Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балуан Шолақтың қайраткерлігі экрандалды

2037
Балуан Шолақтың қайраткерлігі экрандалды - e-history.kz
«Kinopark 8 Imax Saryarka» кинотеатрында «Балуан Шолақ» атты көркем фильмнің БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі өтті

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолента ел жанашыры, палуан әрі әнші-композиторы Балуан Шолаққа арналған.

Нұрмағанбет Баймұрзаұлы  1864 жылы қазіргі Ақмола облысының Еңбекшілдер ауылында дүниеге келген. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде өтіп, атығай, қарауыл руларының арасында өскен. Жауырыны жерге тимей өткен палуан, қазақтың халық композиторы атанады. Ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз.

Жастайынан бастап күрес өнеріне қызығып, ат үстінде түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындай білген. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды.

Фильмнің желісі бойынша бала күнінде қасқырмен алысқан Нұрмағанбеттің саусағы қалай шолақ болып қалғаны, Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830 келідей) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырғаны, 1899 жылы орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғаны жайлы  динамикаға толы көріністер бейнеленген.

Тұсаукесердің алғашқы сөзін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алды.

– Құрметті өнерсүйер қауым! Бүгін бәріміз үшін тарихи күн десем де болады. Неге десеңіздер, қазақ халқының мақтанышы Балуан Шолақ туралы көркем фильмді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл фильм сценарийінің авторы – жазушы, драматург Дулат Исабеков ағамыз. Сонымен бірге фильмнің авторының идеясының бас продюссері Сәбит Әбдіхалыққа алғысымызды білдіреміз. Режиссер Нұргелді Садығұлов пен басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыровқа да көптің алғысы мол.

Өздеріңіз білетіндей, елімізде бірнеше тарихи фильмдер шығып жатыр. Жақында ғана өздеріңіз «Алтын тақ» фильмін тамашаладыңыздар. Сол секілді «Әміре» фильмі Голливудта ең үздік шетелдік фильм номинациясын жеңіп алды. Көптеген ірі-ірі туындылар шығуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында осы шаруалардың атқарылып жатқанын ерекше атап өткім келеді

Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Балуан Шолақ» фильмінің сценарий авторы болған Дулат Исабеков ағамыз ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысын айтып, «Балуан Шолақ» пьеса түріндегі нұсқасы да біршама көптің көңілінен шыққанын айта, жақсы туынды болатынын айтты.

Төрт залда бірдей көрсетілген туындыны көруге халық толы. Залда ине шаншыр орын болмағанына қарағанда жақсы рейтингті фильмге айналарына үміт бар. Режиссер Нұргелді Садығұлов Балуан Шолақ өмірінің келімсектерді көшіру кезіндегі жер үшін күрес кезеңі суреттелетінін атап өткен еді. Ендеше, Балуан бабаның күрескерлігіне басымдық берілген фильм кинозалға біршама қауымды тартары сөзсіз.

Фильмнің режиссері Нұргелді Садығұловты «Qazaqstan tarihy» порталының тілшісі сөзге тартты:

– Бұл туынды – Балуан Шолақ бабамыз туралы тұңғыш толық метражды  көркемдік фильм. Алдағы уақытта, көп жерде айтылмай келе жатқан, осы Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал – Сабыр Рахимов. Сол кісі фильмді бастау жоспарда бар. Бүгін тұсаукесер жақсы өтіп, көрерменнің көңілінен жақсы шығып жатса, алдағы уақытта да елімізге белгілі тарихи тұлғалар туралы фильм түсіруді жалғастырамыз.

«Балуан шолақ» фильмін біз екі жыл түсірдік және монтаждау күрделі болды. Себебі, біз тарихи кино да  монтаждаудың жаңа түрлерін қолдандық. Ал басты рөлді яғни, «Балуан Шолақты» сомдауға біз Қазақстан бойынша жалпы кастинг жарияладық. Кастинг ұзақ уақыта созылды. Себебі, келген актерлер дене бітімі келсе, түр жағынан келіспеді. «Қазақстан барысы» болған жігіттерді түсірсек деген ой да болған. Өкінішке орай, актерлік шеберлік жетіспеді. Соңғы шешімімізді Еркебұлан Дайыровқа тоқтаттық. Еркебұланға алғысымды білдіргім келеді. Бір айдың ішінде 10 келі салмақ қосып, күрес өнерін жақсы меңгерді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы  «Серпер» жастар сыйлығының иегері, актер Еркебұлан Дайыровтың айтуы бойынша 2010 бері Дулат Исабековтың «Жаужүрек» пьесасы бойынша Мұхтар Әуезов театрының сахнасында «Балуан Шолақ» туралы қойылым көрсетіліп келе жатқанын айтып, сол себепті бұл образды сомдауды ойнау қиын болмағанын айтты.

– Бұл образды сомдау да қатты қинаоған жоқпын. Пьесаны оқып, қойылымдарда көрсетіп жүргеннен кейін, рухани жағынан қиын болған жоқ. Ең қиын болғаны сыртқы пошымы. Ол кісі жалпақтау болғандықтан, сол жағынан біраз тер төгу керек болды. Елдің қамын ойлаған тұлғаны толық ашуға тырыстым. Әрине бабамыздың толық өмірін 2 сағатқа сыйдыру мүмкін емес, сондықтан қазіргі таңда жастарға жетіспей жүрген «Отансүйгіштік» болғандықтан, біз тұлғаның сол жағынан көп көрсетуге тырыстық. Бұл кісінің барлық істеген істері, даралағы мен даналығы әрқайсымызға үлкен мотивация болады.

Естеріңізге сала кетейік, фильмнің түсірілім жұмыстары  Алатаудың баурайында – Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында өткен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?