Ұлттық музей «Музейдегі түн-2016» шарасы аясында Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыратын барлық залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырады. Мерекеге жиналған көрермендеріне сан алуан бағдарламаларын ұсынатын болады. Мерекелік шара лазерлік шоумен аяқталады.
«Музейдегі түн» акциясын өткізу әлемнің 40-тан астам елінде дәстүрге айналған. Қазақстандағы бірқатар музейлер де бұл атаулы күнді үлкен дайындықпен қарсы алады. Ұлттық музей аталмыш іс-шараны осымен екінші рет өткізгелі отыр. Өткен жылы дәл осы акцияға 23 мыңнан астам адам қатысқан болатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын игілікті бастаманың куәгері болуға шақырады.
Айта кетейік, Халықаралық музей күнімен қатар жүретін думанның бірі – Музей түні. Музей түні алғаш рет 1997 жылы Берлинде тойланып «Ең ұзақ музей түні» (нем. Lange Nacht der Museen) деген атауға ие болды. 2001 жылы бұл идеяны Париждегі Лувр музейі қолдап, кейіннен ол әлемнің көптеген музейлерінде дәстүрлі түрде өткізіле бастады. Бір айта кетерлігі Алманияда Музей түні жылына екі рет, яғни, қаңтар мен тамыз айларының соңғы сенбілерінде тойланады.
Музей түнін тойлаудың басты мақсаты жалпы халықтың, әсіресе, жастардың музейге келу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал жасайды.
Дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ