Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астананы Сарыарқаға көшіру идеясын Сәтбаев көтерген

2169
Астананы Сарыарқаға көшіру идеясын Сәтбаев көтерген - e-history.kz
Таяу Шығыс елдері мен халықтары және әлемдік діндер үшін Иерусалим қандай киелі болса, Түркістан - Орта Азия халықтары мен елдері үшін сондай киелі.

Өйткені ислам өркениеті нақ Таяу Шығыста қанат жайып, көкке самғаса, ислам діні біздің аймақ пен көшпенділер әлеміне самғауы мен орнығуы осы Түркістан арқылы жүзеге асырылды. Осы тұрғыдан алғанда біз салған Астана қаласы Түркістан идеясының материалдануы, бүгінгі тілмен айтқанда жаңғыруы. Астана мен Түркістанның жаңғыруы.

 Адамзат тарихы мен тәжірибесіне сүйенер болсақ, елдер мен халықтар өздерінің Бас қалаларын дұрыс таңдап алып, салуға кіріскенде – адамзаттың баянды да шынайы өркениеті басталды. Өркениеттердің дүниеге келіп кемелденуі мен тарихи сахнадан кетуі де Бас қаланың саяси тағдырымен тығыз байланысты. Елдің құдіреттілігі мен ұлылығы: билеуші мен қарапайым бодандарының – астаналарының Бас қалаларының маңайына топтасушылығымен, оған деген патриотизмі мен сүйіспеншілігімен байланысты болды. Тұрақтылық пен құбылмалылық, баяндылық пен түрлену -  табиғатқа да, қоғамға да тән құбылыс. Астаналардың аты да заты да өзгеріп, тіпті географиялық орнының алмасып отыруы да – сол халықтың арман- аңсарынан, уақыт талабынан туындайды. Отандық және әлемдік тарих  бұған куә. Біздің астаналардың тарихы - жасындай жарқылға ұқсайды. Тез жанды - тез өшті: бізге шынын айту керек астаналарымыздың, баяндылығы мен тұрақтылығы тұрғысынан жолымыз болмады. Бас қалаларымыз тарихтың өн бойында үнемі өзгеріп отырды. Бұл ел болып, ұлт болып ұйысуымызға үлкен нұқсан келтірді.

Сыртқы жаулармен перманентті күрес, тайпалық-рулық ішкі тартыстардан қолы босамаған халқымызды - әлеуметтік, тұрмыстық, отырықшылық мәселелерге келгенде белсенділігімізді төмендетті. Сыртқы жауға қаһарлы халық, тұрмыста сыпайы, әлеуметтік мәселелерде әлсіз болды. Қатал геосаяси жағдайлар да қазақ астаналарының  тағдырына кеселді әсер етті. Ұлы географиялық ашулар – «Жібек жолының» бойында орналасқан қазақ ордалары Сарайшық, Сығанақ қалаларының тарихына тағдыршешті әсер етті. Астаналармен бірге қазақ халқының  топтасуына мүмкіндік бермеді. Бір қызығы кеңес өкіметі жылдары  да  қазақ астаналарының тағдыры құбылмалы болды. 70 жылдың ішінде астаналарымыз үш рет өзгеріп, ұлт болып қалыптасуымызды шиеленістірді. Егер 70 ті үшке бөлсек әрбір 23 жыл сайын астаналық қала алмасып отырған болып шығады. Ұлт болып қалыптасу үдерісі оңай емес. Ағылшындар Лондонның , Француздар Париждың маңайына топтасқанда ғана ұлтқа айналды. Басқасын былай қойғанда, немістер мен  итальяндарда  ондай ұйытқы, жүйе түзуші қалалар ХІХ – ғасырдың соңына дейін болмағандықтан олардың ұлтқа айналуы француз, ағылшындарға қарағанда кешеуілдеді. ХІХ –ғасырдың соңын ала Берлин мен Рим сондай функцияны атқара бастағанда ғана неміс және итальян ұлттары пайда болды.

Кеңес билігі жоғарыдан белгілеп  берген Орынбор қаласы ондай міндеттері бірден атқара алмады. Оған тарихи уақыт керек еді. Жаңа тұрпатты қазақ зиялылары революциялық романтика жетегінде болып, астананы қалың қазақтың ортасына алып барудан жағдайдан шығудың  бірден – бір жолын көрді. Олардың саналарының бір түкпірінде Ташкент қаласының болуы да заңды. Ақырғы соңында астананы қалың қазақтың ортасы Қызылордаға көшірілуі де уақыт көрсеткішіндей өзін өзі ақтамады. Нәтижесінде Қазақстан Орынбор қаласынан айырылды, Ташкент қаласы да оған бұйырмады. Жаңа астананың таңдалуында оның қазақтың солтүстік, Батыс өңірінен алшақ, қиыр оңтүстіктегі, Орынборға қарағанда қысы жұмсақ, жазы қолайлы Алатау баурайында орналасқандығы да аз роль атқармаған болуы мүмкін.Осылайша, кеңес билігі Асатананы   Алматы қаласына көшіруге шешім қабылдаған еді. Салынып жатқан Түркістан – Сібір темір жолына, оның үстіне Орта Азия республикаларының астаналары Фрунзе, Ташкент Душанбеге жақындығы  да  кеңестік басқару билігі талаптарына сәйкес келді.

Соғыстан кейінгі жылдары Алматының елдің негізгі аймақтарынан тым қашықтығы айқын сезіле бастады. Нақ сондықтанда кеңестік билік Қазақстаннның солтүстік аймақтарын Ресейге қосу ниетін бірнеше рет жүзеге асырғысы келді. Қазақ зиялыларының келесі буынның мөлтек сыры, арман - аңсары  астананы Сарыарқаның төріне көшіру болды. Бұл идеяның Қазақ элитасы нәзік қатпарындағы бастамашысы Қ.Сәтбаев еді. Алайда бұл мәселе кеңестік Қазақстан билігінің құзырында еместі. Соғыстан кейінгі он жылдықтарда кеңестік Алматы шынында да күллі Қазақстандықтардың мақтанышына айналған әсем қалаға айналды және өткен ғасырдың 60-80 жылдары  қазақ мәдениетінің «алтын ғасыры» болды. Соған  қарамастан ұлт болудың іргетасы – заманауи қалалық қазақ мәдениеті Қазақстанның бас қалаларында біржолата  және түбегейлі қалыптаспады. Кеңестің Қазақстан қалалары ішінде қазақтардың үлес салмағы аз болды. Еліміздің егемендікке қол жеткізуінен кейін ғана қазақ халқының арманы орындалып, бас- аяғы екі -үш жыл өтісімен 1994 жылдың  6 маусымында Қазақстан Республикасының жоғарғы кеңесі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» Қаулы қабылдады. Сонымен заманауи Қазақстан тарихындағы Бас қалаларының Орынбор – Қызылорда  - Алматы, одан әрі Ақмола –Целиноград – Ақмола – Астана болуының әскери бекіністен губерния, облыс, тың өлкесінің орталығы ҚР-ның астанасы болуының астарында шиеленіске толы талай бет бұрыстардың ізі жатыр.1953жылға дейін халқымызбен бірге астаналарымыздың жолы болмады. Ұлт тағдыры үшін  Астана А.Айталы айтқандай «оның өзегін жарған оқиғаларынан алған сабағы, өзін – өзі тану жолындағы түйген пайымынан туады».

Халықаралық  тарих тәжірибесіне  жүгінер болсақ, 1215 жылы Шыңғысхан жорығынан кейін өртеніп кеткен Пекинді 1264 жылы қытайлықтар астана етіп тәуелсіздікке қол жеткізді, ұлттық сана оянды, мемлекеттік идеологиясы жаңарды. Жапондықтар өз тарихында астаналарын төрт рет алмастырған екен. XVII -  ғасырда ел астанасын Токиоға көшіру төніп келе жатқан Қытай мен Европа елдерінің  миссионерлері мен опиумы ықпалынан құтылу үшін қажет болды. Кезінде І Петр Ресей астанасын Мәскеуден солтүстіктегі Санкт-Петербургкке  көшіруге шешім қабылдауы да уақыт талабынан туындаған еді. Бұл Ресейдің Батыстан тәуелсіздік жолындағы күресінің жемісі болды. Орыс қоғамының жоғарғы топтарының бағыты – Батыс бағытқа бұрылып Еуропа мәдениеті аясына кірсе, қарапайым халқы орыс мәдениеті шеңберінде қалды. Орыс менталитеті екіге бөлініп оның қарама-қайшылығын, екі ұдайылығын (Н.Бердяев) күшейтіп ауыр салдарларға алып келді,яғни орыстардың саяси ұлт болып қалыптасуы күрделенді. Біз болашақта бұданда сабақ алуымыз керек. Уақыт талабына сай астананы көшіру идеясы Ата түріктік Түркиядан да байқалды. Стамбул - Осман империясының символы болса, жаңарған заманауи Түркияның символы Анкара болуға тиісті болды. Осман империясы дәуірінде этникалық түріктер қазақтар сияқты билікте жүргеніне мәз болып жүргенде, елдегі өнеркәсіп капиталының 90% түрік еместердің қолында болып елдің тәуелсіздігіне қауіп төнген еді. Ұлттық кәсіпкерлер мен іскерлік топтар да болмады. Түрік тілі де ресми құжаттардан ығыстырыла бастады. Сондықтан Ата Түрік түрік тілі мен мәдениеті негізінде жаңа саяси ұлт жасауға кірісті. Әрине реформалар қатқыл құралдар  және қасаң жолдармен жүргізілді оның салдарлары заманауи Түркия тарихынан әлі күнге дейін байқалады. Алайда , жасауға біз ұлт мәселесінде қатқыл Ата Түрік жолымен жүруге тиіс емеспіз, бірақ қазақ тілі мен мәдениеті төңірегіне басқа этникалық топтарды табиғи жолмен тартуға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің мәдени және ментальді картасы өзгереді.

Освальд  Шпенглер «ұлттар дегеніміз – қала салушы халықтар» деген еді. Қазақтардың  өз қолымен  өздерінің  Бас қаласын салуын тағдыр ХХ- ХХІ ғасыр тоғысында жазыпты. Тәуелсіздіктің арқасында қала салушы ғана емес, астана салушы өркениетті ұлттар қатарында қазақстан ұлты да қосылып келеді. Бүгінде қалалық қазақ мәдениеті мен бірге этникалық деңгейдегі қазақ ұлты – саяси ұлтқа, азаматтық ұлтқа айналу процессі қайшылықты болса да  қарқынды жүруде.  Қазіргі таңда қалаларға жаппай қоныс тебуге ұмтылып жатқан қазақтардың – бірі найман, бірі керейт, бірі адай, бірі уақ болып бара жатқаныда шындық. Қалада қоныстанған қазақтардың  саяси ұлтқа айналуы үшін кемінде екі ұш ұрпағы алмасуы керек. Психологтар белгілі бір дүниетанымның екі ұрпақ бойы өмір сүрсе, бекем болатынын айтады. Сонда ғана сана түкпіріндегі азаматтық « қазақ» ұғымы басым сипатқа ие болмақ. Бұл орайда біз өз қолымызбен салған Астана тұрғындарының сапасы жайлы ойласуымыз керек. Астана студенттер қаласы, алайда біз оны күллі Қазақстанның маргинальдық топтары мен люмпенденген қазақтардың мекеніне айналдырмауымыз керек.  Әрбір қазақ отбасы, әрбір әулет өзінің ұлдары мен қыздарын Астанаға жіберіп жатқанда – ойлануы керек. Баласы Астаналық болуға ылайық па? Сондықтан Астанаға белгілі мамандықтарды жете меңгерген, өз ісінің шеберлері, сегіз қырлы бір сырлы, кәсіби жастардың баруын қадағалауымыз керек. Сонда ғана астаналық мәдениетті қалауымызша қалыптастыра аламыз... Сонда ғана Астана жалпы халықтық ұлттық мәдени ментальдық құрылысқа айналады. – (О злобе дня надо говорить, ибо оно становится еще злее.)

Біз төменнен белсенділік танытып отансүйгіштік рухты жалпыхалықтық етуіміз керек.Көршілік қауымдық психологияға негізделген орыс менталитеті де бұл мәселеде ахаулық танытуда,ал ру-тайпалық көңіл күй құрсауындағы менталитеттен арылу кеселді журуде.Басқасын былай қойғанда зиялылардың кейбір топтары арасында бүкіл әлемнен тек өз руының мүддесін көретіндер немесе өз руында отырып бүкіл әлемді көрмейтіндер жанталаса қарсылық көрсетуде.

 Астана – астана болғалы өзін халықаралық аренада көрсете білді. Қазақстанның жаңа астанасының солтүстікке көшірілгенін көре алмаған оппоненттеріміз де болды. Әлі есімізде 1994 жылы Мәскеу жоғарғы саяси топтары арасында ресей журналистерінің бірі «қандай себептермен сұлу Алматыдан астаналарыңызды солтүстікке көшіргелі жатырсыздар?» деп тұңғыш президентімізге құйтырқы сұрақ қойған еді. Елбасы ойланбастан «хотим быть ближе к России» деп жауап беріп оппонентін және сұрақ қойдырып отырған топтарды тапқырлығымен қарусыздандырған еді. Біле білген адамға бұл уақыт талабы қойған сұраққа берілген тарихи жауап еді. Астананы көшірмегенімізде Еділ сияқты Есілден де айырылмауымызға кім кепіл еді?! Өйткені халықаралық беделді ұйымдарға, нақты айтқанда АҚШ пен НАТО-ға арқа сүйеп «белсенділік» танытқан кейбір бұрыңғы кеңес республикаларының аянышты тағдырының куәсі болып отырмыз (Украина, Грузия). Бұдан алынатын сабақ, ең бірінші өз күшіңе сен, содан кейін барып  халықаралық ұйымдарға арқа сүйе. Астана нақ солай еді. Ішкі әлеуетіне сүйене отырып, халықаралық ұйымдар арасында беделін нығайта білді.  Оның куәсі әлемдік діндер мен конфессиялар жиынының тұрақты түрде Астанада өтіп оған Қазақстанның мұрындық болуы. 2010 жылы Қазақстанның Еуропалық ынтымақтастық елдерінің төрағасы болуы, 2017 жылы өткен дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің Қазақстанда өткендігі де ұлтымыздың мерейін көншітіп тастағаны хақ.Сириядағы дағдарысты шешудегі қазақстан билігінің белсенділігі ТМД кеңістігінде түсіністікке ие және обьективті түрде саяси ұлт болып қалыптасуымызға қызмет етеді.

Қорытындылай келгенде, Астана - ұлттық идеялардың заманауи бейнесі, ғасырлар ізденісінің нәтижесі, жаңа ұлттық идея,   қалалық қазақ рухының көрінісі,саяси ұлт қалыптасуының ұйытқысы.Әрбір қазақстандық мемлекет іргетасының кірпіші сезінгенде ғана біз ұтамыз.   Кім ұтса ол ұтсын, Қазақстан ұтылмаса болғаны.  

Сәтбай Тастанбек

Тарих ғылымдарының докторы,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің

профессоры

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?