Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Адамзаттағы алғашқы алфавит

4819
Адамзаттағы алғашқы алфавит  - e-history.kz
Әлемдік өркениет жасау процесіне төл әліпбиі бар ұлттар ғана араласты дейтін тұжырым бар. Олар кімдер?

Өз алфавитін шығарған жұртты санамалап шықсақ, әуелі грек-римдік, еврей-араб, Қытай мәдениеті кіреді...  Иә, бұл тізімге көшпенділер ілікпепті. Өйткені номадтар ештеме жасамады, олар тонаушылар, қиратушылар деген түсінік бар. Біз осы шағын мақаламызда ғасырдан ғасырға көшіп, еш өзгеріссіз келе жатқан қате тұжырымды түземекпіз.

Біле білсеңіз, грек-рим, еврей-араб жазуларының негізін көшпенділер ойлап тапқан. Қалай? Қашан? Ең әуелі, жер бетіндегі ең ежелгі жазу кімдікі, қайдан табылды деген сұраққа жауап берейік. Көне жазу – Таяу Шығыстан табылды! Бұларды протобибл жазулары дейді. Осыдан 4-4,5 мың жыл бұрын қашалыпты. Бірақ, әлі оқылмаған. Не жазылғанын ешкім білмейді.

Ғалымдардың бір парасы, бұл жазулар финикиялықтар алфавитінің арғы атасы болуы керек деп топшылайды. Финикиялықтар – теңізші-саудагер халық. Финикиялық көпестердің арқасында, олардың әліпбиімен ежелгі Эллада, яғни көне гректер танысып, өз әріптерін жасаған. Латын жазуы да осыдан тамыр тартады. Керек десеңіз, қазіргі араб, еврей жазуларының қалыптасуына осы финикиялық алфавиттің мол әсері тиген...

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы алфавит реформалары

Финикиялықтардың әліпбиін өздеріне ыңғайлап, жаңа алфавит түзген жұрттың бірі – семмитер. Олардың жазуы ғылым тілінде Арамей деп аталады. Бір қызықты айтайық. В. Томсен көк түріктерінің қағаны Күлтегінге арналған бітіг-тасты оқу үшін осы көне Арамей алфавитін пайдаланған. Бекер емес. Арамей әліпбиіндегі 10 таңба түріктің сына әріптерімен дәлме-дәл келеді. Бұл ұқсастық қайдан шығып тұр? Томсен де, одан кейінгі ғалымдар да бұған жауап бермеді. Өйткені ешкім екі жұрттың жазуын бір-бірімен хронологиялық тұрғыдан байланыстыра алмады. Себебі, арамей жазуы біздің заманға дейінгі VII ғасырда пайда болса, ал түрік бітігі осы заманғы VII ғасырдың туындысы. Арада 1 мың жыл бар...

1 мың жыл бұрын түріктер арамей алфваитін алды немесе семмит жұртына өз әліпбиін апарды дейтін теория ешкімнің ойына келмеді. Өйткені, түрік жұрты – біздің заманда пайда болған халық. Біздің дәуірден бұрынғы кезеңдерде олар болмаған дейтін тұжырым бар. Сақтарды прототүрік деп айтудан қашып, олар ирантілді еді деп жүргендері де әлгі тұжырымның салқыны ғой.

Осыдан барып, жаңа теория шықты. В.А. Лившиц деген ғалым 1975 жылы түріктің руна жазуы пехлеви жазуының негізінде қалыптасты деді. Бұл әлгі арамейдің жалғасы боп келетін әліпби. Алайда, ирелеңдеген араб калиграфиясына ұқсайтын Пехлеви жазуынан геометрияландырылған түрік әріптерін шықты деу қисынға сыймайды.

Ал енді түріктің бітіг жазуы мен арамей алфавитіндегі 10 әріп неге ұқсайды? Сол мәселеге оралсақ. Финикиялық негіздегі Арамей жазуы б.з.д. VII ғасырда пайда болыпты. Ал, бұл уақытта Ұлы Далада жойқын мәдениет жасаған беғазылықтар дәуірі аяқталып, сақтар кезеңі басталып жатқан. Археолог Виктор Варфоломеев беғазылықтардың өз жазуы болғанын айтып отыр. Кент, Мыржық, Ақ-Кезең аталатын протоқалалардан әрқайсымызға әбден таныс Х, V, Ү таңбалар кезігетін жазуларды тапты...

Беғазылықтардың геометриялық жазуы, олардан кейін келген сақтарға мұра болып өтті. Біздің заманға дейінгі 679 жылы Ишпақай патша бастаған сақтар Таяу Шығысты жаулап алады.

Енді қызықты қараңыз! Сақтар келгенге дейін, Ассирия, Мидия, Финикия жұрты «құс» деген сөзді құс суретімен белгілеген жазба стилін пайдаланған. Бұл Мысырлық иеорглифтік жазудың әсері болса керек. М.И. Артаманов секілді ғалымдардың пайымынша, сақтардың геометрияландырылған, бір дыбысқа бір ғана таңба берген әріп жүйесі қай жағынан да озық болды. Сондықтан финикиялықтар көшпенділердің таңбаларының негізінде алфавит құрастырды дейді. Мысал ретінде Алтын адам жанынан табылған, күміс тостағандағы сақ жазуларына, финикиялық әріптердің қатты ұқсайтынын келтіріп отыр.

Әлгінде айттық. Финикия жазуынан гректер, семмит халықтары өз алфавитін құрастырған деп. Сонда, қазіргі Латын, Кирил, Араб жазуларының пайда болуының басында сақтар, беғазылықтар тұр. Әлбетте, финикиялықтардың алфавитін негізге ала отырып, өздерінің  төл әріптерін жасаған халықтар уақыт өте жазуын жетілдірді, дамытты. Бірақ, негіз қалды. Арамей алфавиті мен түріктің сына жазуындағы 10 әріптің ұқсас болуының себебі осында жатыр...

Көшпенділер алфавитті қалай ойлап тапты?

Евгений Поливанов, Николай Аристов сынды түрколог-ғалымдар, Сәрсен Аманжолов секілді зертеушілер «Еуразиялық әлемде – жазба мәдениеті көшпелі өркениетпен шекаралас аймақтарда пайда болғаны анық» дейді.

Рас. Жазба – көшпелілердің меншік құқығын айқандайтын белгі-таңбадан басталған. Көшпелінің мүлкі – жылжып жүретін, араласып кететін жылқы, қой секілді түліктерден тұрады. Әр ру өзінің мүлкін меншіктеу үшін арнайы таңба ойлап тауып, соны басады.  Тарихшылар, мал-мүлікке таңба басу – қола дәуірінің соңына таман пайда болған үрдіс. Өйткені сол уақытта ғана, төрт түліктің саны артқан деп отыр. Не керек, рулардың түлікке салатын ен-таңбалары кейін келе әріптер болып жүйеленген, алфавитке айналдырылған. Бір ескерер дүние, түрік рунасындағы бір әріп – бір дыбысты ғана белгілеп қоймайды. Сонымен қатар бір ұғымның штрихталған суретінің де қызметін атқарады. Мысалға, «Л» әрпі бітіг жазуынша «Ү».  Бағана деген мағына беруі кәдік. Өйткені, қазақтың Бағаналы руының таңбасы осындай... Негізі, қазақтың тайпа таңбаларына қарап отырсаң, сол прото-түріктің алфавитінен әр ру өзіне әріп алғандай көрінеді.

Оқи отырыңыз: Қазақ елінің байырғы жазу таңбалары

Руна жазуы Скандинавияға сиырға басылған ен-таңбамен барған

Көшпенділердің осы ен-таңбасынан құрылған алфавитті ғалымдар түрік руна жазуы деп жүр. Руна деген ұғымның ғылымға енуіне Полтава шайқасында орысқа тұтқын боп түскен шеведтермен байланыстырады. Атап айтсақ, орыс үкіметіне қызмет еткен неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И. Страленбергтер. Петр патша олардың білімі-білігімен Сібірді игергісі келді. Алтай, Енисей бойына келген олар жартастардағы, балбалдардағы жыпырлаған жазуларды көрді. Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руна жазуы» деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды.  «Руна» – немістердің сөзі. Құпия, киелі дегендей мағына береді.

Неміс-швед офицерлері кейін Еуропаға жетіп, ғылыми мақалалар жаза бастағанда қызық деректер шығады. Скандинавияның руна жазуларының кейбір әріптері Енисей, Сібір жеріндегі түрік руналарымен ұқсас болып шықты. Мұндай кезде, кім-кімнен үйренген деген сұрақтың тууы заңды. Томсен және басқа да лингвист-тарихшылар зерттей келе, руна жазулары Скандинавияға әкелінген болып шықты. Әкелген кім дейсіз бе? Қазіргі фин ұлты. Қарап отырсаңыз, бұл жұрт қазір Скандинав түбегінде тұрғанымен, түбі Азиядан. Қола дәуірінің кезінде, Орал таулары мен Торғай даласын мекендегені белгілі. Осы фин-угор тайпалары сиыр табындарына руна жазуына ұқсас белгілерді таңбалағаны археологиялық деректер дәлелдеп беруде. Сақ, ғұндардың тұсында сиыр баққан фин-угор жұрты шегініп, Скандинавияға барады. Жергілікті жұрт осы финдер арқылы шығыстан темір металын, руна жазуын меңгерген екен.

Оқи отырыңыз: Этрускілер көне түркілер ме? 

Жоғарыда жаздық. Прототүріктердің сына жазуындағы бір әріп – бір дыбысты белгілеумен қатар, ұғымды, затты суреттеуі де мүмкін деп. Былайша айтқанда, руна жазуын әріп күйде оқып бір мағына, символ түрде зерделеп, мүлдем басқа мағына шығаруға болады. Осынысы үшін шығар, неміс халқы бұл жазуға – «руна», яғни құпия, сиқырлы деп ат қойғаны. Ежелгі викингтердің аңыздарын тыңдасаңыз, «Один» дейтін дәу осы «рунаны» оқимын деп, бір көзінен айырылады. Көк түріктерінің бітіг-тастарын әріп күйде оқып жүрміз. Не жазғанын түсіндік. Ал, әр әріптің символын тауып-танып оқысақ, мүлдем басқа хикая жазылған болар? Бәлкім. Бәрі мүмкін...

Айтпақшы, әлемде руна жазулары көп. Этрускілердің руна жазуы, славяндардың руна жазулары деген бар. Осындай сына жазулар Шам өлкесі, Солтүстік Африкадан да табылып жатыр. Бұл жазулардың ішінде жақсы оқылатындары – Түрік және Скандинав руналары. Бұл дерек те, бірнәрседен хабар берсе керек.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?