Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік дамуының жаңа стратегиясы әзірленіп, тәжірибеге енгізілген, мемлекет басшысының жұмыс резиденциясының тарихи залдарында, халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» тақырыптық қор көрмелері топтамасының ашылуы өтті. Қор көрмелері «Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының аясында әлемдік тарихи-мәдени мұра мәнмәтінінде қазақ мәдениетінің озық үлгілерін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Ұсынылған топтамалардың құндылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің заманауи мемлекеттілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы әлемдік қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастық құруының негізіндегі қызметінің нәтижесін көрсетеді. Іс-шара кең ауқымды – музей қонақтары, сәндік-қолданбалы өнер мен қазақстандық шеберлердің көркем шығармашылығының үлгілері, сонымен қатар музей жинақтарының басқа да заттарынан айшықталған Ұлы дала көшпелілер өркениетінің рухани және эстетикалық мұрасы көрермен назарына ұсынылған «Ұлы дала жауһарлары» атты қор көрмелерімен таныса алады. Атап айтқанда, көрме материалдары дәстүрлі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып табылатын күмістен жасалған қазақтың зергерлік әшекейлері, тұрмыс заттары мен ат әбзелдері, теріден, киізден жасалған кәдесыйлық композициялармен таныстырады. Жәдігерлердің арасында бейнелеу өнерінің отандық шеберлері деп танылған көркем туындылар ерекше орын алады. Тап осы бейнелеу өнері арқылы суретшілер Қазақстанның ұлы даласының, құдыретті тауларының, жасыл-желекті ормандарының сұлулығын ашады.
Күміс өзінің әсемдігіне, «сиқырлы» қасиеттеріне және қолданысына байланысты көптеген халықтардың мәдениетінде ерекше орын алады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевқа әр жылдарда сыйға тартылған күмістен жасалған дипломатиялық сыйлықтар мазмұны жағынан алуан түрлі және де Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясатын бейнелейді. «Күмістің сұлу сыңғыры» көрмесіне ұсынылатын күміс бұйымдар сол елге тән заттардың шығу тегін, әртүрлі техникада орындалуын, бұйымның пішінін көрсететін сәндеудің дәстүрлі тәсілдерін тереңірек түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді.
«Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» көрмесі алғаш рет қалың көпшілікке түрлі елдер мен дәуірдің музыкалық аспаптар топтамасын ұсынады. Музыканың шегі жоқ. Барлық ұлттар мен халықтар салтанатты музыканы да, махаббат күйін де, достық пен түсіністік күйін де түсінеді. Музыкалық аспаптар мәдениет пен өркениет түрлерін тануға жол ашады. Атап айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптары – қобыз және домбыра қазақ халқының рухани мұрасының мәдени «коды» ретінде үлкен мән-мағынаға ие.
Күмбезді залда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары мен мұрағаты, олимпиада жеңімпаздарының жеке қорларының негізінде ұйымдастырылып, қалың көпшілікке алғаш рет ұсынылған тәуелсіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көрсететін «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі жұмысын жалғастыруда.
Ұсынылған экспозиция кітапхананың зерттеу бағдарламасының нәтижесі, музей топтамасы Қазақстанның көпвекторлы саясатын паш ете отырып, әлемдік мәдени мұраның қызықты топтары туралы ғылыми әрі танымдық ақпаратты кең айналымға шығарады.
Бірқатар мемлекеттердің елшілері, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, еліміздің ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы қор көрмелері циклының салтанатты ашылу рәсімінің қонақтары болды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының тарихына, мәдени мұрасына және өнеріне танытушылық танытқандар осы жерге жиналды. Бұл циклде еліміздің көпшілік қауымына алғаш рет ұсынылып отырған көптеген материалдар бар. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы қарсаңында қандай жинақтарды ұсыну қажеттігін зерделеу барысында ұйымдастырушылар әлемдік тарихи-мәдени мұралар шеңберінде қазақ мәдениетінің тамаша үлгілерін көрсету идеясын басшылыққа алған. Өз сөзінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов көпұлтты қазақстандық қоғамның сан алуандығы өнер, көркем образ және музыка арқылы жарқын әрі толық ашылатындығына тоқталып өтті. Бүгін ұсынылған үш топтаманың әрқайсысы «ЭКСПО 2017» қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан туралы мол мағлұмат беруге қауқарлы.
М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар Сарайының әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты, Валентина Рябованың ойынша, бұл көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты – Елбасының көп қырлы өмірі мен қызметін көрсету. «Оның әлемдік қауымдастықтағы белсенді қызметінің арқасында бүгін біз тек Қазақстан өнерінің ғана жауһарларын көріп қоймай, сонымен қатар әлемдік қауымдастықтың озық өнер туындыларын көре алдық. Бәрінен бұрын мені түрлі елдердің музыкалық аспаптарын алғаш рет көрсеткен зал тәнті етті. Әрине, мен нағыз қазақстандық ретінде, бірінші кезекте өзіміздің ұлттық аспаптарымызға назар аудардым. Жүрегімнің әр қылын шертіп өткен қобызға қарадым. Ұлттық аспабымыз домбыраны ерекше сүйіспеншілікпен қолыма алдым. Түркия, Египет, Жапония және басқа да мемлекеттердің музыкалық аспаптарының сан алуандығы, әрине, мені таңғалдырды. Менде туған Қазақстаныма деген, және жас астанамызға деген мақтаныш сезімі тағы да пайда болды. Мен - педагогпын, өмір бойы балалармен, Қазақстанның өсіп келе жатқан жаңа ұрпағымен жұмыс істеймін. Біздің басты мақсатымыз – бүгін жаңа Қазақстанды тұрғызатын интеллектуалды ұлтты, бәсекеге қабылетті оқушыларды тәрбиелеу. Өскелең ұрпақ үшін мәдениет аралық байланысты қалыптастыру мен тәрбиелеу аясында бүгінгі көрменің тақырыбы өте маңызды. Бүгін экспозицияда көрген үлгілер әлемдік қауымдастықтағы достыққа септігін тигізеді»,-дейді Валентина Ивановна. «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелерінің топтамасы 2017 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан 1997 жылдан бері халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып табылады және 2005 жылдан бастап ЭКСПО-ға белсенді қатысып келеді. Миланда өткен «ЭКСПО-2015» бүкіләлемдік көрмеде «Қазақстан - мүмкіндіктер елі» деп аталған Қазақстан Республикасының ұлттық павильоны «Тақырып пен мазмұнның үздік ашылуы» ең үздік павильондардың үштігіне енді. Әрине, көптеген үміттер «ЭКСПО-2017» өткізумен байланысты. Біз бәріміз де осы күнді ерекше толқыныспен күтудеміз.