Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Андронов» атауын неге өзгертпеске?

2535
«Андронов» атауын неге өзгертпеске? - e-history.kz

Қазақтың жасы нешеде? Жарайды, тарихи деректермен жауап берейік. Қазақ ұлтының жасы 4 мың жыл.  Иә, біздің халықтың арғы тарихы қола дәуірінен бастау алады. Бірақ, неге тарихшыларымыз шежіремізді Сақтан бері ғана тарқатады? Неге қола дәуіріндегі жұртты баба тұтпаймыз?

Бар мәселе атауда сияқты көрінеді.  Осыдан 5-4 мың жыл бұрын, тұтас қазақ даласын жайлаған халықтың негізгі кәсібі кен болған. Арқа төсінен мыс, қалайы өндірген халықты  тарихшылар шартты түрде «андроновтықтар» деп атайды. Неге? Өйткені, ол көне тайпа-рулардың аты белгісіз екен ғылымда. Алғаш рет, бұл жұрттың қонысы Ресейдің «Андронов» селосынан табылып еді. Содан бермен, тарихшылар ол заманда өмір сүрген халықтарды, әлгі ауылдың құрметіне «Андроновтықтар» деп атайды. Орысша атау болғандықтан ба, бұл теңдессіз металлург бабаларымызды кейінгі біздер тым бөтен көреміз. Мұнымыз бекер енді. Тарихшылардың  дені, қола дәуіріндегі ру-тайпалардың атауы белгісіз дейді. Бірақ неге екені белгісіз, қазақтың көнекөз қариялары, басқа емес дәл осы қола дәуірінің қоныстары мен кен орындарын «мықтың үйі» деп атайды. Мық дегені есте жоқ ескі заманда өмір сүрген халық екен. «Мық» деген қауым жайында ел ішінде  де неше түрлі аңыз-әпсана бар. «Қадым бір замандарда, бұл даланы «мық» деген халық жайлапты. Өздері тапал бойлы, бірақ алапат күштің иелері екен. Содан бір күні ғайыптан, осы халықтың жер бетінен жойылуы керектігі туралы хабар келіпті. Абыздарынан осы хабарды естіген мық жұрты, қыр-төбелердің басына шығып, апан қазып, тастан қабырғасын көтеріп, сол бір бейіт пошымды үйлеріне кіріп алыпты. Уәделі сағат соққанда, олар шұңқырдың төбесін тіреп тұрған бақандарды сындырып, өздері құм мен тастың астында қалған екен» деседі. Енді мынау қызықты қараңыз. Осыдан үш мың жыл бұрын, қола дәуірі жұртының көп бөлігі Ұлы Даладан жөңкіле көшкен секілді. Өйткені, Ақ кезең, Кент дейтін осы жұрт тұрғызған қалалар қаңырап бос қала бастайды. Археологтар бұл кент-шаһардан өрттің, соғыстың ізін таппапты. Қаласы мен моласын тастап бұлар қайда кетті? Белгісіз. Бұл халыққа бір қасірет келгені анық. Климат күрт өзгерді ме екен? Бәлки ауру-індет таралды ма? Қазақтың «мық» туралы аңыз-әпсанасы сол бір трагедиядан хабар беретіндей. Сонымен, Мық қауымы дегеніміз Сақтардан бұрын өмір сүрген халықтың атауы. Қазақ сол ескі жұртты солай атаған дегенді этнограф Жағда Бабалықұлы кезінде шегелеп бірнеше рет айтқан болатын. Тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбайдың пікірі де, осы ойға қарайлас. «Мықтың үйі» дегенді «Андронов мәдениеті» деп аталатын қауымның мұраларына қазақтың берген атауы деп санайды. Ғалым ағамыз, көне аңыз, ежелгі тарихи деректерді зерделей келе, осы пайымға тоқталып отыр.

Қазақтың шалдарының мық туралы аңыздарн ХІХ ғасыр басында орыс инженері И.П. Шангин де жазып алған екен. Ол: «кайсаки почитают сию могилу остатком после народа, еще далеко до пришествия монголов здесь обитавшего, который известен из преданий по имени «мык». Ни о происхождении сих мыков, ни о поселений их или порабощении каким-либо народом, ни о последовавшей от сего перемены названия ничего они не знают. Сей народ, кажется, есть тот же самый, который населял некогда обширное пространство земли между Иртышом, Обью и Енисеем и который называют чудью» деп жазады. Жамбыл Артықбаев «мық» сөзін этимологиялық тұрғыдан зерттей келе, бұл сөз қысқа, бірақ нағыз дүниеге қатысты айтылса керек деп тұжырым жасайды. Мәселен «мық шеге», «мықшиып» деген сөздер бар. Қазақта күш деген сөзден күшті деген сын-сипат шығады. Ал, енді «мықты» дегеннің шығу төркіні – мық сөзінен шықпай ма? Қазіргі археологиялық әдебиеттерде бәлкім «андроновтық қоныс, андроновтық қорым» деген терминмен қатар, «мықтың үйі» деген ұғымды қолдана берген де қате болмайды-ау осы.

                     «Мық» қауымы қола дәуірінің қожайыны

«Қола» деген металл табиғатта жоқ. Ол – мыс пен қалайының қосындысынан шыққан аралас, қоспа металл. Бұл екеуін не үшін араластырды? Мәселе былай ғой: Адам тас ғасырының соңында, сом күйіндегі мысты тапты. Осылайша, бірінші рет металл атаулымен танысты. Адам баласы қаруын,  ыдыс-қазанын осы жұмсақ металл – мыстан құя бастағанымен, әлі де болса тас құралдар қолданыста жүрді. Өйткені, жездің бір кемшілігі бар еді. Мыстан жасалған бұйым тым майысқақ болатын. Енді, металлдың беріктігін арттыру үшін, адамдар жезге нешетүрлі қож, қоспаны араластырып жүрді. Осыдан, төрт мың жыл бұрын, мысқа қалайыны қосса, өте мықты, берік металл пайда болатыны анықталды. Табиғатта кездеспейтін, қоспа металл – қола осылай өмірге келді. Сондықтан 2 мың жылға созылған дәуірді тарихшылар «қола заманы» деп атайды

Бірінші рет қоланы кім қорытып алғанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Қайбір Еуропа тарихшылары Грек жері мен Месопатамия деседі. Археологтар, бұл тізімге енді Қазақ жерін де қосып жүр. Өйткені, көне замандар да қалайы Арқа мен Алтай аумағында болғандықтан оны өндіру де оңай болған. Рас. Қола дәуірі – Ұлы Далаға тәуелді болды. Өйткені, жер бетінде қалайы кен орындары көп емес еді. Осыдан 4 мың жыл бұрын қалайы өндіретін планетада 3 ғана нүкте болған екен. Ол Британ аралдары мен Жезқазған, сосын Алтай өңірі. Қалба шатқалдарында, Нарын сілемдерінде қалайы рудасы көп кездеседі. Осы аумақта жергілікті жұрт «қалайы тапқан» деп атайтын жер-су атаулары өте көп. Осыдан 4 мың жыл бұрын, жер бетіндегі ірі өркениеттер қоладан бұйым соғу үшін, далалықтардан қалайы сатып алып тұрған. Сондай-ақ, Жезқазған өңірі – қадым замандарда мыс өндіретін бірден-бір үлкен аумақ болса керек. Әлкей Марғұлан қазіргі Жезқазған қаласының 10-15 шақырым радиус аймағынан ежелгі металлургтердің ондаған қонысын, 140 кен-шахталарын тапқан. Бұл не деген сөз? Қола дәуірінде – Сарыарқа өлкесі жер бетіндегі металлургиялық провинция болды деген сөз.

                     «Мық» қауымы дөңгелек арбаның да авторы

Андронов аталған жұрт, кеншілікпен қатар егіншілік және малшылықпен айналысты. Төрт түліктің ішінде, негізінен сиырды бақты. Ал жылқы күші көлік болды. Арбаға жекті. Айтпақшы... Дүниежүзінде бірінші болып, майданға соғыс арбасын алып шыққан, осы Ұлы даланың тұрғындары еді. Талассыз. Ұлы Дала арбаның Отаны. Өйткені, ең алғашқы дөңгелекті көшпелі қауым ойлап тапты. Жыл он екі ай күн астында жүрген олар, күннің пошымына қарап, үйінің шаңырағын домалақ етіп жасады. Осы домаланған шаңырақтан дөңгелек пайда болды. Арба басқа емес, далалықтардың өнертабысы екендігіне дәлел ретінде, ортағасырлық тарихшы, Хиуа әмірі Баһадүрхан Әбілғазы төмендегідей аңызды келтіреді: “Оғыз хан барып, татарларға тиді. Сөйтіп жаудың шеріктерін быт-шыт қылды. Оғыз ханның қолына көп олжа түсті, оларды тиеп алып кетуге лау (сүйретпе) жетпейді. Осы кезде Қаңлы жұртының бір шебері арба жасады. Оған қарап, бәрі де арба құрастырып, оған олжаны тиеп, бәрі үйіне қайтып келді. Осыдан бастап, арбаны “қаңлы” деп атады. Бұған дейін оның (арба) аты да, заты да болған емес, ол қозғалғанда “қаңқ-қаңқ” дегенге ұқсас дыбыс шығаратын себепті оны “қаңқ” атады. Оны жасаған адамды “қаңқылы” деді. Бүкіл қаңлы елі – сол адамның үрім-бұтағы”-дейді. Жер бетіндегі өте көне арба қалдықтарын Игорь Кукушкин, Арман Бейсенов сынды археологтар, Сарыарқа жеріндегі қола дәуірінің көсемдері жерленген қорымдардардан тапты. Дұшпанымен арба үстінде қасқайып соғысып өткен бұл көсемдерді, қабірге де арбасымен қойылыпты. Өйткені арба – жәй мініс көлігі ғана емес, ол адамның дәргейін паш етер құдіреттің символы еді. Бір кереметі, даладағы көптеген обаның баршасынан осындай қос ат жеккен арбакештер мол табылып жатыр. Осы әскери арбалармен, ежелгі далалықтар өмір ареалын сонау Сібірден, оңтүстік өлкелерге дейін созыпты.

                                         Беғазы феномені

Андронов тайпалары өз дамуында бірінен соң бірі келетін бірнеше мәдени кезеңдерді бастан кешті. Ол; Алакөл, Нұра сосын Атасу деп аталатын кезеңдер. Сосын, қола дәуірінің соңына таман   Беғазы-Дәндібай атымен мәлім жаңа мәдениет ұғымы пайда болады. Археолог Айбар Хасеналин «Беғазы-Дәндібай» екі қорымның аты. Екеуі де Қарағанды облысында. Дәндібай  30 жылдары зерттеліп басталды. Ашқан Михаил Грязнов деген  Петерборлық ғалым. 1946 жылы осы Дәндібайға сәулет жағынан ұқсас Беғазы қорымын Әлкей Марғұлан зерттеді. Сөйтіп, бұл екі қорымды да бір мәдениеттің өкілдері тұрғызғанын анықтады. Беғазы-Дәндібай, бұл қола дәуіріндегі ешбір мәдениетке ұқсамайтын, олардан анағұрлым жойқын, бай өркениет екендігі анықталды. Сөйтіп, қола дәуірінің соңғы жарты мың жылға созылған кезеңі осы мәдениеттің атауын алды. Беғазы мен Дәндібай қорымдары алғаш рет аршылғанда, археолог-ғалымдардың көпшілігі мұны тек Орталық Қазақстанға ғана тән, жергілікті сипаттағы ерекше мәдениет деп қабылдап еді. Алайда Әлкей Марғұлан бұл өңір ғана емес, Еуразия құрлығына әсері болған өркениет екенін дәлелдеді. Беғазы мәдениетінің таралу географиясы Орталық Қазақстаннан асып түсерін, қазіргі табылған артефакті, жәдігерлері де дәйектеп отыр. Беғазы заманында жез металлын өндіру, өңдеу ісін өмірлік кәсіп еткен адамдар легі пайда болды. Бір шоғыр емес, бұл іске күллі тайпалар тартылды. Бұған дәлел, бұдан 40 ғасыр бұрынғы Милықұдық қонысында, бір сәтте 10 мың адам жұмыс істеген екен. Ойлаңызшы, 10 мың металлург!!! Бұл енді қарапайым қоныс емес, алғашқы қалалар еді. Әлбетте, кез-келген көне елді-мекенді «қала» дей алмайсың. Қала деп тану үшін, ол елді-мекеннің аумағы өте үлкен болуы қажет. Ғибадатханасы, қолөнершілер еңбектенген өндірістік кварталдары болуы керек. Міне, осы шарттың баршасына сай келетін,

Бұл протоқалалардың айналасын оншақты ауыл қоршап тұрыпты. Олар қала халқын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз еткен» дейді. Мұндай қалалар да, археологтардың пайымынша он мыңға жуық тұрғын болған. Осындай көне қалалардың жұртынан, қоныстардан көп мөлшерде қыш ыдыстар шығады екен. Сондықтан да, қола заманын археологтар, құмыралардың патшалығы деседі. Сол дәуірдің соңғы кезі, Беғазы заманында, құмыра өнері  кереметтей өркендегені көрініп тұр. Бұл бұйымдардың өрнегі түп-түгел геометриялық оюлар. Ал, археолог Арман Бейсенов болса «Мамандар  Сақ дәуіріндегі аң стилін қалай қабылдасақ, Қола дәуірінің геометриялық стилін де солай қабылдауымыз керек дейді. Геометриялық өрнектер – сол кездегі код. Орнаменттердің нақты бір қайталану заңдылықтары болған. Ежелгі қолөнершілер содан бір де бір ауытқымаған. Үшбұрыш, төртбұрыш, жиегі шашақталған ромб. Шеңбердің ішіне сызылған ромб. Неше түрлісі бар. Бәрі геометрия ғой тұнып тұрған. Меніңше, геометриялық өрнектердің пайда болуына даланың әсері болды деп ойлаймын. Олар Сібірде, Тайгада өмір сүрсе, басқаша оюлар бедерлеуші ме еді? Геометриялық оюлар даланы қабылдаудың формасы деп санаймын. Геометриялық өрнектер әсемдік-сәндік қана емес, жазу қызметінде атқарған» дейді. Жазу дегеннен шығады ғой.  Қола дәуірінде, Ұлы Далада өмір сүрген халықтарда, жазу мәдениеті болмады дейтін тұжырым болды. Ал, археолог Виктор Варфоломеев, жақында ғана Кент қалашынан, ескі стереотипті бұзатын деректі тапты. Қыш ыдыстардың ернеуінде түсініксіз бедерлермен қатар, латынның Х, V, T секілді таңбалары табылып отыр. Бұл ою-орнамент емес, кәдімгі жазу секілді. Өйткені құмыраның ортасындағы сүйек бұйымдарға қашап жазылған... Жазу мәдениеті болған болса, қола дәуірінің соңында, далалықтар Грек, Месопатамиядан бір кем емес, ұлы өркениет құрды деген сөз. Осы бір сөзімізге дәлел ретінде, бабаларымыз жойқын бейіттер қалдырыпты. Біздің Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп жүргеніміз, сол алапат ескерткіштер табылған жер-су атаулары ғой. Ғалымдардың пайымынша, қола дәуірінің соңында-ақ далалықтар мемлекет құрған. Патшалары болған. Сарыарқа пирамидасы, Ақсу-Аюлы қорымы – сол патшаларына қойылған ескерткіші еді. Тағы да маман пікіріне құлақ түрейік. Археолог Арман Бейсенов «Сақ дәуірін қазір бірауыздан ерте-мемлекеттілік кезең деп айтамыз. Ал енді шынтуайтына келіп мойындасақ, мемлекеттілік Беғазыдан басталады. Неге десеңіз, мүлік теңсіздігі сол Беғазыдан басталады. Біз осының бәрін Сақтардан таратқымыз келеді. Ал іс жүзінде Сақтар екінші тұр. Сақтар алғашқы көсем емес. Алғашқы көсемдер Беғазылықтар болған.

                              Протоқалалар не үшін бос қалды?

Ұлы даладағы қалалардың бос қалуына бірден-бір себеп – климаттың өзгеруі дейді ғалымдар. Ерте темір дәуірі басталар шақта, осыдан 3 мың жыл бұрын Арқаның қысы суық бола түседі. Есесіне жазда далада шөп-шүйгін қаулап шығып, жайылым көбейеді. Беғазы жұртының осы кезде қорадағы мал саны көбейеді. Мұның бәрі түптеп келгенде, көшпенділік салттың салтанат құруына әкеледі. Ары қарай, тарих сахнасына Сақтар атойлап шықты... Беғазы бұл – қазақ жеріндегі ең алғашқы мемлекет құрған жұрттың мәдениеті. Олай болса, қазақтың мемлекеттік тарихына кемі төрт мың жыл болды деп ашық айтуға тиіспіз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?