Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: Әскери музыкалық аспаптар

4670
#Түрік әлемі: Әскери музыкалық аспаптар - e-history.kz
Ежелгі сақ, ғұн, сармат тайпаларының байрақтарында айдаһар белгісінің осындай дыбыстар шығарғаны туралы деректер де жоқ емес.

Тұран даласын мекен еткен көшпелі түрік халықтары өз жауынгерлік дәстүрінде басқа халықтар секілді әр түрлі музыкалық аспаптар қолданған. Дауылпаз, дабыл секілді аспаптар арқылы бабаларымыз майдан даласында әр түрлі дыбыстық белгілер жіберіп, «жау келді», «дұшпан шегінді» дегенді ескертіп отырған.

Сонымен қатар мұндай аспаптар күтпеген жерден жиналу, жорыққа аттану секілді бұйрықтардың рөлін атқарған. Қаралы жиындар, майдан даласында елін-жерін қорғау жолында мерт болған жауынгерлермен қоштасу я болмаса салтанатты жиындар, қонақтарды күтіп алу секілді шаралардың барлығы да музыкалық аспаптардың көмегімен өтетін болған.

Зерттеушілердің айтуынша, әскери мақсатта музыкалық аспаптар қолдану үрдісі тым ертеде басталған. Түрік халықтарымен қатар ежелгі Иран, Египет, Үндістан, Қытай елдерінде салтанатты діни жиындар мен әскери жорықтарда үрмелі, соқпалы аспаптар қолданған. Кейін бұл дәстүр Еуропаға (XVII-XVIII ғасырлар) ауысқан. Ресейдің әскери полктеріне тұңғыш рет XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында енгізіліпті.

Бүгінде жауынгерлік мақсатта қолданылған аспаптардың қатарында  дауылпаз, дабыл секілді бірлі-жарым аспап қана айтылып жүр. Алайда, түріктік кезеңде бұдан басқа аспап қолданылмады дегенді білдірмейді.

Енді бабаларымыз қолданған сол аспаптардың біразына тоқталып көрейік.  Белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабында» шың деген музыкалық аспап туралы айтады. Автордың айтуынша, шың – қазақтың төл аспабы.

Шың – жезден, темірден жасалған, дыбысы күшті, қазақтың көне соқпалы музыкалық аспабы, дабыл, парсы тілінен ауысқан делінеді. Шыңды жаугершілікте дабыл, керней, сырнай сияқты аспаптармен бірге пайдаланған.

«Бұлар барып жеткен соң торғауыт халқынан шың қағылып, барабан соғылып, неше мың көп әскерлер жиылып соғыс қылды». «Ер Тарғын» жырынан.

Шәкпір – дабылдың, кернейдің бір түрі не атауы. С. Қондыбайдың жазуынша, шәкпір сөзі парсы тілінен енген.

Кепшік – қарын немесе жұқа тері қапталған шеңбер, даңғыра.

Керней – мойнын ұзынша етіп, жезден жасалған үрлемелі саз аспабы.

Керуіш – екі басы бұрау ағашпен кере тартылып, түрі садаққа ұқсайтын байырғы саз аспабы.

Набат – үлкен мыс барабан.

Накар – барабан, кимвал, ол да парсы сөзі делінеді.

Литавр – терімен қапталған жарты шардан (яғни шанақтан) тұратын соқпалы саз аспабы.

Дағыра – ағаш шеңберге иленбеген бұзау терісінен керіп, таспамен тіліп жасалатын барабан тектес аспап.

Даңғыра – дөңгелек ағаш шеңбердің бір жақ бетіне тері қаптап, ішкі жағына сылдырмақ темір тағылатын аспап.

Барабан – шанағына сірі керіп қаптаған, іші қуыс, ұрып ойнайтын музыка аспабы.

Най – үрлемелі музыка аспабы. «Марко Полоның татарлар (түркілер) туралы дерегінде мынадай жазба кездеседі: «(они) не смеют начинать битвы, пока не забьет накар их предводителя; как только он забьет, тут они начинают битву. Есть у татар и такой обычай: когда они изготовляются и ждут битвы, прежде накар забьет, поют, играют и веселятся, поджидая схватку... Просто удивительно, как хорошо они пели и играли». Яғни, дыбыс беру, психологиялық ықпал ету, рух көтеру, ақыр аяғы-көңіл-күйді жақсы ететін тынығу, тойлау, сергіту сәттерінде де аспаптардың атқаратын рөлі ерекше болды», – дейді кітап авторы.

Ұран – өзегі алынып, қаққа бөлінген іші қуыс екі ағашты қайта біріктіріп, сырты қайыспен орап жасалады. Дауысы күшті, жуан, алайда 1-2 дыбыстан артық дыбыс бермейді. Ертеде жаугершілікте ұран шақырып, құс салып, аң қамауға қолданылған.

Дауылпаз – халықтық нұсқада жасалатын көне аспап. Ертеде аңшылық, саятшылық, құсбегілік салт-дәстүрлерде қолданылған. Шанағы өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан жасалып, сыртына ғаныштау әдісімен ою-өрнектер салынады. Аспапты таяқпен ұрып ойнайды. Көбінесе халықтық мерекелерде және үлкен оркестр құрамында ойналады.

Дабыл –  ұрып ойнайтын аспап.  Оның екі жағы да терімен қапталады.  Құлақшалары бар. Ол теріні керіп тұру үшін жасалады. Дабылды саусақпен немесе арнайы жасалатын басы жұмыр шағын таяқшамен ұрып ойнайды.  Даусы  терінің  жұқа немесе қалыңдығына, терінің қатты немесе орташа керілуіне және арнайы жасалған қорапта сақталуына байланысты  болып  келеді. Дабылдың шанағы тал,  қайың,  тораңғы секілді иілуге көнетін ағаштардан жасалады.

Шыңдауыл – ертеде аң-құстарды үркітіп, көптеп үйіріп, қаумалап аулау үшін немесе қуып тосынға түсіру үшін қолданылған. Шыңдауылдың шанағы тұтасымен металдан жасалып, бір жақ беті мал терісімен қапталады. Тері қапталмас бұрын шанақтың ішіне шулы үн беретін сылдырмақ-қоңыраулар немесе темір шығыршақтар тағылады.

Музыкалық аспаптарды сонымен қатар, соғыс барысында жауынгерлердің рухын көтеру, қарсылас жақтың сағын сындыру, үрей туғызу мақсатында қолданылғаны белгілі. Әр түрлі гуіл тудырып, ысқырық дыбыс шығаратын жебелер мен атпа найзалар да осы осы мақсатта қолданылған қарулар еді.

Ежелгі сақ, ғұн, сармат тайпаларының байрақтарында айдаһар белгісінің осындай дыбыстар шығарғаны туралы деректер де жоқ емес. Сақтардың әскери байрақтары айдаһар бейнесінде болатынын грек тарихшысы Флавий Аррианның жазбаларынан да байқауға болады: Аррианның алан тайпаларының әскери белгілері сөз етілген «Тактика» атты еңбегінде «Олар түрлі-түсті құрақтардан құралып тігіледі, оның үстіне басынан бастап құйрығына дейін барынша қорқынышты болып көрінетіндей етіп, жыланға ұқсатып жасалады. Оның мәні мынада. Аттар тыныш тұрған кезде төмен қарай төгіліп тұрған түрлі-түсті құрақтарды көресің, ал қозғалған кезде олар желдің күшімен аталған хайуанға ұқсап, жылдам қозғалған кезде тіпті ұзына бойынан өтетін күшті желдің әсерінен ысқырған үн шығарады. Бұл оларға көне скифтерден келген» деген деректер кездеседі (Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы. ІІІ т.).

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?