«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан тарихшыларының ІІІ конгресі басталды

2393
Қазақстан тарихшыларының ІІІ конгресі басталды
Астанада Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Конституциялық құрылымның мәселелері және Елбасының рөлі» атты Қазақстан тарихшыларының ІІІ конгресінің жиыны өтіп жатыр

Отандық тарихшылардың үшінші конгресі алдымен «Жастар» шағын ауданында Кенесары хан сарбаздарының және Алаш қайраткері Смағұл Садукақсовтың ескерткішіне тәу ету шарасынан басталды. 

Ауқымды іс-шараға ҚР Парламент депутаттары, ЖОО басшылары, елімізге белгілі тарих ғылымының докторлары, академиктері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарих саласы бойынша ғылыми зерттеу институттары мен қоғамдық ұйымдары, сондай-ақ ЖОО студенттері мен магистр, доктаранттары қатысуда. Астана қаласындағы қара шаңырақ білім ордасында өтіп жатқан конгресте Л. Н. Гумилевтің туған күні де аталып өтіліп, гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасты.

b20bc2b943134e467c30ab06bfa83f7a.JPG

Қазақстан тарихшыларының ІІІ конгресі «Н.Ә. Назарбаев және Қазақстанның конституциялық реформалары», «Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан тарихы. Археология. Этнология», «Жаңа және қазіргі заман Қазақстан тарихы», «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» атты төрт секция бойынша түйінді мәселелер сөз болып, оның шешу жолдары талқыға салынып жатыр. Тарихшылардың конгресінде ЕҰУ ректоры, ұлттық тарихшылар конгресінің төрағасы Ерлан Сыдықов ашып, құттықтауын жолдады. 

6c97d012f85bad9f89ac50a1c5fb0dd5.JPG

«Елбасымыздың сөзімен айтқанда біз өткенімізден сабақ алатын, бүгіннің батыл қадамын жаңашыл тәжірибемен байытатын кезеңге шықтық. ЕҰУ-де Тарихшылардың ұлттық конгресінің құрылуы осыдан үш жыл бұрын орын алған. Осыған дейін өткен екі конгресте талай мәжіліс отырыстары, ұлт көшбасшысының «Мәңгілік ел» идеясын зерделеуге, зерттеуге, насихаттауға, түсіндіруге арналды. Сондай-ақ тарих әдіснамасы мен әдістемесін қайта қарап пысықтау, толықтырулар енгізу, оқулық пен оқулық жазу қағидаттарын жетілдіру ұлттық конгрестің негізгі жұмысына айналып келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы, Ата Заңның 20 жылдық мерейлі мерекелерін атап өтуде тарихшылар конгресінің іс-шарасы да елеулі болғанына өздеріңіз куә болдыңыздар. Атсалыстыңыздар. Әрине жоспар да, жұмыс та көп. Бірақ соның бәрін кеңесіп атқаруымыз қажет. Сол үшінде сіздермен бірге кезекті тарихшылардың ұлттық конгресінде жиналып отырмыз», – деді Е. Сыдықов. 

e335bf510b6063ab95975357e3ae2d85.JPG

Салтанатты жиынның барысында Ерлан Балташұлы ұлт тарихына еңбегі сіңген тарихшыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ хандығына 550 жылдығына» орай мерейтойлық медалімен марапаттады. Сонымен қатар «Қазақстанның ең үздік жас тарихшысы» байқауының жеңімпаздарына арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтарын үлестірді. 

eb25d139b21a10c40f91335172cf0796.JPG

Тарихшылардың ІІІ конгресі барысында «Қазақстан тарихшылары конгресінің кітапханасы» сериясымен: Әлихан Бөкейхан «Қазақтар», Қошке Кемеңгер «Қазақ тарихынан», Сатай Сыздықов «Қарлық-Қарахан мемлекеті», «Қарқаралы-Қазылық», Қойшығара Салғараұлының «Жер жаһанда арғы атаның ізі бар» атты кітабы, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Халық тарих толқынында» сериясымен шыққан кітаптары мен «Мangi El» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының жаңа санының тұсаукесер рәсімі өтті.

Еске салай кетер болсақ, Қазақстан тарихшыларының І Конгресі 2011 жылы өткізілген болатын. Екіншісі 2013 жылы 27 қазанда өткізілді. Енді міне, араға екі жылға жуық уақыт өткізіп тарихшылар тағы да бас қосып, осы саладағы бүгінгі күннің өзекті мәселелері мен оны шешу жолдарын ортаға тастады. 

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ