Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЕҰУ-да «Қазконтент» АҚ аудиториясы ашылмақ

1621
ЕҰУ-да «Қазконтент» АҚ аудиториясы ашылмақ - e-history.kz
Бүгін «Казконтент» АҚ пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Меморандумға қол қойды

«Казконтент» АҚ тарапынан Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Әлжанов, екінші тараптан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов қол қойды.

Бұл құжатта ЕҰУ «Журналистика және саясаттану» факультетінде «Қазконтент» АҚ-тың «Digital» аудиториясын ашу мәселесі, университет шәкірттерінің біліктілігін арттыру мәселелері, сондай-ақ екі тараптың қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын  арттыру, ақпараттық, әдістемелік саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

«Қазконтент» АҚ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық Меморандумы ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өтіп отыр.

Сондай-ақ мерекелік шара қарсаңында ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒКА академигі Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, елімізге танымал медиаменеджерлер мен жетекші журналистерді марапаттады.

«Еліміз журналистерінің төл мерекесі - ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай кезекті дәстүрлі кездесуіміз өтіп отыр. ЕҰУ Астана қаласындағы 20 мың адамы бар үлкен ұжым. Бізде интеллектуалды және де ғылыми әлеуетті білімді, талантты жастар білім алады. Екіншіден ЕҰУ журналистерді әзірлеуге тікелей араласып, қатысу арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Университетімізде журналистика факультеті бар. Шәкірттеміріміздің көпшілігі БАҚ саласында қызмет атқаруда. Солармен әр кез әріптестік байланыстамыз. Журналистер ұжымдарымен де қарым-қатынасымыз жақсы. Журналистика факультетінде аты бар, атағы бар беделді ұжымдардың аудиториялары жұмыс атқарады. Хабар агенттігінің, Қазақстан телеарнасының кабинеттері бар. Бүгін міне өздеріңіз көріп отырғандай «Қазконтент» АҚ бірлесіп келісім шартқа қол қойдық. Меморандум негізінде сандық технологиялар арқылы жұмыс істейтін журналистика кабинетін ашпақ ойдамыз»,-деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.  

ЕҰУ-дің бас марапаты «Күлтегін» медалімен «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Ерлан Қарин, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қазақ журналистикасының хас шебері Қайнар Олжай, көрнекті тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы марапатталды.

Университеттің екінші бас сыйы «Гумилев» медалімен «Казахстанская правда» газеті АҚ Басқарма төрағасы Вячеслав Пащенко, «Казконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов және журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, ғалым-профессор Намазалы Омашұлы марапатталды.

Сондай-ақ білім ордасының жағымды жаңалықтары мен жемісті жетістіктерін жарқыратып көрсетіп жүрген «Хабар 24», «Қазақ радиосы», «Қазақпарат», «National Digital History», «Baq.kz», «Астана ақшамы» секілді ақпарат құралдарының бір топ өкілдеріне «Алғыс хат»  тапсырылды. Мұндай марапаттан ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің  профессор-оқытушылары да шет қалмады.

Сондай-ақ жыл сайын бильярдан Журналистер мерекесі қарсаңында өтетін Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир қорытындыланып, бас  жеңімпаздары Секен Тұрысбек пен Әлімжан Сабыржанұлына кубок және диплом табыс етілді.

Мерекелік шара соңында журналистердің құрметіне арнайы дастархан жайылып, күмбірлеген күй тартылды, әсем әндер шырқалды. Ақтарылған тілектер де аз болмады.

Айта кетер болсақ, «Қазконтент» АҚ - Қазақстанның интернет және медиа саласындағы ірі қатысушылардың бірі. Компания активтері: ҚР Премьер-Министр сайты, «Strategy2050.kz» АА, «Baq.kz» АА, «Bnews.kz» АА, Adebiportal.kz порталы, «National Digital history», «ЕЛ» әлеуметтік желісі, «Kaztube.kz» бейне-порталы.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?