Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Азулы арыстан

2592
Азулы арыстан - e-history.kz
Ташенов Жұмабек Ахметұлы - аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері - Қазақстанның қазіргі астанасы Нұр-Сұлтан қаласына жақын жердегі Танакөл (Танагүл) ауылында дүниеге келген.

Кейбір деректерде туған жері Бабатай стансасы деп көрсетіледі (20.03.1915, Танакөл ауылы, Аршалы ауданы, Ақмола облысы - 18.11.1986, Шымкент қаласы) [1, 180 б.].

Әке-шешесі орта дәулетті адамдар болған. Арғы ата-бабалары осы өңірде ежелден мекендеген. Қазақстан Ресей империясына қосылған соң 1832 жылы Ақмола атауымен приказ құрылып  қала салынды. Қалада орыс-казактары мен бірге жергілікті тұрғындар - қазақтар және татарлар, башқұрттар т.б. мекендеді.

Әкесі Жақсыбаев Тәшен, шешесі Гүлсімнің шағын шаруашылығы болды. 1917-1924 жылдары іргелес орналасқан Мартыновка поселкісінде әртүрлі жұмыстар атқарып, 1931 аурудан қайтыс болды. Тәшен мен Гүлсімнің Қасым (жастай шетінеген), Қасен, Манап, Жұмабек, Бидан (Бибінұр), Сақыш (Сақыпжамал) атты балалары болған.

 Жұмабектің туған жері Танакөл ауылы (№ 7 ауыл), туған уақыты - 20 наурыз 1915 жыл екенін тарихшы ғалымдар, монография авторлары Сейітқали Дүйсен және Қанат Еңсенов анықтады [2, 22 б.]. Танакөл ауылы Бабатай кентіне өте жақын орналасқан болатын, ал 1930-жылдары колхоздарды біріктіру және ірілендіру кезінде Танакөл ауылы жойылып кеткен.

Қазақ өлкесінде тұрғындардың туған жері мен уақытына қатысты әркелкіліктер құжаттандыру жұмысының төмендігінен және тұрғындардың туу туралы куәліктер алуға құлықсыздығынан болып отырды. Өйткені тұрғындар үкімет тарапынан ресми есепке тіркелсе мемлекетке төлейтін салықтар түрі көбейетін болған.

Келесі мәселе – Жұмабектің неге Ахметұлы болып жазылуы туралы. Ташеновтардың жақын туысы Дәметкен жеңгейдің айтуынша, қазақтардың ежелгі туыстық дәстүрі бойынша Жұмабек пен Манап Тәшеннің баласы жоқ кіші інісі Ахметке балалары етіп асырауға берілген.

Ташеновтер отбасын жете зерттеушілердің бірі Кәрішал Асан-ата (Асанов) осындай оқиға Қонаевтар жанұясында кездескенін келтіреді [3, 10-11 б.]. Мәселен, Жұмабек Ташеновтың замандасы, республиканы ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған інісі Асқар Меңліахмет тегінде жазылған. Сонымен бірге Ж.А. Ташенов тегі «Тәшенов» және «Тәшенев» болып жазылуы да кездеседі.

Жоғарыда көрсеткеніміздей қазақтар өмірге бала келгенде және есімін қойғанда өздерінің салт-дәстүрлерін негізге алған. Шағын «Танакөл» ауылы «Бабатай» поселкісіне таяу орналасқан және 1930 колхоздарды қосу мен ірілендіру науқаны кезінде жойылып кеткенге ұқсайды.

Жұмабек Ташенов еңбекке жастайынан араласты. 1936 жылы 26 қарашада Вишнев аудандық Жер комитетінің өкілі Школьныйдың қолы қойылып, мөр басылған құжатта (есімі, әкесінің аты өшіріліп қалған) Жұмабек әкесі Тәшенмен бірге «Қуаңшылықпен күрес» колхозының малын баққаны жазылған.

20-30 жылдарда Ташеновтар отбасы күрделі жағдайда өмір сүріп қиналғанымен жас Жұмабек мойымай шыңдалып өсті [4]. Адамдардың аштан қырылуы, қоныс аударуы, халықтың жаппай наразылығы, басқаша ойлайтындарды саяси қуғындау жас Жұмабектің көз алдында өтіп, оның қоғам туралы көзқарасына, жан дүниесіне әсер етті. Адам болмысының заңдарын терең тану, оның өмірлік тәжірибесін молайтып берік мінез-құлқын қалыптастырды. 1928 жылы комсомол жастар қатарына қабылданды.

1928-1932 жылдары шаруа жастары мектебінде білім алуы, Ғаяз Абдуллин, Мәлік Тәукенов сияқты зиялылармен араласуы, алдыңғы қатарлы қазақ және орыс әдебиетімен танысу оның дүниетанымын кеңейтті. 1933 жылы ағасы Манаптың ақылымен Ақмола құрылыс техникумына оқуға түседі.

Жұмабек Ахметұлы техникумдағы оқуын үзіп, 1934 жылы Ақмола аудандық атқару комитетінде 4 ай қызмет атқарып, сол жылдың қазан айында Көкшетау облысының (ол кезде Қарағанды облысы - авт.) жаңадан шаңырақ көтерген Красноармейский аудандық Атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады [5].

1934 жылы Ж.А. Ташенов Вишнев аудандық Атқару комитетіне жұмысқа қабылданып, Солтүстік Қазақстан облысы Красноармия ауданына жұмысқа ауыстырылады.

Осылайша 1934 жылы Ж.А. Ташенов мемлекеттік қызметке қабылданып 1975 жылғы 28 мамырға дейін атқарады.

1940 жылы БК(б)П (1952 жылдан КОКП) қатарына қабылданады. 1934-1944 жылдары Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында әртүрлі қызметтер атқарды.

1939 жылы 27 тамызда Бейнетқор (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы - авт.) ауданына жер бөлімінің бастығы етіп тағайындалады. Бұл қызметті ол 1942 жылдың тамызына дейін атқарады. Осында ол орта мектеп көлемінде білімі болу қажеттігін түсініп, негізгі жұмысын атқара жүріп, өздігінен дайындалып, оқуын жалғастыру үшін осы аудандағы орыс мектебін сырттай оқып бітіреді. Өстіп жүріп осы ауданда қызмет істеп жүрген өзі сияқты жас маман Бәтес атты бойжеткенмен танысып, отбасын құрады.   

Жұмабек Ахметұлының зайыбы Бәтес Ыдырысқызы Ташенова (1922-2005 жж.) (тұрмысқа дейінгі фамилиясы Әлімбаева) Ақмола облысының Ақкөл ауданының тумасы еді. Жұмабек Ахметұлымен танысып 1941 жылы екеуі отбасын құрады. Осы ауданда тұңғыш баласы Саян 1942 жылы өмірге келеді [6, 102-105 п.].

1939 жылы 8 қазанда БК(б)П мүшелігіне үміткер Ж.А. Ташенов Солтүстік Қазақстан облысы Бейнетқор аудандық Жер комитетінің (РайЗО) меңгерушісі болып тағайындалады [7, 10-11 п.].

«Қорытындыда» Ж.А. Ташенов жолдасқа (құжатта солай көрсетілген - Б.Ғ. Аяған) жер бөлімі кадрының сектор меңгерушісі Макиевский (есімі, әкесінің тегі көрсетілмеген) және жер бөлімі кадры секторының нұсқаушысы Бобкин (есімі, әкесінің тегі көрсетілмеген) «Ташенов жолдас саяси жетілген, техникалық білімі сауатты, ауылшаруашылығындағы басшылық жұмысты біледі, тәжірибе жүзінде өзін белсенді, талапты және өсетін қызметкер» деп көрсетеді» [7, 17 п.]. Қазақстан Компартиясы (большевиктер) обкомы бюросы бекіткен және обкомның кадр мәселесі бойынша хатшысы Строганов қол қойған «Мінездемеде»: «Басқа партияларға мүше болған емес, оппозицияға және антипартиялық топтарға қатыспаған, саяси сенімді және тәртіпті» деп сипаттаған.

Қазақстан К(б)П ОК Бюросы Ж.А. Ташеновты 1941 жылы 10 қыркүйекте осы лауазымға бекітті. Бекітудің мұндай ұзаққа созылуы құрылымдық қайта құруларға немесе соғыс жағдайына байланысты болуы мүмкін.

1944 жылы ақпанда ол Солтүстік Қазақстан облыстық Партия комитеті хатшысының мал шаруашылығы бойынша орынбасары қызметіне ұсынылды және осы жұмыста ол өзін тәртіпті және белсенді, партия ұйымы мен халық арасында беделді қызметкер ретінде көрсетті. 1944-1947 жылдары Ж.А. Ташенов Облыстық атқару комитеттерінің түрлі құрылымдарында еңбек етіп, кейін Облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып сайланды. Бұл жас маманның қызметтік өсуіне мүмкіндік берді.

1947 жылы 22 наурызда Ж.Ш. Шаяхметовтың қол қоюымен ҚК(б)П ОК бюросының шешімімен Солтүстік Қазақстан облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып бекітіліп, Б(б)П ОК-нің қарауына ұсынылды [7, 10-11 п.]. Бұл мәліметтер «Кадрлардың жеке басы парағында» да көрсетілген. Бірақ бұл жерде жеке бас парағы авторы өзінің 1947 жылы Солтүстік Қазақстан, 1952 жылы Ақтөбе обкомдары мүшесі болып, ал 1951 жылы Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі болып сайланғанын көрсетеді.

1949 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталды.

1949 жылы Ж.А. Ташенов облыстық Атқару комитеті төрағасы болып сайланып, 1952 жылға дейін атқарады.

1951 жылы Ж.А. Ташенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Осы кезеңге дейін ол шетелдерге шыққан жоқ. 1952 жылы Ж.А. Ташеновты КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді, оның толық курсын сырттай оқып, 1955 жылы аяқтайды.

1952-1955 жылдары ол Ақтөбе обкомының Бірінші хатшысы болып еңбек етеді [7, 10-11 п.]. Жұмабек Ахметұлы Ташеновтың 10 жылдан астам Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарындағы партия-кеңес органдарындағы адал және табысты еңбегі республика басшылығы тарапынан лайықты бағаланып, Ақтөбе облысына Атқару комитетінің төрағалығына қызметке жіберіледі.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түрлі шаруашылық, кеңес және партия қызметтеріндегі еңбектерінің нәтижесінде тәжірибе жинақтап, ысылған азаматқа республика басшылығы 1952 жылы Ақтөбе облысын басқаруды сеніп тапсырады. Жұмабек Ахметұлы Ақтөбе облысының 12-ші Бірінші басшысы ретінде тағайындалды [8]. Металлургия мен мұнай-химия өндірісі дамыған, жер аумағы үлкен, бірақ ауылдық жерде халқы сирек қоныстанған, жол қатынасы қиын осы облысты басқаруды 37 жасында қолына алады.

1955 жылы 12 сәуірде Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А. Қонаев пен республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Ж.А.Ташеновтың бір мезгілде Қазақстан Компартиясы ОК Бюро мүшелері болып сайлануы назар аударарлық.

1954 жылы Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Н.С. Хрущевтің волюнтаристік шешіміне қарсылық білдіргені үшін Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Ж.Ш. Шаяхметов қызметінен босатылады. «Орталықтың» жұмсартып айтқанда мәскеулік басшылардың таусылмайтын волюнтаристік шешімдерімен республикадағы партия басшыларының жиі ауыстыру жергілікті партия және кеңес органдары басшылары тарапынан наразылық пен қарсылық туғызды.

Оқи отырыңыз: Тірісінде аңызға айналған - Жұмабек Тәшенев

Мәселен, 1954-1955 жылдары Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы «белоруссиялық партизан» П.К. Пономаренко болса, оны «днепропетровтық» Л.И. Брежнев алмастырды [9, 87 б.]. Л.И. Брежневті ауыстырған И.Д. Яковлевтің орнына бұрын белгісіз Н.И. Беляев келді. Д.А. Қонаевты И.А. Юсупов ауыстырды.

1955 жылы Ж.А. Ташенов Жоғарғы Кеңес Төрағасы болып сайлануына байланысты П.К. Пономаренконың ұсынысымен Алматыға қоныс аударды. 1955 жылы Жұмабек Ахметұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағалығына сайланды [10, 3-7 б.].

Ж.А. Ташеновтың сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамаларынан партия органдарының жұмысын сын көзбен бағалағанын көруге болады. Ж.А. Ташенов сталинизм құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия төрағасы кезінде репрессия құрбандарының адал есімдерін қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Ж.А. Ташенов оралмандарды елімізде орналастыру ісіне де үлесін қосты.

Ж.А. Ташенов республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы ретінде 1955 жылы 14 қазанда Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы И.Д. Яковлевке Қытай Халық Республикасынан келген оралмандардың тұрмыс жағдайын көтеруге көмектесуді өтініп хат жолдады.

Осы тұжырымдардың бәрі мұрағат құжаттары арқылы дәлелденген. Бір бөлігі Б.Ғ.Аяғанның редакциясымен жарық көрген С.Дүйсен және Қ. Еңсеновтың «Жұмабек Тәшенев» монографиясында берілген [2, 102-105 б.]. Автор осы еңбекте берілген құжаттарды жан-жақты талдаған.

Ж.А. Ташеновтың республиканың жоғары органдарындағы қызметі сталиндік репрессия кезіндегі жазықсыз жазаланғандарды ақтау кезеңімен тұспа-тұс келді. Комиссияның төрағасы ретінде Ж.А.Ташенов жазықсыз жапа шеккендердің құқықтарын қалпына келтіру мен олардың отбасыларын, лагерлерде қаза тапқандар отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуге көмектесті. Мәселен, осындай отбасыларға арнап салынған үйлердің бірінен Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха және басқалар пәтер алды. Оның тікелей атсалысуымен сталиндік репрессия құрбандығына ұшыраған Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың және басқа да ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің еңбектері жарық көрді.

Ж.А.Ташенов екінші дүниежүзілік соғысына қатысушы майдангерлерге ерекше қамқорлықпен қараған. Куәгерлердің естеліктеріне қарағанда

Ж.А.Ташенов Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Соғыстан оралғандарға көмектесті. Ж.А.Ташенов соғыс батыры, кейін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетовке де көмектесті [11, 320-321 б.].

1956 жылы Ж.А.Ташенов КСРО Жоғарғы Кеңесіне және КОКП ОК мүшелігіне кандидат болып сайланды. 1959 жылы сол кезде шағын Теміртау қаласында жұмысшылардың үлкен толқуы болды. Теміртау оқиғасы мәселесі КОКП ОК Төралқасында талқыланды. Төралқа Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы П.Н. Исаевты партиядан шығарып, қызметінен босатып, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.И. Беляевке ескерту берді. Ол бұл шешіммен келіспей төралқадан істі қайта қарауды талап етті. Мәселені екінші рет талқылау барысында Қазақстан Компартиясы жұмысынан «ірі кемшіліктер» табылып Орталық Комитет Бюросы жағдайды Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында қарауды міндеттеді.

1959 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумы өтіп, Н.И. Беляев қызметінен босатылып, орнына Д.А. Қонаев сайланды. Осы Пленумда Ж.А. Ташенов республика Министрлер Кеңесі Төрағасына ұсынылды [7, 10-11 п.]. (Д.А. Қонаев өзінің кітабында үнемі Ташенов деп жазып есімі мен тегін көрсетпейді - Б.А.).

Жұмабек Ахметұлы 1960 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне тағайындалады. Ол кезде үкіметтің ресми атауы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі деп аталатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі – кеңестік замандағы республика мемлекеттік өкіметінің жоғары атқарушы және басқарушы органы болды.

Ж.А.Ташенов 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне ауысқанда, қазіргі Алматы қаласындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 212 пәтерлік үлкен, жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Сол үйді жұрт бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Ташенов үйі» деп атайды.

Алматының қақ ортасындағы батыстан шығысқа дейін шамамен 12 шақырымға созылатын кең даңғылға Абай есімін бергізіп, Абайдың қазіргі Республика сарайының алдында тұрған үлкен ескерткішінің лентасын қиған да Ж.А.Ташенов болатын. Ол бұл істі жүзеге асыру үшін кезінде мынадай уәж айтқан: «Қазақстан астанасының ортасында Жамбыл мен Амангелдінің атынан өзге қазақтың аты қойылған көше жоқ. Сондықтан осы әділетсіздікті жою үшін қаланың ортасындағы даңғылға Абайдың атын беруіміз керек және оның төрінен Абайға үлкен ескерткіш орнатуымыз керек. Біз кімнен кембіз. Бізде қатардан қалмауымыз керек. Қараңыздаршы, Тбилисидің ұзына бойын алып жатқан мақтаулы көшесі бар. Шота Руставели атында. Мұндай даңғыл Ташкентте де бой көтеріп жатыр. Ол - Әлішер Науаи даңғылы. Түптеп келгенде, Әлішер Науаи Ташкент тұрмақ, жалпы Өзбекстанда болмаған адам. Ол бар өмірін Ауғанстанның Герат қаласында өткізген. Мәскеудің ең басты көшесінің бірі Максим Горький атымен аталады» [2, 17-18 б.]. Сөзбен істің алшақтығына жол бермейтін Ж.А. Ташенов Абай ескерткішінің жасалуын өзі қадағалап отырған екен. Осы Абайға арналған ескерткішті атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған.

Жұмабек Ташенов үнемі Қазақстанды территориялық бөлшектеуге қарсы шықты. Н.С. Хрущев республиканы бөлшектеу туралы жобаны бірнеше рет көтерді. Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Д.А. Қонаев сол оқиғаны еске алып: «Пікірталастағы басты келіспеген мәселеміз (Н.С. Хрущевпен - Б.А) республикада өлкелер құру болды. Осыдан бастап арақатынасымыз бұзыла бастады. Мен республика халық шаруашылығын басқаруды жақсарту үшін жаңа облыстар ашуды ойладым [7, 152-153 п.]. Н.С. Хрущев тың облыстары бойынша Қазақстан Компартиясы ОК жеке бюросын құрғызып оны Целиноград қаласына орналастырды. Мәскеу Бюроның төрағасы етіп республика партия ұйымының хатшысы Соколовты бекітті. Н.С. Хрущев одан әрі телефонмен бес облысты қамтитын тың өлкесін құратын шешімін жеткізді. Өлке Алматыдан және Мәскеуден екі жақты басқарылатын болды. Д.А.Қонаевтың қарсылығына Н.С. Хрущев: «Сіз мәселені жете түсінбей тұрсыз» деп жауап берді. Кейін Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу туралы ұсыныс түсті [9, 152-154 б.].

Бұл жағдайда Д.А. Қонаевтың қарсылығын А.И. Микоян қолдады және ол мәселе белгісіз мерзімге қалдырылды. Талдау көрсеткендей Н.С. Хрущев жергілікті халықтың тілегімен санаспағанымен қатар, КСРО Конституциясын белден баса отырып жиі бұзды.

Таңқаларлығы Н.С. Хрущев шынымен де республикалардың шекарасы жақын арада жойылады деп жорамалдаған (?!). «Республикалар арасындағы шекараны болашақта жою туралы өз ойын тезірек жүзеге асыруға тырысты. Бұл өте айқын болды», - деп Д.А. Қонаев жазған. Бұл саясатқұмарды адамдардың мүддесі мен тағдыры, ықтимал ауқымды қақтығыстар қызықтырмады» [9, 153 б.].

Сондай-ақ Н.С. Хрущев Маңғыстау түбегін Қазақстаннан бөліп алуды жоспарлады. Әлемдік тарихта белгілі болғандай, шекараны қайта өзгерту қиын және шиеленісті сипатқа ие. Сондықтан да барлық халықаралық құжаттар, конвенциялар, негізгі құжаттарда шекараға қол сұқпау мен бұзылмауы аталып кетеді.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағалығын Қазақстанның өкілі ретінде бірнеше рет алмастырған Ж.А.Ташенов бұл ережені жақсы білген. Сондықтан ол республикалар арасындағы шекаралардың мызғымастығына нық болды.

Кейін ол жайлы Ж.А. Ташенов былай деп еске алады: «Кешкісін 10 дар шамасында Д.А. Қонаев (ол кезде Қазақстан Компартиясы ОК І хатшысы) маған телефон соғып, бізді Н.С. Хрущев шақырып жатыр деп хабарлады.

Н.С. Хрущевтің ұлттық саясаттың дұрыстығын, сондай-ақ жергілікті басшы кадрлардың нашарлығы туралы сөзінен кейін, Қазақстанның шекарасын өзгерту қажеттігіне көшті. Н.С.Хрушев әңгімені қайда бұрып жатқанын түсіне, мен бірден Никита Сергеевич мұндай сұрақтарды шешу ғана емес, талқылауға да жатпайды. Әрине мен қарсымын деп мәлімдедім».

Осы сөзден кейін Н.С. Хрущев қатты қызарып, көзі бақырая, тіпті тұтыға бастады.

Кейін ол: «Политбюроның шешіміне қарсы шығатын, сен кімсін деп?!-сөйледі. Біз сені республиканың басшылығы деңгейіне дейін көтердік! Әрі беріден соң, біз бұл мәселені сізсіз де шешкенбіз! Әзір біз сіздермен тек ақылдасып отырмыз». Мен: «Никита Сергеевич, егер ұлттық республикалардың шекараларын еркімізше өзгертсек, онда республикалардың Конституциясы не үшін керек?», - дедім тағы да. Ары қарай жалғастыра «Егер Конституцияның ережелері бұзылатын жағдай болса, онда бізге халықаралық ұйымға шағымдануға тура келеді! [12].

КСРО басшысынан шыққаннан кейін, Д.А. Қонаев маған «әй, өзің батыл екенсің!»,- деді» (сөзбе-сөз аударма профессор Б.Ғ. Аяғандікі).

Жоғары мемлекеттік лауазымдағы жұмыстары кезеңінде Ж.А. Ташенов сыртқы саяси қызметтермен белсенді айналысты. КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде (қызмет бойынша) шет мемлекеттің елшілері, басқа да өкілдерін қабылдаған. Делегация құрамында бірқатар шет мемлекеттер – Қытай, Моңғолия, Үндістанда болған. Ю.В. Андроповпен бірге Қытай Халық Республикасының басшысы Мао Цзе Дунмен келіссөздерде Н.С. Хрущевпен Қытайға барған.

Бірақ, көбінесе, оның басшы ретіндегі таланты ішкі саясатта айқындалды. Қарапайым адамдар, әсіресе ғылым, өнер және білім саласы өкілдерінің қажеттілігіне көңіл аудару, Ж.А. Ташеновтың қарапайымдылығы мен мәселені шешу шеберлігі, оның есімін халық арасында неғұрлым танымал етті.

1950-1960 жылдары Қазақстан Комсомолы ОК Бірінші хатшысы, профессор С. Кенжебаев мынадай оқиғаны еске алады: «Бірде мені Мәскеуде В.Е. Семичастный өзіне шақырды. Ол кезде ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен кейін партия органдарының бөлімін басқарған. Ол Қазақстан Компартиясы ОК І хатшылығы қызметінен Беляевті алатынын айтты. Бұл қызметке кім лайық?-деп сұраған болатын. Мен, бұл жұмысты тек екі адам – Д.А. Қонаев және Ж.А. Ташенов қана игере алады дедім» [2, 91-92 б.]. Сонымен қатар «Ж.А. Ташенов қиын сынақтардан өткен, бірақ тік мінезді - деп қостым».

Ж.А.Ташеновты жоғары лауазымнан босату жайын егжей-тегжейлі Д.А. Қонаев жазған [9, 131 б.]. 1960 жылдың желтоқсанында Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясы өтті. Үзіліс кезінде Косыгин маған келіп: «Сені және Ташеновты Хрущев түскі асқа шақырып жатыр», - деп айтты. Біз шақыруды қабыл алып, Хрущевке келдік. Түскі аста ОК Төралқасының барлық мүшелері болды. Түскі ас кезінде Хрущев Ташеновке бірнеше рет (Б.А. мәтіннен) сұрақтар қойып, дәмін татыңыз, бұл сол ма деп... еселеп дәмтатымдар ұсынды.

Түстен кейін Хрущев: «30-40 минуттан кейін маған кіріңіз. Сіз маған керексіз», - деді.…Бұл не үшін? - деп таң қалдым. Күтпеген шақыру, Ташеновке ерекше назарын аудару. Кенеттен біздің әңгімеміздің соңында Хрущев маған Ташеновты республика Министрлер Кеңесі төрағалығы міндетінен босату туралы (мәтінде солай берілген) тапсырма берді. Оның айтуынша:«Ташеновке өте көп шағымдар бар және тексерістер шағымдардың дұрыстығын дәлелдеуде. Толығырақ ұйымдастыру бөлімінен білесіз. Оған Республиканың Министрлер Кеңесін басқару қиын. Көлемі аздау жұмыс беріңіздер» [9, 131 б.]. Д.А. Қонаев сол жұмысын жалғастыруда – «Ташенов Жоғарғы Кеңесте қанағаттанарлықтай жұмыс істеді, алайда оны Министрлер Кеңесіне ауыстыру шешімі дұрыс болмады. Ол жерде Төраға бола отырып, республика үкіметінің басты жұмыс аумағын қамти алмады. КОКП ОК оның атына көптеген арыздар түсе бастады. Оған оның шәлкес мінезі, ұстамсыздығы, тәкаппарлығы себеп болды. Осының бәрі оны жұмыстан босатуға ұсыныс жасауға КОКП ОК, Хрущевке мәжбүр етті. Маған Ташеновты Семей облыстық Атқару комитетіне төрағалық етуге жіберуде Хрущевтің келісімін беру үшін ұзақ көндіруге тура келді. Оған да қол жеткізілді» [9, 131-132 б.]. 

Ж.А.Ташеновты қызметінен аластатудың барлық аспектілерін Д.А.Қонаев ашпады деп ойлаймыз. Шынында республиканың Министрлер Кеңесі төрағалығы қызметінен алу бастамасы Н.С. Хрущевтен де шығуы мүмкін. Ол ақпаратты ерікті ақпараттандырушылар арқылы да ала алады, олар республика бойынша көп, сондай-ақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдары арқылы да алды. Бірақ Ж.А.Ташеновты аластату себебі мүлде басқа болуы мүмкін. Мәселен, Ташеновтың шекараны қайта бөлу мәселесінде бірбеткейлігі, оның ұлттық интеллигенция арасында танымалдығы т.б. Сондықтан да бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Н.С. Хрущев пен Ж.А. Ташенов арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі жайлы С. Кенжебаев та растайды.

«Ташенов Семей облыстық Атқару комитетінің төрағасы ету ұсынысынан бас тартып, неғұрлым жоғары қызметке жіберу туралы келісу үшін Мәскеуге жол тартты. Мәскеуде оның дәлелдерімен келіспей, оның ОК арызына жауап ретінде Ташеновты Шымкент облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жіберуді ұсынды. Солай болды да. Ташенов Шымкентке кетіп, сол лауазымда зейнетке шықты». Өткен оқиғалардан соң, 1961 жылғы 11 қарашада Қазақстан Коммунистік партиясының бюросы Д.А. Қонаевтың қолымен, жолдас Ж.А. Ташеновты Атқару комитетінің төрағасы орынбасарлығына бекіту туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Атқару комитетінің ұсынысын мақұлдап, ол қызметтен К. Сәрсенбаевты босатты [7, 10-11 п.].  

Көпшілік алдында Д.А.Қонаев пен Ж.А.Ташенов енді кездеспеді. Кейіннен, 1961-1975 жылдары. Ж.А.Ташенов Оңтүстік Қазақстан облысы Атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1975 жылы жасының келуіне байланысты зейнеткерлік демалысқа шықты.

Жұмабек Ахметұлы ел басқарудағы әкімшілік саламен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан. Оның айқын дәлелі - бірқатар ғылыми еңбектерінің жарық көруі мен экономика саласы бойынша кандидаттық (1962) және докторлық диссертацияны (1974) Мәскеуден қорғағандығы [13]. Ғалымның еңбегінде экономика саласы бойынша ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектерінің жарияланып, онда сол сала бойынша даму бағыттарына талдаулар, сараптамалар жасалады.

Қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі 1961-1975 жылдары Қазақстанның Оңтүстік өңірінде жалғасқан. Сол уақытта ауылшаруашылығын дамытып, өркендетуге өзіндік үлес қосып, өндіріс және қоғамдық салаларға жете мән беріп, әрдайым қолдау көрсетті. Нәтижесінде, қазақ халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірі әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендей түсті.

Көптеген мемлекеттік марапаттарға ие: Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені, Құрмет белгісі және медалдар. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Жұмабек Ахметұлы Ташенов 1986 жылдың 18 қарашасында қайтыс болды. Шымкент қаласында жерленген. Ж.А. Ташенов атына Нұр-Сұлтан, Шымкент, Петропавл қалаларында көше аттары берілді. Петропавл қаласы және Ақмола облысы Аршалы ауданы Аршалы кентіндегі мектептерге оның есімі берілген.

Бүркітбай АЯҒАН

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор

 

Әдебиеттер мен дерекөздер тізімі

1. «Казахстан». Национальная энциклопедия. Т.5. – Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2006. – 560 с.

2. С. Дүйсен, Қ. Еңсенов. Жұмабек Тәшенев: Ғылыми басылым. – Алматы: «Литера М» ЖШС, 2012. – 320 б.

3. Асан-ата Кәрішал. Шынжырда өткен жолбарыс. Сказ о закованном тигре. – Алматы: «Үш қиян», 2004. – 408 с.

4. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. - Т.IV. – Алматы: «Атамұра», 2010. – Гл. IV. – 768 с.

5. Т. Болатов. Қалқаны болған халқының // Арқа ажары. 1995 жыл. 14 наурыз.

6. СҚО ММ. 13-қ., 1-т., 75-іс, 102-105-пп.

7. АП РК. - Ф. 708. - Оп. 69. - Д. 2761. – Л. 10-11; 17; 152-153.

8. А. Мақсатқызы. Ақтөбе облысының құрылғанына - 80 жыл. // Қазақстан мұрағаттары. 2012. - № 12. 108 б.

9. Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева (В аспекте истории Казахстана). – Алматы: «Санат», 1994. – 352 с.

10. ҚР ОММ. 1109-қ, 3-т, 376-іс, 3-7 пп.

11. Ж. Кизатов. Өмір мен өлім. Хикаят. - Кызыл-Орда, 2010. - 391 б.

12. Қазақтың қайсар қараткері - Жұмабек Тәшенев. (Құраст. Сейітқали Дүйсен, Қанат Еңсенов). – Алматы, «Елтаным», 2015. – 200 б.

13. Қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев пен Қанат Еңсеновтің сұхбаты. - Алматы, 2012 жыл 24 тамыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?