Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы Дала Ұлағаты

6107
Ұлы Дала Ұлағаты - e-history.kz
Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жазылған мақалада қазақ мемлекеттілігінің тарихы, көне елдердің заңды жалғасы ретіндегі Қазақ елінің бүгінгі жетістіктері тарихи аспектіде баяндалады

Кешегі қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Мәңгілік ел - Қазақстан шетсіз де шексіз. Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау Ұлы даланың жері де Ұлы, тылсым терең тарихы да Ұлы, өскелең ұрпаққа деген Ұлағаты да Ұлы. 

Түп-тамыры түркіден тарайтын ортақ Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден бастап-ақ гүлдене қанат жайған бұл мәдени үрдіс Қазақстанның қазіргі шекарасымен ғана шектелмесе керек. Өмір мен өлімнің өзегін жалғап, қуаласаң сағымдай созыла жеткізбей діңкеңді құртатын Уақыт, Кеңістік атты шексіз ұғымдардың парқы мен нарқын айыра білген ата-бабаларымыз қандай дана десеңізші. Ол даналықтың ізім-қайым жоғалуы мүмкін бе?! Жоқ! Тіпті, өткен уақытты еске түсіруге мұрша болмай, күнделікті күйбең тірлікпен күн өткізсек те, олар үнемі бізбен бірге. Аңдаған кісіге аяқ астынан шыға келетіні бар. Еуразияның Ұлы даласында қым-қиғаш із тастап, оны арлы да берлі тынымсыз шарлаған, үш мың жыл бойы көші-қон күн кешкен көшпелілер сол өмір, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіне орай төлтума өнер мен мәдениет қалыптастырған. Олардың көне тарихы бірде аттың жалында, жойқын қақтығыстар барысында қалыптасса, енді бірде түйенің қомында, мамыражай тірлік жағдайында өмірге келген. Оның қай-қайсысы болса да, сол көшпелілердің соңғы тұяғы, ұштығы көз алдында тұрған ХХI-ғасырдың басына дейін жеткен қазақ халқының тарихына өшпес белгі қалдырған. Көшпелі өмірдің сән-салтанаты күні бүгінге дейін кей-кейде қылаң ұрып, сыр беріп қоятыны да сондықтан болар... 

XX ғасырдың басында елді егемендікке үндеп бас көтерген «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы өз жұмыстарын «сөздiң киесi, iстiң иесi бар» деп бастаған екен. Содан берi бiр ғасыр өтсе де осынау нақыл сөз әлі күнге дейін тәуелсіздігіміздің терең ұлттық идеясы, тіпті, керек болса, «Алты алаштың» атам заманғы алыс, алыс та болса жақын ұранындай естіледі. 

Әрине, аталмыш жүз жылды былай қойғанда, күні кешегіміз көз алдымыздағы жиырма бес жылдың ішінде өзгермеген нәрсе жоқ: саясаты мен экономикасы, әлеумет мен әлеуеті, тұрмысы мен тіршілігі, даласы мен қаласы, адамы мен оның санасы, ілімі мен білімі, әдебиеті пен мәдениеті өзгерді, Өмірдің өзі де өзгеге айналды. Өзгеріссіз қалған тек – қазақтың Киесі мен Иесі. Тілі мен Ділі. Біздің ұлттық мемлекеттілігімізді, Елбасы айтқандай, Мәңгі етер тек осынау Тәуелсіздігімздің түпкі тұғырындай Сөз бен Істің, Кие мен Иенің, Тіл мен Ділдің тарихи және өркениеттік құбылысы ғана ма дерсің?! 

Сөздің киесі мен иесіне орай... Қазақ елі, ендеше қазақтың ұлттық мемлекеттілігі – алдымен тілге, соңыра ділге, ақырында елге, түбінде ерге негізделген. Шын мәнінде, қазақ сөзге ұстамдығы мен беріктігінен бұрын, Сөз патшалығына бас ұрып, сыйлай да тыңдай да бiлген, сөзге тоқтай да алған халық! Сол арқылы ел мен ердің ойы мен бойында сан ғасырлап сұрыпталып, сомдалып, шыбын жанындай еніп, қасық қанындай сіңген құндылықтар жүйесі қалыптасып шыққан. 

4b8a8b2eaa9e3d73fdd4a6fa77f46d95.jpg

Жалпы, қазақ тарихы – жан-жақты тарих. Қазақ мәдениеті – жан-жақты мәдениет. Даланың қағандары мен хандары, билері мен батырлары, сардарлары мен сарбаздары, салдары мен серілері, тарих мұңын жоқтаған жырау да, табиғат мұңын шаққан сазгер де, сөз саптаған шешен де, найза ұстаған көсем де бола білген. Соған орай халық та осы сарбаздарын, ақындарын, сазгерлерін, шешендерін, көсемдерін шексіз құрметтеген, еркелеткен. Оларға еліктеген, таланттарына тағзым етіп, дарындарына қошемет көрсеткен. Сондықтан да болар, көшпелілердің далалық мәдениеті, өлең-жыр өнері, ұшқыр ой, суырып салма «сөз барымтасы», «түн қатып жүріп түс қашырған» ерліктері, соғыс алаңын тітіркенткен «жорық жырлары», елім деп «еңіреп өткен ерлерінен» айрылғанда ағылатын «жоқтаулары» – түбі бір түркілердің атадан балаға мирас болып қала берген мәңгі мұрасы іспеттес. Олардың баршасы, айналып келгенде, – қазақтың, оның ұлттық мемлекеттілігінің бірегей рухымен, асқақтығымен, қиян-кескі тартыстарымен, біреу ұғып - біреу ұғынбас, бірі сезіп - бірі сезінбес ішкі ізденіс сауалдарымен, рәміздік һәм идеологиялық ерекше құбылыс кейпіндегі бүтін бір елдік пен ерлік симфониясы - Дала Дастаны түрінде көрініс береді. 

Әрісі көшпелі ұлт-ұлыстар, берісі қазақ халқының еркіндікке, егемен тірлікке, тәуелсіздікке деген табиғи және тарихи ұмтылысы бір замандардағы өкінішпен, торығумен, үмітсіздікпен қатар келер күндерге сенім артқан адам тіршілігінің мәні, өмірі мен өлімі, Жаратқан, Тәңірі және адамның бұл жалғандағы орны, оның арман-мұраты, рухани құндылығы туралы фәлсәфалық толғаулармен үндесіп, ұштасып, ұласып жатыр. Ендеше, Мағжанша айтқанда «көп түркі енші алысып тарасқанда, қара шаңыраққа ие болып қалған» қалың қазақтың, тәуелсіз Мәңгі қазақ елінің алтын тұғыры – оның сары алтындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінге жеткізген рухани қазыналары, адал бақан, алтын арқауы - халықтың жүрегінтебірентіп, қайғысы мен қуанышын, арманы мен аңсарын, үміті мен тілегін, тіл жеткісіз сұлу қиялын, шетсіз де шексіз тұңғиық кемел парасатын тебірене кестелеген сөз құдыреті, қасірет пен қасиетке толы күйлері, асқақтай шалқыған әндері, мұңды-зарлы, сұлу сырлы, сырбаз ағысты, өршіл де өміршең саздары. 

Атақты Асан-қайғы абызға құлақ ассақ, хандардың алды Шыңғыс, соңы да Шыңғыс. 1224 жыл мен 1459 жыл аралығында Алтын орда мен оның қиынды ұрпақтарында Ноғай, Құтлық Темір, Едіге сынды мырза, әмірлерді қоспағанда 60-қа жуық хан билік еткен екен. Мұны бір деп белгілейік. Екіншіден, Қазақ хандығында кейіннен шашау кеткен ұлыстарды қоса алғанда, 35-тей хан болған. Оның 22-сі тек қазақтың өз хандары (бірқатар зерттеушілер қазақ хандарының саны 17 деп есептейді). Жалпы, Керейден бастап соңғы Бөкей сұлтанға дейін қазақтың үш жүзінде 97 хан болғанға саяды (7-нің аты-жөні белгісіз). 

Айта кетейік, күні бүгін Қазақстан территория көлемінен түркі тілдес елдердің арасында ең алдыңғы орынға ие. Мәлімет үшін б.д. 552–603 жж. астанасы Орда-Балық болған Түркі қағанатының территория көлемі шамамен 9 млн шаршы км. құраған, қазіргі Қазақстанның жер көлемі бойыншы әлемде 9 орынды иеленіп отыр. Ең қызығы, көрсетілген аралықта Ұлы Түркі қағанатында тоғыз қаған билік еткен: Бумын, Қара Еске, Мұқан, Төбе, Әмрек, Баға-Ышбар, Жағбу-Баға, Үн-Ұлуқ, Қара-Шорын қағандар. 

Көптеген тарихшылар Қазақстан территориясында шамамен 20 шақты мемлекеттік құрылымдар немесе мемлекеттілік сипатындағы тайпалық одақтар болған дейді. Алайда, бұл қатарға түрлі себептермен кірмей қалған мемлекеттік құрылымдар жетерлік. Мысалы, сарматтар, аландар, хазарлар... Біздің есебімізше, сонау сақ дәурінен бері Ұлы дала 24 мемлекеттілікті бастан өткеріпті. Соңғысы - Қазақ хандығы. Оның тікелей тарихи мұрагері - Қазақстан Республикасы – жиырма бесінші. Ал биыл оның Тәуелсіздігіне жиырма бес жыл. 

14de84f205c728223f4c7a0871871491.jpg

Әлбетте, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы мәңгі күресі тек хан-сұлтандармен шектелмек емес. Әйтпесе – тарихқа қауіп, халыққа қиянат. Қазақ хандығы мен бүгінгі қазақ мемлекеттігінің кіндігін жалғап жатқан не нағыз құбылыс десеңіз, ол - көне көмбелер, жазба жәдігерлер, «Алтын адам» және Жалаулыдан табылған қолөнерінің асқан үлгілері, көк түркінің оймақ жазуы, Күлтегін-Білге, Бумын және Істемі қағандардың Алтайдан Қарақорымнан Каспийге дейінгі қиым-қуыт соғыстары, Қорқыттың күйік күйлері, Аристотельдің шығыс шәкірті атанған Фарабидің («Ұстаз ас-сани») туындалары, Қашғаридің «Түркі сөздігі», Баласағұнның «Құтты білігі», Яссауидің сопылық ілімі, Жошы мен Алашаханның көркем мазарлары, Асан-қайғының ақылгөйлігі, Қазтуған мен Ақтамбердінің жорық жырлары, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өздері, Сырым батырдың сөздері, Махамбеттің отты өлеңдері, тарихымызды танытамыз, ұлтымыздың ұлылығын ұрпаққа ұлағат етеміз деп жүріп, кеңестік саясаттың құрбаны болған арыстарымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіппек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, Мухамеджан Тынышпаев, Ермұхан Бекмахановтардың «қалың қазақ» пен «қара баланың қамы» үшін елім деп етегі толып еңіреп жүріп атқарған саяси еңбектері... Бұл тізімді әрі де соза беруге болады. Алдыңғы арыстарымыздың асыл өнегесін жалғастыру үшін алтын көпірлік қызмет атқаруға коммунистік өктемдік тұсында да ақиқатты ашып айтқан ақберен кемеңгерлеріміз табылмай қалған жоқ. Мұхтар, Қаныш, Әлкей сияқты ағаларымыздың әрқайсысы бір-бір академия арқалайтын жүкті ғасыр соқпағынан сүрінбей алып шықты десек, тіпті де асыра сілтегендігіміз емес. 

Есімдердің әр әрпі алтынмен жазуға тұрарлық сондай асылдарымыздың арқасында тарихымыздың тамыры суалған жоқ деп білген ләзім. Ықылым заманнан бері қай елдің елдігін, халықтың халықтығын танытатын белгілерінің бірі – хан болсын, қара болсын, маңдайына біткен тума дарынды перзенттерін бағалай алу, қадірлей де қастерлей білу. Олай болса, төл өркениетіміз бен қазақи мәдениениетіміздің әлемдік деңгейде әйгіленіп, шоқтығын көтерген биік тұлғалы көсем-шешендеріміз, ғұлама-ғалым, ақын-жазушыларымызға деген борышымыз ұшан теңіз. 

Ұлы Даланың ұлағаты туралы тілге ерік, сөзге серік бергенде, әсіре үлкен жүктің тағы бірі - Қазақстанның көне қалалық және далалық материалдық мәдениеті, ежелгі сәулет және көркем өнері, қолөнері, археологиясы, этнографиясын, отырықшылық пен егіншіліктің ара қалпы әрі ара салмағы. Мәселен, қазір еліміздегі мұражай қоры 2 млн. 56 мыңнан астам мәдени мұралардан тұрады екен. Оның көбісі - Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қалалардың, Тараз, Сайран, Сауран, Сығынақ, Орда, Сарайшық сияқты көшпелі елдің отырықшы орталықтары қол жеткізген мәдени жетістіктер. Бұл тек белгілісі, белгісіз қаншама? Егер орта ғасырлық Қазақстан территориясында қыруар қала болғанын есте ұстар болсақ, бүгінгі мұражайқорымыз бәлкім он есе, жүз есе көп болар... 

Отырарды айтсаңшы! Қазаққа құдай бұйырған кең байтақ сахара сары дала Батыс пен Шығыстың арасын өзімен де, сөзімен де жалғап жатырған болса - Ұлы Жібек жолымен Ұлы далаға ұлы ілім де келген. Бір заманда күллі мұсылман әлемін тәмсандырып, арғы-бергі аты белгілі батыс ойшыл-оқымыстыларының ілкі Александрия кітап қоймасындай таңдайын қақтырған Отырар кітапханасы... «Аяғыңдағы етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?», қазақ тарихының небір парақтарына куә болған осынау материалдық мәдениеміздің аса маңызды үлгілерін әлемдік өркениет төріне иілмей, именбей шығаруға кім кедергі?! 

«Мен әлемдегі барлық мәдениеттердің үйіме кедергісіз енуін қалаймын, десек те мені сүріндіргенін қаламаймын» деген екен Махатма Ганди. Мәңгілік еліміздің осы бір тарихи даму тұсындағы міндет – сол ата-бабаларымыздан қалған өркениеттік және мәдени жауһар-жәдігерлерімізді қазіргі заманға сай одан әрі дамытып, жас ұрпақтың санасына сіңдіру, оны әлемдік мәдениеттің жаңашыл үрдістерімен үнемі толықтырып, жаңартып отыру. Ілім мен білімнің, мәдениет пен әдебиеттің, өнердің қайсы бір саласы, қандай да бір түрі болмасын, қашанда ел игілігіне кіршіксіз қызмет ететін, оны марқайтатын, көркейтетін, айналып келгенде ұлттық мемлекеттіліктің көсегесін көгертетін іртетасты идеологиялық факторлар. Соны білу, түсіну және түйсіну - бүгінгі бағытымыз, ертеңгі бағдарымыз. 

Тәуелсіздік мерекесі - той үшін емес, ойлау үшін, тағылым алу үшін қажет. Олай болса, ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру, оның жиырма бес жылдық тойына куә болу бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор несібе деп қабылдайық!!! Қанымыз бен жанымызға тән тарихи және рухани мұраларымызды қасықтап жинап, жинақтап, көзіміздің қарашығындай сақтап, асылымыздай ардақтап, ақыл-таразысына тартып, безендеп, ғылыми жағынан бекемдеп, өткеннің дұрысы – өнеге, бұрысы – сабақ екенін дұрыс аңғарсақ – ұлтымыз бен ұлттық мемлекеттігіміздің үлкен Ұлағатына деген ұлы құрметіміздің айғағы сол болар... 

Алтайы Оразбаева, тарих ғылымдырының докторы, профессор 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?