңу арқылы сол оқиғаны баяндауға ұмтылған тарихи еңбектер XX ғасырдың 60 - 70 жылдардың басында жазылды. 

Кеңес кезеңіндегі тарихнамада Т.Әлниязұлын біржақты «халық жауы» тұрғысынан қарастырған.

1980 жылдардың соңы 1990 жылдардың басындағы саяси-қоғамдық жағдайдың өзгеруі идеологиялық құрсауды бұзып, зерттеушілерге тарихи процестер мен құбылыстарды түсіндіруде тарихи деректермен еркін жұмыс жасауына жол ашты.

Қоғамда өткенді сыни тұрғыдан қайта қарауға деген тұрақты ұмтылыс, бұрыңғы идеологиялық саясаттан тыс, шынайы ақиқат пен жасампаздыққа негізделген тарихтың қалыптасуына әкелді.

Осы кезеңде зерттеушілердің назарын аударып, ғылыми айналымға енгізіліп, белсенді талқыланған сұрақтар қатарында 1920-30 жж. саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткерлері, жеке тұлғалар болды.

90-жылдардың бас кезінде алғаш рет мемлекеттік деңгейде қуғын-сүргінге ұшырағандарға және ұжымдастыру мен жаппай террор кезеңінде зардап шеккендерге қатысты зерттеулер жүргізу және әділетті қалпына келтіру мәселесі күн тәртібіне қойылды.

1991 жылы қарашада құрылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі арнаулы комиссиясының қызметінің нәтижесінде бұрын архивтерде құпия жатқан құжаттар көтерілді, олардың ішінде ОГПУ-НКВД архивтері, БК (б) ОК және Қазақстан К(б) П ОК-нің «Ерекше папкаларда» сақталған материалдары да бар. 20-30 жылдары кеңестік азаматтарды аса ауқымды түрде саяси қуғындау мен ізіне түсу әрекеттерін жүргізуге негіз болған партиялық және мемлекеттік органдардың заңды бұрмалаушылық актілері мен қаулыларына баға берілді. Комиссия жұмысының қорытындыларын Жоғарғы Кеңес қуаттады, комиссия қорытындысы 1992 жылдың 21 және 22 желтоқсанында республикалық баспасөз беттерінде жарияланды.

Кейінірек, комиссия жұмысының материалдары негізінде «1931-1933 жылдардағы Қазақстанда болған күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық» деп аталатын құжатты жинақ жарық көрді.

- Тобанияз Әлниязұлы – өмір жолы, қызмет кезеңдері біршама зерттелген тарихи тұлға дегенімізбен, қалтарыс қалған жайлар бар болар?

- Бұл турасында назарға алынар тұстар аз емес. Тобанияз Форт-Александровскіде қашан болды? Онда не істеді? Кеңес үкіметі қалай орнап жатыр? Ел ішіндегі ауыр жағдайға қалай араласты? Аудандарға қалай бөлді? Сол кезеңде территорияны қалай анықтады? Жалпы Адай уезіндегі  революциялық комитет қандай мәселелермен айналысты.  Оның құрамына кімдер кірді? Ашаршылық мәселесі қалай шешілді? Қырдағы қазақтармен байланыс қалай орнады т.б. 

- Өткен дәуірлер мен ондағы тұлғалар, оқиғаларды ұлт санасында жаңғыртуда тарихшылардан гөрі әдебиетшілер алда жүретін сияқты. Кешегі Ілияс Есенберлиннен бастап көптеген жазушыларымыз тарихи романдар жазып ұсынды. Өз туындыларын жазу үшін олар да мұрағат ақтарды ғой. Тарихи сананы қалыптастыруда әдебиетшілер басымдыққа ие дегенге келісесіз бе?

- Келісуге болады, әрине. Бізде, Маңғыстау тарихына қатысты әдеби туындылар жазылған. Әбіш Кекілбаевтың қаншама туындылары бар. Қазан төңкерісінен кейінгі Адай уезіндегі репрессия, саяси-экономикалық жағдай мәселесін тәуелсіздік жылдарында  ең алғаш көтерген – тарихшылар емес, журналистер болды. Бұлар – Әбілқайыр Спан, Жанат Нұрмаханова қатарлы саңлақ журналистер тобы еді. Олар үлкен ізденістер жасады, өз жарияланымдарында архив деректерін барынша сөйлетуге тырысты. Дегенмен мынаны ескергеніміз жөн: әдебиетші мен тарихшының арасында жазу стилінде ғана емес, қоғаммен байланыстыруда өте үлкен айырмашылықтар бар. Жазушыларда мықты әдеби тіл мен ұшқыр фантазия бар ғой. Ал бізде, тарихшыда дерек жоқ болса, ештеңе жоқ, түсінесіз бе! Жазушылар шынайы түрде болмаған нәрселерді ой-қиялмен мүмкін жағдай етіп байланыстыра алады. 

- Белгілі бір оқиғаларға қатысты тарихи жырлар мен толғаулар бар. Оларда да нақты оқиғаның жұқанасы бар ғой. Осыған сүйенесіздер ме?

Жазба деректермен жұмыс жасаймын. Маңғыстау тарихына қатысты ресми деректерді жинап, жүйелеп, талдап, сол кезеңдегі оқиғамен байланысты баяндаймын. Болды. Кәсіби тарихшы ретінде менің міндетім – сол ғана. Халық ауыз әдебиетінде, ақын-жырауларымыздың шығармашылығында Маңғыстаудың тарихы, ондағы белгілі тұлғалардың өмірі мен іс-қызметі өте әдемі жырланған. Біз оны архив деректерімен салыстырамыз, назарға аламыз.

- Кәсіби тарихшы екіұшты ақпараттарға емес, нақты бұлтартпас деректерге сүйенетіндігі туралы жоғарыда жақсы айтып өттіңіз. Зерттеуін күтіп жатқан мәселелер де баршылық болар. Маңғыстау өңіріне қатысты әлі де болса зерттеуді, толықтыруды қажет ететін тұлғалар бар ма? 

- Бұл сұраққа қатысты айтарым: өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына қатысты кейбір жеке тұлғаларға мән берсе екен деймін. Мысалы, Жалау Мыңбаевтың өмірі мен қызмет жолына жайында диссертациялық еңбек жазылды. Дегенмен мұнда Маңғыстау облыстық архивінен Жалау Мыңбаевқа қатысты деректер толық қамтылмаған. Яғни бұл тұлға өмірінің маңғыстаулық кезеңі енбеген. Қызылордада қызмет еткен жылдары мемлекеттік орталық архив деректері негізінде жақсы қамтылған. Жалпы жергілікті архив деректері негізінде  Жалау Мыңбаев тұлғасына қатысты әлі де зерттеу жұмысын жүргізу қажет. 

Сол сияқты танымал партия, совет қайраткері Байбоз Қилыбаевтың (1897-1988) өмір жолы қызықтырады. Қилы өмір соқпақтарынан өткен бұл кісі кезінде «халық жауы» ретінде сотталып, бірнеше жыл түрмеде отырған. Маңғыстаулық көрнекті тұлға Алшын Меңдалиевтің (1895-1979) өмір жолында да қарастыруды қажет ететін тұстары бар. Сол сияқты Тобаниязбен кеткен жетпіс адамның әрқайсысының жеке-жеке қарастырып шығаруға болады. Сонымен қатар отызыншы жылдардағы Адай көтерілісіне қатысты еңбек шықты дегенімізбен, бұл тақырыпты да қайтадан кеңейтіп қараса деп ойлаймын. 

- Әрине, уақыт озған сайын кез келген оқиғаға, тұлғаға баға беру деңгейі де өзгереді. Тарихтың сынағы десек те болатын шығар. Кейбір мұрағат материалдары өзінің құпиялылығын жоюы да бұған әсер ететіні белгілі. Осы тұрғыда тарихшылардың алдында тұрған мәселелер бар ма?

- Бір тақырыптың ашылуы әр дәуірде әрқалай болуы заңдылық. Мәселе жоқ деуге болмайды. Архивтердің құпиялылығын сақтау деген бар. Сондықтан ізденіс барысында кейір дүниелерді қазір де жаза алмаймыз, Құпиялылықта тұр. Себебі, жарияламауға қол қоямыз ғой. Осы репрессияға қатысты менен басқа да қаншама адам архивке кіріп отыр ғой. Оқуға ғана қол қойғандықтан, тақырып ауқымында қарастырып зерттегенімізбен, әзірге жариялай алмаймыз. Мысалы, Тобанияздың өзінде құпия архивтің ауқымында жеке ісінің өзі он бес том материал болып жиналған. Өзге тұлғаларға да қатысты осылай. Бұл материалдарды жарияласаңыз, сол құрбан болған, жазықсыз сотталған жандарға қарсы жұмыс жасаған кісілер туралы ақпараттар шығып кетеді. Ал олардың ұрпақтары арамызда жүргендіктен, ортада жанжал туып кетеді, түсінесіз бе? Отызыншы жылдарға қатысты жеке тұлғаларды шығаруға болады. Бұл мәселелерге қатысты қаншама қат-қабат архив көтерілді.

- Бұл – жалпы отандық тарихшыларға ортақ мәселесі ғой? Қазіргі азаттық дәуір ауқымында мұны жұмсартуға, шешуге болмас па?

- Қазақстан тарихшыларының ортақ мәселесін айтып отырмын ғой. Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы шығуы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен әлі де ілгерілеушілік қажет. Осы жөнінде өткенде парламент мүшелері келген кезде бір баяндамамда жоғарыдағы құпиялылық мәселесіне, материалдарды жариялауға байланысты неге өзгеріс енгізбейміз деген сұрақты көтерген болатынмын.

Қазақстанда отыз үшінші жылдардан бастап отыз сегізінші жылға дейін атылған, репрессияға ұшыраған адамдарға қатысты ақпараттардың қолжетімділік мәселесі – еліміздегі мыңдаған адам үшін өзекті. Мысалға өзімді алайыншы. Менің арғы атам Төлепұлы Сейтмағанбет жазықсыз жазаға ұшырап, 1938 жылы атылған. Бір үйден үш ағайынды Төлептің үш баласы Сейтмағанбет, Қалмағанбет, Жәлек жазықсыз саясат құрбандары болып, ату жазасына ұшырады.  Бір ауылдан елу төрт адам кеткен. Міне сол атамның сүйегінің қайда жатқанын неше жыл болды, іздеп жүрсем де, нақты жауабын таба алмай келемін. Негізі кеңес үкіметінде статистика мұқият нақты жүргізілді ғой. Қайда жатқандары белгілі болуы тиіс, бірақ қаншама сұраныс хаты жазылса да берде-бір ұйым маған нақты жауап берген жоқ. Жалпы олардың қай күні атылғаны туралы анықтама жазылған. Сондықтан да олардың қайда жатқаны белгілі деуге болады. 

    Мыңдаған адам репрессияға ұшырады, олардың қайда жатқанын ешкім білмейді. Осы ақпараттарды ашатын уақыт жеткен болар. Әлдебір дүрлігу пайда болуы мүмкін деген сақтық бар ма, білеймін. Тобаниязға қатысты да солай. «Алматыда атылған» дейді. Бірақ Алматының қай жерінде жерленген? Ол туралы нақты мәлімет жоқ. Мен қарапайым ғана атамды іздеп жүрмін. Қазақтың қаншама зиялыларының сүйегі туралы мәлімет берілмей отыр ғой. Сондықтан да бұл – басы ашық мәселе болуы тиіс. 

- Қазақ қаланы игеріп жатыр дейміз. Әр қаланың өз тарихы, оның ішінде қазақтану тарихы бар. Қазіргі Ақтау немесе бұрынғы Шевченко қаласының тарихы 1961 жылдан басталды ғой. Қаланы салуға қазақтардың үлесі т.б. мәселе қарастырылып, зерттелген бе? 

- Иә, бұл мәселе зерттелген деуге болады. Кузутбаева Бағила Құмарбекқызының «Ақтау қаласының тарихы» деген кандидаттық диссертациясы бар. Бұл ғылыми еңбекте көп дүниелер қамтылған. Жергілікті архив арқылы жақсы шыққан жұмыс. Алпысыншы жылдардан бастап еуропалық ұлттар алғаш қоныстанып сала бастаған кезеңде, әрине Маңғыстау қазақтары да атсалысты. Дегенмен кеңестік кезеңде Ақтау қаласының механикалық өсімінде еуропалық ұлттарға қарағанда қазақтардың азшылықты құрағанын көреміз. Уақыт өте қазақтардың үлесі біртіндеп келгенде ұлғая берген. 

Кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығына керемет мән берілді ғой. Ол заманда ауыл шаруашылығының дамуы қарқынды болды, адамдар ауылда бақуатты тіршілік етті. Ауылдарда түйе шаруашылығы, өзге мал шаруашылықтары да жақсы дамыды. Сондықтан да ауылдан қалаға үдере көшу соншалықты өзекті болған жоқ.

Қазіргі қалалардың қазақтар есебінен механикалық өсуі кеңес үкіметі тараған соң, еліміздегі ауылшаруашылығының тоқырауы, мал шаруашылығының бұрынғы дамудан жаңылуы салдарынан, жер мен мал-мүліктің жеке кәсіпкерлікке өтуінен, ауылда жұмыссыздықтың артуынан болды. 

Ақтау қаласындағы белсенді урбанизация, тәуелсіздік алғаннан кейін көршілес республикалардан қазақтардың белсенді қоныс аударуымен байланысты. Олар кезінде 20-30 жылдары ашаршылық, репрессия кезінде сыртқа көшкен қазақтардың ұрпақтары. 

- Каспий теңізі мен Үстірттің шыңырау құдықтарының тереңіндей тұңғиықта жатқан тарихы бар киелі Маңғыстау өңірінің бағзыдан кешегісі туралы кеңінен тарқата отырып берген сұхбатыңыз үшін рақмет! Ізденіс, зерттеу жолында әлі де ашылуын күтіп жатқан мәселелер, жақын арада түйінін жасап ғылыми айналымға енгізу үшін жариялайтын тұжырымдар болатыны да сөзсіз. Осы жолдағы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз. 

Асылбек Байтанұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?