Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мысырды билеген шеркеш сұлтандар

2122
Мысырды билеген шеркеш сұлтандар - e-history.kz

Қазақ руханияты тағы бір қомақты дүниемен толығып жатыр. Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада «Шеркеш мәмлүк сұлтандары» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Кітаптың авторы – қазіргі таңда еліміздегі бірден-бір мәмлүктанушы Қайрат Сәки. 

Көне араб тілін меңгерген санаулы мамандардың бірі саналатын Қайрат Ұзақұлының кезекті зерттеуінің тұсаукесеріне Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар келіп қатысты. 

«Шеркеш мәмлүк сұлтандары» атты бұл кітап көне қолжазбалар (түпнұсқа) мен деректі архивтік құжаттар негізінде жазылған. Деректі танымдық шығарма болып отыр. Тарихи шығармада орта ғасырларда Мысыр елінде 267 жыл өмір сүрген Түркі мемлекеті мен оның сұлтандары жайлы сыр шертеді. 

«Осы шеркеш сұлтандарының тарихын зерттеу арысында көптеген құжаттарға қол жеткіздік. Бұған ең бірінші кезекте Қайрат Сәки мырзаның көп жылдар бойы араб мемлекеттерінде жұмыс жасағаны, сол жердегі ғылыми ортамен араластығы, ғалымдармен, кәсіби тарихшылармен тікелей таныстығы, жақсы қарым-қатынаста болуы септігін тизізді. Нақты айтар болсақ, Қайракеңнің тікелей беделі мен дипломаттығы үлкен көмек болды. Екіншіден Мысыр мемлекетіндегі елшілік пен дипломатиялық корпустың көмегі тиді. Осындай жұмыстардың арқасында Қайрат Сәки мырзаның кезекті зерттеу кітабы жарық көріп отыр», – деп атап өтті қоғам қайраткері, Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Сәрсенбай Еңсегенов

Кітапта Мысыр, Сирия мен Хиджаз территориясын қамтыған тарихи аумақ туралы сөз болады. Әрі бұл аумақтың негізін Қазақ даласынан барған түркі тайпаларының қалағаны айтылады.

«1250 жылдан 1517 жылға дейінгі аралықта 267 бойы Мысыр, араб мемлекеттерінің жерінде Африкада ресми түрде түркі деп аталатын Түркі мемлекет өмір сүрген. Ресми атауы солай, көптеген тарихшылар солай жазып жүр. Бұл мемлекетке қазіргі кездегі Израил, Палестина, бүгінгі Мысыр, Ливан, Иордания, Сауд Арабиясы жерлері кірген. Яғни үлкен алып империя болған. Сонымен бірге Түркияның Сириямен шектес жерлері, Ирактың Эвфрат өзенінің төменгі жағы секілді жерлердің барлығы да кезінде осы Түркі мемлекетіне қараған. Бұл империя 267 жыл өмір сүрді. 

Тарихшылардың пайымы бойынша, осы 267 жылдық кезеңді бахри қыпшақ және бурджи шеркеш деген екі екі династия кезекпен басқарған. 

Бірінші династия (бахри қыпшақ) 1250-1382 жылдары аралығында билік құрған. Бас-аяғы 132 жылға созылған бұл уақыт аралағында қыпшақ беріш сұлтандар әулеті билік құрған. Бұл дәуірдің негізгі Құтыз сұлтан, Байбарыс сұлтан, Қалауын сұлтан секілді тұлғалар болды», – дейді  Сенаторлар кеңесінің мүшесі

1250-1382 жылдары 132 жыл билік құрған бахри мәмлүк билеушілері өз биліктерін заңдастыруға күш жұмсап, крестшілер мен елхан әскеріне қарсы екі майданда шайқасты. Олар Хулагу хан әскерін талқандап, 1292 жылға қарай крестшілердің қамалдарын жойып, өздерін теңіз асырып қуып тастады. Байбарыс сұлтан Каир қаласында халифат туын қайта көтеріп, мәмлүк билігін заңдастырып берді. Сонымен қатар сүнниттік мәзһабтарды теңестіріп, мәмлүк империясының астанасы Каир қаласын аймақтағы басты саяси орталыққа айналдырды. 

Екінші династия 1382 жылдан 1517 жылға дейін жалғасты. 135 жылға созылған бұл кезең шеркеш сұлтандары деген әулет басқарды. Бахри мәмлүктерден кейін таққа мінген бурджи мәмлүктер 1382 жылдан 1517 жылға дейін билік құрып, шеркеш династиясының негізін қалады. Бурджи мәмлүктер тұсында Түркі мемлекеті орналасқан аймақтағы геосаяси жағдай түбірімен өзгердіКрестшілермен күрес теңіз жорықтары мен шайқастарына ауысып, бұрынғы бітіспес жау елхан мұрагерлерімен қатынастар басқаша сипат алды. Ақсақ Темір қаупінен Мысырдағы Түркі мемлекеті, Елхан мемлекетінің қойнауынан шыққан Жалайыр мемлекеті және Осман империясы арасында белгілі бір дәрежеде одақтастық орнады. 

«Бұл кезеңде 24 сұлтан билік құрды. Олардың үшеуі ғана өзге ұлттан. Қалғаны түгел тарихи деректерде, жазылған құжаттарда сол замандағы тарихшылардың еңбегінде олардың барлығы да шеркеш сұлтандары екені айтылға. Аты-жөндері, тарихы, еңбектері мен артында қалған мұралары сол күйінде сақталған», – дейді Сәрсенбай Еңсегенов

Автордың өзі мәмлүктерді бахри қыпшақ және бурджи шеркеш деп бөлу шартты жіктеу екенін айтады. Айтуынша, мәмлүк дәуірін зерттеген тарихшылардың барлығы да қыпшақтар мен шеркештерді бір түркі халқы деп қабылдаған. 

«Шеркеш мәмлүк мемлекетінің тарихына арналған бұл зерттеудің мақсаты  ортағасырлық арабтілді жазба ескерткіштерде тіркелген шеркеш сұлтандарының өмірі мен қызметтерінің негізгі кезеңдерін зерттеу арқылы олардың этникалық негіздерін анықтау, түркілердің, оның ішінде қазақтың шеркеш тайпасына қатысын айқындау болды», – дейді автордың өзі. 

Сондай-ақ шеркеш билігі мәселесінің зерттелу деңгейі бойынша тарихнамалық талдаулар жасалып, зерттеу жұмысының деректік негіздеріне деректанулық сараптаулар жүргізіліп, түркі мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан түркілік салт-дәстүрлердің қаншалықты сақталғанын ашып көрсету, шеркеш сұлтандарының мұсылман, христиан және елхандарға қатысты сыртқы саясатын талдаудар жасалған. 

Зерттеуде шеркеш және шеркес деген этнонимдер қатар қолданылады. Шеркеш 1382 жылдан 1517 жылға дейін Мысыр мен Сирияда билік құрған шеркеш династиясының өкілдері және Кіші жүздің Байұлы құрамына кіретін шеркеш тайпасы, ал шеркес – қазіргі кезде Ресейдің Қарашай-Шеркес автономиялық республикасындағы шеркестер және Осман империясының XIX ғасырда шығыс уәлаяттарына қоныс аударған, қазіргі Сирия, Ливан, Иорданияда тұратын солтүстік кавказдықтар. 

Сонымен қатар осы этнонимді бастапқыда иеленген көне этносқа қатысты, оқырманды шатастырмас үшін түркі шеркес деп қолдандық. 

Шеркеш мәмлүктер ортағасырлық араб тілінде жазған тарихшылардың нарративтік шығармаларында, жылнамалар мен түрлі құжаттарда араб тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне сай джаркас деген формада кездеседі», - делінген кітаптың кіріспе бөлімінде.

Мәмлүктер деген кімдер? 

Кітапта Мәмлүк сөзіне «ислам байрағы астында шайқасқан, басым бөлігін түркілер құраған әскери билеуші топ» деген анықтама берілген

Араб тілінде мамлук сөзі иеліктегі деген мағына береді. Бұл сөз бастапқы кезеңде абд мамлук деген тіркесте иеліктегі құл деген мағынада жүрсе, уақыт өте келе мәмлүк сөзі тек әскери мақсаттарға пайдаланылатын еріксіздерге қатысты айтылатын терминге айналады. Сонымен қатар абд сөзі қара түсті құлдар, ал мәмлүк сөзі терілері ашық түсті еріксіздер деген мағына берген. 

Құлдан туған нағыз құл саналған, ал мәмлүк азат отбасыда өмірге келіп, кейін тағдыр тәлкегіне ұшырап, әскери тұтқын ретінде құл базарында сатылған бозбала. Құл аталғанымен, құлдық психологияны бойына сіңірмеген, дарытпаған, негізінен түркі нәсілді еріксіздер. 

Әрине, мәмлүктердің сапында сол заманның тарих сахнасында көрінген түрлі халықтардың өкілдері жүрді. Бірақ мәмлүк сөзінің бастапқы құл деген мағынасын билеуші деген түсінікке өзгерткен түркілер еді.

Автордың айтуынша, Түркі мәмлүктердің Халифат жерінде пайда болуы тым әріде жатыр. 

«VIII ғасырда мұсылман қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің Түркістанның оңтүстігіндегі жерлерді, арабша Мауараннахрды  Джейхун және Сейхун өзендерінің қауызындағы жерлерді жаулап алған заманында түркі еріксіздері мұсылман құл базарларында бой көрсете бас- тайды. Түркілер сенімділігіне, батырлығына, тұрқының әдемілігіне қарай үлкен сұранысқа ие еді. Халифат аста- насы Бағдатта мәмлүктердің билік басына келуіне жол ашқан алғышарттар шамамен 300 жылдан соң Египетте де қалыптасады. Алайда бұл аралықтың өзінде кешегі еріксіздер маңызды мансаптарды иеленіп, ықпалды топқа айналады», - деп келтірген өзінің зерттеуінде.  

Қайрат Сәки – еліміздегі бірден-бір мәмлүктанушы, көне араб тілін меңгерген санаулы мамандардың бірі. «Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы» (2000), «Қыпшақ мәмлүктер» (2006), «Бағдаттағы Жалайыр билігі» (2007), «Мәмлүктер» (2015), «Ер қаруы – бес қару» (2020), «Юрта на вершине пирамиды» (2020), «Сұлтан Байбарыс» (2022), «Байбарс - султан мамлюков из Дешт-и Кыпчака» (2023), «Сұлтан Байбарыс және ислам өркениеті» (2024) т.б. кітаптарының авторы. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?