Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шора» журналы және қазақтың он ақыны

2196
«Шора» журналы және қазақтың он ақыны - e-history.kz

«Шора» журналының 1912 жылғы бесінші санында қазақтың сол кезге дейінгі танымалы ақындарын татар жұртшылығына таныстыру мақсатында бір мақала жарияланған.

Қазақ ақындары жайлы жазылған сол мақаланың аты «Шайырлар хақында жауап» деп аталады. Авторы: «Түрік оғлы» деп көрсетілген. «Шайырлар хақында жауап» атты мақалада сөз иесі қазақтың   он ақынын о дүниелік болған қазақ ақындары мен көзі тірі ақындары деп екі топқа бөліп береді. Сол кезге дейін ғұмыр кешіп, дәм-тұзы таусылған ақындардан Шал ақын, Жаманқұл, Мінжан, Ұлбике, Күнікей қатарлы ақындарды атап өтеді. 

Мақалада аталған қазақ ақындары туралы осыған дейін біз желісін үзбей үш мақала жазғанбыз. Мақаламыз «Қазақстан тарихы» сайтында жарияланып отырды. 

Оқи отырыңыз: Татарлар өткен ғасыр басында Шал ақынды жақсы таныған

Осыдан 112 жыл бұрын туыстас татар жұртының басылымы айрықша назарда ұстаған ақындар туралы кеңірек тоқталып, кейбірі бүгінгі таңда ұмыт бола бастаған тұлғалардың кім болғаны туралы ой өрбітуіміздің мәні бар. Себебі, қазақ ресми баспасөзі енді қалыптаса бастаған сол кезеңде ақпарат-баспасөзі біршама алға ілгерілеп үлгірген татарлардың біздің елдегі бұрын-соңды дәурен сүрген әдебиет өкілдерін оқырмандарға таныстыруға талпыныс жасауының өзі кімді болсын ойландырады. 

Оқи отырыңыз: Қазан татарларын таң қалдырған кітапты жазған Жаманқұл ақын кім?

Сонымен «Түрік оғлы» жазған «Шайырлар хақында жауап» атты мақалада аталған, сол кезеңге дейін жарық ғұмырдан аттанған бес ақын туралы бұған дейінгі жазбаларымызда айтылды. Енді бүркеншік есіммен мақала жазушы автор атап өткен сол тұста көзі тірі қазақтың бес ақынына келейік.

«Түрік оғлы» қазақта сол тұста танымалы болған бес ақыны деп Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Сәдуақас Шормановты, Ахмет Байтұрсынұлын, Ақанды және Міржақып Дулатұлын атайды. 

Саламаттардан (көзі тірілерінен) 

1) Мәшһүр Жүсіп Көпеев; 2) Сәдуақас Шорманов; 3) Ахмет Байтұрсынов. Мұның «Қырық мысал» һәм «Маса» атты кітаптары ерекше тартымды; 4) Ақан. Арғын-атығай; 5) Міржақып Дулатов. 

(«Шора», 1912 жыл, №5, 146 бет)

Осы таныстырудан кейін Шормановтың өлеңі деп төмендегі бір шумақ өлеңді келтіреді:

Достан дос көңілі тоймас хақтық болса, 

Ханзада, қарадан хан заттық болса...

Бұл күнде шын достардың қадірі жоқ, 

Арзан дос теңге алар саттық болса. 

Татар жазарманы, міне, осылайша қазақтың он ақынын атап өтеді. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал» атты екі кітабын ерекше тартымды (ғайт ләззатлы) деп атай кетуі – онан 4 жыл бұрын (1909) шыққан екі кітабының татар оқырмандарын тарта білген құнды еңбек болғанынан дерек береді. Ахмет Байтұрсынұлы туралы жақсы пікірлер тек бұл емес. Көрші туысымыз татарлардың «Уақыт», «Шора» және «Жұлдыз» басылымдары да Ахмет Байтұрсынұлы мен қазақтың өзге де көшбасшы тұлғалары туралы өз деңгейінде жазбалар жариялап отырған. 

Оқи отырыңыз: Татар баспасөзінде аталған қазақтың ақын арулары 

«Шора» журналының сол жылғы №21 санында Хасенғали атты автордың «Қазақша сөз жазушылар диқатына» атты көлемді мақаласы жарияланған. Мақалада автор қазақ емлесінің сол кезеңдегі мұсылмандар ортақ түрік жазуының ережесін сақтамағаны туралы кейіс білдіреді. Абайдың, А. Байтұрсынұлының, М. Дулатұлының кітаптарын және «Топжарған», «Өрнек» қатарлы жинақтарды оқығанын, ондағы рухты жырларға тәнті болғанын айта кетеді. Дегенмен, ол мақаласында қазақтың ұлттық жазуын жасаған Ахметтің ұлылығын жете бағалай алмайды. 

Кейін «Шора» журналында А. Байтұрсынұлының ««Қазақша сөз жазушылар диқатына» жауап» атты мақаласы жарияланған. Онда А. Байтұрсынұлы мұсылман түріктерге ортақ қадім жазуынан келген қолайсыздықты, таза түрік тілін сақтап қалу үшін тілді емлеге емес, емлені тілге икемдеудің маңызын дәлелдеп көрсетеді. Міне, осылайша А. Байтұрсынұлы өзінің поэзиялық қуатымен де, ғылыми пайымымен де татар оқырмандарын мойындатқан еді. 

«Түрік оғлы» атап отырған көзі тірі бес ақынның бәрі – бүгінгі қазаққа жат емес, тарихи ұлы есімдер. Солардың бірі – Сәдуақас Шорманов. Қазақ тарихындағы белгілі тұлға Мұса Шорманұлының баласы. Сәдуақас  Шорманов ақындығымен қатар фольклорлық мұраларды жинаумен де танымал болған. А. Байтұрсынұлы еңбектерінде «Шорман жиғанынан» деп сілтеме беріп отыратын қалам иесі осы – С. Шорманов еді. 

С. Шормановтың өзі сол кездегі түрлі басылым беттерінде ұшан-теңіз жазбалар жариялағанымен, өзінің тұңғыш кітабы «Аушыдан» (1907) басқа жинақтары басылмаған деп келтіреді деректер. Қалай деген күнде де қазақтың сол тұстағы көзі тірі бес ақынын атап отырған мақала иесі С. Шормановтың өлеңдерімен де таныс болса керек. Мақала авторы келтірген С. Шормановтың бір шумағы ақынның «Аушы» жинағында немесе әлдебір басқа басылымда жарияланған өлеңінен алынды ма, оны әдебиетші ғалыдар анықтай түседі деп ойлаймыз. 

«Қазақ ақындары» туралы мақала жазып отырған автор М. Жүсіп Көпейұлы мен М. Дулатұлы туралы арнайы тоқталмайды. Тек Ақан серінің руын атап өте шығады. 

Бір қызығы, татар жазарманы екшеген он ақынның ішінде қазақтың хакім Абайы жоқ. Бұл кезде Абайдың да кітабы шыққалы 4 жыл болған. Қазақ, татар жұртын ойландырған Абай кітабын «Түрік оғлы» оқып үлгірмесе керек. Бірақ татардың тағы бір жазарманы Хасенғалидің «Абайды» және өзге Алаш ақындардың рухты жырларынан қуат алғаны туралы жоғарыда айттық. 

«Түрік оғлы» қазақтың он ақынын таныстырып болып, қорытынды сөзінде қазақта ақын көп екенін, әйел ақындарды қоса есептесе жүздеген мықты ақынды, жай өлеңшілерді қосқанда мыңдаған ақынды тізіп бере алатынын айтады. Бірақ қазақ ақындары туралы талап етіп отырған оқырмандар «Қазақтың он ақынын атаңызшы» деген соң, мен де тек он ақынды таныстырумен шектелдім деп, сөзінің  басын кішіпейілдікпен бастаған автор мақаласының соңын да ілтипатты лебізбен аяқтайды. 

Осыдан 112 жыл бұрын татарлардың ең сүйікті журналына айналған «Шорада» ғазиз есімдері аталған он ақын туралы желілес төрт мақала жазып, тарихын түгендей бастаған қазақ оқырмандарының алдына салып отырмыз. Аталған он ірі тұлға тегіннен тегін татар жұртының назарын аударып отырған жоқ. Әсіресе Шал ақынмен замандас жасаған Жаманқұл (күрлеуіт), Мыңжан, Күнікей секілді ақындардың кім болғанын зерделеу бүгінгі ұрпақтың еншісінде.  

 Әділет Ахметұлы 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?