Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бауыржан Момышұлы: Мен мұны ерлік деп білемін

3605
Бауыржан Момышұлы: Мен мұны ерлік деп білемін - e-history.kz
Қазақ тарихының жанашыры, академик Анна Панкратованың туған күні қарсаңында ұлтымыздың ұлы перзенті, батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының жанға жылы тиетін естелік жазбасын ұсынамыз

«1943 жыл. Полк командирі кезім. Таныс-біліс емес Анна Михайловна маған хат жазып, «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын салып жіберіпті. Оқып шықтым. Жетістігі мен кемшілігін, яғни алған әсерімді жазып жібердім. Жауабымды алып, қатты риза болыпты.

Сол жылдың 9 декабрь күні Москвадағы «Әдебиетшілер үйінде» менімен кездесу болды. Оны генерал-лейтенант А.А. Игнатьев басқарды. Мен жазбасыз 45 минуттай сөйледім. Сұрақтарға жауап бердім. Менен кейін Шкловский, Лавренов, Стасов, Панкратова, біздің Қазақстаннан И. Тәжиев, Ә. Шәріпов, С. Аманжоловтар сөйледі.

Кеш аяқталысымен, қасыма жастары ұлғайған екі апай келді. Олардың бірі Анна Михаиловна Панкратова, екіншісі В.И. Лениннің тұсындағы Орталық Партия Комитетінің секретары болған Елена Дмитривена Стасова екен. Біраз әңгімелесіп болған соң тарқай бастадық. Шашы аппақ, ап-арық Анна Михаиловна қолдары дір-дір етіп, тілдей қағазды қалтама салды. Былай шыға «Бауыржан, уақытың болса, жолығып әңгімелесейік. А.М. Панкратова» деген жазуды оқыдым. Соңына адресін жазыпты.

Арада алты ай өткенде мен Анна Михаиловнаның үйінде болдым. Қызы бар екен. Шай іштім. Әңгімеміз «Қазақ ССР тарихының» төңірегінде болды. Оны зерттеуге қалай кіріскенін айтты. Әйтеуір Қазақстан туралы жақсы әсерде екен. Сөзін тыңдай отырып, терең ұғымды тарихшыларымыздың алдыңғы легіндегі кісілердің бірі-ау деп ойладым. Мені де зейін қойып тыңдай білді.

– Алматыда кездесіп, азды-көпті әңгімелескен адамдарымның ішінде ерекше әсер қалдырған әрі үміт күттірген Ермұхан Бекмаханов болды. Сіз оны танитын ба едіңіз?

– Жоқ.

– Бұл көрікті жас жігіттің (менің шамалауымша) жуық арада нағыз ғалым, тарихшы болатынына әдбен көзім жетті, – деп өз сөзін дәлелдеп, көп сыр шертті...

1946 жыл. Анна Михаиловна мені Ермұханның докторлық диссертациясын қорғау процесіне шақырды. Вера Павловна екеуміз трамваймен (сол кезде Москвада такси жоқ еді) кешігіңкіреп бардық. Барсақ, жап-жас (кейін білдім, сонда Ермұхан отыз бір жаста екен) сұлу қазақ жігіті мінбеде докторлық диссертациясын қорғап, сөйлеп тұр екен. Бұл – менің мұндай жиынға тұңғыш қатынасуым.

Анна Михаиловна ымдап, бізді қасына шақырып отырғызды.
– Ермұхан Бекмаханов – осы жігіт. Ол бәрін дұрыс айтып тұр, бірақ байқаған боларсыз, аздап толқу үстінде, – деді сыбырлап.

– Меніңше, Анна Михаиловна, сіз одан да гөрі толқу үстіндесіз, – дегенімде ол шынтағымды қысып, жымиып күліп қойды.

Сол сәт есіме Қаныш Имантайұлының Ермұхан туралы «Ол жігіт талапты, білімді жастарымыздың бірі. Болашақта одан күрделі еңбек күтуге болады» деген сөзі түсті.

– Жақсы қорғады. Сөз жоқ, тақырыбын ұлғайтып үлгергенін оппоненттері де, басқа сөйлеушілер де мойындай бағалады, – деді жолда Кәрім Мыңбаев.

– Мүдіріп қалар ма екен деп қорқып едім. Оңай дейсіз бе, москвалық өңкей азулы, ірі ғалымдардың алдында, – деді химия ғылымдарының докторы Ерден Әзірбаев.

– Ол мүлде қағазға қарамай сөйледі, шешен екен, – деді РСФСР еңбек сіңірген қайраткері Вера Павловна.

Ертесіне Анна Михаиловна мені «Гранд Отель» мейменханасына ертіп барды. Ермұхан шаршап отыр екен. Әңгіме онша үйлесіңкіремеді.
Ол кезде карточка жүйесі. Менің карточкам полковниктікі. Елу процент жеңілдігі және ол бойынша азық-түлік кезектен тыс беріледі.

– Анна Михаиловна, Ермұхан Бекмаханов қорғауын атап өтпек пе?

– Сіз естіпсіз ғой.

– Менің қосқаным, – деп үш мың сомдық карточкамды және бір жарым мың сом ақша бердім. Анна Михаиловна қатты қуанды.

Біраз отырғаннан кейін желеу тауып, орнымнан тұрдым.

– Бауыржан, маған «Кавказ жазбалары» блокнотыңды қалдырып кетші. Кейін қайтарамын, – деді Анна Михаиловна. Мен сол кісіге әскери командирлік дәптерімді тапсырып, қош айтыстым.

Ертеңінде мені бас штаб Подольскіге жұмсады. Ермұханның тойында бола алмадым. Үш күннен кейін Анна Михаиловна ЦДСА-дағы бөлмеме келді.

– Мен сіздің жазбаларыңызбан толық танысып шықтым. Ермұханға да оқып бердім. Оған сіздің рұқсатыңызсыз оқығаныма кешірім өтінемін. Ол өткенде сіздің тез кетіп қалғаныңызға қатты өкінді. Мен Тәуке хан, Бірінші Петр, Цеван Рабдан, Галдан Церен, Абылай хан туралы екеуіміздің арамызда болған әңгімені айтқанымда тыңдап, таң қалды.

– Анна Михаиловна, мен Ермұханның XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының тарихы жөніндегі біліміне таң қаламын, – дедім.
– Мұның дұрыс. Ол өте адал, білуге құмар... материалдарды өте мұқият, тиянақты зерттейді. Өкінетініміз сол, архивтік документтердің бәрі қолымызға тие бермейді, – деп күрсінді.

Қысқасы, Анна Михаиловнаның бізге жәрдемі көп тиді. Өте ақылды кісі еді. Ермұхан қаралы азапқа душар болып қамалғанда, ол кісі қатты қайғырды, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Тиісті орындарға барып, оны ақтап түрмеден босатты. Мұны мен ұстаз бен шәкірттің арасындағы қарым-қатынас деп емес, ерлік деп білемін».

Б. Момышұлы. Айтылмаған ақиқат. Көптомдық шығармалар жинағы. 10-том. – Алматы: Өнер, 2010. – 207-210-бб.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?