Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қимақ қағанатының саяси құрылысы

6395
Қимақ қағанатының саяси құрылысы - e-history.kz
Қимақ билеушісі едәуір күшке ие болды.

Қимақ қоғамының тайпадан мемлекеттік құрылымға дейінгі әлеуметтік және саяси даму дәрежесіне қарай оның басшыларының атақтары да билік сатысының бойымен төменгі басқыштан (шад-түтік) жоғары басқышқа (қаған) қарай біртіндеп көтерілгенін байқаймыз. Салыстырмалы түрде алғанда көне түріктердің ақсүйектеріне мынадай: шад, ябғу (ұлы шад), кіші қаған, ұлы қаған атақтары тән болған. Қаған өз мемлекетінің аумағы шегінде тайпа, ақсүйектерінің өкілдері арасынан таңдай отырып, билеушілерді (үлес иелерін) тағайындай алатын.

Билікті мұрагерлік жолмен беру институты қаған отбасы мен хан әулетінің ішінде ғана емес, тайпа, ақсүйектерінде-де байқалды. Мәселен, қимақ қағанының 11 басқарушысының үлестері осы басқарушылардың балаларына мұрагерлік жолымен беріліп отырды.
Қимақ тайпаларының конфедерациясы қандық-туыстық байланыстарға негізделген құрылым болған жоқ. Ол аумақтық-әкімшілік қатынас қағидаттарына негізделді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қимақтар бірлестігі рулық-тайпалық құрылымдардан жоғары тұрды, ал ондағы тайпалар өзара иерархиялық және вассалдық қатынастармен байланысты болып, ол қоғамның қағидаларымен қатаң регламенттелді.

Қимақ қоғамындағы патриархалды-феодалдық қатынастар ірі тайпалардың құрылуына негіз болды, ол өз кезегінде үлестік-тайпалық жүйенің пайда болуына алып келді. Ірі тайпалардың басшылары (олар бір мезгілде басқарушы және әскери көсем болып табылды) қағаннан қызметі үшін үлестер алып, өздерінің жеке көшпелі шаруашылықтарын нығайтуға және өздерінің саяси салмағын күшейтуге ұмтылды. Үлестік иеліктер қағанға белгілі бір көлемде әскер беріп тұрды.

Кейбір басқарушылар қағанға жартылай тәуелді хандарға айналып, қолайлы сәт туғанда мемлекеттегі жоғарғы билікті тартып алуға ұмтылды. Бірақ оның өзі оңай болған жоқ: қаған өз мемлекетінің ішінде-де, сыртқы саясатта да билікті қолда ұстау саясатын мұқият ойластырды. Оңтүстікке жасалған табысты жорықтар да осыған байланысты, онда қимақтар тоғыз-оғыздардың жерлерін (қазіргі Алакөл, бұрынғы Гаган көлінің оңтүстік-шығыс жағасында орналасқан Карантия қаласын) басып алып, Шығыс Түркістандағы Джамкелес қаласына және енисей қырғыздарының аумағына шабуыл жасады.

Қабырғалармен қоршалған қалалар басқарушылардың резиденциясы ретінде қызмет етті. Осындай қамал-қорғандар негізінен биік жерлерде орналасып, оларда билеушілер көп әскер ұстады. Адамның жетуі қиын, мұқият күзетілетін таулы облыстарда байлық пен қоймалар сақталды.
Қағанның ордасы берік қабырғамен қоршалған, темір қақпасы бар Имекия қаласында орналасты. Қалада әскер мен қазына болды. Қағанның билігі мен мемлекеттік билік арасында айырмашылық болған жоқ. ХІ ғасырдағы парсы зерттеушісі Гардизидің пікірі бойынша, қарапайым халық «өз билеушілері үшін мал бақты», «олар (қимақтар) қысқа арнап әрқайсысы өз шамасына қарай сүрленген қой, жылқы немесе сиыр етін дайындады» .


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?