Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

NDH порталының жетекшісі «Үркер» сыйлығын жеңіп алды

1573
NDH порталының жетекшісі «Үркер» сыйлығын жеңіп алды - e-history.kz
Астанада журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын марапаттау рәсімінде жеңімпаз журналистердің есімдері белгілі болды. Олардың ішінде NDH порталының жетекшісі О. Беркінбаев бар

Елордада баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімінде жеңіске жеткен журналистердің есімдері белгілі болды. Олардың ішінде National Digital History порталының жетекшісі Олжас Беркінбаев та бар.  

Алғаш рет қаламы қарымды журналистерге арналған ұлттық сыйлықты беру рәсімін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазконтент» АҚ ұйымдастырды. Ұлттық сыйлықтың жүлде қоры – 15 млн теңге. Байқауға 860-қа жуық БАҚ өкілі қатысуға ниет танытқан. Қазылар алқасы солардың арасынан ең үздік дегендерін іріктеп алды.

«Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын белгілі ғалым Намазалы Омашев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және ЕҰУ-дің «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, саясаттанушы Расул Жұмалы, «Қазақстан – 2050» жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясы саяси-талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, белгілі журналист Александр Тараков, «Алматы» телеарнасының басшысы Әлібек Әлденей, белгілі журналист Бейсен Құранбек, «Farmers.kz» порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы анықтады.

Қазылар алқасының бағалауы бойынша «Үздік фотосурет» номинациясында Ерлан Омаров; «Үздік сараптамалық материал» номинациясында «Казахстанская правда» республикалық газетінің журналисі Фиронова Валентина; «Үздік радиобағдарлама» номинациясында Шалқар радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы; «Үздік аймақтық радиостанция» номинациясында «Астана» радиосы; «Үздік салалық баспасөз басылымы» номинациясында «Дружные ребята» газеті; «Үздік жыл журналы» номинациясында «National Geografic Қазақстан» журналы; «Журналистикадағы дебют» номинациясында «7kun.kz» сайтының журналисі Мөлдір Иманмәди; «Үздік журналистік зерттеу» номинациясында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жанболат Аупбаев; «Үздік интервью» номинациясында «Капитал» республикалық газетінің тілшісі Виктория Говоркова; «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясында Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті «Рейтинг» газеті; «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» номинациясында «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Думан Анаш «Алтайдағы Аустрия жолы» мақаласы үшін; «Үздік халықаралық сараптамалық материал» номинациясында «vlast.kz» сайтының журналисі Зарина Ахматова «Афганистан близко» атты мақаласы үшін; «Қазнеттегі медиасерпіліс» номинациясында «Massaget.kz» жастар сайты; Сонымен қатар осы аталымда «Informburo» ақпарат агенттігі арнайы сыйлыққа ие болды. «Үздік республикалық баспасөз басылымы» номинациясында «Айқын» республикалық газеті жеңіске жетті. Аталмыш жеңімпаздар 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болады. Аталған шараға «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС пен «Kcell» АҚ демеушілік жасады.

«Үркер» сыйлығының «Үздік репортаж» номинациясы бойынша Олжас Беркінбаевтың «Баркөлдағы қазақ музей немесе құмай құстың күртесі» атты мақаласы үздік деп танылды. Бұл – автордың Қытай  еліне жасаған сапары кезінде жазылған сәтті туынды болатын. Көрші елдің Шыңжаң аймағы бойынша 2500 шақырымға жуық жол жүріп, бергі Қарамайдан бастап ішкері Қытайға жақын орналасқан Баркөл аймағына дейін барып қайтқан тарихи олжалы сапардың нәтижесі.

Өткен жылдың қазан айында қайта жасақталып, өзгерген құрамда жұмыс істеген «Қазақстан тарихы» интернет жобасы бір жылға толмайтын уақыт ішінде Венгрия (Будапешт, Сегед, Қарсақ, Үллеш), Қытай (Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл), Ресей (Омбы), Алматы (Үшқоңыр), Орал, Қызылорда, Шымкент, Ақтау өлкелерінде болып, неше мың шақырым жол жүріп түрлі тариxи деректер жинады. Тағдыры тосын сыйларға толы қаншама адамдармен сұxбаттасты. Әрқилы өмір кешкен жандардың тарихымен танысты. Бұл өз кезегінде жүйелі жұмысты қамтамасыз еткен ұйымшылдық пен іскерліктің таза көрінісі, «Қазконтент» АҚ басшылығының, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің қамқорлығының нәтижесінде іске асты.

Тек қана таза тариxи контентпен zero.kz санауышында 44-ші орынға көтеріліп, бір күнде 40000 бірегей қолданушылар кілең кәсіби мамандар қызмет ететін порталымызды оқыды. Алдағы екі айда сайт ұжымы 8 елді (Ресей, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Иран, Қытай, Моңғолия) аралап, қиыр жайлап, қыр қонған қазақтардың тариxын түгендеп оқырман назарына ұсынбақ.

«Қазконтент» АҚ National Digital History порталының ұжымы атынан жас та болса бас болып жүрген жетекшіміз, саясаттану ғылымдарының магистрі Олжас Уәлиханұлы Беркінбаевтың жаңа сыйлығымен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы өмірінде отбасылық бақыт, шуақты күндер мен шығармашылық өрлеулер тілейміз. Интернет жобаның қызықты сәттері мол болсын деген тілек білдіреміз. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?