Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы қазақ НКВД басшылары

2250
Алғашқы қазақ НКВД басшылары  - e-history.kz
Ішкі істер халық комиссарлары сталиндік кезеңнің ең ықпалды тұлғаларының бірі болған

Әр кезеңдерде елдің бас чекисті креслосында Генрих Ягода, Николай Ежов, Лаврентий Берия және Сергей Кругловтар отырған. Көптеген автономиялар мен советтік республикалардағы қуғын-сүргін саясатын жүргізгендер тап осы адамдар. Бұдан Советтік Қазақстан да тыс қалмады. Ішкі істер халық комиссариаты қызмет етіп тұрған жылдары елде 13 нарком (халық комиссары) ауысты

Сталиннің басшылығы кезінде өңірлік пен қоғамның зиялы қауымына қарсы репрессиялар кеңінен қолданылғаны белгілі. Зерттеушілер екі миллионнан астамның адам оның «контрреволюциялық» элементтерді жоюға бағытталған саясатының құрбаны болды дейді. Репрессиялар тізбегі Сталин ұйымдастырған буындардан тұрды. Бұл кулактарды (ауқатты шаруаларды) тәркілеу саясаты, партиядағы саяси тазалаулар (Л.Троцкий мен Г.Зиновьевтің жер аударылуы), жекелеген ұлттарға қарсы жер аударулар, совет армиясындағы тазалаулар, халықтарды депортациялау, саяси өлімдер, идеологиялық кампаниялар («Лысенковщина», «Космополитизммен күрес»), көптеген қылмыстық істер («Алаш ісі», «Ералиев ісі», «Құран тізбегі») және т.б. ССРО Ішкі істер халық комиссариаты және оның өңірлердегі органдары осы айуандықтардың тікелей орындаушысы болды.

НКВД-ның Қазақ бөлімі 1920 жылдың қазанында БОАК мен РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің 1920 жылғы 26 тамызындағы декреті негізінде құрылды. 1927 жылдың тамызында ССРО Халық комиссарлары кеңесінің 1927 жылғы 5 маусымындағы қаулысымен ол Қазақ АССР Орталық әкімшілік басқармасы болып қайта құрылды. 1929 жылғы тамызда екінші рет қайта құрылып 1930 жылғы желтоқсанға дейін қызмет етеді де, осыдан соң жойылады. Осыдан соң ол ССРО ІІХК орталық органының тікелей бұйрығымен, Үлкен террор қарсаңында, 1937 жылдың қаңтарында қайта құрылады. 1941 жылдың 3 ақпанында ССРО НКВД-сы қызметтерінің бір бөлігін жаңадан құрылған ССРО Мемлекеттік қауіпсіздігі халық комиссариатына (НКГБ) беріледі. Айта кетерлігі, НКГБ өмірі ұзаққа созылмады, Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін бір айдан соң, 1941 жылғы 20 шілдеде, ол қайтадан Ішкі істер халық комиссариатымен біріктіріледі.

1946 жылдың наурызында басқа да Халық комиссариаттары сияқты НКВД-да Министрлік болып қайта ұйымдастырылады да, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі деген атқа ие болады. Осы күйде ол 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін қызмет етіп келді.

Мұхамедхафи Мырзағалиев

Қазақстанның тұңғыш Ішкі істер халық комиссары болып Мұхамедхафи Мырзағалиев сайланады. 1920 жылғы күзде өткен Халық комиссарларының I Съезінде 33 жасар коммунистің кандидатурасы қолдауға ие болады. М.Мырзағалиев Орал губерниясының Жымпиты уезінің Дуанакөл ауылында әжептәуір ауқатты отбасында өмірге келген. Мұхамедхафи Оралдағы реалды училищеде оқып, кейін Марийнск ауылшаруалық училищесіне түскен. Оқып жүрген кезінде жас Мырзағалиев революция әсеріне еліктеп жұмысшылардың рұқсат етілмеген жиындарына қатысады, саяси-үгіт әдебиеттерін таратады. Октябрь революциясының алдында ол Самара губерниясында учаскелік агроном болып істейді, ал 1917 жылы Алаш партиясының Батыс бөлімінің мүшесі болу үшін Оралға оралады. Алайда М.Мырзағалиевтың Алашқа мүшелігі көпке созылмайды: зерттеушілер Халел мен Жаханша Досмұхамедовтармен көзқарастары жараспай, сол себепті ол оппозициялық «Ақ жол» партиясы қатарына кіреді.

Айта кетерлігі, М.Мырзағалиев большевиктердің тыңшысы болып, Батыс Алаш орда бойынша ақпарат жинаған, алайда бөлімше басшылары бұл туралы біліп қойып, 1918 жылғы көктемде оны түрмеге қамады деген нұсқа да бар. 1919 жылдың басында ол түрмеден қашып шығып, көп уақыт өтпей Қызыл Армия қатарына өтеді. 1919 жылы Мұхамедхафи Мырзағалиев партия билетін алады. Осыдан бастап талантты қазақ жігітінің мансабы өрлей түседі: Ұлттар ісі жөніндегі комиссияның төрағалығы, Орал облревкомы мен Әскери ревкомына мүшелік, өзі туған жымпиты уездік ревкомында және Орынбор-Торғай губерниясының Төтенше комиссиясында төрағалық секілді қызметтер атқарады. 1920 жылдың күзінде Мырзағалиев халық комиссары болып сайланады, сонымен қоса РКП (б) Қырғыз обкомының жауапты хатшысы лауазымын қоса атқарады. Ол батыл, тапқыр, талапкер адамнан, гөрі ешкіммен сыйыспайтын баққұмар ретінде замандастарының есінде қалған. Осы лауазымнан ол Қырғыз АССР ХКК төрағасының орынбасары болып тағайындалып, осы лауазымда ол өзінен кейін келген хатшы «билікқұмар» Киробком хатшысы Мария Костеловскаяның қызметтен кетуіне қол жеткізеді. ХКК-дан кейін Мырзағалиев нарком Иосиф Сталиннің жанындағы РСФСР ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариатында республиканың уәкілетті өкілі болады, сонымен қатар Қазақ АССР Қаржы халық комиссариатын басқарады.

Қазақстандағы жұмысынан М.Мырзағалиев өзі кетеді. Жағдай былай болған: сол кезде Қазақстанды хатшы Виктор Нанейшвили басқарып тұрған, оның қол астында хатшы Қожанов пен ССРО НКВД-сының болашақ басшысы Николай Ежов қызмет еткен. Біраздан соң Қожанов басшылықтан шығарылып, ал Нанейшвили Мәскеуге шақыртылғандықтан, өңірдегі басты адам болып Ежов қалады. Голощекин келгенге дейін Ежовта үш ай ғана уақыт болды, осы уақыт ішінде ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп қалуы керек болды. Ол ел зиялыларын, оның ішінде Мырзағалиев те бар, қудалауды «шеберлікпен» ұйымдастыра алды. Оның үстіне Мырзағалиевтің өзі де отқа май құйып отырды: «ұлтшылдар» С.Сәдуақасов пен А. Байтұрсыновпен ғана емес, сонымен бірге коммунистер С.Меңдешев пен Ә.Жангелдинмен де қақтығысып қалып жүрді. 1929 жылы М.Мырзағалиев Мәскеуге кетіп, Жер шаруашылығы комиссариатында қызмет атқарды.Үлкен террор кезінде өзінің кейбір үзеңгілестерінің тұтқындалғанын естіп, Қазақстанға оралады. 1937 жылдың тамызында ол партиядан шығарылып, ұсталады. Оның бұрынғы қызметкерлері мен әріптестері оның бай тұқымынан шыққанын және контрреволюциялық әрекетке белсене қатысқанын «дәлелдеп» береді. М.Мырзағалиев 1938 жылдың 27 ақпанында атылған.

Әбдірахман Айтиев

Елдің екінші Ішкі істер халық комиссары болып Мырзағалиевтің жерлесі Әбдірахман Айтиев болған. Революционер және жалынды коммунист Айтиев 1886 жылы Орал губерниясының Сүгірбай ауылында кедей отбасында өмірге келген. 1907 жылы қаратөбедегі орыс-қазақ мектебін бітіріп, Оралдағы бітістіруші соттың хатшысы болып жұмысқа тұрады, кейін Қаратөбе болыстық басқармасының іс жүргізушісі болады. Ол 1916 жылғы көтерілісті көзбен көрген әрі тікелей қатысушысы болған. Бұл тәжірибесі оған 1917 жылғы Октябрь революциясы кезінде қажетіне жарады. Большевиктердің ықпалына түсіп, Айтиев партия қатарына кіреді, ал кейін – Азамат соғысы кезінде ол 25-ші атқыштар дивизиясының ерекше бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Айта кетерлігі, ол дивизияда Чапаев пен Фрунзеден кейінгі үшінші адам болған. Атақты Чапаев дивизиясы басқаша ойлаушыларға қарсы асқан бір қатыгездігімен көзге түспегенімен, Айтиев жергілікті халыққа қарсы бірнеше рет ату және реквизициялау ұйымдастырған. Атақты дивизия командирі Чапаев оралды жүзіп өтпекші болған кезінде осы Айтиевтің көз алдында өлді деген нұсқа да бар. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының басында Айтиев Ақмола губерниясының революция комиссиясының жұмысын басқарған, сонымен қоса елдің солтүстік шекарасын межелеу мәселелерімен айналысқан. 1921 қазанында Әбдірахман Айтиев Мұхамедхафи Мырзағалиевтің орнына ішкі істер халық комиссары болып келеді. Дәл осы кезде біраз өңірлерде, оның ішінде Қазақстан мен Еділ бойында аштық басталады. Бұл совет билігін Еділ бойы мен Қазақстанда азық-түлік салымын ұлғайтуға мәжбүрлейді.  Егер 1918 жылы қазақ шаруаларынан тек қана артылған бидайдан азық-түлік салымын талап етіп, малды қозғамаған болса, 1919-1920 жылдары азық-түлік салымы енді картоп пен етке де жайылды. 1921 аштық жылы Қазақстанда бидай болмағандықтан, совет билігі енді малды тәркілеуге кіріседі, бұл өңірде ереуілдер тудырады. Әбдірахман Айтиевтің басқаруымен бұл ереуілдер аяусыз басып-жаншылады. Көтерілісшілерді енді ғана басып болғанда, Қазақстанның солтүстік аудандарына Еділ бойынан босқындар ағыла бастайды, олармен бірге мыңдаған жетімдер, сүзек, тырысқақ пен дизентерия індеттері де бірге ере келеді, әрине, осы кезде қылмыс та бәлен есеге өседі. НКВД басшысы Айтиев ашыққандарға көмек көрсетуге Төтенше комиссия құрады, ол бастапқы кезде тек садақа ғана алса, кейін келе шіркеулер мен мешіттердің бағалы заттарын тартып ала бастайды. Бұл тәсілдер Ә.Айтиевке жұмыс істеген бір жылдың ішінде ашыққандарға ондаған мың пұт астық, балық пен көкөніс және мың жарым бас мал таратып беруге мүмкіндік береді. Ә.Айтиев өз ведомствосының қызметкерлері азық-түлігінен айырылғысы келмегендерге қарсы күш қолданып жатқандарын білмеуі мүмкін емес еді. Соның келісімімен ешбір сот-тергеусіз-ақ ашыққандардың арқасында пайда көрмекші болған қылмыскерлер атып тасталып отырған. Сонымен қоса, тырысқақ, түйнеме мен сүзекке қарсы күресті ұйымдастырып, лазареттерді жабдықтаған, түйнемеге қарсы екпе кампаниясы мен карантинді де ұйымдастырған осы кісі.  Сол кезең туралы Смағұл Сәдуақасов:

«Қазақ халқының қоғамдық өмірінде милиция қызметі көтермейтін, милицияға қарамайтын іс жоқ. Азық-түлік алым-салығы, жұмылдыру жолымен жұмыс күшін алу, жер мәселелері туралы сөз болса – барлық жағдайда милицияға жүгінеді. Соңғы уақытта милиция тіпті неке құқығына да араласады»  

Ә.Айтиевтің неке құқығына социалистік жаңалықтар енгізудің бастамашысы болғаны белгілі. Солардың қатарында көп әйел алу, әмеңгерлік, қалың малға тыйым салу сияқты заңдар айтылады. Бұдан басқа, апта сайынға демалысты жексенбіден жұмаға ауыстыруға бастама жасаған да осы Әбдірахман Айтиев болды дейді. 1926 жылы қабылданған еліміздің тұңғыш Конституциясы жобасын құру бойынша комиссияныда Әбдірахман Айтиев басқарған. Ол астананың Орынбордан Алматыға емес, Ақмолаға көшуін белсенді жақтаған. Филипп Голощекин келісімен Айтиевтің билігі бәсеңдеп, түбінде мүлде жоғалады. Көп ұзамай ол республика үкіметі құрамынан шығарылады, Казгосторг-те, Алматы зооветинститутында проректор, Орталық музей директоры болып жұмыс істейді. Партия қатарынан шығарылады, бірақ кейін қайтадан алынады, ақырында фабрика мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 30-шы жылдары Әбдірахман Айтиев қатты ауырып, төсектен тұра алмай қалады. Қызы Роза былай деп еске алады:

«Қатты ауырып, төсекке таңылып жатса да, күш-жігерін жоғалтқан емес, мүмкіндігінше шығармашылықпен айналысты: қазақ тарихы бойынша очерктер жазды және Қазақстанның болашағына риясыз сенді. 1935 жылы экранға «Чапаев» фильмі шықты. Әкем Оралдың түбіндегі Лбищенскте ақ казактардың аяусыз шабуылына соңғы оғы қалғанша Чапаевпен бірге тойтарыс берген. Сол кезде ол ғажаптың күшімен тірі қалып, ал дивизия басшысы қаза болады. Біз, балалар, осы киноны көруге бірнеше рет бардық. Әкем әр кез менің атым атала ма деп сұрайтын біз жоқ десек, қатты қайғырушы еді...»

1936 жылы Әбдірахман Айтиевті алып кетуге НКВД қызметкерлері келеді. Бірақ өлім аузындағы бұрынғы бастықтарын көріп, оны тұтқындамайды. Бірақ та олар дүние-мүлкінің бір бөлігін тәркілейді, соның ішінде Азамат соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін берілген атаулы қылышы мен бітістіруші судья берген естелік кітабы да тәркіленіп кетеді. Әбдірахман Айтиев 1936 жылғы 16 қарашада 50 жасында өмірден өткен.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?