Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Амангелдіні өлтірген Міржақып емес

4445
Амангелдіні өлтірген Міржақып емес - e-history.kz
Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, өткір тілді көсемсөзші, жалынды қайраткер Міржақып Дулатұлының туған күніне орай тағдырлы тұлғаның өмір жолына, отбасылық тарихына аздап шолу жасап көрдік

Міржақып – Алаштың адал қайраткері

Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1905 жылғы Қарқаралы құзырхатынан басталатыны тарихта жиі айтылып жүр. Бұдан бір жыл бұрын Омбы қаласында ұлт ұстазы Ахмет байтұрсынұлымен кездесіп танысқан ол ағасын өмір бойы ұстаз тұтып өтеді. Келер жылында Қарқаралыдағы саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қазақ халқының атынан патша үкіметіне жазылған петиция авторларының қатарынан табылады. Алаш қозғалысының осы кезден бастау алатыны сондықтан.

«Елінің дертіне ем табу» үшін атқа қонған қазақ зиялыларының ортасынан Міржақып есімі ойып тұрып орын алады. Өркениеттің өрінен тыс қалған халқынның бақытты күнін көргісмі келетін ол жігерлі ақын болуымен қатар өрелі істерге жол бастайтын, өрге сүйрейтін саяси күрескер ретінде де танылады. Бүкіл алаш баласы «Ахаң – Жақаң» деп атаған қос тұлға бірі маса болып ызыңдап, екіншісі «Оян, қазақ» деп жар салып, елді бірлікпен дамуға үндеді. Ол өзекті де өткір мақалаларын өзінің емес, лақап есіммен жариялап, елдің санасын оятуды, патшалық Ресей жүргізіп отырған саясатты жалпыға түсіндіруді мақсат етті. Тіпті оның мақалаларындағы псевдоним оны кезекті тұтқындаулардан да арашалап қалды.

Сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалыстың ең басты ерекшелігіне сай, отаршылдық саясатты сын тезіне алып, өткір-өткір мақалаларымен де көзге түсті. Замандастарының арасында әр түрлі тағдыр иесі, талантты адамдар өзгеше қасиет-қабілеттерін орай аталғанда Дулатұлы «Жазуда Міржақып шебер» деп бағаланды. Ұлттық публицистиканың биік белеске көтерілуіне ерекше еңбек сіңірген Міржақып Дулатұлының жазудағы шеберлігі расында да бөлек әңгіменің жүгі.

Міржақыптың бес баласынан аман қалғаны – Гүлнәр апамыз

Міржақыптың айналасы, отбасы туралы сөз қозғағанда туған ағасы Асқар туралы айтпау мүмкін емес. Асқар Дулатұлы – ел ішіндегі ықпалды адамдардың бірі, кезінде би болып ел басқарған тұлға. 

Би болуға жетудің өзі үлкен қажырлылық керек екенін ескерсек, Асқардың тегін адам болмағанын аңғаруға болар. Бауыры Міржақыптың «Оян, қазақ» жинағын ел арасында таратуда, яғни ағартушылық жұмыста астыртын болсын атқарған көзі ашық, оқыған адамдардың басында осы Асқар Дулатұлы тұрады. Өзінің зерек-зейінімен ел көзіне түсіп, танылған ағасының кейінгі тағдыры оңай болмаған. 1928 жылдардың кәмпескесі кезінде бай санатында аталып, бүкіл мал-мүлкі тәркіге түседі. Алаш көсемі отырған Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 1930 жылғы 4 сәуірде ату жазасына кесіледі, алайда бұл шешім он жыл бас бостандығы кесіміне ауыстырылады. 1932 жылы туған жерден алыста, шерлі күйде қайтыс болады.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы Омбы қаласында 1914 жылдың 14 мамыры күні Ғайнижамал Баймұратқызымен бас қосып, үйлену тойын жасаған.

Бұл туралы ақынның ұрпағы, асылдың сынығы, мемлекетімізге еңбегі сіңген дәрігер Гүлнәр Дулатова: «Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойымыздан кейін Омбыға кідірмей, Орынборға жүріп кеттік», – деп анасынан естіп-білгенін естелікке айналдырыпты.

Алаш қайраткерінің тұңғышы – Гүлнәр (1915), Гүлнардың соңынан Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925) дүниеге келеді. Кей балалардың суреті сақталғанымен, өмірлері ұзаққа бармаған. Гүлнәрдан басқа балалары жарық дүниеге сыймай, шетінеп кеткен.

1928 жылы әкесін ұстап әкеткенде небәрі 12 жаста болған қаршадай қыз Гүлнәр апамыз сол кезеңдерде әке мұрасына адалдық танытып, барлығын бір қорапқа салып, жасырып ұстап келген.

«Амангелді өліміне Міржақыптың түк қатысы жоқ»

Біздің ұлттық тарихта өз отанына адал, еліне қамқор, жұртына пана болған ұлт қайраткерлерінің кезеңіне Алаш арыстарын да жатқыза аламыз. Міржақып төңірегіндегі әңгімеге ретсіз араласатын Амангелді батыр өлімінің келеңсіз жайттары да бар. Алайда ақиқаттың ауылы жақындаған сайын Міржақыптың ақ-адал атына қара күйе жағылмайтыны белгілі болып келеді. Жақында белгілі тарихшы Қайдар Алдажұманов пкірінше, Амангелді өліміне Міржақыптың түк қатысы жоқ.

«1928 жылы Сталин бастаған Совет өкіметі бүкіл байларды кәмпескелеу, елді ұжымдастыру науқанын бастайды. Міне, осы науқанға қарсы қарсы шығады-ау деген көзі ашық адамдарды алдын ала тұтқындап, түрмеге жауып тастайды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мырзағазы Есполов бастаған Алаш қайраткерлерін ұстап, түрмеге жабады. Сонда оларға тағылған басты айптың бірі Амангелдінің өлімі болатын.

Алашордаға қатысты 12 томдық тергеу істерінің беттерінде Міржақып Дулатовтың өз қолымен орыс тілінде жазып берген түсініктемесі бар. «Мен Амангелді Имановтың өліміне кінәлімін. Бірақ, тікелей оны өлтірген – мен емес. Мен жауапкершілігімді сезінемін. Өйткені, күдікпен Амангелдіні түрмеге жауып қойдық. «Қостанай жақтан қызылдардың өтряды келе жатыр» деген хабарды естіген соң мен отрядтың бір бөлігін алып, Торғайдан 30 шақырымдай жерде солардың алдынан шықтым...» деп жазады ол. Қысқасы, Амангелді өлтірілген кезде Міржақыптар қалада болмаған».

Сондай-ақ Міржақыптың қызы, Алаш мұрасының адал сақтаушысы Гүлнәр Дулатова апамыздың естеліктерінің бірінде өзін іздеп Амангелді батырдың ұлы Шәріптің келгенін, әңгімелесіп, әке өлімін Міржақыптан көрмейтінін, құнын Әбдіғаппардан сұрайтынын мәлімдеп жазады.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?