Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұндар – үстемдік орнатушылар

3300
Ғұндар – үстемдік орнатушылар - e-history.kz
Ғұндар Қазақ халқының тегін құраған негізгі қайнардың бірі саналады. Олар эрамыздан бұрынғы 2 ғасырда Модоннан бастап құдіреттеніп, аумағы 6-7 млн шаршы километрді қамтыған алып империя құрды

Қаңлылар Сыр бойы мен орталық Қазақстанды мекендеген ірі тайпалар одағының мемлекеті екенін білеміз. Қытай деректерінде Қаңлылардың «120 мың отбасы, 600 мың халқы бар» екені айтылған. Олар Ғұндарға сырттай бағынышты болған.

Ғұндардың Қазақ жеріндегі үстемдігі

Ал Ғұнның Леузаң тәңірқұты эрамыздан бұрынғы 174 жылы Хань патшасына жазған хатында: «...Оң білге ханды жазалау тұрғысынан батыстағы Нүкүздерді жазалауға жібердім. Тәңірім медет беріп сардарларымызбен жасағымыз сығай, алмауыттарымыз мықты болды да, Нүкүздерді күйреттік, қарсыласқанның басын шауып, қалғанының тізесін бүктірдік. Кроуан,  Асуан ( Усүн), Хагат ұлыстары және олармен жапсарлас 26 ел Ғұнға бағынды. Садақ асынған көшпенділердің баршасы бір үйдің адамындай болды. Терістік алап тынышталды» (Тарихи жазбалар. Ғұн баяны).

Бұл деректерге қарағанда, шамасы 174 жылы Ғұн жасақтары Жетісудан бері келген ұқсайды. Неге дейтініміз Усүндердің Лежау күнмуы елін бастап Жетісудағы Нүкүздерді жеңіп, өздерін Бактрияға қуалап жіберген болатын.  Бұны мына деректен білуге болады: «Бұл тегінде Сақтардың атамекені еді. Кейін Нүкүздер Сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді, Сақтар ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан ары асқан соң, бұл жерлерге Нүкүздер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып Усүн күнмуі Нүкүздерді талқандады, Нүкүздер батыстағы Бактрия еліне жосып, Бактрия ханын бағындырды. Сонымен Усүн күнмуы ол жерлерді басып алды. Усүн арасында Сақтар мен Нүкүздердің нәсілі болатыны содан» (Ханнама. Батыс өіңр баяны). Усүннің Лежау күнмуі әсілі Ғұн тәңірқұтының бағып алған баласы болатын. Оның әкесі Нәндуді Нүкүздер өлтіргенде ол сәби бала екен. Кейін Ғұн тәңірқұты оны бағып, қол бастатады, бұрынғы қарасты елін өзіне беріп батысқа Нүкүздерге аттандырған. Леузаң тәңірқұттың Нүкүздерге жорығымен Усүндердің Нүкүздерге жорығы бір оқиға деп есептеуге болады. Ал Усүндер Ғұндардың батыс шегараға тұрғызған жасақтары деуге келеді, жасақ саны 30 мың болғаны жазылған, өйткені Лежау (лапкок) тақ мұрагеріне бір түмен, өзі ортада бір түмен, ортаншы ұлы Датлұққа бір түмен жасақ берген. Халық саны 100 мың айналасында, қол астындағы халықтың ішінде Сақтар мен Нүкүздерде болған. Лежау күнмуге тәңірқұт батыс шегараны берік қорғау міндетін жүктегені де еш талассыз ақиқат.

Ал Усүн елінің батысындағы Қаңлыларда Ғұндарға сырттай бағынышты ел болған. Олар туралы деректе былай делінеді: «Ғұрып әдеті Нүкүздермен ұқсас, бұл ел шығыс жағындағы Ғұндардың тізгіндеуінде» (Ханнама. Батыс өіңр баяны) деген деректен білуге болады. Ал Қаңлылар болса Қазақстанның оңтүстік, орталық, солтүстік аймақтарындағы ұлан-байтақ даланы алып жатқан ірі тайпалар бірлестігі еді.

Ғұндар әлсіреуге беталған кезеңде қол астындағы елдер бет бұра бастайды.  Эрамыздан бұрынғы 73 жылы Бан Чаудың айтуынша «Усүн – садақ тартуға жарайтын 100 мың оқшысы бар іргелі ел» (Ханнама. Бан Чаудың өмірбаяны) деп куәлік бергеніне қарағанда олардың сол тұста халық саны 300-400 мыңға жеткенін білуге болады. Бұдан олардың Ғұндармен Қытайлар бір-бірімен зор көлемде соғыс күйінде болып, Ғұндардың мұршасы келмеген кезеңде  орайдан пайдаланып өз күштерін ұлғайта бастағаны байқалады, Ғұндардың да басқаруына көнгілері келмейді. Осыны білген Хань патшасы олармен одақтасып, Ғұндарды шабады.

72 жылы Усүннің 50 мың әскері Қытай әскерімен бірге Ғұндарды ойсырата шауып, 40 мыңнан аса адамын олжалайды, Усүндер осыдан тартып құдірет табады. Эрамыздан бұрынғы 53 жылы Усұндардың Оңғай күнмуі қайтыс болып, ел екіге бөлінгенде түтін саны 100 мыңға жетеді, бұдан бұрынырақ 120 мың түтін болған болуы мүмкін, Қытай деректерінде Үсүндердің 120 мың түтін 630 мың халқы бар дегені осы кездің алды-артындағы мезгілдегі жағдайды көрсетсе керек. Қисынына қарағанда, Усүн елінің халық санының артуы табиғи өсіммен қоса көршілес елдерді бағындыруымен де қатысты болуы мүмкін деген пікірді де айтар едік.

Ал Ғұндардың Саян-Алтай өңірімен Енисей бойына келе бастауы бұдан бұрын Тезек тәңірқұттың кезінде болған болатын. «Жиянжау 3 жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты. Тезек тәңірқұт батысқа жорық жасап Хагат, Кенгүн, Деңлеңдерді талқандап, сол үш елдің басын қосып сол Кенгүндер жерінен астана құрды» (Ханнама. Ғұн баяны). Тезек тәңірқұт Кенгүн жеріне, яғни Саян-Алтайға өзі ғана емес жасағымен, біраз елімен келгені анық. Осы Ғұндар кейін осы өңір тұрғындарымен біте қайнасып кетті деуге болады. Қытай тарихшыларының Енисейде 1400 жыл бойы Енисей Қырғыздары  бастан ақыр мекендеді дегеніне келісуге болмайды, оған Ғұндардың қоныс аударуының өзі дәлел.

Онан ілгерілей Тезек тәңірқұт Қаңлы жеріне келеді, Қаңлылар Ғұндарға қарасты күшті тайпалық бірлестік болатын. Оларда да 120 мың әскер, 600 мың халық бар еді. Сонымен қатар олар күшейген кезде батысындағы Аландарды, оңтүстікте Мәуераннахр мен Хорезмдегі қалалы аймақтарды да шылауында ұстаған болатын. Тезек тәңірқұт Қаңлы жеріне келіп, олардың күшін пайдаланып, Шығыс Түркістанды басып алған Хань империясымен күреспек болады. Бірақ ол  біраз жетістіктеріне бола масаттанып, соңында өз түбіне өзі жетеді. Ол туралы мына дерекке қарайық:

«...Қағанза тәңірқұттың онан ары күшейіп алғанын сезген Тезек тәңірқұт батыстағы Қаңлы еліне қарай тартты. Қаңлы ханы тезек тәңірқұтқа қызын берді, Қаңлы ханына Тезек тәңірқұт та қыз берді. Оның айбарымен маңындағы елдерге доңыз-айбат көрсеткісі келген Қаңлы ханы Тезекті төбесіне көтере құрметтеді. Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Усүнге талай рет шабуыл жасады, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, малын талан-таражға салды. Усүндер өкшелей қууға бата алмады, өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың шақырымға созылған иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді. Тезек тәңірқұт өзін шартарапты шарпыған үлкен ұлыс деп есептеді, басқа елдердің құрметіне бөленгенін, жеңістерге жеткенін көтере алмай асқақтап кетті. Қаңлы ханына жол-жосын бойынша мәміле жасағанды қойып, ашу үстінде оның қызы мен текті дегдарларын өлтірді, бірнеше жүз бейуаз бұқараны қырып салды. Кейбіреуінің денесін бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастатты. Бұқараны қала қорғанын салу жұмысына айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда бітті. Алан, Ферғана сияқты елдерге жыл сайын салық тапсырып тұрасыңдар деп қысым жасады... Жиянжау 3  жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты («Ханнама 70-бума. Ган Яншу, Чін Таңның өмірбаяны»). Осы жорықта Қытай әскері, оларға бағынышты Қашқариядан қосылған әскерлер, Тезек тәңірқұтқа өшіккен Усүн жасақтары қосылып, оны жеңіп өлтіреді.

Ғұндардың Қазақ даласына ауа көшуі

Эрамыздың 91 жылы Сәнбейлер Ғұнның Бөңғо тәңірқұтын ойсырата жеңіп, бас терісін сылып алады, Ғұндар батысқа көшіп, Орхонның батысына кетеді. Бұны мына деректен білуге болады: «Жаңхы 1 жылы (эрамыздың 87 жылы) Сәнбейлер солтүстік Ғұндарды сол жағынан тап беріп, оларды ойсырата жеңді, Ұлу тәңірқұтты өлтіріп, оның бас терісін сылып алды. Сонан теріскейдегі Ғұндар Миша Былықтыда құтылан, дабе, қадасу сияқты 58 тайпадан 200 мың адам Юнжұң, У Юань, Шакбаң, Бейди аймақтарына келіп тізе бүкті. Теріскей Ғұндар Миша Былығумен тынбай, шегіртке апаты, ауыр ашаршылыққа ұшырады... Солтүстік Ғұндар оңтүстік Ғұндар мен Сәнбейлердің тегеурініне шыдай алмай, әрі Деңлеңдерден, Сәнбейлерден ығысып, Орхон өзенінің батысына қарай көшіпті» [Фан Ие. «Соңғы хан кітабы» . 89-бума. «Солтүстік Ғұн бяны»].Ғұн тәңірқұты Усүн жеріне қашып келеді. Ханнама оңтүстік  Ғұн тарауында: «Күйрей жеңілген Ғұн тәңірқұты Усүн жеріне барып паналады» делінген.  Бұдан Ғұндардың жаппай босып Қазақ даласына кіре бастағаны деп қарауға болады.

Ал Ғұнның солтүстігіндегі көршілес Деңлең тайпаларыда батысқа жылжиды. Құдіреттеніп 50 мың әскерге ие болады. Өріс қонысы Қазақстанның шығыс және солтүстік аймақтары болады.

«Деңлең елі Қаңлының терістігінде. Соғысқа жарамды мыңдай адамы бар. Көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданады. Тиын, ақ құндыз, сары құндыз терілерімен атағы шыққан. Кенгүн жоғарыдағы үш елдің нақ ортасында, яғни ғұн тәңірқұты ордасы тігілген Әнзеп өзенінен жеті мың шақырым шалғайда. Түстік шегарасынан алты арыс кәсиге дейін бес мың шақырым, батыс түстік шетінен Қаңлы шегарасына дейін үш мың шақырым, батыс шегарасы Қаңлы хан ордасына дейін сегіз мың шақырым келеді. Бұл арадағы Деңлеңдерді Ғұндардың терістігіндегі Деңлеңдер деушілер де бар. Бірақ терістік Деңлеңдердің қонысы Усүннің батысына тура келеді, соған қарағанда бұлар басқа нәсіл көрінеді. Бұлардан тыс Ғұндардың терістігінде Ғұнру, Құтша, Деңлең, Кекгүн, Сенле деген елдер бар. Бұдан солтүстік теңіздің түстігіндегі Деңлеңнің Усүннің батысындағы Деңлеңдер емес екенін білуге болады» (Уй Шу. «Уй кітабы». Батыс нұмдар баяны). Әсілі Деңлең тайпаларының мекені Байқал көлінің айналасы еді, ғұндар әлсірегенде бұлар күшейіп Ғұндардың ізін баса батысқа жылжиді. 50 мың жасағы бар мемлекет осал мемлекет емес, сонымен қоса шығыс жақтада Деңлеңдердің бар екені аңдалады, Ханнамада Ғұндар торғайдай тозып қалған тайпалары солтүстіктегі елдерге бағынды дейді, ал Ғұнның солтүстігіндегі ең күшті ел Деңлеңдер болған, кейінгі Теле тайпалар одағы, Тоғыз оғыздар, Көктүріктің негізгі тірегі, Ұйғыр қағанатын құрған осылардың ұрпақтары, яғни күллі Түріктің ең негізгі өзегі деуге болады.

Ғұн Иұрпандар мемлекеті

Ғұндардың Қазақ даласына кірген бір тобы кейін Иұрпан елі атанған. 悅般 Көне қытай тілінде Yiwat puan деп оқылады.

«Иұрпан елі – Усүннің солтүстік батысында, Дәйдан 10930 шақырым алыста. Олардың арғы аталары Ғұнның теріскей тәңірқұтына қарасты ұлыстан еді. Хан патшалығының арбалы-аттылар санғұны Душиян қуа соққылап Солтүстік Ғұн тәңірқұтын Жин уей тауынан (Алтай тауы) батысқа Қаңлыға қарай асырғанда, олардың үріккен елінен көшке ілесе алмаған аш-арықтары Күшәннің солтүстігіндегі аймақтарын мекендеп қалды. Бұлар 200 мыңдай халық еді. Иелігіндегі жері мыңдаған шақырым келетін. Лияңжоулықтар оларды бұрынғысынша тәңірқұт ханы деп атады. Бұлардың тұрмыс-салты, тілі Қаңғалармен (Қаңлылар) бірдей болды. Ал олар өздерін хулардың қай- қайсысынан да таза ұстайтын еді. Олар шаштарын қастарына дейін теңестіріп қиып (кекіл), оның үстін тақырайтып қырып, сары май жағу арқылы жалтыратады, күніне үш мәрте жуынып ауыз шайқайды, сосын барып тамақтанады, олардың оңтүстік шегарасында жанар тау бар» (Уейнама. 90 баян. Батыс өңір).

Бұл дерекке қарасақ, Ғұндар Жетісудың солтүстігіндегі, Алтайдың батысындағы жерлерді мекендеген. Тілі Қаңғалармен бірдей екені анық болса, Түрік тілінде сөйлеген деп кесім айтуға да болады. Олардың оңтүстігендегі көршілері Қаңлылар болған. Ол туралы қатарлас былай айтылған: «Шаш елі (Ташкентті меңзейді) бұрынғы Қаңлы елі. Ферғананың солтүстік батысында, Дәйдан 15450 шақырым шалғайда» (Уейнама. 90 баян. Батыс өңір) деуіне қарағанда қаңлылар елінің өрісі бұрынғыдан тарылғанын байқауға болады, бұрын олардың өріс қонысы мыңдаған шақырымға созылып жататын. Сонымен қатар 4 ғасырдағы Жужан қағанатыда осы Иұрпандармен одақтасып Усүндерге шабуыл жасайды, олар (Усүндер) Памир тауларының терең қойнауларына қарай көшеді. Сонымен қатар Жужандарда Иұрпандарға қаратқан шапқыншылығын үдете түседі. Сол уақытта батыс Моңғолия мен Сіберия, Саян-Алтайда Жужандармен бәсекелес Қаңғарлар Алтайда бас көтереді, 487 жылы олардың көсемі Абұқтыра Жужандардан дербестік алып, 100 мың адамымен батысқа көшеді. Бізше Иұрпан мемлекетін осы Қаңғарлар аударған, себебі кейін осы Қаңғар яғни Теле (Деңлеңдердің кейінгі атауы) тайпалары Каспийге дейін мекендеген еді.

Ғұн Эфталиттер мемлекеті

«Абдал (эфталит немесе ақ Ғұндар) ұлы Нүкүздермен нәсілдес. Оны Қаңғаның өзге тармағы деп те айтады. Арғы тегі Қытай қорғанының солтүстігінен (Ғұн жерінен). Жері Алтынтаудың (Күнлүн тауының бір сілемі) оңтүстігінен Ұдұнның (хотан) батысындағы, Уакса судың оңтүстігіндегі 200 шақырымнан астам алқапты алып жатыр. Чаң Анға дейін 10100 шақырым алыста. Ордасы Падиян қаласында (Бадақшан), Ражагрха осы болар, қала аумағы он шақты шақырым, ғибадатханалары көбінде алтынмен әшекейленген мұнаралы болып келеді. Салты Түріктермен қарайлас. Бұлардың салтында бірнеше ағайынды бір әйел алады. Күйеуі жалқы жігіт болса, әйелі басына бір мүйізшек киеді. Егер ағайынды бірнешеу болса әйелі бөркіндегі мүйізшекті сол санға туралайды, киіміне шашақ баулар тағады. Шашын қайшымен алдырады. Тілі Жужандікіне, Қаңғаныкіне не басқа хуларға ұқсамайды. 100 мыңдай жасағы бар, қала салмайды. Суат пен өрістің жағдайына қарай көшіп жүреді. Киізден үй тігіп, жазда салқын жерде, қыста шуақты жерде тұрады. Әйелдерін бір-бірінен 200-300 шақырым бөлек-бөлек жерлерге орналастырады. Ханы ауа райына қарай жылжып, ай сайын қоныс жаңалайды. Қыс кезінде наурызда ғана көшпейді. Тақты балаға мирас ету шарт емес, баласы мен інілерінің қай-қайсысының таққа отыруына болады. Өлген соң тақ екіншісіне қалады. Бұл елде арба жоқ, балдаха ғана бар. Түйе мен жылқы түлігі көп. Заңы қатаң, ұрыларға ұрлаған затының аз-көп болуына қарамай белін үзу жазасы беріледі. Ұрлаған нәрсе он есе болып төленеді. Өлген адамды жерлегенде, ол бай болса, тастан оба тұрғызылып денесі жасырылады. Кедей болса жерге қазып көмеді. Бойындағы нәрселер көрге бірге қойылады. Адамдары адуын, жауынгер келеді. Бұларға батыс өңірдегі қаңлы, ұдұн, шалық, парфия болып жиыны 30-дай ел бағынды, сонан өздерін ірі елміз деп дариды. Жужанмен қыз алысып құда болды.  492-509 жылдары әр жылы сарайға тарту әкеліп тұрды. 524 жылы бір арыстан тарту етуге елшісін жіберді... 532-534 жылдарыдан соң тарту әкелмейтін болды...» (Уейнама. 90 баян. Батыс өңір).

Бұл – 4 ғасырдың соңы мен 5 ғасырдағы Қытайды басып алған Тоба Сәнбейлердің Уей мемлекетінің тарихынан алынған деректер. Деректе бұлардың Ғұн жерінен келгені айтылып отыр. Бұларды Нүкүзбен нәсілдес дегені  дегені бұдан бұрын осы алапқа ауып келген 400 мың Нүкүзге келіп оларға сіңіп кеткен Ғұндар екенін білеміз. Бұлар 370 жылдары Жужандар бас көтерген сәттерде Алтайдан бері көшіп Қазақстанның оңтүстік алаптары мен Ферғана ойпатын басып алған. Қаңлыларды қамтыған Арал теңізі мен Сыр бойы, Талас алқабы, Мәуераннахр, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Хотанды қамтыған империя болған. 420 жылдары Ақ Ғұндар Әмудария алабына келіп, Сасанилармен соғысқан да жеңіліп шегінген.  Онан құлдырай бастаған Нүкүздердің құрған Күшан империясына қауіп төндірген және оны басып алып, Сасаниларды 453 жылы ойсырата жеңеді. Ыңғайына қарағанда бұлар жерлік тайпалармен тоғысып, тілі Парсы тіліне ауысқаны байқалады, өйткені деректе тілі Қаңғаларға ұқсамайды делінген. 484 жылы тағыда Сасанилерді жеңіп патшасын өлтіреді, онан ілгерілеп Үнді жеріне шабуыл жасайды. Сондай-ақ шығыс солтүстігінде Қаңғарлармен Жоңғарияға таласып көп соғысады. 6 ғасырдың басында Жужандар әлсірей бастаған орайда Тарым ойпатындағы қалаларды басып алады. 558-567 жылдары Сасанилармен Көктүріктер  осы елді қыспаққа алып, бөлісіп басып алады.

Ғұндардың батысқа кетуі

Арада екі ғасыр бойы Ғұндар Қазақ даласын қоныстанады. Ғұнның осы екі ғасырда Қазақ жеріндегі тарихы туралы деректер сақталмаған. Демек Ғұндар Қаңлы, Усүндермен араласқан. 370 жылы Ғұндар Волга өзені бойына пайда бола кетіп Аландарды ойсырата жеңіп олардың патшасын өлтіреді. Аландарды қуғындаған бойда шығыс Еуропадағы Герман тайпаларын жеңіп оларды батысқа тықсырады. Батысқа ығысқан Герман тайпалары Рим империясының іргесіне келіп тіреледі. Аттиланың тұсында Ғұндар Орта Азия мен Рейн өзеніне дейінгі алапта Ғұн империясын құрады. Батысқа аттанған Ғұнның ішінде Қаңлы, Усүндерде мол болғаны анық. Ал Алтайда қалған Ғұндар 370 жылдары оңтүстікке ойысып Ферғананы алып, онан ары кеңейіп Эфталиттер мемлекетін құрады. Ғұндарды Қазақ даласынан батысқа қарай көшуге итермелеген, сірә, кімдер?

Ғасырдағы Деңлең ұрпағы Телелер Каспийге дейінгі алапқа қоныстанған болатын. Деңлеңдер болу мүмкіндігі ең күшті. Деңлең Телелер Қазақ даласын Ғұндардан тартып алғаннан кейін бір бөлім Ғұндар мен Қаңлылар қазақ даласында қалды да, қалғандары Еуропаға кетіп «Батыс Ғұн империясын» құрды. Кейінгі Теле тайпаларының ішінде де Ғұндар мен Қаңлылар болды деуге болады.

Төлес тайпалары

Төлестер жаңа эрадан бұрынғы 3 ғасырдан жаңа эраның 4 ғасырына дейін көне Қытай тарихнамаларында 丁零 (Деңлең)丁令 (Деңлең), 丁灵 (Деңлең) деп жазылған. 4-6- ғасырларда 高车 (қаңғар, гаучы) биік арбалылар, қаңғарлар деп аталған, бұлардың батысы қаңлылар еді, бәлкім қаңлылардан көп парықсыз бір текті ел болса керек. 6-8 ғасырларда Теле (铁勒) атанған. Мекені батыс солтүстік Моңғолия, Селенгіден батысқа қарай; Байқал көлінің батыс жағы. Көршілері: қыпшақ, кенгүндер, батыс өңтүстігі қаңлылар болған. Кейінгі Жужандардың ең басты қарсыласы осы Теле тайпалары болған. Аңыз бойынша олар Ғұн тәңірқұтының арлан бөрімен қосылған қызынан тараған. Есебі нәсілі еуропеид болған ұқсайды. Кейінгі оғыз, қаңлы, ұйғұр, қарлық, қыпшақ, сыр тардұш, найман, қимақ, қалачтар осы телелерден шыққан. Олар туралы: 


«Теле тайпаларының қатарында бүркіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра рулары; бұлар тула өзенінің солтүстігінде тұрған;
Мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, деген арыстарының соғысқа жарамды адамы 20 мыңдай. Үбірдің батысы мен Әнгенің терістігіндегі ақ тауды қапталдай қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегірлер отырады. Бұлардың да соғысқа жарайтын адамы 20 мыңдай. Алтайдың батыс күнгейінде сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыттар мекендейді. Бұларда жорыққа 10 мыңдай адам аттандыра алады. Қаңлының теріскейіндегі Еділ өзенінің бойын едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердерілер мекендейді, бұларда жорыққа 30 мың адам аттандыра алады. Теңіз көлінің шығыс және батыс жағалауларында салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыралар отырады. Бұларда 8 мыңдай жасақ бар. Пұрұмның батысында ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұндар мекендейді, бұларда 20 мыңдай жан бар. Солтүстік теңіздің күнгейінде тыбалар отырады. («Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер». 2-том. 340 бет).

Бұл деректегі телелердің батысы Каспийге дейін созылған, бұрынғы Сақ, Қаңлылардың жалғасы іспетті. Бұнда батыс Қазақстандада баяуыт, қият деген тайпалардың барын білдік, бұлар кейінгі Ергенеқоңнан шыққан Моғұл түрік руларындада бар, Рашид-ад-динның айтуынша, оларда тегінде Тараз жақтан Оғыз ханнан жеңіліп шығысқа кеткендер екен, бәлкім солардың осы тарапта қалғандары болса керек. Печенек, салар рулары кейін оғыздарға қосылады да, оғыздың 24 тайпасының бірі болады.

Кейін Көктүріктер бас көтергенде де осы төлестерді бағындырғаннан кейін барып шексіз қуатқа жетеді. Демек Сібіриядан Каспийге дейінгі тайпалар түрік халықтарының негізін қалаған. 

Қорытынды

Жоғарыдағы деректермен тарихи оқиғаларға қарасақ, Ғұндар бұрын Нүкүздер аталған ірі көшпенділерді жеңіп оларды Орта Азияға қуғындаған, сол ірге кеңейту барысында олардың жасақтары тағы да Жетісу жеріне келіп Нүкүздерді тағы да қуғындап, Мәуераннахрға кетірген. Усүндар сол батысқа қарай келген Ғұн әскерлері деуге болады. Ал Қаңлыларда сол аралықтың ары-берісінде түген Түркінің қайнары болған  Сібірия мен Саян-Алтайдан бері ауған тайпалар болуы ықтимал, өйткені 4-5 ғасырда осылармен аттас Қаңғарлар дәл сол өңірден бас көтереді, ал одан ары Сахалар арасында қаңғалас атты тайпа әлі күнге сақталған. Бұл әліде егжей-тегжейлі зерттейтін тақырып саналмақ. Ал қаңлылардың Ғұндарға бағынышты екенін, олардың Мәуераннахрмен Ферғана қалаларын иеленгенін білеміз, ол да оның Ғұн империясына қарасты аймақтар екендігінің дәлелі. Демек Ғұндардың Қазақстандағы қимылы 700 жылдан асып жығылады (эрамыздан бұрынғы 174 жылдан Эфталит мемлекеті жойылған 576 жылға дейін), Ғұндар ауып келгеннен кейінде Қазақ жерінде үш мемлекет құрды (Иүрпан, Эфталит, Аттила мемлекеттері), демек Ғұндардың Қазақ даласымен Қазақ тарихындағы ролі аса терең деуге болады. Кейін оған Деңлеңдер мен Сәнбейлердің кейінгі ұрпақтары қосылып, Қазақ халқын қалыптастырған.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?