Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даннинг-Крюгер «күйігі»...

2381
Даннинг-Крюгер «күйігі»... - e-history.kz
Білім дегеніміз – өзгені білу емес, керісінше өз мүмкіндігіміз бен ішкі шамамызды бағамдай алуымыз.

Бұл шағын тақырып бар болғаны менің субъективті пікірім ғана. Әрине, бұл мақаладан кейін ертеңгі таң басқалай атып, дөңгелек дүниенің  дидары өзгеріп кетпейтіні тағы да мәлім. Қалай десек те демократияның ең басты құндылығы плюрализм ғой. Ойланған ой, жеке пайым бәрібір ортаға салынуы керек.  Менің тәу етіп таған тірейтін басты құндылығым  да осы.  Ең сорақысы, біздің бойымызда  бәріне де жақсы болып көріну дейтін жиіркенішті бір дүние бар.  Әрине, мұны жағымсыз дүние дегеннен гөрі,  көбіне жолыңды оңдайтын «қасиет» десек те болады.  Осы «қасиетті» жұқтырғандар түгел елдің төрт тарапына өрт қойып жіберсең де өзіне пайдалы бір дүние болмаса мәу  деп те үн шығармайды.  Мұндай мінез кімге де болсын ұнамды болғандықтан олардың алдынан  үнемі жасыл шырақ жарқырайды да тұрады.

Бұрнағы орыс жазушыларының арасында айтылған мынадай бір ескі сөз хатқа түсіп қалған екен. Бірде ақ патшаның шарапатына ие болып, онысын өз жолдастарымен атап отырған орыстың ортаң қол жазушысы: «Мінекей, аққа құдай жақ деген. Еңбегіміз еш кеткен жоқ.  Мұнымызды асыл текті ақ патшамыздың өзі де біліп, бағалап отыр», – деп мейманасы тасып тілек айтса керек. Арғы жағы айтпасақ та белгілі ғой,  ду шапалақ пен ыстық лебіздерге көміліпті. Әңгіменің әбден қызған мезеті екен дейді. Сонда осы мәжілістің ортасында отырған естиярлау біреуі: «Мұның бәрі әлгі Достоевский мен Чехов шалдың арқасы емес пе», – депті төбеден ұрғандай теріс сөйлеп. – Ең әуелі сен ақ патшаға емес, анау екі данышпанға басыңды иіп алғыс айтуға тиіссің», – дейді тілегін тәмамдап жатып.

Сонда осынау сөзге  шамырқанып, тамыры білеуленіп, көзі шатынап кеткен әлгі марапат иесі: «Бұл сенің қай мазағың, әлде өзіңнің ішкі бақастығың ба? Ол екеуінің бұл жерде  нендей қатысы бар?» деп қалшылдап кеткенде:  «Жазған-ау, бір сәтке түсінсең нетті, орыс қоғамы сол екеуін мұқату үшін сіз бен бізді әдейі көтермелеп, омырауымызға сөлкебай тағып отырған жоқ па», – деп жауап қатқан екен. Қазір өткен шақ жәдігеріне айналған бұл мысал өзіміздің де көп өмірімізге ұқсас. Әсіресе,  талантты адамдардың өміріне  қатысты десек, қателесе қоймаспыз. Мақаламыздың өрбитін негізгі бағытын анықтап алу үшін осы мензелдес тағы бір жанама мысалды келтіре кетейін. Бірде отандық арзанқол телебағдарламалардың бірінде ән байқауына келген бір қарындасымыздың қылығы әлі күнге есімнен кетер емес. Не дауысы, не музыкадан бір мысқал хабары жоқ сол қарындастың қалай ғана жүрегі дауалап сахнаға шыққанына қайранмын. Бірақ мұнысын білетін ол шіркініңіз  бе «кешіріңіз, сіздің мүлде музыкалық қабілетіңіз жоқ» деген қазылар алқасына қарадай шабынып, «Мені еш түсінбедіңіздер, керісінше менің қаншама жылғы арман- мұратымды аяқ асты етіп тұрғандарыңызды білесіздер ме» деп өзіндеріне қарсы лап қойғаны бар. Сахнадан әзер дегенде сүйреп шығарғандай болған сол сурет әлі күнге көз алдымда. Сонда менің санамда о, тоба өзінің кім екендігін  білмейтін, өз шамасын өзі бағамдай алмайтын бұл  нендей феномен?  Бұған тиянақты бір жауап  бар ма екен деген сауал санамда туындаған  еді. Бақсақ бар екен.  Мұнымыз ғылымда «Даннинг-Крюгер» эффектісі деп аталады екен.  Енді аталған эффектінің қалай ғана өмірге келгені хақында бірер сөз сабақтай кетейік.

1995 жылдың жадыраған жазы екен дейді. Бір адам тапа-талтүсте Питтсбургтің екі банкін астын үстіне шығарып тонап кеткен.  Ең қызығы, әлгі қылмыскердің бетінде ешқандай да жүзін жасырған бетперде болмаған екен. Тіпті ол сабазың осы жалаңаш жүзімен банктің бейнебақылау камераларына қарап «ал маған не істейсіңдер» дегендей  жымиып күлген көрінеді.  Әрине, қылмыскер көп ұзамай қолға түседі. Әу басында банкті тонаған мен емеспін деп  тайдай тулаған ол таспаға жазылған өз бейнесін көрсеткенде  сылқ етіп отыра кетеді.  Содан ол қатты таңырқап: «О, құдірет менің  бетіме жаққан  шырын сөлі болған еді ғой», – дейді басын шайқап. Осы жайтты тектей келе полицейлер әлгі тонаушының «лимон сөлін бетіне жаққан адамның жүзін бейнебақылау түсіре алмайды» деп ойлаған ойына айран-асыр болады. Аталған пікірді полицей қызметкерлері бұл адамның есі ауысқан  я есірткіні шамадан тыс тұтынғаннан болып қияс сөйлеп отыр деген тұжырымға келген. Осы оқиғаны телеарнадағы жаңалықтан көрген Корнелл университетінің профессоры Дэвид Даннинг, өзінің аспиранты Джастин Крюгермен бірлесіп, бұл мәселені тереңірек зерттеуге кіріседі. Ғалымдар мұның сыры тіптен басқалай деген байламға бекиді.  Сөйтіп олар студенттер мен сан түрлі мамандар арасында жүздеген әлеуметтік сауалнамалар мен сынақтар жүргізеді. Ең қызығы, сынақ барысында өте нашар нәтиже көрсеткен адамдар өз нәтижелерін  тым жоғары деп санаса керісінше, сауалнамаға дұрыс жауап бергендер өздерін  төмен  деп  бағалайды екен. Сайып келгенде осы жүргізілген  сынақтардың негізгі қортындысы мынадай түйініге әкелген.

Көбіне өз ісін өте жақсы  білетіндерден қарағанда, білмейтіндер өзінің  қарым-қабілеттерін өте жоғары бағалауға бейім екендігіне көз жеткізеді.  Ғалымдар мұны адамның қабілетсіздігінен емес, керісінше өзінің кім екендігін ұдайы қаперіне салып отыратын ішкі өлшемнің  мүлде жұмыс жасамай қалатындығымен түсіндіреді.

 

Әлгі банк тонаушының ессіз әрекетінің негізгі себебі де осы. Ол адам еш ауру да, есірткіге тәуелді де емес. Оның «саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеп» отырғандағы басты мәселесі өзінің кім екендігін бағамдайтын ішкі пайымнан түбегейлі айырылып қалғандығында дейді Даннинг пен Крюгер. Сөйтіп, білместің «білемін» деген сенімділік иллюзиясы екі ғалымның есімі телінген «Даннинг-Крюгер эффектісі» деген атпен ғылыми айналымға түскен.

Егер де осы білместің «білемін» қағидасымен қарар болсақ, басқаны қайдам  дәл қазіргі Қазақстан үшін ешкім де өз қабілетіне сай қызметте отырған жоқ қой.  Жендет– дәрігер, топас – мұғалім, ұры – билікке жетіп өз өлермендігін жалғастырып отыр.  ЕНДЕШЕ,  БІЛІМ ДЕГЕНІМІЗ –  ӨЗГЕНІ  БІЛУ ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ӨЗ МҮМКІНДІГІМІЗ  БЕН  ШАМАМЫЗДЫ БАҒАМДАЙ АЛУЫМЫЗ ЕКЕН (Конфуцидің де «Нағыз білім – өз білместігіңнің деңгейін білу»  деп отырғаны да осы болса керек-ті).

Қазақтың осы «өз мінін білген әулие» өлшемінен ада бүгінгі саясаттағы томар бастарды сөз қылмағанда, әдебиеттегі не айтқыш (ақын деуге аузымыз бармайды), не менеджер (дұрысы делдал) не бандит екендігі  белгісіз  біреулер неге осы өңмеңдей береді? Бәлкім, мұның сыры Чарльз Дарвин айтатын «Надандықтың ең басты қасіреті адамға білімнен гөрі сенімділікті жиі туғызады» пайымында жатыр ма?!  Бұл жердегі Дарвиннің  «сенімділік»  сөзі  әлгі ішкі таразының түбегейлі қирап қалуымен  тікелей қойындасып жатыр ғой.  Бүгінде осы тыраштанушылар (абзалы популистер) әлемнің ең негізгі бас ауруына айналып отыр.

Оксфорд университетінің профессоры Paul Collier  (Пол Коллиер) «Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысқа прагматикалық тұрғыдан шешім ұсынуға ең басты кедергі келтіріп тұрған нәрсе де ол – популизм» дейді. Рас, танымалдықтан гөрі танымгерліктің жолы әманда ауыр ғой. Адам қазіргі жетілген  технологияның күшімен бар болғаны бес-ақ минут ішінде «мәшһүр» болып кетуге болады (Әрине, арсыздық пен арзандаудың жолына түссе). Түптің-түбі әлемнің түбіне осы тыраштанушылар (популистер) жететін де шығар. Мойындауға мәжбүрміз, бұлар күллі дүниеге күбірткіше ендеп барады.  ЕСЕСІНЕ  ОЛАРДЫҢ  ОСЫ БІР  ОСПАДАР  ҚЫЛЫҚТАРЫ НЕБІР ТАЛАНТТЫ ЖАНДАРДЫҢ  МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫП ЖІБЕРІП ТЕ ЖАТЫР.  Егер де  «Адамзат тарихы  тұлғаның ғана тарихы» десек, талантты адам үшін өмір мен өнер (тек) карьера емес, ол бар болғаны миссия ғана. Сондықтан да мұндай жандардың арман-мұраты мен  аңсары шын өнердің ғана қамында болады. Адам жағалау мен арам қулық іспетті жағымсыз қылықтар талантты жандар үшін атымен жат.  Сондай-ақ олардың ішкі таразысы Сократтың «Менің білетінім ештеңе білмейтінім» тезисін ұдайы қаперіне салып отырса, ал енді тыраштанушылар (популистер) үшін мұнымыз мүлде керісінше.

Бір үлкен музыкатанушының айтатын мынадай бір тәмсілі бар.

«Кей әншілердің сахнада тәнін жалаңаштағаннан өзге, ысқырып-пысқырып, айғайлап секіруінің ар жағында табиғи дауыстың жоқтығы жатыр. Ол бейшаралар өзінің өнері жоқтығын осындай нәрселермен үнемі алдарқатқысы келеді». Бұл комплекс  бір  «әртістің»  ғана емес, күллі өнер атаулыда жүрген қортықтардың негізгі өмір сүру формуласы.

Қайыра айтайық, зады қан сөлі мен сүйегіне өнер дарымаған адамдардың тыраштыққа, сосын атаққа өлермендігінің артында осы комплекс  жатуы бек мүмкін ғой.  Әгәрәки, қазақтың рухани Гиппократы Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» тезисін онтологиялық тұрғыдан тектесек, бұл бейшаралардың  шын дарындардан алатын негізгі өші мен бақастығы да осы (Әрине, басқалай  қалайша бәсекелесе алсын).

Білесіз бе, шын өнерпаз үшін өзінен әлде қайда төмен біреудің оған мораль соғып, ақыл айтуынан өзге қиямет жоқ. Бұл жаныңды майсыз табаға шыжғырғанмен бірдей (Бұған жан-тәніңмен жазған дүниеңді еш оқымайтын  үлкен әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмаған әлдебір әулекілер мен шенеуініктерден тұратын  қазылар алқасының құрамын қосыңыз). Бағылан басыңның басқаға шыдамы жетсе де дәл осыбір «тозаққа» төзіп тұрмағың тіптен мүмкін емес (Біздің манағы «таланттар миына қан құйып» ойнаудың  сан түрлі айла-шарғылары мен бопсаларының бірі де осы).  

Әлеументанушылардың айтуынша өнері мен өресі бірдей, бірақ біреуіне ғана Нобель сыйлығы бұйырған адамның, әлгі ала алмай қалған жанмен салыстырғанда оның 10-15 жылға артық жасайтынын айтады. Осыдан-ақ позитивті көңіл-күйдің адам өміріне қаншалықты маңызды екендігін бағамдай білсек болады.

Жапон халқының «Жалғыз ауыз жылы сөз қыстың үш айын да жылы етеді»  деген мақалы бар. Біздің ойымызша дүниедегі  ең суық нәрсе ол –аяз да, ақтүтек боран да емес,  дүниедегі ең суық нәрсе адамның ниеті мен  көзқарасы.

 Бұл жерде таланттарға тиесілі «жалғыз-ақ  ауыз жылы» сөз жайында ештеңе демей-ақ  қоялық (Жалпы біздердің біреуді мұңайту мен пұшайман ету ең негізгі ләззат алатын индексімізге айналғаны қашан). Өмірде  мерез бен мейірімсіз деген сөздердің бар екендігі рас болса, онда оның  шын бейнесі (портреті де) болуы керек қой. Әлде бұл  қатыбас пенденің  кісі кейпінде көрінген өз бейнесі ме екен?!

...Тым тәубәшіл халықпыз ғой. Таланты жандарды жоғалтып алып «бұл енді тағдыр ғой» дейміз біртүрлі күңіреніп сөйлеп.

Осы бір «тағдыр» сөзіне діни догматизммен емес, таза әлеуметтік реалды көбен қарасақ, көбіміздің көтіміз  ашылар еді. Неге дейсіз-ау...

 Себебі бұл уақыт «ұялмаған әнші ғана емес», не болғысы келсе сол бола алатындығын көрсетіп отырған нағыз популистің заманы ғой.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?