Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бағила мұңлық

1832
Бағила мұңлық - e-history.kz
Ел мен елдің арасын бөліп, жерді жат пиғыл, бөтен ойдан қорғайтын шекара жүйесі адамдар тағдырына да сына қағып жатады

Советтік қызыл империяның «мызғымас һәм басынан құс екеш құс ұшпас» шекарасын халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Аралап көрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар. Бақыт пен сордық арасын  Бөледі қызыл сызықтар» деп сипаттағанын оқығанбыз. Туған жерінен жырақта, төркінінен алыс қалған қыз тағдырының бір мысалы Бағила сұлудың өмірінен де көрініс табады.

Ережеп-Әбдікерім – екі әкенің еркесі Бағила...

Сұлтан Махмұттай серіні ғашық еткен Бағила...

Шыңғыстайдан шалғайда, Қошағаш деген аймаққа кете барған Бағила...

Бағила қыз, Бағила сұлу, Бағила мұңлық.

Қазақ қыздары кешкен тағдыр жайлы біздің қаламнан Мысырдың Александрия қаласында білім алған қазақ қызы Ұмсын Жүсіпқызы жайлы тарихи толғау жазылып жарияланған. Енді біз шығыс өлкедегі ел шонжары Әбдікерімнің еркесі Бағила жайында тебіреніп көрмекпіз.

Сұлтан Махмұт

Тереңдеп көрсек, бұл біраз уақытқа кететін ұзақ әңгіме. Алайда көп сөзділіктен қашып, ықшам әрі нақтылыққа басқан қадамымызда Алаштың айтулы ақыны Сұлтан Махмұттың Катонқарағай еліне баруы сол кезең үшін ұмытылмас үлкен оқиғаға айналғанынан бастаймыз.

1914 жылдардағы Семей шаһарындағы жұмыссыздық Махмұтты әбден діңкелетіп, денсаулығына қатты әсер еткені тарихтан белгілі. Осындай бір ер басына күн түскен ауыр кезеңде ол Семейге келген Қаратай елінің соңғы болысы Әбдікеріммен танысады. Дімкәс көңілді сәл де болсын жұбатуға осы таныстық сеп болғанға ұқсайды.

Дәуірдің дүлдүл азаматы, оқыған, озық ойлы қыр қазағы Әбдікерім Ережепұлы – жөн-жосықты ел басқаруынан бөлек жасөспірім жастардың білім алуына, еуропалық оқуына жол ашқан тұлға. Бүгінгі күні резонанстық құбылыс деп бағаланған Алаш азаттық қозғалысының белсенді қайраткері науқас ақынды кездейсоқ жолықтырып, өз ауылына шақырады.

Ақын өмірін зерттеушілер (А. Еспенбетов) Сұлтан Махмұттың қалың қаратай өмір сүрген Алтайға сапар шегуіне екі жағдай себеп болған дейді: алғашқысы күндіз де түні мазасын алып тынышын кетірген денсаулығы болса, екіншіден көркем өлкедегі кержақтармен, әсіресе қазақ-орыс мектептеріндегі сабақ беретін орыс мұғалімдермен араласып, орыс тілін аса жетік меңгеруді көздеген.  

Ұлылар шыққан Шыңғыстай ауылындағы мектепте (бұл оқу орнына кейін Сұлтан Махмұт есімі беріледі) 1915 жылы сабақ бере жүріп, оқу меңгерушісі Филлип Евгениевич Батовтан, Владимир Ильич Подойниковтан, әсіресе орыс тілі, әдебиеті пәндерінің мұғалімі Михаил Григорьевич Комаровтан орыс тілін үйренеді. Жарты ғасыр Шыңғыстай ауылында ұстаздық қылған, ұзақ жылдар бойғы педагогтық қызметі жоғары бағаланып, Ленин орденімен марапатталған М. Комаров Махмұттың орысша білімін көтеруіне қолдан келген көмегін аямаған.

Ал денсаулығы... туберкулезге душар болған ақынды ел билеушісі Әбдікерімнің дәстүрлі халық медицинасының көмегімен құлан-таза жазуды о баста ойлаған. Бірақ өмір жолында көлденең кезіккен тосын оқиға болыс ойын өзгертіп, басқа арнаға бұрып жіберген екен. Себеп – ақынның бай қызына ғашық көңілі.

Қазақ «Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді» дейді. Сөйтіп жүргенде Әбдікерімнің үлкен қызы Бағилаға Сұлтан Махмұттың көңілі ауады. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, Бағила да кетәрі болмаған. Махмұт пен Бағиланың арасында өшпес махаббат оты лаулап, бірін-бірі қимайтындай болғанын біздің классик жазушымыз Оралхан Бөкей «Сарыарқаның жаңбыры» шығармасында көркемдеп суреттейді.

«Әр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сәулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір кезде лепіріп бақ іздеп, албатыдан жар іздеген көңілі ақ ерке сұлу тауып, байызданған. Сүймейтін бір сұлуды сатып алып, «сүй» деп зорлайтындарға тумысынан қаны қарсы Махмұт өзінің жұмбақты әрі мұңлы сүйіспеншілігін өзгені қойып, өзіне қиғысы жоқ. Қызғанады. Ол, әсіресе, соңғы күндері сеңдей соғылысқан азапты сезімнің құрсауында жүр». Қазақ тілінің маржанын теріп, қаймағынан қалқып ішкен Оралханша сөз саптаудың үздігі де, үзігі де осындай.

«Лепіріп бақ іздеген» серіні осыншама үзіктіріп, «азапты сезімнің құрсауына» қалдырардай болған сұлу кім? Өскен ортасы, көрген тәрбиесі мен қылықты мінез-құлқының нәзік иірімдері ме, әлде сыртқы көз сұқтанардай көркем де көрікті біткен келбеті ме? Астың дәмін тұз келтіргендей, басына екі бірдей елдің ауыр тағдыры түскен Бағила арудың ендігі өмірі қалай өрбіді?

Ақын көңілінен басталған ұлы сезімнің шарпуы қай арнаға құйылғанын шама жеткенше толғап көрейік.

Бағила

Қыз әкесі Әбдікерімнің жөнін аз-кем сөйледік, алайда Бағила Әбдікерімнің үлкен қызы болғанымен, ғаламда жоқ қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен атасы Ережеп тәрбиелеп, қолында ұстаған екен. Сондықтан Бағила өзін Әбдікәрімнің емес, атасы Ережептің қызымын деп жиі айтқан көрінеді.

Ережеп – тарихтағы айтулы тұлға. Найман ішінде қаратай, одан алты қаратай елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған атақты би. Туған халқының оқу-білім алуына жағдай жасап, Шыңғыстайда алғашқы мектепті ашқан көзі қарақты адам. Оның атындағы мектеп 1907 жылы ашылып, 1957 жылдарға дейін істеп тұрған. Еңбегімен ел сүйсінткен Ережеп есімі Сұлтан Махмұт біршама өлеңдерінде кездеседі, ал ұлы жазушы Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясында төтенше съезге Өскемен уезінен қатысатыны жайлы тарихи деректер келтіріледі.  

Осындай текті екі атаның тең қызы болған ерке сұлу үлкен-кіші көңіліне бірдей жаққан, көп замандастарын теңдей көріп, дос-жарды жанына көп жинаған, естіген жанды елітердей өнері болыпты. Сауықшыл, көпшіл көңілі оның сұлулығын одан бетер ажарландырып, ибалы мінезі мен жарасымды қылықтары кім-кімді де тартпай қоймайтындай әсер қалдырған.  

Ақын жігіт аңқылдақ, шын ғашықтық мінезіне салып қызға арнау өлеңін жолдайды: Өткір, сергек дегенге көңілім ауып, Еріксіз аударып тұр ықыласты. Құданың құдіретіне ғажап емес, Егер де қосам десе екі жасты.

Осы жерде Бағиладан жауап болмайды. Мұның себебі тым тереңде жатыр еді. Екі асықтың арасына түскен сына Алтайдағы ағайындас елдің бірлігіне сызат түсірердей оқиға, ата салтының жазылмаған заңына қарсы келе алмаған мұңлықтар тағдыры басқаша өрбиді. Серіні сергелдеңге түсіріп, әуре-сарсаңға салмау үшін қанша жақсы көрсе де Бағила өлеңдетіп жауап беруге тәуекел етпеген ғой.

Ережеп Бағиланы жас кезінде Қошағашта тұратын ауқатты көпес Бұқабай, оның әкесі Байғожаны бұрыннан білетіндіктен, оның сүйікті немересі Ақсолтанға айттырып, құдаласып қойған. Қалың малына қырық жеті байталды матап беріп, уәделерін де алып қойған деседі.

Ережепке құда түсіп отырған кісілердің тегін бізбенен әңгімесі жарасқан қошағаштық шежіреші қария Пионер ақсақал Солтанұлы жақсы тарқатып айтады: «Бұхар, Бұқабай – Шүй бойында ғана емес, Қытай, Мұңғыл еліне де, Шығыс Қазақстанға да, ат-атағы жайылған байлар болған». Бұқабай – үлкен керуен жүргізіп, қытайдың жылы-жұмсақ торғын-торқасын, асыл жібегін, қара шайын түйемен тасып жолға қойған ірі саудагер екен.

Шыңғыстайдың шалқар аспанында халық қалауымен қосыла ән салып, думанды кештің көрігін қыздырған мұғалім жігіт пен ерке қыздың әдепкі, жай достықтан гөрі ғашықтыққа ұласқан махаббат хикаясының шет-жағасын естіп білген Әбдікерім әке Бағиланы жылдамдатып құтты орнына қондыруды ойлайды. Қыстың көзі қырауда, Қошағаш өлкесіне адам шаптырып, «біздің қызды азғырып жүрген біреу бар» деген сөз естідім, тез арада Бағиланы ұзатып алмасаңыздар, арты қалай болар екен?!» деп хабар салады.

«Сарыарқаның жаңбырында» Оралхан Бөкейдің: «Әбдікерім болыстың бұған деген көзқарасы екіұшты» деп жазатыны сондықтан. Болыс «келешегі бұлыңғыр, әсіресауықшыл, той-думанды жақсы көреді» деп Махмұтты іштей жақтырмайды, сыртқа білдірмейді. Сайда саны, құмда ізі жоқ, не тұрағы жоқ, не тірегі жоқ, өзі алып келген салт атты, сабау қамшылы біреуге қызын беруді өзінің атақ-даңқына лайықсыз деп таниды, досқа күлкі, дұшпанға таба болармын деп ойлайды.

Әу баста өзі аттай қалап шақыртып алып, соңында ойынан айнып қалудан Әбдікерім болысқа сындарлы сәт туғанда шешім қабылдаудың оңайға түспегенін аңғаруға болады. Қыл аяғы науқас ақынның көңілін серпіп, оның дертін қымызбен емдеудің тиімді жолын біле тұрып емдемейді. Дерттінің кеудесін сырылдатқан құрт аурудан жазудың ата-бабадан жалғасып келе жатқан бай тәжірибесі бар еді. Ол үшін ашыған қымызды торсыққа құйып, ішіне шикі қазы салып, жайылымға шыққан жуас биенің шоқтығына байлап жібереді. Жайылымдағы биенің толассыз қозғалуынан шайқала-шайқала, май қымызға сіңіп, әбден бабына келеді. Ертеңді-кеш бірнеше ай ішкенде, бұл аурудан құлан-таза жазылатыны сөзсіз еді. Ақынның ауру екенін біліп ауылына шақырған Әбдікерімнің оны жазып аларына сенімді де болатын. Алайда тағдыр соқпағы басқа арнаға жол тартты.

Атағынан ат үріккен азулы болыстың басқа амалы да жоқ еді, ол тіпті өзінің қыздар теңдігі, сүйгеніне қосылу туралы ойларынан бас тартуға мәжбүр. Былай тартса өгіз өліп, былай тартса, арба сынадының кебі. Қазақ қыздарының тағдырына арашашы көңілдің өз қызының басындағы сынаққа қайрат қылар қауқары жоқ. Кезекті бір жесір дауының түйінін «Теңін тапқан әйелдің басын саудаға салмай, бостандық беру керек!» деп шешкен ел ағасы қазақтың ата салтындағы уәдені бұзу, құдалық рәсімді орындамау сүйекке таңба боларын әріден ойлап біледі.

Қош, сонымен Сұлтан Махмұт сүйген ару, ата салтын аттай алмай көңілі нала, жүрегі шерге толған мұңлық тұтас Алтайдың бір бүйірінен түстікке ұзатылып кете барады. Бағиланың сыңсуы – Алтайдағы Шыңғыстай елінде өз басының еркіндігі болмай жатқа ұзатылған бейбақ тағдырдың ішкі шері болып ғасыр бойы ауыздан ауызға түспей айтылып келеді.

«Қаракөл, Көкжота мен Жалқарағай,

Иілген самырсыны, балқарағай.

Әпекем аққу құстай өсіріп ед,

Бетіме қалайсың деп бір қарамай» деген сыңсу жолдары естіген жанның аза бойын қаза қылған дейді білетіндер. Әпекем деп әкесі Әбдікерімді айтқаны. «Атасының аруағын сыйлағандықтан кетіп барам» деген Бағила жырына үнсіз бас изеп, көз жасына ерік берген, әсіресе төркінін сағынып егіле де, езіле жылаған апалар жағы аз болмаса керек.  

Басынан бұла күндер көшкен бұлттай жөңкіп өткен Бағила аруды жар еткен Ақсолтан кім? Ол қандай тағдырды кешті? Мұқым Шыңғыстайды сұлулығынмен тамсанып, қылығымен қытықтаған ерке сұлуды бақытты ете алды ма? Ата салтымен басы қосылған ерлі-зайыптыларды алдағы өмірі қалай қалыптасты? Әңгімені тізгін ұшымен басқа бағытқа бұрып, осы сауалдардың басын ашу үшін Шүй жазығын бетке аламыз.

Ақсолтан

Саны аз болғанымен, орта жүздің алты арысының бірі уақ руының бір бөлігі ХІХ ғасырдың аяғындағы аласапыран жылдарда әуелі Қытайдағы Майлы-Жайыр тауын жайлап, кейіннен Алтайға қайта серпіледі. Ақсолтанның арғы атасы Байғожа өзіне қараған біршама үйді бастап Катонқарағайда бес-алты жыл тұрғаннан кейін Шүй бойына көшіп барады.

1894 жылы осы Шүй алқабында, қазіргі әкімшілік-территориялық аймақ бойынша Ресейдің Алтай Республикасы Қошағаш ауданының Ақтал ауылында Бұқабайдың шаңырағында Ақсолтан есімді бала дүниеге келеді. Саудагер Бұқабайдың Түсіп, Бөгіс, Ажықай, Айтқажы деген ұлдарының екіншісі осы Ақсолтан болған.

Туа сала атастырылып, қалыңдығы мен қайын жұрты табылған Ақсолтан жастайынан алғыр, шаруаға бейім, ілкімді де іскер болып ер жетеді. Алғашында «Бауырсақ молда» атанып кеткен Бекмұхамед молдадан әліпті таяқ деп біліп хат таниды. Көзін көрген ауыл адамдарының естеліктеріне қарағанда, Ақсолтан сауатты болған. Бұдан өзге қайда, қашан, не білім алғаны жайлы нақты дерек жоқ.

Пионер Солтанұлы айтқан әңгімеде Бағиланы ұзатып алу Бұқабай әулетіне оңай түспепті. Қар әлі дұрыс ерімеген наурыз айы дейді, күннің көзі сәл қызып, жылымық тиіп тұрғанымен, қыстың лебі қайта қоймаған. Шүйден Қатонқарағайға жетіп, қайта аттанған топтың басшысы, жортуылшы Дайрабай көпті көріп білген сыралғы жан екен, Бұқабай екеуі Алтайдың қай бұрышына көзді жұмып қойып тарта беретін ақберен ерлер болыпты.

Алайда құдай сәтін салмады ма, жолаушылар екі елдің ортасындағы бір биік қабаққа жетіп ат басын іркіпті. Сөйтсе қалың тұманнан ба, әлде қалың қардан ба, алдағы жолды дұрыс аңғармай, тура жарқабаққа тірелген екен. Ат алқымына дейін қарға көмілген. Әлдеқалай бұрылып шығар жол таппайды. Төңірек тұтас қасат қар, аппақ.

Жас келін Бағиланың қыз жасауы буылған тең шешіліп, киім-кешек, көрпе-жастықтар алынып, ерлер қалың қарды ойып жатар орын дайындайды, тоңбай қонып шығуға бекінеді. Дайрабай Қанас асуындағы бір оқиғаны еске ала отырып, биік жардан түсіп кетуді айтып ақылдасады. Сөйтсе қасат қар жатқан тау беткейін алдымен жолшылар үшкір тастарынан тазалап болған соң, жылқының аяғын байлап, қар үстіне жатқызып еңіске қарай ағызыпты. Мұндайда ескеретін бір нәрсе, жылқының аяғы өрге қарап, арқасымен төменге жетуі тиіс екен. Демек, жүні жығылған жағымен алға сырғанаса, жүні қарсы жағы артқа айналып кетпеуіне себеп болған. Бүкіл атты қасат қардан ағызып түсіріп алған олар аман-есен биік қабақтан құтылғанын қуанып, елге аман-есен жетіпті.

Осыдан кейін Ақсолтан мен Бағиланың жұбайлық өмірі басталады. 1928 жылы Бағила қыз тауып, атын Күлтай қояды.

1930 жылы 8 наурызда болған тосын оқиға Ақсолтанның өмірінде өшпестей із қалдырады. «Күн көтеріле әр тұстан топ-тобымен атқа мінген азаматтар сельсоветтің артындағы алаңға жинала бастады. Қолдарында шошаңдатқан қамшыдан басқа қарулары болмаса да, айбаттанып қыр көрсеткендері ажарлы, ешнәрседен тайынғалы тұрған жоқ. Ауылдағы үкмет басындағылар жұмыс орындарында отыра алмай иналған халықтың неге көтерілгенін біліп тұрса да білмегенсіп, қайда барасыңдар мұнша халық неге жиналдыңдар деп сұраған болды» деп жазады «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» кітабының авторы П. Мұхтасыров.

Ақтал ауылындағы жер туралы митингіге «Әйке» колхозының мүшесі Ақсолтан да қатысқан. Бейбіт шеру соңына жетпей, әскери күшпен таратылып, қатысқандардан 55 адамды ұстап алып, түрмеге жабады. Тергеусіз, сотсыз адам аулап, жазықсыз қудалаудан көз ашпаған совет үкіметінің билік жүйесі қарапайым қыр қазағы Ақсолтан Бұқабаевты он жылға соттайды.

Екінші қатарда сол жақтан екінші, 8 нөмірлі адам Ақсолтан Бұқабаев

Алтай асқан Бағила алғашқы жылдары төркінін сағынады, әрине. Жылына бір рет барып жүргенімен, заман өзгеріп, адам пиғылы асқынған кезеңде атажұртты көру арманға айналады. Байларды тәркілеу науқаны жүрген шақта жолда қарақшылар көбейіп, жол жүру өлімге итермелеумен бірдей кезеңге ұласады. Еңсесі биік ел-жұрты мен жер жаннатындай Шыңғыстайдай өлкесін жатқа бермей қызғыштай қорыған Әбдікерімнің де басынан бақ тайды. Соңғы бір төркіндеп барғанда әке жұртының орнын сипап қалады, аға-бауыр, туғандары қайда кеткенінен хабар біле алмай, күйіне жылап, күңірене басып елге қайтады. Осылайша ойран болған от орнын, қирап қалған құт қыстауын көріп, еңірегенде етегі толған Бағиланың денсаулығы сыр беріп, дерт жамайды. Көкірегі шерге, жүрегі мұңға толған ол Шүйдегі ошағына жеткенімен, көп ұзамай қайтыс болады. Білетіндердің айтуынша, ол екінші балаға босанарда ауыр толғақтан жан үзіпті. Бірақ нәресте аман қалып, атын Боштай қояды.

Бағиланың зираты қазір ескі Белтір ауылының жанында, Шүй өзенінің бойында Шәкірттоғай деген жерде.

Ал Ақсолтан ше? Он жылға сотталып, Сібірге айдалған ол жылы қысқарып, елге ерте оралады. Екінші рет шаңырақ көтеріп, отау тігеді. Алайда оны тағдыр сынағы тағы күтіп тұр еді. Бұл жолғы құқайдың соңы барсакелмеске аттандырады. Бағиланың қайғысы басылмай жатып, қызыл қырғын дүрбелеңінде Ақсолтанға тағы да жала жабылып, 1937 жылдың 29 шілдесінде тұтқынға алынып, 26 қыркүйекте атылады.

Ақсолтан мен Бағиладан қалған жалғыз ұл Боштай шешеден шаранадан, әкеден төрт жаста жетім қалады. Туыс-туғандарын сағалап, жан бағады. Көп ұзамай «байларды қойдай қу қамшымен» деген асыра сілтеу бағдарламасы  басталып, Бұхар, Бұқабай әулетінің үрім-бұтағы айдаудың көгеніне қаз-қатар тізіледі. Бірақ құдай қарасам десе, қиын боп па, жетім қозыдай жетілген Боштайдан ұрпақ тарап, олар Шәкірттоғайдағы аяулы әже басына құран бағыштап, тағзым етіп келеді.

Алтайдан шыққан ару қыз Бағила өмірінің бір үзігі осындай. Қаншама тарихи оқиғаға куәгер Алтай аспаны үнсіз, сай-саласы жым-жырт. Жоқ, олай емес екен, тек біздің «өркениеттенген» кеудемізді үнсіздік пен енжарлық басып жатыр. Алтай жаңғырады. Айтамын, жазамын дегенге ол әрқашан ашық, тек өзің ішіне ене біл, ортасына кіре біл!


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?