Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

СҰЛТАНМАХМҰТ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА

2021
СҰЛТАНМАХМҰТ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА   - e-history.kz
Астанада «ЖаҺандық бәсекеге қабілеттілік: цифрлы кітапханаларды дамыту» тақырыбында еліміздің кітапханаларының жағдайы туралы Көркемдік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті

Бұл атаулы шара барысында  «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына қолдау және Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер туралы бүкілхалықтық талқылауға үнқатысу» және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша «Кітапханаларды жетілдіру» мәселесін талқылау қаралды.

Арнайы кеңейтілген көркемдік кеңестің отырысына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаментінің директорының орынбасары – Сейітова Күміс Қарсақбайқызы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаменті Репертуарлық саясат басқармасының сарапшысы, хатшы - Абишева Толғанай Ергенқызы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаменті Репертуарлық саясат басқармасының басшысы – Онаева Рига Талғатқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы, облыстық кітапханалар басшылары, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана мамандары, Республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатысты.

Заң ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ «Ғылым комитеті Мемлекеттік тарих институты» бас ғылыми қызметкері – Нұрпейісов Еркеш Қалиұлы, Заңнама және сот - құқықтық реформа комитетінің және ҚХА парламенттік депутаттар тобының мүшесі – Микалеян Наринэ Гамлетқызы және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰАК директоры – Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы баяндады. Мақсаты: ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша «Кітапханаларды жетілдіру» мәселесінде облыстық әмбебап ғылыми кітапханалар басшыларымен бірлесе отырып, Еліміздегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту және одан әрі қарай жаңғырту қажеттілігі, кітапхана қорларын кешенді цифрландыру қызметін үйлестіру және кітапхана қызметкерлерін қайта даярлау мен біліктілігін арттыру секілді өзге де өзекті мәселелері талқыланды.

Талқылау барысында «Әдебиеттерді цифрландыру, заманауи кітапхана қызметінің басым бағыттары» тақырыбында кітапханаларды жетілдірудегі негізгі баяндамаларды: С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры ¬- Жұмағұл Несібелі Сағымбайқызы «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде» атты тақырыбында және ҚР Ұлттық академия кітапханасы басшысының орынбасары - Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы «Электрондық мемлекеттік кітапханалық қор – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолы» атты тақырыпта, «Inisoft» ЖШС жобалар жетекшісі - Елена Вьюгова да электронды кітап жүйесі бойынша «Создание Единой Библиотеки Казахстана с применением облачных технологий» атты тақырыпта толымды мәліметпен қуантты.

Сонымен қатар Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры- Абинова Эльмира Елеусізқызы, «Әдебиеттерді цифрландыру заманауи кітапхана қызметінің басым бағыттары» турасында баяндамалар оқыды.

«Бір ел - бір кітап - 2016» Республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға «Жыл кітабын» таңдау бойынша әлеуметтік желілерде белсенді түрде жүргізілген сауалнамалар мониторингі бойынша, Республикалық акция қорытындысында «Жыл кітабы» таңдалды.

Модераторы: ҚР ҰҒА академигі, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі - Ғарифолла Есім. Комиссия мүшелерінің қатарында Айтұлы Несіпбек, Мырзагелді Кемел, Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы, Жолтай Әлмашұлы, Мұқанова Роза Қажығалымқызы, Дихан Қамзабекұлы, Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы секілді белгілі мәдениет қайраткерлері болды.  

 Акция барысында ҚР Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын – Несіпбек Айтұлы:

«Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын ол – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі деуге әбден болады. Ұлт үшін күрескен адам. Сол себептен бүгінгі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына қатысушыларға жалынды ақын, жас ақын С.Торайғыровтың шығармаларын оқуға кеңес беремін»-деп өз ұсынысын ортаға салды. 

Халықаралық Түркі Академиясының президенті, ғалым, публицист, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті - Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы ҰАК басшысына және ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, өңірлерден келген кіпаханашыларға да алғысын айтты.

Биыл Алаштың 100 жылдығын қалай атап өтетініміз туралы сөз қозғады. Алаш зиялыларын ұрпақтың санасына сіңдіру үшін, халыққа насихаттау үшін осы тақырыпты көтермесек елдігімізге сын екеніне тоқталып, биылғы акцияда Алаш тақырыбы қамтылу керектігін алға тартты.

"Алдыңғы акцияларда Мағжан Жұмабав пен Жүсіпбек Аймауытовтар қамтылған екен. Сұлтанмахмұт ұмытылып бара жатыр. Сұлтанмахмұттың, Әлиханның Семейге келуі Алаш Туы астында, «күн сөнгенше сөнбейміз!» деп жырлауы ақынымызды қайта жаңғыртуымыз деп ойлаймын. Алаштың сол кездегі дауылпазы болған ақын жыл таңдауына әбден лайық»,- деп ұсынысын алға тартты.

Акция қорытындысында бір ауыздан «Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына» орай "Жыл кітабы - 2017 таңдауына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды.

Акция соңында өңірлерден келген кітапханаларға алғыс хаттармен құнды кітаби дүниелер табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, акция ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханалар қауымдастығы бастамасымен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2007 жылдан бастап жүргізіліп келеді.

Ұлттық әдебиетімізді насихаттау және тарихи-мәдени, сондай-ақ рухани мұраны сақтау мен арттыру, жас ұрпаққа адамгершілік және отансүйгіштік тәлім-тірбие беру мақсатын алға қояды бұл іс-шара.  

Акция онлайн трансляция арқылы бір миллион адамды қамти отырып өткізілді.

Арман Сүлейменов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?