Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ – Арасы толған көп қалмақ»

3075
«Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ – Арасы толған көп қалмақ» - e-history.kz
Маңырақ тауының ішінде жүру өте қызық әрі қиын. Таудың ішінде көбіне су тапшы. Жартастардың әсемдігі, биік құз-шыңдар бір-бірін қайталамайды

Тарбағатай – Алакөл мен Зайсан аралығындағы биік жон, жота. Бұл тау атауы туралы пікірлердің көпшілігі Тарбағатай монғолдың «Тарбаған» - сауыр, «тай» - тау, яғни «суырлы тау» деген сөзінен шыққан деседі. Тарбағатайдың жалпы ұзындығы 300 шақырым, ені – 30-35 шақырым. Батысында Шыңғыстау жоталарымен түйіседі. Сауыр тауларымен салыстырғанда бұл тау өте биік емес. Ең биік деген нүкте – Тастау. Биіктігі – 2992 шақырым. Мұнда Сауыр тауларындағыдай мұздықтар жоқ. Бірнеше жерлерінен жолдар өтеді. 

Тарбағатай – Жақсы Арғанаты және Жаман Арғанаты болып тарамдалып Қытай жерінде Сауыр мен Сайхан жоталарына қосылады. Дәл осы жерде бір аңғары Үйдене, екіншісі – Шағаноба, үшінші аңғары – Қандысу өзеніне ұласатын тауаралық қазаншұңқырда Шілікті жазығы орналасқан. Жалпы Қазақстанға бұл таудың Қабарасу асуынан батысқа қарай жатқан үлкен бөлігі кіреді.

Сауыр – Тарбағатай тауларына кеңірек тоқталуымыздың себебі, бұл таулар климаты жануарлар әлемі һәм құрылысы жағынан Маңырақ жоталарынан аса көп айырмашылығы жоқ. Әсіресе Тарбағатай тауы өте қатты ұқсас. Ал Сауыр болса өзінің құрылымы жағынан әсіресе солтүстік бөлігі Алтай тауларын еске түсіреді. Оңтүстігі биіктігімен Орталық Азия тауларын еске салады. Мұндағы ең үлкен биіктік – Мұзтау (3816 м) және бұл жерден мұздықтарды кездестіруге болады.

Сауыр сөзінің топонимдік мағынасы «Биік, сүйір, шың, таудағы құздар» дегенді білдіреді. Сауырда – көмір мен жанатын сланецтер кені бар. Терістігінде қарағай, шырша, оңтүстігінде тау жазықтары, шөлейт жерлер. Тау жалдарында сарыкүйік, құнарлы шөптер өседі.

Маңырақ, Сауыр, Тарбағатай таулар жүйесі Зайсан көлінің оңтүстігінде Қазақ – Қытай шекарасында орналасқан. Негізінен Маңырақ тауына сипаттама беру үшін Сауыр – Тарбағатай тауларына тоқталмау мүмкін емес. Қай жағынан алсақ та, мейлі географиялық, я болмаса табиғи жағдайын айту үшін ең алдымен Сауыр мен Тарбағатай тауларымен танысуымыз қажет. Сондықтанда бұл екі тауға жоғарыда қысқаша сипаттама бердік, енді солармен байланыстыра отырып Маңырақ тауына тоқталсақ.

Маңырақ – Сауыр жотасының батысындағы аласа таулар. «Маңырақ» атауының шығуы Жоңғар шапқыншылығымен байланысты болса керек.

Халық арасында таралған аңызда: «Жоңғардан қашқан қазақ ауылы осы тауларға тығылған. Сол ауылды көштен қалған тоқтының маңыраған дауысымен тауып Жоңғарлар тірі жан қалдырмай қырыпты-мыс. Сол кезден бері тау Маңырақ аталады» дейді аңыз-әңгімелерде. Мұндағы ең жоғарғы биіктік – Шөрбас тауы 1200 м. Маңырақ тауының көрінісі ең жоғарғы биіктік Шөрбастан қарасаңыз мүлде өзгеше. Бұл жерден қарағанда асқар таулар өзінің биіктігін жоғалтып құдды төбешіктер секілді көрінеді. Маңырақ солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 60-70 шақырымға созылып жатыр. Ені 15-25 шақырым. Таулардың үсті көбінесе жайпақ болып келеді. Таудың солтүстік беткейі түйетайлы, аласа келген тау кертпештерімен, Еспе, Құсты, Үйдене өзені аңғарларының терең шатқалдарымен тілімделген. Оңтүстік беткейі тік құлама болып келеді де Шілікті жазығына ұласады. Маңырақ Сауыр – Тарбағатай таулары сынды жоғары палеозой жыныстарынан түзілген. Әктас, құмтас, тақтатас жыныстарынан құралған. Қазіргі жер бедері неогенмен антропогендегі жаңа тектоникалық қозғалыстардың әсерінен түзілген. Өзімізге белгілі бұл аймақта 1991 жылы ірі жер сілкінісі болғандығы мәлім. Әлі күнге дейін 5-6 баллға дейін жететін жер сілкінулері тау түзілу әрекеттерінің тоқталмағандығын көрсетеді. Маңырақ өңірінде де Шығыс Қазақстан аймағына тән климаттық әркелкілік басым. Яғни, таулы аймақ, жазық дала, шөлейт, жартылай шөлейт, орманды дала сынды табиғи аймақтарға бөлінеді.

Жалпы Маңырақ орташа биіктіктегі тауға жатады. Оның орташа биіктігі шамамен 1800-1930 м. Климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы жылы жалпы ауыл шаруашылығына аса қолайлы. Қаңтар айындағы орташа температура шамамен -17-18º С құраса шілде айында +21 -22 º С. Бұл орташа температурада кей жылдарда өзгеріп тұрады. Жауын-шашынның жылдық мөлшері едәуір аумақтық айырма жасайды: орташа алғанда 200 мм ден, таулы өңірлерде 500 мм шамасында болады. Тарбағатай тауының солтүстік беткейінен Аягөз, Бұғаз, Базар, Қарабұға, Қандысу сияқты ұсақ өзендер ағып шығатыны белгілі. Бұлардың бәрі ертеректе Зайсан көліне құйған. Өкінішке қарай қазірде аталмыш өзендер таудан жазықтыққа шыққанда құрғап қалады. Осы өзендердің арасындағы Қандысу өзені Маңырақ тауының батысын бөктерлей ағады және Маңырақ ауылын басып өтеді. Қандысу маусымдық қар суымен толығады да, көктемде тасиды. Бұл өзен Маңырақ ауылдық округіндегі басты су артериясы. Ал таудың нақ өзінен ағып шығатын өзендер өте кішкентай әрі таяз. Өзендердің түбі майда тас. Жаздың басында бұл кішігірім өзендер азаяды да, жазда құрғайды. Тек олардың ағыс салалары ғана қалады.

Тауды батысынан Құсты өзені, Қызылқайың, Еспе – тағы бір атауы Шорға, Тайжүзген атақты Толағай тауын бөктерлей өтеді. Тайжүзген өзенінен бұрынғы одақ бойынша алғаш рет динозавр жұмыртқасының қабығы табылып мезозойдың соңы кайнозойдың басымен мерзімделген.

Маңырақтың шығыс шетінде атақты Үйдене өзені ағады. Маңырақ тауының нақты географиялық орналасуын сипаттар болсақ төмендегідей түсіндіруге болады:  Маңырақ – Сауыр мен Тарбағатай тауларының, Зайсан қазаншұңқырымен Шілікті жазығының арасындағы тау. Бұл таудың табиғатының ерекшелігі көршілес аймақтардың табиғатының буданы іспетті. Біз «табиғаты» деп жануарлар әлемі, өсімдіктерін жалпы мағынада алып отырмыз.

Негізінен климаты жағынан Маңырақ, Сауыр-Тарбағатай таулары Оңтүстік Алтай тауларына ұқсас. Басты айырмашылық мұнда Алтаймен салыстырғанда жауын-шашын мөлшері аз. Бұл таулар жүйесінің яғни Тарбағатай – Сауыр – Маңырақ тауларының табиғи артықшылығы олар оңтүстік Сібір және Орталық Азия тауларының арасындағы өтпелі аймақ. Сондай-ақ таулы жерлермен салыстырғанда жазықтықтар ыстық әрі құрғақ. Және де көптеген өзендер таулардан бастау алады.

Маңырақ тауының ішінде жүру өте қызық әрі қиын. Таудың ішінде көбіне су тапшы. Жартастардың әсемдігі, биік құз-шыңдар бір-бірін қайталамайды. Әсіресе маусым уақытында бұл жер өте әсем көрінеді. Әрине ара-тұра тау бұлақтарын кездестіресіз. Бірақ олардың ағысы ұзаққа созылмайды. Біраз аққаннан кейін құрғап қалады. Жазда тау іші ыстық болады.

ХХ ғасыр басында Маңырақ тауын зерттеген табиғаттанушы ғалым В.А. Хохлов былай деп өзінің пікірін білдірді: «Скалистый, с редким кустарниковым покровом, собирающимся по ущельям и логам, покрытый типчаном и от части низкорослым таволожником, Монрак наводит уныние свой безжизненностью».

Алайда бұл пікірмен толық келісе алмаймыз. Таудың барлық жері солай деп айтсақ, қателесеміз. Жоғарыда айтқанымыздай құз-жартастар, асқар таулар бір-бірінің көркін қайталамайды десек, таудың табиғатында әр бөліктердің де әрқалай. Бір жерлерде ыстық болса келесі бөліктерде ылғалды, салқын, жанға жайлы. Жалпы Маңырақ тауын көп жерлерде ормансыз тау деп аталады. Бұл пікірмен де келісуге болмайды. Түйек шатқалында кішігірім ормандарды кезіктіруге болады.

Маңырақ тауының беткейлерін негізінен таудың қара топырағымен қызғылт-қоңыр топырақты дала ландшафтысы алып жатыр. Маңырақ тауының кейбір бөктерінде орманды-шалғынды дала, шабындықтарды кезіктіруге болады. Негізгі осы өңірдің жазықтығына тән белгі ондағы жайылымдар мамыр-маусым айларында ғана өзінің табиғи жасыл түсін сақтайды. Шілде, тамыз айларында сары далаға айналады. Осы белгі Маңырақ тауына да тән. 

Бұл тауда ерте көктемде көкорай шалғынға оранады да осы қалпын шілде айына дейін ғана сақтайды. Шілде, тамыз айлары келісіменшөптердің қурауы басталады. Сондай-ақ қыс мезгілінде мұнда қар аз түседі. Күнгейінде мүлде болмайды деуге де болады. Және жазықтықпен салыстырғанда әрі ық, әрі жылы. Мұның өзі осы тауды адам баласының ежелден мекендеуінің басты себебі деп ойлаймыз.

Маңырақ тауындағы өсімдік сан алуан. Тау беткейі мен баурайында бұта аралас жусан, қараған, сұлыбас, бидайық, қылқанбоз, бетеге, көде, ши, қамыс, т.б. шөптесін өсімдіктер өседі. Ал тағам ретінде бұл таулардан бүлдірген, тау сарымсағы, рауағаш сынды т.б. тамаққа пайдалануға болатын өсімдіктерді табуға болады.

Сәуір-мамыр айларында сарымсақты қорек қылуға болады, ал маусым айында бүлдірген, шілдеде рауғаш піседі. Бұл кезеңдегі тау суретімен, табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Тауаралық далалар мен аңғарлар көктем мен жазда малдың барлық түрлерін қолайлы жайылым саналады. Тау етегі жазықтарында дәнді және кейбір техникалық дақылдар егіледі. Мұндағы өсімдіктер түрлерінің барлығын атап шығу мүмкін емес. Сондықтан-да біз көпшілікке танымал деген өсімдіктердің түрлеріне ғана тоқталдық. 

Маңырақ тауын мекендейтін жануарлар әлемі Сауыр-Тарбағатай-Алтай тауларының қосындысы деуге болатындай. Мұнда оңтүстік Сібір тауларында кең таралған түрлерден қоңыр аю, қасқыр, марал, борсық, таутеке, арқар, ақ қоян, суыр, аламан бар. Маңырақтың құстар әлемі кейінгі кезге дейін белгісіз болып келді. Маңырақты мекен етуші құстарды неміс ғалымы Альфред Брэм және Виталий Хохловттар зерттеді. Олар төңкеріске дейін Зайсан қаласында тұрған. Сондай-ақ 1970 жылдары А. Сурвилов та осы жерде өз жұмыстарын жүргізді. Алайда таудың 90%-ы жұмбақ күйінде қалды.

Соңғы жылдары Маңырақта Б. Щербаков өз зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ол бұл тауда 130-ға тарта құстың түрі барын айтады. Және қызыл кітапқа енген құс түрлеріне де кеңірек тоқталады.

Негізінен бізге танымал құс түрлерінен бүркіт, қаршыға, ителгі, лашын, кекілік, т.б. құс түрлерін кездестіруге болады. Және бұлардан басқа таулық, далалық, жартылай шөлейттік жануарлар кездеседі. Таулы жерде де жазықта да жылан, кесіртке, сарышұнақтарды көптеп кездестіруге болады. 

Маңырақтық петроглифтерде бейнеленген осы өлкенің тау ешкілерімен арқарларды ең алғаш сипаттап жазған – П.С. Паллас (1766 ж). Бұл хайуандардың түрлері оңтүстік Алтайда , Сауыр-Тарбағатай- Маңырақ тауларында кездеседі. Алайда бүгінгі күнде олар Қытай территориясын мекендейді. Қазақ жеріне сирек келеді. 

Сөзімізді қорытылар болсақ, адам баласы ежелден өзіне қолайлы, өсімдіктерге, жануарларға толы мекенді таңдай білген. Көкорай шалғын малдарына өріс болса, аң-құстардың да көшпенділер өмірінде алатын орнын айтпасақта болады. Маңырақ тауыда сондай мекендердің бірі болған деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл сөзімізді тарихи деректермен археологиялық қазбалардың нәтижелері растайды.

Мейіржан СОЛТАНҰЛЫ, археолог, тарихшы

Суреттердің авторы Айдын ЖҮНІСХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?