Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

№702 іс. Бетпаққара көтерілісіне қатысқандар қалай жазаланды

2814
№702 іс. Бетпаққара көтерілісіне қатысқандар қалай жазаланды  - e-history.kz
Патша билігі құлағанымен, қазақтардың бәрі бірдей большевиктерді қолдап кеткен жоқ. Ақ гвардияшылардың қатарында соғысып, Алаш орданы қолдағандар да болды

Билік басына советтер келгесін қазақтарға олардың билігін мойындауға тура келді, алайда большевиктердің қолданған қысым көрсету тәсілдері (ұжымдастыру, күштеп тәркілеу) халықты қолына қару алуға мәжбүр етті. Сондай көтерілістердің бірі 1929 жылғы қарашада Қостанай уезінің Бетпаққара елді мекенінде бұрқ етті. Qazaqstan Tarihy порталы көтеріліске қатысқан қазақтардың советтік әділ сотпен қалай жазаланғаны туралы айтып бермекші

Советтік тарихнамада Бетпаққара көтерілісі Қазақстандағы коммунизм құрылысына нұқсан келтіруге бағытталған бандиттік-басмашылық қозғалыс деп қарастырылды. Бетпаққара ауданы мен оған жақын жатқан Қостанай округінің басқа аудандарының он алты «бай шаруашылығының» тәркіленуі жергілікті халық тарапынан туындаған агрессияға алып келді.  Тәркілеу Алаш орданың бұрынғы мүшелері Ахмет Байтұрсыновқа, Міржақып Дулатовқа, Мырзағазы Есболовқа қатысты қудалаулармен қатар жүруі халықтың наразылығын тудырды. Көтеріліс басталардан біраз бұрын қазақ-орыс шаруаларының қарулануы туралы келіссөздер жүргізу үшін Қостанай округіне қарайтын бірқатар аудандардың өкілдері Қостанайда өткен жәрмеңкеде жиналады.

1929 жылдың 1 қарашасында ереуілшілер Бетпаққара ауданының аудан орталығын басып алып, партиялық және советтік мекемелерді қиратады, жергілікті милиция бөлімшесіне шабуыл жасап, қамаудағыларды босатады. Ереуілшілерді омарбай Бармақов, Наурызым ауданының милиция бастығы Абайділді Бекжанов, Сейітбек Қалиев және Торғай революциялық комитетінің бұрынғы бірінші төрағасы Ахмадия Смағұлов басқарды. Кооперативтер мен шаруашылықтарды қирату келесі күні де жалғасты, аудан басшылары тұтқындалды. Советтік хрониканың деректеріне сәйкес, ауданның барлық ауылдарының өкілдері қатысқан Бетпаққарада өткен съезде совет билігін құлату туралы шешім қабылданған. Съезд ақсақалдар кеңесін - «Ақсақал үштігі» құруды тапсырады. Бұдан былай совет билігімен күрес жүргізу үшін әр ауыл елу жігіт бөлуі керек болған. Көрші ауылдарға, сонымен қоса Қызылорда мен Ақмола округтеріне үгіттеушілер жіберілген. Көтеріліс басшысы съезд барысында хан етіп сайланады. Аз уақыттың ішінде Бетпаққара ауданының көптеген ауылдары, сонымен қоса Торғай мен Наурызым аудандарының кейбір ауылдары көтеріліске келіп қосылады. Алайда 1000 адам жинаймыз деп жоспарланған жасаққа соның жартысындай ғана адам жиналынады. Адамның аздығы мен қару-жарақтың болмауы (сарбаздарда тек 70-ке тарта ғана винтовка болған) көтерілістің мүмкіндігіне әсер етпеуі мүмкін емес еді. 8-9 қарашада ОПТУ-дің қарулы жасағы Бетпаққара ауданына еніп, көтерілісті басып-жаншады.

Қазақстанда болған антисоветтік көтерілістер тарихында Бетпаққара көтерілісі «№ 702 іс» («Дело №702») деген атқа ие болады. Сол кездегі «контрреволюциялық» жылдарға сәйкес, айыптаулар негізінен РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-ші бабы бойынша жүргізілді. № 702 іс 1930 жылдың 5 қаңтары бастылып 22 қаңтары аяқталған.

Қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер тергеуге кірісіп кетеді.  1929 жылғы 9 желтоқсанда өткен тергеулердің бірінде куәгер ретінде сөз сөйлеген К.Карпыков деген біреу осы көтерілістің шын мәніндегі ұйымдастырушылары мен алғышарттары туралы айтып берген:

«Белгілі ұлтшыл Ахмет Байтұрсынов Қызылордада жұмыс істеді де, 1929 жылдың көктемінде, тұтқындалуынан бір күн бұрын, ГПУ-ге шақырылғаны туралы хабарлама алды. Өзінің тұтқындалынатынын сезіп, ол күйеу баласы Рүстем Әбділғапаровты/Рустем Абдулгафаров өз айтуымен ұлтшылдарды қолдайтын қазақтарған арнап үндеу жазуға мәжбүр етті. Үндеудің мазмұны мынадай: «Совет билігі осы жылы құлайды (1929ж.) басшылардың ішінен Рыков пен Бухарин Троцкийдің жағына шықты. Бухарин мен Рыковтан қорыққандықтан орыс шаруаларына көп жеңілдік берілген, атап айтқанда: жеке ауылшаруашылық салығының, астықты күштеп жинаудың алынып тасталуы және т.б. Жалпы алғанда, орыстар өз құқықтарына қолжеткізді, ал біз, қазақтар, әлі де қорқамыз, және ақыр соңында, қазақтікі деген дәулеттен құр тақыр ғана қалады. Сондықтан да қазір халықты колхоздарға жазылмауға көндіру керек, өйткені колхоздардан кейін коммунхоз деген келеді, сол кезде өзіңдікі деген ештеңе де болмайды, яғни меншік құқығы деген мүлдем жойылады. Осыншама колхоз ұйымдастырылды деп жазып жатқан газеттерге сенуге болмайды,, мұның бәрі өтірік, мұны коммунистер халықты арандату үшін айтады. Аудандардан келген түрлі уәкілдер мен агенттерге жарамсақтанбай, астық, тауар және басқалар туралы талаптар қою керек. Биыл мақсатқа қол жеткізу оңайырақ, өйткені большевиктер қазір қостанайлық орыстардың (мұжықтардың) тарапынан әр жерде болатын толқулардан қорыққандықтан ереуілшілерді қысуға қорқады. Солармен бір уақытта ашық қимылдауға болады, алайда сақ болып, ешкімді өлтірмеу керек, әйтпесе, әскер келіп, халықты таратып жіберуі мүмкін, сол кезде ұйымдасу қиын болады. Совет билігі көп ойланбай қатаң заңдарын өзгертеді, сол кезде біз билікті өз қолымызға тартып аламыз». «Ахмет Байтұрсыновтың күйеу баласы Рүстем Әбділғапаров/Рустем Абдулгафаров Қызылордада Қазмалшаруашылығы одағында нұсқаушы болып қызмет етеді, Қостанай округінің Батпаққара ауданынан шыққан, 1919 жылы Торғайдың әскери комиссары Амангелді Имановты атуға қатысқаны үшін бандитизммен күрес бойынша Төтенше комиссияның қудалауынан қашқаны үшін 1920 жылы қызлдармен атылған бұрынғы болыс билеушісі Әбділғапаровтың ұлы.  Жоғарыда айтылған сөздерді (Ахмет Байтұрсыновтың үндеуін) оның күйеу баласы Рүстем Әбділғапаров/Рустем Абдулгафаров Қостанай округіне хатпен таратты».

Осы іс аясында Ахмет Байтұрсыновтың інісі Мәшенді тергеген тергеу хаттамасы келтіріледі, одан да көтерілісті ұйымдастыруға қатысы бар деп сезіктенген. Мәшен 1930 жылдың 14 қаңтарында тұтқындалған. Оның сауалнамасында келесі деректер жазылған: 56 жаста; әлеуметтік жағдайы – бай; 28-ші бап бойынша қамауға алынған; үмбетей руынан шыққан қазақ; тұратын жері – Қарсақпай ауданы № 7 ауыл; кәсібі – малшаруашылығы; отбасы жағдайы – үйленген, 8 баласы бар (3 жастан 13 жасқа дейін); мал-мүлкі: киіз үй – 1, қыстау – 1, жылқы – 12, сиыр, қой-ешкі – 16, арба – 1. Партияда жоқ. Білімі – сауатсыз.

Тергеуде Мәшен Байтұрсынов: «Өткен 1929 жылы салық төлеу үшін мал сату мақсатында Қызылорда қаласына бардым. Қазір Алматыда жұмыс істейтін Аъхмет Байтұрсынов менің ағам, мен Қызылордаға барған кезде қалада болған жоқ. Соңғы рет оны ол ауылға келгенде 1926 жылдың жазында көрдім, ауылда 15-20 күн болды. Қазіргі уақытта ағаммен ешбір байланысым жоқ. Қазаннан бері Алматыға барған жоқпын, ауылда Ахметтің кіммен тығыз араласатыны маған белгісіз. 1929 жылдың 15 желтоқсаны маған белгісіз себептермен Қарсақпай ауданы бойынша ГПУ басқармасымен тұтқындалдым. Түрмеде отырғанда, Батпаққарадағы көтеріліс туралы естідім. Кооперативті тонамақшы болған Кубековтың сарбаздары тобына қатысым жоқ. Сонымен қоса, сарбаздарды ұйымдастыру мәселесі бойынша ауылдағы жиналысқа қатысым жоқ» - деген.

Өзінің көтеріліске қатысы туралы Әмір Қалиев тергеуде былай дейді:

«1929 жылғы қазанның аяғында малға жем-шөп болмауы себебінен Торғай ауданының №1 ауылынан көшіп кеттім. №7 ауылға келгенімде сол ауылдың азаматы Б.Қарабаевтан Бетпаққарада көтеріліс болып, кооперативтің және РиК-тің қиратылғаны туралы естідім. №7 ауылдан мен ешқайда шыққам жоқ, сол жерде 7 күн тұрып, маған белгісіз себептермен Қарсақпай ауданы бойынша ГПУ басқармасымен тұтқындалдым. Мен Қарсақпай ГПУ-нде 20 тәулік отырдып, кейін босатылдым. 8 күннен кейін мен қайтадан тұтқындалып, Қостанай қаласына жіберілдім. Ұлтшыл Ахмет Байтұрсыновты білемін. Ахмет менің әкемнің туған ағасы. Ахметті 1926 жылы, ол ауылға келген кезде көрдім. Ғалымжан Бектемісов 1929 жылдың жазында Рүстем Әбділғапаров арқылы Ахмет Байтұрсыновтан хат алды, хаттың мазмұнын мен білмеймін. Ғалымжан Бектемісов – Қали Байтұрсыновтың күйеу баласы. Ғ.Бектемісов жазда маған келген жоқ, оны соңғы рет 1929 жылдың мамырында Торғайда көрдім. Соңғысының Ахмет Байтұрсыновпен байланысы бар»  

1930 жылғы 17 қаңтардағы сот құжаттарында көтеріліс сырттан ұйымдастырылған деп айтылған. Оның үстіне, алға қойылған тапсырмалардың едәуір бөлігін көтеріліс басшылары орындап шыққан.

1930 жылғы 24 сәуірдегі «үштік» хаттамасына сәйкес, №702 іс бойынша 115 адам атылған, 170 адам ұзақ мерзімге еңбекпен түзету лагеріне қамалған, 28 адам үш жылға Қазақстан аумағына шет жерге жер аударылған, 17 адам шартты түрде сотталған, ал 194 адам байлар мен молдалардың ықпалына түсуші ретінде босатылған. Кейбір басқа қатысушылардың істері қосымша тергеуге жіберілген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?