Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АСТАНА – ҚАЗАҚСТАН БІРЛІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ НЫШАНЫ

2080
АСТАНА – ҚАЗАҚСТАН БІРЛІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ НЫШАНЫ - e-history.kz
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында бас қаланың Алматыдан Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған экспозиция ашылды

Бас қаламыз жайлы сыр шертетін аса құнды жәдігерлер мен мұрағат құжаттарының «Алтын» залында орналасуы тегін емес. Онда 1998 жылы Астана құрылысының эскиз-идеясына жарияланған ашық халықаралық конкурстың жеңімпазы Кисё Курокава өзінің жобасын таныстырды. Сонымен қатар дәл осы залда қала құрылысының бас жоспары қабылданған.

«Қалалар ондаған, жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасады. Әрбір буын өз қаласының дамуында қолтаңбасын қалдырады. Ұрпақтың жалғасуы ғасырдың ауысуындай тарихтың танабында қалатын шежіре десек артық айтқанымыз емес. Тәуелсіз Қазақстанымыздың елордасы – Астана қаласының қалыптасуы мен даму тарихын, өзгерістердің ауқымдылығын және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың осы бағытта атқарылған істерін жүйелі зерттеу – Елбасы кітапханасының ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі мақсаты», – деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Көрме төрт тақырыптық бөлімнен тұрады: «Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі – Қазақстанды жаңғыртудағы жүйелі реформалардың маңызды бөлігі»; «Астананың қалыптасуы мен дамуындағы Н. Ә. Назарбаевтың рөлі»; «Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы»; «Қазақстан астанасының халықаралық беделі». Ұсынылған жәдігерлер Астананың 20 жылдық тарихына, жетістіктері мен жеңістеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.

«ҚР Тұңғыш Президентінің мегажобасы Астананың бірегейлігі – қысқа уақыттың ішінде өмірге жолдама алуында. Бүгінде елордаға әртүрлі өңірлердің тұрғындары, түрлі буындардың өкілдері келіп, Астананың қалыптасу тарихымен танысады. Бұл көрме келушілерге жаңа Қазақстанның нышанына айналған Астананың шежіресі жайлы баяндайды», – деп көрменің маңыздылығына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тоқталды.

Жаңа экспозиция – музей жинағының материалдарын талдау және қызметкерлердің ғылыми-іздестіру жұмыстарының негізінде елордамыздың қалыптасуы мен даму тарихын кешенді түрде зерделеудің жемісі. – Астананы салудың тәжірибесі ешкімде болды. Бұл қиын жылдарға айналды. Елбасы кітапханасының музей қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Олар ірі жобаның тарихын қалпына келтірді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов. – Жаңа экспозия арқасында елорданы абаттандыру жұмыстарымен айналысқан кезіміз ойға оралды. Біз күн демей, түн демей еңбектендік. Елбасының жаңа астананы салу жобасына атсалыстық, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев. 

Бүгінде Елбасының кітапханасында қажетті дереккөздер қоры шоғырланған: музей жинақтары Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған тәуелсіздік кезеңіндегі оқиғалар мен үдерістерді сипаттайтын жәдігерлер кешенін қамтиды; мұрағат Мемлекет басшысының саяси бағытын айқындайтын бірегей құжаттарды құрайды.

Құжаттық дереккөздер арасында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Астананың тұсаукесері, Астана күніне арналған салтанатты кеште, жаңа елорданың ғимараттарын таныстыру және ашу рәсімінде, Астана құрылысы мен оның даму мәселелері жөніндегі кеңестерде сөйлеген сөздерінің мәтіні, елордамызды көшіру мәселелеріне қатысты кездесулердің жұмыс жазбалары бар блокноттар, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары, баспасөз мәжілістерінің стенограммалары тәрізді құжаттар мен суреттердің маңыздылығы ерекше. Көрмеге келушілердің қызығушылығын Астана қаласының тұсаукесеріне орай өзге мемлекет басшыларынан келген құттықтау хаттары оятты. Музей жинағында Н. Ә. Назарбаевтың өз қолымен салған Астанадағы ғимараттардың нобайы, Президенттің жаңа елордамызды қалауға қосқан үлесін айқындайтын қоғамдық марапаттары, Астананың өсу қарқынын баяндайтын кәдесыйлар сақталған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру стратегиялық бастамасы тағдырлы шешімге айналды. Тарихи тұрғыдан алсақ, қысқа уақыт ішінде күрделі жұмыстар атқарылды: елордамыз республиканың ірі саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми орталығы саналады. Астана жаңа әлемдегі Қазақстанның мақтанышына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саяси көрегендігіне, сондай-ақ ұлттық идеяны бекіту және елдерді біріктіру нышанына айналды. Президенттің Астанадағы алғашқы резиденциясындағы жаңа экспозиция тұрақты сипатқа ие болмақ. 

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?