Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш арысы - Халел Ғаббасов

2767
Алаш арысы - Халел Ғаббасов  - e-history.kz
Алаш Орда төрағасының орынбасары, көрнекті тұлға Халел Ғаббасұлының өмірі жайлы жазылған еңбек аз емес, олардың көпшілігі оның саяси қызметінің кейінгі кезеңін қозғайды

Өмірінің бұл кезеңі туралы Халел Ахметжанұлы тергеуші Ольшанскийге өз қолымен жазған өмірбаянында егжей-тегжейлі жазып берген. Осы құжаттарға сүйене отырып «Qazaqstan Tarihy» порталы қоғам қайраткерінің өмір жолының алғашқы кезеңі туралы және оның Алаш автономиясының құрылуына қосқан үлесі жайлы сөз етпекші.

Халел Ахметжанұлының айтуынша, Халел Ғаббасұлы Семей губерниясында, кедей малшының отбасында дүниеге келген. Арғы аталары ретінде ол екі жүз жылдан астам уақыт бұрын Шаған болысына көшіп келген татарларды атайды. Өмірбаянында Халел Ғаббаұлы арғы атасының ұсталықпен айналысқанын, сонымен қатар жергілікті тобықты руының өкілдері оған қанша қамқорлық көрсеткенімен, бабаларының әлеуметтік-құқықтық қатынаста құлдарға тең болғанын жазады.

Халел Ғаббасұлы 1888 жылы Шаған болысында дүниеге келген. Он жасында Семейдегі орыс-қазақ мектебіне оқуға барған, 1901 жылы Семей гимназиясына түсіп, оны 1909 жылы бітіріп шығады. Жас Халел революция қозғалыстың ежелерімен осы кезде танысады. Ол революция идеясына 1905 жылдан, гимназияның 5-ші сыныбында оқып жүрген кезінен бастап қызыққанын айтады. Семей гимназиясында 1908 жылға дейін қызмет еткен астыртын революция үйірмесі болған. Ғаббасұлының айтуынша, үйірме қызметі көбіне саяси жер аударылғандарға қолынан келгенше көмек көрсетуден әрі аспаған. Сонымен қатар, жергілікті халықты отаны үшін барлық қолжетімді тәсілдермен күресуге шақырған саяси әдебиет пен үндеулер шығарып тұрған. Сол кездегі қазақ интеллигенциясындағы ықпалды тұлғалардың бірі Жақып Ақбаев  үйірмеге жиі келіп тұрған екен. ХІХ ғасырдың басында орын алған революциялық толқулардан кейін Ақбаев Омбыдан Семей түрмесіне қамалған еді. Халелдің елдің саяси өміріне деген қызығушылығын тудырған жалғыз Ж. Ақбаев қана емес еді. 1906 жылы Халел «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін Семейде жазасын өтеп жатқан Әлихан Бөкейханмен танысады. Х. Ғаббасұлының айтуынша, бірде ол бірқатар гимназия оқушыларымен бірге түрмеден босап шыққан Бөкейханға жолығуға кездеседі, алайда Ә. Бөкейханның олардың саяси сауаттылығына көңілі толмай, мейлінше көп әдебиет оқуға кеңес береді.

1909 жылы Семей гимназиясын өте жақсы бітіріп Халел Мәскеуге жол тартады. Мәскеуге келген Халел Императорлық Мәскеу Университетінің хаң факультетінің студенті атанады. 1912 жылдың көктемінде ол 1911 жылдың күзінде студенттер ереуіле қатысқаны үшін университеттен шығып қалады. Университеттен шығып қалғаннан кейін Х. Ғаббасұлына  Семейге оралуына тура келеді.

1912 жылдың күзіне дейін Семей уезінің Сейсен болыстығында ауыл мұғалімі болып жұмыс істейді. Ақша жинап ол қайтадан Императорлық Мәскеу Университетінде оқуын жалғастыру үшін Мәскеуге барады. Алайда, заң факультетінің студенттері революциялық идеялар ығына түсіп кетеді деп санаған губернатор Сосницкий Ғаббасұлын заң факультетіндегі оқуын жалғастыру мүмкіндігінен айырады, сол себепті Халел физика-математика факультетіне оқуға түседі.

Өмірбаянына сәйкес, Х.Ғаббасұлы оқуын бітіргесін Петроградқа барады, ол жақтан Семейге аттанады, ақпан революциясына дейін Семейде жергілікті кредит бөлімшесінің есепшісі, кейін Мемлекеттік банктің Семей бөлімшесінде инспектор болып жұмыс істеген. Революциядан кейін Х. Ғаббас Райымжан Мәрсековпен бірге «Сарыарқа» газетінің редакторы болып істейді, 1917 жылдың жазында Бірінші Бүкілқазақ съезінің делегаты болады. Съезде ол Семей облыстық земство басқармасының бастығы Р. Мәрсековтың орынбасары лауазымына ұсынылады.

Бірінші жалпықазақ съезінде ол ұлттық комитеттер ұйымдастыру бойынша комиссияларда жұмысы істегені туралы айтқа. Сол кезде екі негізгі қарсы күресуші күш болған. Бір жағынан Жаханша Досмұхамедұлы автономияны жедел жариялауға үндесе, екінші жағынан Бөкейхан асықпауға шақырды. Мүфтият құру қажеттілігін жақтаған үшінші тарап та болды. Көпшілік Бөкейханның пікірін бөліскеніне қарамастан, онымен келіспеушілер де болды.

Халел Ғаббас Мәрсековпен бірге Алаш милициясын құруға қатысқан. Бұл туралы олар 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен екінші Бүкілқазақ съезінде мінберден бірлесіп ұсыныс жасаған. 1918 жылдың ақпан-наурызында Халел Ғаббас Семей облысы Жұмысшылар кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1918 жылғы 20 наурызда ол совет үкіметімен белсенді диалогқа кіріседі. Ол жергілікті жұмысшы-шаруа кеңестерініңбарлық ұлттық мекемелерді тарату әрекеттеріне арыздар жазады, жергілікті халыққа қатысты террорды тоқтатуды талап етеді. Осы кезде Х. Ғаббас сол жылдары РСФСР ұлт істері жөніндегі Халық комиссариатын басқарған Иосиф Сталинмен ақылдасып отырған. Х. Ғаббастың естеліктері бойынша ол РСФСР басшылығынан совет билігі уәде еткен ұлттың өзін-өзі билеу идеясын кідіртпей жүзеге асыруды талап етеді. Оның талаптары он төрт тармақтан тұрған, оларда жойылған ұлттық мекемелерді қалпына келтіру, қазақ автономиясын құру, қазақ саяси тұтқындарды босату және т.б. талаптар көрсетілген. Сталин өз кезегінде совет үкіметін дереу мойындауды талап еткен. Сталиннің сөзі бойынша, тек сол жағдайда ғана автономия туралы жарияланатын Құрылтай съезін құруға арналған шаралар қабылданады. Диалог кезінде ол жалпықазақ съезін шақыру толығымен совет үкіметінің ұлттар саясатына аясына жататынын атап өткен. Сталиннің талаптары орындалады.

Әлихан Бөкейхан, Елдес Омар, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков, Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббас, Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлылардың қатысуымен мәжіліс өтіп, Халел Ғаббас телеграфпен Сталинге совет үкіметін сөзсіз мойындау туралы құжатты жібереді, ал Мәскеудегі Жаханша мен Халел Досмұхамедтер орталық үкімет алдында қазақтардың мүддесіне өкілдік етеді.

Ә. Бөкейхан бастаған орталық басшылық пен орталық үкімет арасында аздаған уақыт тұрақты қарым-қатынас орнайды. Сталиннің нұсқауы бойынша Облыстық Кеңес тұтқындардың бір бөлігін босатады, ал автономия туралы жариялайтын съезді шақыруға ешбір әрекет жасамады. Құрылтай съезін құру әрекеттерін совет үкіметі елемеді, сол себепті тараптар арасында алауыздық пайда болып, ол түбі уезд қазақтарын қысуға алып келді. Көп ұзамай кезекті съезд шақырылып, онда автономия құруға қатысты түгелге дерлік сұрақтар шешіліп, совет үкіметінің саясаты құпталады.

«…Съезд жұмысы кезінде оған қазақ комитетінің бұрынғы мүшесі Құлжанов келіп, оған сөз сөйлеуге мүмкіндік беруді талап етеді. Съезге төрағалық етуші Поштаев рұқсат бермеген соң, Құлжанов жанына қызыл әскерлерді ертіп әкеліп, енді сөз бермесе, съездің быт-шытын шығаратынын айтты. Съезд Құлжановтың талабын орындаудан бас тартып, жұмысын тоқтатты. Осыдан кейін съезд басшылары тұтқындалыпты деген сыбыстар тарап, кейбіреулерінен басқамыз қашуға мәжбүр болдық. Мен өзім Мәрсеков, Ермеков, Қозбағаров, Сәрсенов және басқаларымен Шыңғыс жоталарына қарай қашып, сол жақта жасырындық. Онда Бөкейхан, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Омар және көптеген басқалары да сол жерде еді. Барлығымыз 20-30 адам болдық. 1918 жылғы сәуір не наурыз айларында Омбыдан келген Тоқтамышевтың офицер тобына Семейдегі антисоветтік астыртын ұйымдар байланысқа шығыпты. Семейге келісімен ол қазақ комитетіне келді. Ұйыммен қалай байланысқа шыққанын мен білмеймін. Оның сөзінен есімде қалғаны бір ұйым черносотенші офицерлер ұйымы, екіншісі социалистік. Облсовдеппен қарым-қатынасымыз шиеленісіп кеткеннен кейін біз қазақ комитетін ұйымдардың біреуімен байланысуға мәжбүрледік. Тоқтамышев астыртын ұйым ұлттың өзін-өзі билеуін қарастырады деген. Тоқтамышевтың өзі аталған ұйымдардың ешқайсысында тұрған жоқ...» Х.Ғаббастың өмірбаянынан

1918 жыл бойы Қазақстан аумағында анархия мен зорлық-зомбылық билік етті. Әліби Жангелдиннің просоветтік отрядтары Алаш орданың типографияларын талқандап жатты. Алашордашылар атаман Дутов пен Омбыдағы совет үкіметіне қарсы Уақытша Үкіметпен байланыс орнатады. 1918 жылдың маусымында Халел Ғаббасұлы Әлихан Бөкейханмен және Мұхамеджан Тынышпаевпен бірге қаулыға қол қояды, ол қаулыда былай делінген:

«…Алаш автономиясының аумағында совет үкіметі шығарған барлық декреттер жарамсыз деп танылсын...».

Халел Ғаббасов осы оқиғаларды көзімен көріп, Алаш орданың  «Отношение к законодательству советской власти», «Земство туралы», «Алаш орда жанынан әскери кеңес құру туралы», «Облыстар мен уездерде Алаш орда кеңестерін құру туралы» және т.б. құжаттарын жасауға белсенді қатысқан. 1918 жылдың шілдесінде Ғаббас Өскемендегі қазақ өкілдерінің уездік съезінде Алаш орданың уәкілі болып сайланады, ал 1918 жылғы тамызда Семейдегі тұңғыш Алаш полкін ұйымдастырушылардың бірі болады.

Алаш орданың қайсар қарсылығы 1919 жылдың аяғына таман жасытылды. 1919 жылдың желтоқсанында ел билігі қаруын тастап, берілуге мәжбүр болады. Алаш орда қазақтың тек сот аппаратын ғана емес, сонымен қатар қарашекпенділермен бұзылған қазақтың құқығы мен бостандығын сақтау жұмыстарымен айналысты. РСФСР-ға қосылғаннан кейін Х.Ғаббас Семейге оралады. 1920 жылы ол Семей педагогикалық техникумында оқытушы болып істейді, кейін 1922 – 1928 жылдар аралығында «Хлебопродукт» АҚ басшыларының бірі, Алаш аудандық ауылшаруашылығы одағының жедел бөлімінің меңгерушісі болып, Мемжоспарда басшылық лауазымда қызмет етеді. Совет үкіметінің Алаш орда басшыларын кешіру туралы уәдесіне қарамастан, елдің интеллектуалдық элитасының басым бөлігі репрессияға ұшырады. Х.Ғаббас репрессияға ұшыраған алғашқылардың бірі болды. Ол 1928 жылдың 16 қазаны тұтқындалады. Бір жарым жыл қамауда отырып, 1930 жылдың 4 сәуірі алты жылға еңбекпен түзеу лагерлеріне жазасын өтеуге кесіледі. Бір жылға толмастан, 1931 жылдың 18 қаңтары, оған шығарылған үкім қайта қаралып, ату жазасымен алмастырылады.

Халел Ғаббасұлы қылмыс құрамының болмауына байланысты 1988 жылы ақталды. Осылайша, 57 жылдан кейін Алаш партиясының мүшесі, елінің тәуелсіздігі жолында жанын құрбан еткен, жазықсыз жазаланған Халел Ғаббасұлының ақ есімі халқына қайтып оралды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?