Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жазаланған халықтар»

3682
«Жазаланған халықтар» - e-history.kz
Депортация немесе халықты күштеп көшіру – еліміздің өткен тарихының қаралы беттерінің бірі. Депортациямен байланысты оқиғалар советтік тарихнамада айтылған жоқ

Депортация соғыстың алдындағы жылдары басталды. Совет Одағының авторитарлық билігі өзі «сенімсіз» деп тапқан халықтарды атамекендерінен айырып, күштеп көшіруді жүзеге асыра бастайды. Оларды туған жерлерінен көшіріп, орындарына басқаларды қоныстандыра бастады. Депортациялар ССРО-дағы көші-қонның тоталитарлық мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Бұл ауқымды тарихи жайт ХХ ғасырдың 50-ші жылдардың басына қарай 6 миллионға жуық адамды қамтыды – 2,5 миллионға жуығы «кулақтарды жер аудару» және соған жанасатын контингентті жер аудару құрамында, сонымен қатар 3,5 миллионға жуығы 1940-1952 жылдары негізінен, «жазаланған халықтар» өкілдері.

Бұл шара ССРО-ның 15 залқын және түрлі ұлттарға жататын 60-тан астам халық топтарын қамтыды. 1935-1940 жылдары әскери мақсатта шекаралас аймақтардысонда тұрып жатқан, бірақ  іргелес жатқан елдердің халықтарына этникалық жақын болып келетін тұрғындардан «тазалау» туралы шешім шығарылды. Қуғын-сүргін этникалық тамыры шетелдік болып табылатын, шекаралас мемлекеттермен мәдени және тарихи байланыстары бар халықтарға қарсы бағытталды.

Осылайша, 1936 жылы поляктар мен немістерді алғашқы советтік жаппай депортациялау басталды, ал 1937 жылы Қиыр Шығыс аудандарынан кәрістер көшірілді. Дәл осы кезде ССРО-ның оңтүстік шекараларынан Қазақстанға күрділер, армяндар мен түріктер жер аударылды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың тамызында «Еділ бойында тұратын немістерді көшіру туралы» Жарлық жария етілді. Еділ бойы немістерінің алғашқы коммунасы 1918 жылы құрылды, 1924 жылы Еділ бойы немістерінің Автономды ССР-і болып қайта құрылды. Ол 1941 жылы таратылды. 1944 жылдың мамырында Мемлекеттік қорғаныс комитеті тұрғындардың бір бөлігі фашист басқыншыларымен ынтымақтас болды деген тәрізді желеумен Қырым татарларын көшіру туралы қаулы қабылдады. 1943-1944 жылдары Қазақстанға Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері: қалмақтар, балкарлықтар, шешендер, ингуштер, қарашайлар, түрік-месхеттер жер аударылды.

Жер аударылғандардың тағдыры қайғылы еді. Олардың көпшілігі, әйелдер, қарттар мен балалар жол бойында қайтыс болды. Жаңа қоныстарындағы ауа райы да өзгеше еді.  Қазақстан аумағына аударылған «арнайы қоныс аударылғандар» мәртебесінде болды. Еңбекке жарамды барлық «арнайы қоныс аударылғандар» қоғамдық-пайдалы еңбекпен айналысуға міндетті болды. 1942 жылдың қаңтарында 15 жастан бастап 55 жасқа дейінгі барлық немістер еңбек колонналарына біріктіріліп, соғыс аяқталғанша соның  құрамында болды. Арнайы қоныс аударылғандар орналастырылған аудандары шегінен шығуға құқықтары болмады.  Бұл қашу ретінде қарастырылып, қылмыстық жауаптылыққа жатқызылды. Арнайы қоныс аударылғандар үшкүндік мерзім ішінде НКВД-ға отбасы құрамында болған барлық өзгерістер (бала туу, отбасы мүшесінің қайтыс болуы немесе қашу) туралы хабарлауға міндетті болды.

Алыс аймаққа қоныстандырылған жер аударылған халықтардың жер аударылу ұзақтығы туралы сұраққа ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 26 қарашадағы «Отан соғысы кезінде Совет Одағының жекелеген аудандарына көшірілген тұлғалардың міндетті және тұрақты қоныстарынан қашқандары үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» Жарлығы жауап береді. Оның преамбуласында былай делінген: «Отан соғысы кезінде ССРО Жоғарғы органымен жер аударылған шешендер, қарашайлар, ингуштер, балкарлықтар, қалмақтар, немістер, қырым татарлары және басқалар үшін қоныстану режимін нығайту мақсатында, сонымен қоса оларды көшірген кезде олардың жер аударылу мерзімдері анықталмауына байланысты, жоғарыда көрсетілген тұлғалардың Совет Одағының алыс аудандарына мәңгілікке көшірілді және бұрынғы тұрған мекен-жайларына қайта оралуға құқықтары жоқ деп белгіленсін».

Осы ой ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрінің 1951 жылғы 24 қазандағы № 00776 бұйрығында қайталанады: «ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1951 жылғы 9 қазандағы Жарлығына сәйкес, немістер, шешендер, қалмақтар, ингуштер, балкарлықтар, қарашайлар, гректер және қырым татарлары, айтылған санаттарының тұлғалары арнайы қоныстандыру орындарында мәңгілікке қалдырылды». Аталған халықтарды мәңгілікке депортациялау мақсатын қойып, советтік билік осы мақсатқа қолжеткізу құралдарын да таңдап қойды. Осы мақсатпен келіспегендерге және оны жүзеге асыруға қарсылық білдіргендерге қатысты қатаң санкциялар белгіленді: айтылған жер аударылғандар міндетті қоныстану орындарынан өз еріктерімен шыққаны (қашқаны) үшін кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 20 жыл каторгалық жұмыстарға жегілді. Сонымен қатар, міндетті қоныстану орнынан қашқан жер аударылғандарды жасырғаны, немесе оларға қашуға көмектескені, жер аударылғандарға бұрынғы тұрған мекендеріне қайтып оралуға рұқсат бергені және бұрынғы тұрған мекендерінде орналасуға көмектескені үшін кінәлі тұлғалар да жауаптылыққа тартылды; осы тұлғаларға қатысты санкция да бірмәнді еді – 5 жылға бас бостандығынан айыру. Мемлекеттің жазалау-қуғын-сүргін машинасының бар қуаты жер аударылғандардың өз атамекенін ұмытуын және  жаңа орында мәңгі-бақи қоныстану туралы ойға мойынсұнуын қамтамасыз етуге жұмсалды. Арнайы қоныс аударылғандар мәртебесі жергілікті комендатураларда және НКВД-ның басқа органдарында, немесе Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінде тіркелу, қайта тіркелу және белгілену сияқты кемсітуші рәсімдермен сипатталатын еді. Қоныс аударылғандардың әр қадамы қатаң бақылауда болды, ал көптеген қарапайым әрекеттер жасау үшін бақылаушы органның рұқсаты керек болды.

1954 жылғы 5 шілдеде ССРО Министрлер кеңесі «Арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайының кейбір шектеулерін алу туралы» қаулы қабылдады, онда елдегі және арнайы қоныс аударылғандардың өмірінде орын алған өзгерістерге байланысты олардың құқықтық жағдайына шектеу қою қажеттілік болып табылмайды. Арнайы қоныс аударылғандардың есебінде тұрған, қоғамдық-пайдалы еңбекпен айналысатын тұлғаларға, сол облыстың, өлкенің, республиканың шегінде тұруға құқық берілді, ал қызметтік іссапарлар бойынша – елдің кез-келген елді-мекеніне жалпы негізде еркін қозғалуға құқық берілді.  Қолданыстағы тәртіпті өзгерту үшін арнайы қоныс аударылғандар үшін жылына бір рет ІІМ органына тіркелуге өзінің келуі белгіленді. Арнайы қоныс аударылғандардың 16 жасқа дейінгі балалары ІІМ органдарының есебінен алынды, олар әкімшілік бақылаудан босатылды, арнайы қоныс аударылғандарға белгіленген шектеулер оларға қолданылмауы керек болды.

50-ші жылдардың ортасына қарай жер аударылған халықтарға қатысты мемлекеттің саясаты өзгере бастады. Алдымен оның жеңілдетілуі мен либерализациялануы байқалды, одан соң оның құқыққа қарсы беделіңді түсіретін жекелеген көріністерінен бас тартылды. Қазақстан КП ОК және Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1955 жылғы 12 қарашадағы «Қазақ ССР-і аумағында тұратын грек ұлтының советтік азаматтары арасында жаппай түсіндіру жұмыстары және жұмысқа орналастыру туралы» № 779 қаулысы жарқын мысал бола алады. 1957 жылғы 11 ақпанда ССРО Жоғарғы Кеңесі «Балқар, шешен, ингуш, қалмақ және қарашай халықтарының ұлттық автономиясын қалпына келтіру туралы ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығын бекіту туралы» Заңды қабылдады.  1964 жылы неміс халқының өмірінде де көптен күткен өзгерістер орын алды. ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы тарихи зерттеулерде сталинизмнің адамгершілікке қарсы акциясының құрбаны болған халықтардың қайғысы, депортацияның барлық қорқынышы тұңғыш рет қарастырылды.

Осылайша, 1937-1944 жылдары жер аударылған – 1109 мың тұрғындар, эвакуацияланған – 1 640 мың адам Қазақстанда екінші отанын тапты. Шындығында, Қазақстандағы әрбір бесінші тұрғын арнайы қоныс аударылған болды, республика үлкен ГУЛАГ тәрізді еді. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?