Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өмірден кім өткенін білесіз бе?

1115
Өмірден кім өткенін білесіз бе? - e-history.kz
Түркітану және моңғолтанудың көрнекті өкілі, Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, шежіреші Ислам Қабышұлы 78 жасында өмірден озды

Ислам Қабышұлы 1940 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Ағамыз өмір жолын таныстырған бір сұхбатында:  «Ұлы Отан соғысы тұсында туған үш ағайындының ортаншысымын. Сегіз жасар әпкем Рәбиғаның орнына алты жасар мені мектепке апарса оқып кетіппін. Сол кезде үздік оқитын балаларды класс аттатып оқытады екен. Ауылдағы үш жылдықты төрт жылда тамамдап, 5-кластан аймақ орталығының №1 он жылдық мектебінде оқыдым»,-деген.

Әдебиеткке құмартып өскен, түрколог, тарихшы Ислам Қабышұлының ғылым жолына келуіне өзінің дипломдық жұмысы үлкен әсер еткен.  Жастай кітап оқуға құмар болып, тарихи жырларды оқып өскен ағамыз әдеби шығармаларды бала кезден газет-журнал бетіне жариялаған. Он екі жасында жергілікті аймақтық «Өркендеу» газетіне алғашқы өлеңі жарық көрсе, 16 жасында тұңғыш деректі әңгімесі Моңғолдың «Цог» деген журналына басылған. Ары қарай оқудан табан алмаған ағамыз ел астанасы Ұланбатор қаласындағы Уланбатор университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Дипломдық жұмыс тақырыбы – «Құпия шежіренің құпия сырларынан» деп аталады. Сол жылы жұмысын университет ғалымдары жоғары бағалап, кандидаттыққа татитын еңбек дейді. Ғылыммен айналысуға кеңес береді.

Оқу бітіріп Моңғол Ғылым Академиясының Тіл әдебиет институтына жолдама берілгелі тұрғанда, Моңғолияның сол кездегі билеуші партиясы Орталық Комитетінің Хатшылар кеңесіне шақырылып, «Үнэн» (Ақиқат) газетіне қызметке тағайындалады. Газет партия мен үкіметтің органы. Сол уақытта ағамыздың ұстазы, академик Рэнцэн Бямбаев: «Талантың бағаланыпты. Институттың директоры болмасаң, қандай ғалым болсаң да Университет дәлізінде ешкім танымайды. Ал «Үнэнге» Моңғолдардың мықты жазушы, журналистерінің марқасқасы ғана әзер қол жеткізеді. Сендей қазақ жігітінің өсуіне бұл таптырмайтын жол. Аспирантураға түсуіңе де оңтайлы шешім»,-деп батасын берген. Ол уақытта кадр мәселесін қатал сұрыптайтын тұста Ислам Қабышұлы үкіметтің көзі һәм құлағы болып отырған орталық газетте қызметке қабылданады.

Әлкей Марғұлан бата берген...

1973 жылы Әлкей Марғұлан атамыз Моңғолияға келген сапарында Тоныкөк ескерткішіне барып тағзым жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ жұмыстарының қауырттығына байланысты Күлтегін Білге қаған ескерткіштеріне бара алмайды. Және де сол уақыттағы қазақ аймағы Бай-Өлкені де көре алмай кетеді. Дегенмен Моңғолия жеріндегі аз ғана қазақтың баласы, өзімес сапарлас жүрген жас ғалым, журналист Ислам Қабышұлына ақ батасын беріп, түркітануда қызмет қылуды бұйырады.

«Шыңғысхан қанжармен семсер ұстап қазақ даласының құланын атып, киігін аулап әртүрлі әфсәна қалтырып тарихқа із тастаса, қазақ ұланы сен қолыңа қалам алып  сол елдің сөзін сөйлеп, сенімін ақтап тарихымыздың бір пұшпағын илеуді көздепсің. Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихан бұл өлкеге келуді қанша армандаса да Қашқармен Тұрфаннан ары бара алмай қыршын жастай өмірден ерте кетті. Мен білетін қазақта сенен басқа шет елде жүрсе де тарихымызды таразылап өз ғұмырын арнаған зерделі жан көрмедім. Алған бетіңнен қайтпа, қиындықпен қыспақтан қорықпа»,-дейді академик Ә.Марғұлан.

Ғұлама Әлекеннің сұңғылалы ойы Ислам ағамыздың ғылым жолындағы қадамына сәт-сапар болып, түркітану жолындағы ізденісін арттыра түсті. Мәскеуден аспиратура бітіріп ғылым кандидатын қорғаған соң, Моңғолия ғылым Академиясының «Қазақ-Түркі Зерттеу Орталығының» іргетасын қалады. Түркітану ғылымы жолында зерделі еңбектер жазып ғана қойған жоқ. Тұңғыш рет Моңғолиядағы түркі ескерткіштеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жол салу мәселелерінде бастама көтерді. Түркия үкіметінің Сыртқы Істер министрлігіне қарасты «Тика» ұйымы арқылы Орхон ескерткіштер кесенесін қалпына келтіруге қаражат мәселесін шешті.

Сондай-ақ ғалым өз еңбектері арқылы әлемге таныс 6 жазу сызу әліпбиіне талдау жасай отырып, 1400 жылдың алдында Тұрандықтардың өз әліпбиі болғанын дәлелдейді. Ол жазу-сызуды Орхон жазуларымен байланыстырады. Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріндегі тасқа жазылған бітік жазудың қыр-сырына тоқталады. Орхон ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның қолдауымен ғылыми айналысқа енгізуге атсалысады. 1997 жылы Күлтегіннің ескерткішін Жапонияның Осака қаласында сканермен қалыпқа келтіріп, оның көшірмесін Қазақстан үкіметі оның ақиесі болушы Астананың төріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне апарып қойдыруына түрткі болады. Осылайша академик Әлкей Марғұланның айтқан аманатына адалдық танытып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосады.  

Ислам Қабышұлы  - «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақ тіліне аударып, оны түркі шежірелерімен салыстыра отырып 50 жыл бойы зерттеген. «Қазақ қауымы», «Моңғолия қазақтарының тарихы», «Керейлер керуені» тарихи зерттеулері, «Ұрпағың үзілмесін» роман-трилогиясының және көптеген  әдеби еңбектердің авторы.

Ислам ағамыз түркітектес 230 миллион халықтың соңғы 2200 жылдағы тарихын саралап, «Тұран әлемі» атты еңбек жазған. Осы еңбегі үшін оған «Әлем тарихшысы» атағы берілген және оның «Моңғолия ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағын берген.  

Ислам Қабышұлының Түркітану мен отан тарихы жайында жазылған зерттеу еңбектері мен кітаптарына қысқаша тоқталып өтсек. Тарихи-танымдық кітаптарының мазмұнын таныстырсақ.

«Тұран әлемі» тарихи зерттеу кітабы.

Түркология мен Моңғолтануды ұштастыра зерттеген ғалым Ислам Қабышұлының ұзақ жылдар еңбектенген «Тұран әлемі» атты кітабы Орта Азия халықтарының тарихынан сыр шерткен кітабы. Бұл еңбек Орта Азияны мекендеген тәуелсіз жеті мемлекеттің түркі тектес отыздай ұлыс пен ұлттардың тарихынан тұңғыш рет тарихи дерек ұсынғандығымен құнды.

«Тұран әлемі. Түркі-маңғол халықтарының тарихы», Алматы, «Санат» баспасы – 2007 жыл.

Бұл  кітапта моңғол, қытай деректері бойынша жазылған, бұрын бұрмаланып келген деректерді жаңаша тұжырымда ашып көрсетуімен ерекшеленеді.  Кітаптан түрік тілді Тұран халықтарының тарихи жәдігерлерімен, сақтар мен скифтер, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, қидандар, Найман мемлекеті, Керей мемлекеті, әзірбайжандар, түркімендер, өзбектер, қырғыздар, түркі-моңғол аралығындағы ру, ұлыстар тарихымен таныс боласыздар.

Кітап алты бөлімнен тұрады. Ерте заман дәуірі, көк түріктер тарихының көк жиегі, тұрандықтардың өсіп өнген ата-жұрты, тәуелсіз түркі мемлекеттері, түркі-моңғол халықтарының төркіні бір кім?, түркі-моңғол аралығындағы ру-ұлыстар.

Зерттеу еңбек түркі тектес Тұран халықтарының тарихын толыққанды баяндап, тарихи құжаттарға сүйеніп, нақтылы, фактілі деректерді қамтиды. Кітаптың соңғы бөлімінде түркітанудың моңғолтану, шығыстану ғылымында алатын орны жайында ой қозғайды. Сондай-ақ бұл тарихи еңбекте Түркілердің көнелігін сақтаған ел – Тывалар, көк түріктердің көне әулеті – сахалар, түркі нәсілдес хакастар, Орал өңіріндегі түркі тектес чуваштар, парсыланған түркі тектес әулеттер туралы қызықты деректер-мақалалар ұсынады.

«Қазақ қауымы: Қазақ ұлысының 2200 жылдық тарихы», Алматы «Жазушы» баспасы – 1997 жыл. 

Кітап Ислам Қабышұлының қазақ халқының тайпалық кезеңінен бастап біртұтас мемлекет болғанға дейінгі сан қилы тағдыр жолы, моңғол, қытай,  қидан, жоңғар елдерімен оның әртүрлі қарым-қатынасы туралы жазылған бірнеше ғылыми-зерттеу еңбегі жинақталған. Сондай-ақ қоғамдық құрылымы мемлекеттік дәрежеге дейін жеткен ежелгі Найман, Керей тайпалары жайында біршама ой қозғайды.

Тарихи-зерттеу еңбек төрт тараудан құралған. Бірінші тарау Бағзы заман тарихы. Бұл бөлімде көшпелілердің көне тарихы, түркі тектес тайпалардың шығу тарихтары, ертедегі сәнби, жужан, тоба, моңғол тайпалары туралы сөз қозғайды. Екінші тарау орта ғасыр дәуірі. Ежелгі ата-бабаларымыздың көршілері туралы, қазақтың байырғы тайпалары, Керей, Найман тайпалары жайында зерттеулерді ұсынады. Ұлы Моңғол империясын таныстырады.  Үшінші тарау Жаңа заман дәуірі. Төртінші тарау «Құпия шежіре» мен түркі  шежірелері жайында деп аталады.

Керейлер керуені (Тарихи-этнографиялық қысқаша шолу), Баян-Өлгий – 1978 жыл.

«Керейлер керуені» кітабы керейлер шежіресіне арналған тарихи-этнографиялық қысқаша шолу. Алтай, Қобда бетіндегі керейлер тарихының бетін парақтайды.

Моңғолия қазақтарының тарихы, Баян-Өлгий – 1980 жыл.

ХІХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақтың Алтайдан Қобда бетіне өту тарихы, Төре сайлау, Ұлыстарға бөліну, оларды жеке билеу, «Абақ Керей ережесі», Қобда бетіне қоныстанған ауылдар саны, Монғол хандығы тарапынан жасалған жеңілдіктер, «Жер – жайылым» мәселесі, 1869 -1870 жылдардағы көш мәселелері баяндалған зерттеу еңбек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?