Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөкей Ордасы тарихын зерттеудегі аграрлық аспектілер (1917 жылғы жер мәселесі)

2971
Бөкей Ордасы тарихын зерттеудегі аграрлық аспектілер (1917 жылғы жер мәселесі) - e-history.kz
1917 жылдың Ақпан революциясы қарсаңындағы қазақ халқының жағдайы өте ауыр болатын.

1917 жылдың Ақпан революциясы қарсаңындағы қазақ халқының жағдайы өте ауыр болатын. Халықтың ең белсенді бөлігі, бетке ұстар азаматтары патша өкіметінің, казак әскерлерінің, қоныс аударушылардың қарулы отрядтары жүргізген геноцид саясаты нәтижесінде қырғынға ұшырады, көрші елдерге ауа көшті. Сондықтан, «қазақ жерінде патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, барлық әлеуметтік күштерін қамтыған ұлттық саяси қозғалыс, — деп жазады профессор М.Қойгелдиев, — 1917 жылғы, ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды» [1]. Ұлттық саяси қозғалыстың басты мақсаты — ұлттық еркіндік пен негіз бола аларлық ұлттық мемлекет құру болса, мемлекеттің негізін қалау қазақ елінің территориялық тұтастығын қалпына келтіру жер мәселесімен тығыз байланысты екені белгілі. 15 наурызда Минск қаласынан жер-жерге жіберген жолдауында Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов бастаған қазақ зиялылары, ұлт көсемдері «Жер мәселесін қозғап, тезірек қолға ала беріңдер! Біз қалайтын патшалық түрі — демократически республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі» деген болатын.

1917 жылдың 19 наурызында жарияланған Уақытша үкіметтің жер мәселесі жөніндегі үндеуінде: «ескі тәртіптің күйреуі және соғыс жағдайы аса маңызды экономикалық, шаруашылық мәселелерді шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Олардың ішінде алғашқы болып жер мәселесін шешу қазіргі бастан кешіп отырған тарихи кезеңнің әлеуметтік-экономикалық негізі болып табылады… Сондықтан жер мәселесін міндетті түрде алдағы Құрылтай жиналысына қойылатыны сөзсіз. Сонымен қатар жер мәселесі баса-көктеп тартып алу секілді жеке меншік құқына қол сұғу арқылы шешілмеуі тиіс. Жер жөніндегі заң дұрыс, әділ қабылдануы үшін нақты дайындық жұмыстары жүргізіліп, жер қорларының есебін ескеріп, жер игерудің жағдайы мен түрін айқындау керек» деді. Осы мақсатта профессор А. С. Постников бастаған Бас жер комитеті және жергілікті — облыстық, уездік, болыстық жер комитеттері құрыла бастады. Осы комитеттердің міндеттері туралы Әлихан Бөкейхан «Қазақ" газетінде: «жер жұмбағы Учредительное собрание шешуіне дәлел даярлайды. Сайланған жергілікті комитеттер жұрттың пікірі бұлай, жер жұмбағы бізге бұлай шешілсе қолайлы болады деп бас комитетке жеткізіп тұрмақ. Неше түрлі жерден неше түрлі пікірмен байыған жергілікті комитеттер жіберген дәлелдеуді сынға салып сұлулап бас комитет Учредительное собранияға тапсырмақ… Жергілікті комитеттер жер туралы күнде болатын ұрыс-талас, жанжалға бас алқа етіп жердің зор мәселесі Учредительное собраниеде шешілгенше екі жақты татуластыра тұрады» [2] деп нақтылады. Жер дауынан әбден төзімі таусылған халық ол шешімдерді күтпей бір жақты қимылдап, ұрыс-таласты көбейте ме деп қауіптенген Ә.Бөкейхан одан әрі: «жер, жер дегенде мұжық та, қазақ та ішкен асын жерге қояды. Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң. Учредительное собраниеге шейін жұрт шыдап татулық қылған ғұмыр жұртымыздың ілгері тілегіне жөн» деп ескертеді.

Бұл тегіннен-тегін айтылған ескерту емес еді. Патша құлағанын естіген халық патшамен бірге оның барлық жек көрінішті, отарлық саясаты, бірінші кезекте жерге байланысты мәселелер қайта қаралады деп сенді. Мысалы, 1917 жылдың наурыз айынан бастап Астрахань және Краснояр уездерінің қазақтары Ішкі Орда комиссарына жалдау, ақысын төмендету және жерді әділ бөлу туралы шағымдарын көптеп жібере бастады. Онда: «жерді 30–40, тіпті 100 жылға бірден жалға беру, 1908 жылғы жер жалдау, ақысына оралу және Құрылтай жиналысына дейін бұл мәселені көтермеу керек» деген талап қойылды. Одан әрі — «біздің өзіміз тұрған жерді құм тоқтату мақсатына деп үкімет алып қойды, ал біз жалдап отырған жер иелері жалдау, ақысын жыл сайын көтеруде, оған ілесе алар жайымыз жоқ, әбден шыдамымыз таусылды. Оның үстіне, жер иелері, бұл жерлерде тұра берсек Құрылтай жиналысы оны біздің мүддемізге шешеді деп қорқып, бізбен жер жалдау уақытын жалғастырғысы келмейді. Бізден тұрған жерімізден кетуімізді талап етуде. Сондықтан тұрған жерімізде төбе (бугор) комитеттерін құрғымыз келеді, одан Бөкей Ордасы өкілдері съезіне делегат жіберіп, төбе комитеттерін болыстық комитет ретінде мойындауды сұраймыз және ордалық учаскелік комитет мүшелері ретінде санауға рұқсат сұраймыз» [3] деп жазды.

Ұзақ мерзімге жалға берілген көршілес қалмақ жерлерінде, 12 участокте тұрып жатқан, Бөкей Ордасы Қалмақ қисымының № 3, 5, 8 болыс қазақтары, 1917 жылдың мамыр айына қарай, қиын жағдайға тап болды. 10 мамырда Қалмақ халқын басқару жөніндегі Орталық Комитет мәжілісі қаулы қабылдады, онда былай делінген: «1891, 1916 жылдардағы тексерулер бойынша қазақтардың қалмақ жерін, ақы-пұлсыз пайдалатыны анықталды, қазақтар ол жерлерді көршілес орыс селоларындағы мұжықтарға жалға береді екен. Сондықтан қазақтар жалдау, ақысын төлегені дұрыс. Егер қазақтар жалдау, ақысын төлеуден бас тартса, № 3, 4, 5 участок жерлерін жақын жерлердегі орыс селоларына береміз, ондай жағдайда қазақтар жерсіз қалады. Ең аз жалдау, ақысын 1 десятина жерге — 30–45 тиынға дейін белгіленеді, қазақтарға берілген ең соңғы келісім уақыт — 26 маусым. Әйтпеген жағдайда Енотаев уезі шаруалар қоғамы 240451 десятина жерге, 20 тиыннан — 48090 сом 20 тиын төлеуге қазір-ақ даяр» [4].

Бұл даудың шығу тегі XІX ғасырдың ІІ жартысынан басталады. Құм тоқтату, Нарын орман шаруашылығына Бөкей Ордасынан 913196 десятина жер бөлінгендіктен ол жерлердегі қазақтарға жұбаныш ретінде Қалмақ даласынан 1854 жылдан 12 участок жер (№ 1–7, 11–14, 19 участоктер) берілген болатын, жалдау, ақысы 1854 жылы — 5655 сом болса, үш жылдан кейін ол — 8745 сомға дейін шарықтады. Жалдау, ақысы мемлекеттік қазына есебінен төленетін. 1860 жылы 352738 десятина құраған бұл жерлер тұз өндіруге, қалмақтардың мал жайылымы өсуіне және орыс селоларына жер үлесі бөлініп берілуіне байланысты, 1888 жылы — 258570 десятинаға дейін азайды. Сөйтіп, қазақтардың жыл сайын өсе түскен мал басы жер тапшылығына байланысты біраз қиындыққа тап болды.

1917 жылдың басында бұл жерлерде 2148 шаруашылық, 10456 адам, 7328 бас түйе, 10704 бас жылқы, 13219 бас сиыр, 92849 бас ұсақ мал және 1587 үй, қора-қопсы, мешіт, медресе және тағы басқалары, барлығы 879863 сом 89 тиынның дүние-мүлкі болды. 10 маусымда, осы мәселе бойынша, Астрахань қаласында әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосқан мәжіліс өтті. Оған Бөкей Ордасын басқарған Орталық Комитет атынан — губерниялық жер комитетінің мүшесі Нұрмұхамед, Ақбаев қатысты. Алайда, бұл мәжіліс те, басқа мәжілістер-де жер дауын тиянақты шешпеді, оны Құрылтай жиналысының құзырына итере салды. Төбе комитеттері «Бірінші, Екінші округтар, Қамыс-Самар және Нарын қисымдары қазақтарының өтініші бойынша, Құрылтай жиналысына дейін жерге жалдау, ақысын көтеруге болмайды, сонымен қатар ол жерлерде мекендейтін қазақтарды да орнынан қууға болмайды, ондай жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін» [5] деп шешкен губерниялық Атқару Комитеті біржақты шешім қабылдаудан сақтанып, ақырын күтті.

Шыдамы таусылған, әрі халықтық үкімет деп аталған үкіметтің жайбырақаттығына ашынған шаруалар жер мәселесін шешуге өздері-ақ кірісіп кетті. Сәуір айында, Екінші Теңіз округының № 9 болысының қазақтары жайылым іздеп, малдарын қазына жеріне айдай бастады. Астрахань уезі Бараний Бугор поселкесі қазақтары жер тапшылығынан барлық қазына жерін және жеке меншік шабындық жерлерді беруді талап етті, әрі кедейлердің барлық жерлерді ешқандай, ақы-пұлсыз пайдалануға беру талаптарын белсенді түрде қолдады. Бірінші округтың Зормат, Байда селоларының қазақтары правитель Құрманбаевтың жеріне басып кірсе, ал Астрахань уезі Сұлтан ауылы мен Бирюковка поселкесінің қазақтары Астрахань казак әскерлерінің «Казачий бугор» станицасының атаманына тиесілі жерді тартып алды. Таловка қисымы № 2 болысының кедейлері ұйымдасып Қитар қажының Боқтыкөл, Жолайкөл деген жерлерін тартып алды және Молдағали молданың Үйректі деген жерін, Ерғали старшина мен Көбеев хазіретке тиесілі жерлерді тартып алуға әрекет жасады.

Мамыр айында қазақтар Жайық казак әскерлерінің шабындық жерлеріне басып кіре бастады, ол казактар күзетімен қақтығыстарға әкеліп соқтырды. Бұл басып кірулердің ел бойынша жиілеп кеткені сонша министр-төраға князь Львов Уақытша үкіметтің барлық комиссарларына жерді тартып алуға қарсы күрес шараларын жүргізу туралы арнай нұсқау берді. 11 сәуірде Уақытша үкімет «Егіндіктерді қорғау туралы» заң қабылдады. Бұл заң бойынша помещиктік иеліктер заңдастырылып, оған ешкімнің Құрылтай жиналысына дейін қол сұқпайтындығына кепілдік берілді. Сонымен бірге, жер дауларын шешіп отыру үшін татуластырушы комиссиялар құру туралы да қаулы қабылданды. Егіншілік министрі А.Шингарев казак атамандарына жолдаған жеделхатында: «Жер мәселесінен туындайтын бей-берекеттердің алдын алу үшін… казак тұрғындарына казак жері өз меншігі болып табылатынын, ал бұратаналар үшін біреудің меншігіне қол сұғу заңмен қатаң жазаланатынын тез арада насихаттауға кірісуіңізді ұсынамын» дейді.

Еркінсіген казактар Жайық бойындағы қазақтарға мал ұстауға тиым салып, малдарын 3 күн ішінде айдап әкетуін талап етті, өйтпеген жағдайда өзіміз айдап кетеміз деген зорлық әрекеттеріне көшті. Жайық казак әскерлерінің өкілі, кадет партиясының мүшесі, Орал облыстық комиссары Г. Визянов 15 сәуірдегі «Уральские областные ведомости» газетінде жарияланған «үндеуінде» ауыл тұрғындарының патша өкіметі кезінде ол тартып алған жерлерін өзіне қайтарып алмақ болған кез-келген әрекеті жергілікті өкімет тарапынан қарсылыққа кездеседі деп мәлімдеді. «Ал казактардың қолына көшкен жерлер, атап айтқанда, өзендер мен көлдер, орман-тоғайлар, тағы басқалары мәңгі-бақи солардың қолына қалатындығына Уақытша үкімет кепілдік береді» деді ол [6].

Ордада болған Бөкей Ордасы қазақтарының съезі шаруалар депутаттары съезі алдында мына мәселелерді қойды және ол шешілмеген жағдайда бұл жерлерді «күштеп тартып алу мүмкіндігін» ескертті:

1) Қазына, банк және жеке адамдар тарапынан жер жалдау, ақысын көтеруге тез арада тиым салу, жалдау, ақысының ең жоғарғы бағасын оның өзіндік құнына дейін төмендету;

2) Жерсіз қазақтар мекендеген жалдамалы қазына немесе жеке жерлер осы қазақтардың пайдасында қалсын, ал жер мәселесін шешкенде тең үлесте, яғни мал мен жер шаруашылығына деп, тегін берілсін;

3) Жер мәселесін шешу кезінде Бөкей Ордасының барлық территориясы әртүрлі қол сұғулардан күзетілсін және қорғалсын [3, С.87].

1917 жылдың жазында Қалмақ қисымы № 2 болысы Қаракөл аулының кедейлері бірігіп Шөкетаев пен Нұралыханов деген байлардың шабындық жерлеріне басып кірді, оларды Басқұншақ тұз өндірісіндегі осы ауылдың біраз жұмысшылары қолдады. 24 маусымда, 351 адам қатынасқан жиында байлардың артық шөбін кедейлерге бөліп беру және болашақта № 2 болыстың шабындық жерлері кедейлер мен байларға мал санына қарай емес, адам басына қарай тең бөлу туралы қаулы қабылданды. Сонымен бірге кедейлердің мүддесін қорғамайтын, Қалмақ қисымы атқару комитетінің төрағасын ауыстыру мәселесі-де қойылды. Жергілікті әкімшілік кедейлердің басшылары Боранбай Әлжановты, Татау, Ақбаулинді және Ығылман Қасымовты қамауға алды. Бұл мәселені шешу үшін Орда комиссарының көмекшісі Ишанғали Меңдіханов келді. Қаракөл ауылының Астрахань шаруалар депутаттары кеңесіне жіберген арыздары бойынша Астрахань кеңесінің мүшелері Чуканов пен Адаменко да келді. Тексеру барысында ауылда 188 жерсіз және 69 жері аз шаруа бар екендігі анықталды да Астрахань губерниялық жер комитетінің жер секциясының алқасы «Қаракөл шаруаларының ісі дұрыс, тартып алынған жер мен шабылған шөп шаруаларға қалдырылсын, қамалғандар босатылсын» деген қаулы қабылдады. Бұл Орданың өкілетті өкіметі — Орталық Атқару Комитетінің наразылығын тудырды. И.Меңдіханов комиссия өкілдерімен кездесу кезінде «қазір Орда өз алдына облыс болып бөлінді, сондықтан губерниялық жер комитетінің өкімі оған таралмайды. Жер комитетінің Ордадағы жер пайдалануға байланысты қаулысының күші жоқ, бұл мәселені тек Орда комиссары Құлманов мырза шеше алады» [7] деп мәлімдеді. 18 шілдеде губерниялық жер комитеті жер секциясының қаулысы Қалмақ қисымы жер комитетіне берілді, бірақ Ордадағы Орталық жер комитетіне сүйенген ол қаракөлдіктердің талаптарын орындаудан бас тартты. 24 шілдеде № 2 болыстан 334 адам қол қойған шабындық жерді 17 байдан алып беруді сұраған жаңа қаулы қабылданды, оған № 1 болыстан жері жоқ 43 қазақ тағы да қосылды. Жері жоқ кедей қазақтар № 2 болыстан — Қарынбаев пен Нұрашевты, № 1 болыстан — Е. Борашев пен Т. Имановты өздерінің өкілдері етіп сайлап, Орда мен Астраханға кезек-кезек жіберумен болды. Бұл мәселенің 24 қазан және 8 қарашада қайта қаралғанына қарамастан нәтижесіз аяқталды [8]. Бұған себеп, ұлттық автономия құру туралы Орда шешімін мойындамаған, бұрынғыша бәріне араласа беретін губерниялық жер комитетінің солақай саясаты болса, екінші жағынан, Орда жеріндегі жер мәселесінің «оқ-дәрі толған бөшке» екендігін, Құрылтай жиналысына дейін оны алдын-ала шешуге тырысу далаға өрт жібергенмен бірдей екендігін түсінген Ордадағы Орталық Атқару Комитетінің сақтық позициясы еді.

Губерниялық жер комитетінің жергілікті жағдаймен есептеспей, шын мәнінде, бұрынғы отарлық саясатты жүргізуге тырысуын мына фактілерден көре аламыз. 5 маусым күні Қалмақ қисымының № 7 болысына қарасты жерлерде жерсіз шаруаларға жер беру туралы жер секциясының қаулысы да «барлық жағдайды есептемеген, асығыс жасалған қадам» [9] деп бағаланды. 11 шілдеде Торғын қисымының Шунгай мекеніне келген, губерниялық жер комитеті бастаған 60 адам ең шұрайлы жерлерді бөліске сала бастайды. Келесі күні Орда комиссары Б.Құлманов, Орталық Атқару Комитеті мүшелері Г. Юсупов, Н.Сарбасов, Х.Мендалиев, жер комитеті мүшелері мұны талқылап заңсыз деп тапты.

Әсіресе Жәнібек поселкесіндегі оқиғалар бүкіл губернияға мәлім болып губерниялық өкімет билігі мен Ордадағы Орталық Атқару Комитетінің арасында үлкен дүрдараздық туғызды. Бәрі-де шабындық және жайылымдық жерлерге тартыстан басталды. Жәнібек поселкесіне жақын Торғын қисымының № 2, 4, 5 болысының қазақтары мен орыс шаруаларының арасындағы кикілжің үдей келе ашық қақтығыстарға ұласты. Шілде айының басында Жәнібек атқару комитетінің төрағасы И. П. Рогожкин және басқа да орыс мұжықтары Астрахань жұмысшы, солдат депутаттары кеңесінің әскери секциясынан қазақтарға қарсы әскери күш сұрайды. 5-тамызда Астраханнан подпоручик Г. Г. Попков және Астрахань кеңесі атқару комитетінің мүшелері бастаған 50 солдат командасы келді. Команда солдаттарына кеңес төрағасы Барадзе Жәнібекте қазақтар 30 орыс отбасын бауыздап кетті деп хабарлайды [5, 17-іс, 128-п]. 6 тамызда бұл кішігірім жазалаушы отрядқа поселкенің милиция бастығы М. В. Шмаков бастаған 10–15 орыс мұжықтары қосылып, жақын жердегі қазақ ауылына бет түзейді. Олар сол ауылдың қазақтарын соққыға жығады, үйлерін тонайды. 7 тамызда № 5 болысқа қарасты ауылдарда, 9 тамызда № 2 болысқа қарасты Жұмай мекенінде, 11 тамызда № 4 болысқа қарасты ауылдарда, 12 тамызда Шунгайда бұл оқиға қайталанады. Бұл істі тексерген прокурор көмекшісі В.Беляевтың талап етуі бойынша солдаттардың біразы қайта кеткенімен-де, поселкеде «егіндік күзетуге» қалған солдаттар бүліншіліктерін жалғастыра берді.

Сол кездегі шыққан демократиялық Астрахань газеттері бұл сойқандарды айыптап, қазақтарды «орда», «Ресей курдтары» деп кемсіту Уақытша үкімет жариялаған дініне, наным-сеніміне, ұлтына қарамай Ресей азаматтарының құқықтарын теңестіру саясатына қайшы келеді деп көрсетті. Жер мәселесін шешу жолындағы Уақытша үкіметтің жергілікті билік құрылымдарының шектеулі әрекеттері (Құрылтай жиналысы үшін жер реформасына байланысты: егіндік жердің көлемі, сапасы, топырақ құрамы, сумен қамтамасыз ету туралы мәліметтер жинау мақсатында елге 27 землемер шығару және 20000, ақша бөлу) және жоғарыда айтылғандай бір жақты солақай әрекеттері жер мәселесін шешу орнына одан әрі қиындатып жіберді, әбден ашынған халықты большевиктердің популистік уәделерінің артынан еруге итермеледі.

Ұлттық бостандық үшін күрес қарқынының өсуі қазақ зиялылары алдында көптеген мәселелерді, соның ішінде, ең алдымен, жер туралы мәселені ашық, анық, ұлттық мүдде тұрғысынан дербес көтеруді талап етті, бұдан былайғы оқиғалар, ағымы ресейлік саяси ұйымның жетегінде жүруді көтермеді. Жерге байланысты қазақ зиялыларының бағдарламасын Әлихан Бөкейхан мейлінше дәл және толығырақ мәлімдеді, оның негізгі талаптары мыналар:

1. Бас переселен мекемесінің есебі бойынша, қазақ жері 240 миллион десятина. Егер бұл рас болса әрбір қазаққа 44 десятинадан келмек. Бір үйде орта есеппен 5 адам болса, үй басына 220 десятинадан тимек.
2. …Енді мұнан былай өзіміз жер еншімізді алып орныққанша жерімізге қоныс аударушылар көшіп келуін тоқтатсын.
3. Құрылтай жиналысы жер мәселесіне байланысты заң қабылдаған соң, қазақ өз жерінде алдымен енші алатын болсын. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбағасы шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болсын. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайтын болсын.
4. Қазаққа жер сыбағасы өздерінің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға деп бөлінсін. Жерді бірігіп алған ру, ауыл, болыс өз ішінде өздері тәртіп орнатып, әділдікпен пайдалансын.
5. Қазақтарға жер сыбағасын тұрған жерінен, ата-мекенінен берілсін… «Жерді жолмен, законмен аламыз. Қазақ… сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына аталып», земство билігіне өтсін.

Уақытша үкімет комиссары Ә. Бөкейханның, қазақ демократиялық интеллигенциясының азапты ізденістен кейін 1917 жылдың соңына қарай жер туралы жасаған негізгі тұжырымдары, міне, осылар болатын [10, 261–262 б].

Сөйтіп, 1917 жылдың Қазан революциясы қарсаңында жер мәселесінің шиеленісе түсуі болашақ болар саяси күрестер мен ондағы күштердің орналасуын, ара салмағын айқындай түсті.

Пайдаланған деректер тізімі:

1. Қойгелдиев М. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы және Мұстафа Шоқайұлы //Ақиқат, 1993. — № 3. — 73 б.
2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 237-238-б.
3. Борьба за власть Советов в Астраханском крае (1917—1920 гг.). Документы и материалы. — Часть 1. Установление Советской власти и начало гражданской войны в Астраханском крае (март, 1917 — ноябрь, 1918 гг.). — Астрахань: Изд. газеты «Волга», 1958. — С.68–69
4. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, 78-қ., 2-т., 4568-іс, 10-п.
5. РФ Астрахань облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ АОММ), 1093-қ., 1-т., 46-іс, 116-п.
6. Нұрпейісов К., Құлкенов М., Хабижанов Б., Мектепов А. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы. — Алматы: Санат, 1996. — 67-б
7. Сүйінов С. Қайраткер Құлманов (Алаш көсемдерінің бірі Бақтыгерей Құлманов туралы тарихи әңгіме). — Алматы: Ғылым, 1997. — 77 б.
8. ҚР Президентінің мұрағаты (ҚР ПА), 811-қ., 7-т., 16-іс, 134, 82-пп.
9. РФ АОММ, 37-қ., 1-т., 238-іс, 2-п.
10. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы (Көмекші оқу құралы). — Алматы: Санат, 1995. — 261-262-б.

Қуаныш С.О. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?