Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көл-Шұбар

2106
Көл-Шұбар - e-history.kz
Өтүкеннің ойында, Орхон суының бойында, киелі Қарабалықтағы қаған ордасында үлкен түсел.

Жеті жүз он алтыншы ұлу жылы. Ақпан айы.

Өтүкеннің ойында, Орхон суының бойында, киелі Қарабалықтағы қаған ордасында үлкен түсел. Түселде Білге қаған, оған қатарлас бас сардар Күлтегін, Тоныкөк бойла баға-тархан, орда бұйрығы Сабұқ Көл-еркін, тамғашы Тамған тархан, үлкен дегдар Ашиде Елтабір, Баға Тәңіркен шад, Меңүтай-шора бастаған бір топ бектер мен шадтар, еркіндер, ұласқан бұйрықтар отыр. Олар бәрі бірігіп батыстан бас көтерген Түркеш қағаны Сүліктің жәйін сөз етуде.

Сүлік Түркешке қаған болды. Бізге бағынбай, Табғаш қағанға елші салып, «оң қол қаһарлы тосқауыл тайсанғұн, Түркеш тұтығы» деген мәнсап алыпты. Табғаш қаған оған нөкер сардар Ван Хуэйді мойшақпен жіберіп, тағы да оқалы тон, зер белбеу, жеті салпыншақты күміс кісе тарту етіпті. Соған қарағанда араларынан қыл өтпестей болған секілді, — деді Баға Тәңіркен бар жәйді қысқа қайырып.

Өжелі мен ұлдарынан енді құтылдың па дегенде бұл қайдан шыққан Сүлік тағы? — деді Білге қаған алтындалған аса таяғын қымтай ұстап.

Бұл түркештің қара әулетінен. Ал Өжелі сарының тұқымы. Түркештер Істеми қағанның кезінен қара, сары болып бөлінген. Сүлік солардың бәрінің басын бір жерге қосқан сыңайлы, — деді Күлтегін.

Ендеше, бұған сәл қарауға болмайды. Оның үстіне, Табғаш қаған араласуын қоймаса, алда талай қанкешу тұрғаны анық, — деді қаған.

Қаған ием, осының бәрі Қапаған қағанның қазасына тура келіп тұр. Табғаштар орайлы сәтті пайдаланып біздің ту сыртымыздан қол салмақ көрінеді.

Қарай көр!

Біз қаған өлді деп қара жамылып жатқанда Табғаш қағанның жансыздары айналамызды ұры иттей тіміскілеп шыққан көрінеді. Мен білсем, батыста Түркеш, арада Қарлық, одан бері Басмыл, іргедегі Аздар, Енесайда қырғыздар, теріскейде Тоғыз-оғыз бен Жер-байырқу, шығыста Қай, Қытан — бәрі солардың тіліне еріп отырған сыңайлы...

Орда талқысы осылай әрбіп, бірталайға жалғасты. Отырған игі- жақсылар, қолбасылар сөз соңында жан-жаққа көріпкел-жансыздар жіберейік десті.

Жансыздар жіті қамданып аттанып кетті. Баға Тәңіркен шад та Алтай тауын асып, өртеңдерден ат ауыстырып мініп, күні-түні жортып Жетібашқа жетті. Ол жерде Түркештер мен он оқтар күнде соғысып береке-бітім болмай тұр екен. Білге қаған жіберген Артқы Тардұш бегі Күллі-чор сонда еді. Баға Тәңіркен шад пен Күллі-чор ақылдасып:

Біз бар күшімізді салып Сұябты, Таразды, Шашты қорғайық. Інжу дарияға дейінгі жерге жаттық табанын тигізбейік. Он иеліктегі он оқ бұдұнды уысымыздан шығармайық, сөйтсек, Күлтегін мен Білге қаған Түліс Түрікті шайқалтпай, Табғаш қағанның бетіне тосқауыл болып тұра алады — десті.

Жағдай шынымен қиын еді. Түркі халқы мен оның жеріне жан-жақтан қауіп төнді. Бір кезде көріпкел-хабаршылары Бөклі шөлінен, Қара Нарынның қабағынан, Жетібаш пен Арқастан, Алтайдың күн бетінен, Саян қабырғасынан, Жер-Байырқудан, Қай мен Қытаннан ат сабылтып келіп жатты. Бәрінің айтары біреу: Табғаш қаған шығыста Қай мен Қытанға, батыста Түркеш қағанына, Теріскейде Қырғыз бен Азға, Жер-Байырқуға кісі салып, олар да Табғаш қағанға адам жіберіп, бәрі бірігіп, жан-жақтан ұтылап Түркі қағанатын Өтүкен тауында, Орхон суының бойында ордасымен қоса жойып жіберейік депті.

Бір күні Қырғыз Күшлік қаған жақтан да хабаршы келді. Қырғыз Күшлік қаған, Түркеш Сүлік қаған, Табғаш Суанзоң патша үшеуі үш жақтан Түрік қағанына қарсы аттанбақ болғаны рас екен. Қар көбесі сөгіле, ерте көктемде үшеуі үш жақтан келіп басайық, бізге Тоғыз-оғыз, Байырқу, Қай, Қытан түгел қосылады депті. Тоғыз-оғыздар да табғаштарға Кұғсанғұн, қытандарға Тоңра-сем деген елшілерін жібергені мәлім болды.

Енді қарап отыруға болмайды. Оларды қыстың көзі қырауда, қатты аяз, қасат қардың кезінде жеке-жеке басайық. Әйтпесе, көктемге қалсақ олар біздің өзімізді құртады, — деді Күлтегін.

Ендеше, алдымен кімге тиісеміз?- деді қаған,- Қырғызға ма? Түркештерге ме?

Түркештер мойны алыста жатыр. Олар Тибет пен Табғаштан көмек күтуде. Қазір қозғала қоймас. Оған дейін желке тұстағы Қырғызға тиіп, сосын түркештерді соққылайық. Тоңа-тегін мен Күллі-чор қолын бастап Сұябқа кетсе, бұлар бері шығуы мүмкін, — деді Тоныкөк.

Бәрекелді!

Оның бұл ойы Күлтегінге қабағат ұнады.

Ендеше, қардың қалыңына, күннің суығына қарамай Қырғызға тартайық!

Ол қолға Білге Тоныкөк, Күлтегін екеуің бас болыңдар! — деді каған.

Мезгіл қыс ортасы еді. Ұлы таулар мен жазықтар қар астында терең ұйқыда жатқан-ды. Олар аттарына майлы тобылғыны ауыздықша талматып, күн қағар жер көрсе тебін ашып беріп, өздері малта мен тоң етті азық етіп, күндіз-түні жортып, омыраудан қар бұзып, Көгмен жынысын айналып, Ақтермен асуынан асып түсті. Одан ары он күн жүргенде қызыл тулы ебтер көзге шалынды. Орманы көп, таулары асқақ, жартастары биік, жері қыс болса да жылы, ағын сулары қатпайтын ғажайып мекен екен. Бұл жердің жылқылары қия бетте жабысып тұрып, аяқтары мен қарды тарпып, тебіндеп шығады екен.

Қырғыз Күшлік қаған Табғаш қағанға елші жіберіп қойып келер көктемді күтіп, қамсыз жатса керек. Күлтегіннің төрт түмен қолы қыс ішінде сау ете түскенде өзін қоярға жер таппай қалды.

Қырғыздар өліспей беріспейтін халық еді. Жасанған жауды көргенде бәрі екіленбей атқа мінді. Қару- жарағын алып, шарайна-сауыттарын киіп, жұлдыздай ағып жан-жақтан жиналды.

Күлтегін оң мен солындағы батырларына:

Қырғыз әз бауырымыз еді. Бірақ бөлектенгенін қоймады. Оның үстіне, Табғаш қағанға сатылып, бізге қастандық сайлады. Енді аяйтын ештемесі қалмады. Қағанын, ағамандарын, батырларын түгел қидалап, елін тәубаға келтіріңдер! — деді.

Жан -жақтан, төбе-төбеден төңкеріліп, сай-саладан құйылған қалың қол садақтарыи ысқырта тартып, қылыштарын қиялай сермеп, топшысымен жер соққан қырандай шүйіліп келе жатты.

Қырғыздың берен киген бектері мен ел қорғаған батыр-бағландары, қағанның бұйрықтары мен еркіндері қаптаған жауға бет келмей, шетінен есіліп түсіп жатты. Қырғыз Күшлік қаған өзі де ат түстінде айқасып жүріп аламанда мерт болды. Күлтегін қаралы жұртты бір жерге жиып:

Қырғыз жұрты, сендермен еншіміз бөлінбеген ел едік. Анамыз қарт Алтайдың бір емшегі Ертіс болса, бір емшегі Енесай еді. Сол екі емшекті тел емген жұртым, бүгін обал-сауаптарың болса, оны мына қағандарыннан, оған ерген ағамандарыңнан көріңдер. Табғаш қаған сендердің қай екі туып, бір қалғандарың еді? Талайдан бері Қырғыз қырғыз болып тұрса, ол Ашын әулетінің ел шетінде, жау өтінде жүргенінің арқасы. Әйтпесе, үл мен қызың баяғыда-ақ Табғашқа құл болар еді. Біз қасиетті Түркі төрін, елі мен жерін Табғаш қағаннын сұғынан сақтаймыз деп не көрмедік. Жүз алпыс жылдан асты, Ашын әулеті Табғашпен белдескелі. Талай есіл ерлердің майданда қаны судай ағып, ішегі сүйретіліп, сүйегі қурап қалды. Хуанхэдан Беклі шеліне, Бөклі шелінен Ерен-қабырғаға, Тәңір тауына дейін біз қанымызбен, терімізбен суармаған жер бар ма? Жоқ. Сендер соны бірде болмаса бірде білсеңдер игі еді. Бірақ білмедіңдер. Сендердің қолдарыңнан жау жағадан алғанда аяқтан шалу ғана келді. Бұл ағайынның ісі емес. Бұл жолы Қырғыз, Түркеш, Табғаш болып бізді қапыда баспақ едіңдер. Бірақ Тәңірім бізді қолдады. Көк Тәңірі, қолдағандыктан, Көгмен асуы жол бергендіктен біз жеңіске жеттік. Бұл соңғы сөзім. Ендігіде Қырғыз халқы ата-баба жолынан, сертінен таймаңдар. Ағайынға адал, ісіне дайын болыңдар. Егер тағы Табғаш қағанға кісі салсаңдар, қастамдық ойласаңдар, онда бұдан бетер сорлайсыңдар.

Солай деп елді тәубасына келтіріп, Алып шалысты Ақ атына мінген Күлтегін қырғыздардың өздерінен қаған, білге, бұйрық, еркіндерін сайлап беріп, енді бүлік бастамасқа ауыздарынан ант, қолдарынан кепілге бала алып, тәубаға келтіріп, күннің сәтіне қалың қолын бастап, Енесай суын өрлей жол тартты. Қол біткеннің көңілі көтеріңкі еді. Бөктеріншектері қымбат аң терілеріне, асыл тастарға толы еді. Көгмен ормандарын аралатып, Ақтермел асуында қасаттардан қарғыта, шұрқырата айдаған қалың жылқыда есеп жоқ болатын.

Көгілдір Көгмен жынысы артта қалып, Ақтермел асқан соң, қалың қол бір тынығып алып, үдіре тартып келіп, Қаракөл маңындағы аздардың үстін жауып қалды. Аздар Қырғыз бен Табғашқа күнде аунап жүрген тентек- тебіздерін ездері ұстап беріп пәледен аман қалды. Аз десе аз халық еді. Олар Күлтегіннің бір тарпығанынан қалмай жоқ болып кетеміз бе деп қорықты. Күлтегіндер онда мал сойдырып, қазанға ет асып, Көгмен тауынан әкелген сарымсақтары мен қоса тұздықтан жеп, ыстық сорпа ішіп жырғап қалды. Аттарын тебіндетіп, енді Өтікенге үдіре тартып кетеміз бе деп тұрғанда Орхоннан хабаршы келді. Сөзі мынау:

Түркештер табғаштармен бірігіп Арқас айналып, Үш қарлықты түгел ертіп, Жәйір тауға жетіпті. Олар он түмен қолмен келе жатыпты. Табғаштар болса Хуанхэнің қырынан қол көтеріпті. Шығыста Байырқу, Қай, Қытан, солтүстікте Тоғыз-оғыз. Олар да қаруын қайрап, ат-көлігін сайлап отырған көрінеді.

Қаған сізге Білге Тоныкөкті қасына алып түркештердің алдынан шықсын, оларды Алтай таудан асырмай қарсы шапсын деп сәлем айтты, — деді ха¬баршы.

Бізге көмекке қол жібермеді ме? — деп сұрады Күлтегін.

Қаған Қытанға қырық мың, Тоғыз-оғыз бен Байырқуға тоқсан мың, Табғаш тарапқа жүз мың, ордаға отыз мың қол керек. Өздері бір амалын тапсын деді, — деп хабаршы келте қайырды.

Төрт түменмен Түркештің он түмен қолына қалай төтеп береміз? — деп жігіттер абыржып қалды. Айтарға болмаса Күлтегін де қатты састы. Не істеу керек?

— Алтай тауында өмірі қар-мұз жастанып, биік таудың үңгірін мекен еткен балгер Бурыл-сақа деген бар еді. Соған жетіп сәуесін тыңдайық, — деді бір қария.

— А, Тәңір ием, өзің медет бере көр!-деп қосын ат басын Алтайға бұрды. Күн-түн қатып жүріп, таудың қар, мұз құрсанған жолсыз жерінен асты. Аттарының аяғын буып биік беттен қасат қардың үстімен етекке қарай ағызды. Өздері де ақты. Етек¬ке түсіп жөңкіп аққан өзенді бойлай жүріп, құзар шыңдардың арасынан жол салып, бір кезде балгер Бурыл-сақаның үңгіріне жетті. Ол арсаланған аң еттерін, кептірілген қурайдың гүлін, рауағаштың сабағын жеп, қымыздық татып, балқарағай жаңғағын шағып, қар суынан нәр алады екен. Оның үңгірінің аузында бөрілер асыр са¬лып, қасында қысқы ұйқыға кеткен Алтайдың қоңыр аюы табанын жалап жатады екен.

Дәу самырсындар мен қия жартастар көмкерген үңгірдің кірер дәлізі күнгейдегі үлкен жазықай қолатқа қараған еді. Аузын биіктен салбыраған жап-жасыл қой арша, босағасын қаулап өскен ұшқат пен тасжарған, қызыл шашақты ырғай жауып тұрған- ды. Соның бәрі тылсымын ішіне бүгіп, жақын барған адамға елсіз иеннің өз үнімен сыбырлап тіл қатқандай еді. Бөрілер ізі асыр салған алаңқайда көптен бері мұнда — адам пендесі келмегені көрініп тұр.

Қарт Алтайдың биік шыңдары мен ну орманы желмен шулығып, өзен суы сарқырап, күркіреп ағады. Үңгірдің аузына дабырлап адамдар келгенде Бурыл-сақа оянып кетті. Үстіне кигені үлкен тон, аяғындағысы аюдың бітеу сойған табаны еді. Шаш-сақалы аппақ, денесін қап-қара күс, мүңсіген түк басқан еді.

Сұсты, қызыл көздерін бұларға жағалата жүгірткен ол менде бұйымтайларың болса өздерің айтыңдар, әйтпесе әурелемеңдер дегендей ештеңеден алаңсыз, алқам-салқам қарайды.

Бурыл, сен айтшы, біздің жолымыз бола ма,- жоқ па? — деді Күлтегін.

Бурыл оған үнсіз ұзақ қарап тұрып басын шайқады.

Онысы «жолдарың болмайды» дегені еді. Күлтегін түсінді. Түсінсе де себебін сұрағысы келді:

Неге болмайды?

Олар тым кеп, ал сендер азсыңдар! — деді көзбен көріп тұрғандай.

Рас айтады! — деді Күлтегін Алып шалысты Аң атын сипай қамшылап оған жақындай түсіп, —Ендеше не істейміз?

Сендер қан шашып келе жатыр екенсіңдер. Тәңірге тоба қылып енді өздерің бірдеңе істеңдер!

Ол не дегенің?

Араларыңнан біреуді құрбанға шалыңдар. Онсыз жолдарың ашыл- майды.

Күлтегін жанындағыларға, жанындағылар оған қарады. Бурыл-сақаның айтқаны айтқан. Ол ешкімге күлбеттенбейді. Турасын айтады. Оған еш нәрсенің керегі де жоқ-ты. Болған-біткен қалпы да сол. Алтай тауындай асқақ, иен-тегін, сұсты һәм суық жан.

Бар нәрсені тек оның көзінен ғана оқуға болатын.

Шалмасақ болмайтын түрі бар. Адам шалайық! — деді Күлтегін.

Ол қосынды үңгірдің алдындағы үлкен қолатқа жинап, бүтін қолға осы жайды жария етті.

Бастабында ешкім кеуде керіп ортаға шыға қоймады. Бір кезде кеудесі аяң қаптай ұзын бойлы, ерні қайынның безіндей, саусақтары балтаның са- бындай апайтөс жігіт алшаңдай басып топ алдына шықты. Оның аты Көл-Шұбар еді. Ол жеңілтектеніп, бұлшық еттерін ойнатып, жан-жағына қырандай көз салып, кеудесін қағып тұрып:

Оу, халайық, менің не қатыным, не балам, не басымда панам жоқ.

Артымда алаңдайтын әке-шеше; де жоқ. Өзім елуді еңсердім. Осы жасқа келгенше құрамаған басымды енді қашан құраймын? Тумаған балаларымды қашан тұлымынан иіскеймін? Енді әйтеуір шығатын жан шіритін тән ғой деп мен өзімді осы шайқастың жолына құрбанға шаламын. Оу, арда Алтай, ордалы Орхон, Түріктің киелі елі-жұрты, аман бол! Менің теккен қанымның беделіне сендердің жортқанда жолдарың болсын. Қандарың аз төгілсін. Аман-есен отбастарыңа оралып, қатын-балаларыңды құшыңдар! — деді.

Елдің бәрінің көңілдері толқып, көз жастары жаңбырдай жауып кетті. Қылышшы үлкен ақ алмасын иығына салып оған қарай аяңдады. Көл-Шұбар: Тек қана бір өтінішім бар. Байырқудың Едігесі секілді бір тартқаннан қалдырма. Жанымды қинама! — деді. Сөйтті де қылышты қолына алып жуан басбармағымен оның жүзін қауып көрді. Басын изеп, енді міндетіңді атқара бер дегендей, екі қолымен жер тіреп, екпеттей отырды. Жұрт беттей алмай төмен қарады.

Басын қызыл матамен буып, беті-аузын тұмшалаған қылышшы бір айланып сілтегенде қолы батпай, екінші айналғанда бар пәрменімен шауып түсірді. Оның ұлы денесінен аткақтаған қан үйірілеген шалма арқандай шұбатылып алысқа атылды. Айнала, ақ қардың беті қызыл жауқын қан болды. Міне, бұл ұлы шайқас алдындағы нағыз құрбандык еді. Бағзы заманнан, сонау ербегей сақ, ебелең ғұн дәуірінен бермен батырлар ел басына күн туған сәтте өзін құрбанға шалып Көк тәңірінің разылығын алатын еді. Оның жанында майданда бес қаруын емін-еркін сілтеп, салғыласып, салысып, белдесіп өлген деген не тәйірі?

Құрбандық аяқталды. Көл-шұбар өлген жерге, оның сүйегінің үстіне бір сарбаз бірден тас әкеліп тастады. Олар Алтайдың құз басынан құлаған көк жаққа тастары еді, етекке түсіп қорым болып жатқан. Сол тастан бір жігіт бірден қалағанда, ол жер үлкен кесенеге айналды. Аю тимесін деп оның етегін үлкен ақ тастармен бастырды.

Нағыз ер! Енді оның рухымен өмір сүрейік, — деп Күлтегін ең соңғы тасты өз қолымен қалап, Көл-Шұбар мінген аттың басын төбесіне қойып, етін сонда қалдырды. Қарт Алтайдың жыныс ормандарын еркін кезген аюлар, бөрілер, ақ иық қырандар Көл-Шұбардың тас қорымының түбіне келіп ол еттен жеп, тұлпарының басын мүжіді.

Күлтегін қалың қолын бастап Алтайдың күнгейіне түсті. Сол кезде күні бұрын кеткен хабаршылардан да тіл келді.

Түркештің он түмен қолы Сауыр таудан еңкейді. Ендеше олармен Жарыс жазығында кездесетін шығармыз! — деді Күлтегін.

Олар ай жарығында Ертіс бойын құлдай суыт жүріп, таң ата Жарыс жазығында түркештердің жүз мың қолымен бетпе-бет келді. Олар сонда жиналған екен. Оң мен солға шөп жайып, қанатын көріп келе жатыпты. Бейнесі қоршап алып жойып жібермек көрінеді.

Түрік қолы аз демесең, шетінен қан көрген, кеуделерін намыс оты кеулеген шерлер еді. Көл-Шұбардың осы соғыстың жолына өз жанын қиғанын көрген олар ел үшін, жер үшін өлуге пейіл болатын. Сол көзсіз батырлығы, бойларын кернеген күш-қуаты жаудың
зәре-құтын қашырды. Күлтегін оларды төрт бағытқа бөліп, ең әуелі жаудың екі қанатын қырықты. Түркештер қанша дегенмен жылы жақтан келгендіктен, аттары болдырып, сарбаздарының арып-ашқаны байқалып тұрды. Ал Күлтегіннің қолы болса Қырғыздан айдап қайтқан қалың жылқыны күнде сойып жеп, шеттерінен қанды ауыз бөрідей
аласұрып келе жатқан-ды. Айқасқа кірген сәттен-ақ олар өздерінің аз екенін ұмытты. Тәңірі, Ұмай, киелі Жер-су оларға бұрылып тұрғандықтан олардың сайысы да, шабысы да сойқан болды.

Бір кезде Сүлік қаған әскерін тағыда кең жайып екі қанаттан қоршай ұмтылды. Олар хисапсыз көп еді. Бірақ Күлтегіннің жеңіске деген сенімі мұқалмады. Ол қалған қолын үшке бөліп, екі легін екі қанатына салып, өзі бір түмен қолмен түркештердің маңдай қолына қарсы шапты. Екі жақ тағы да тұра тап беріп, жан алып, жан беріскен қанды қасап ұзаққа созылды. Бір сәтте Күлтегін серіктерімен жау шебін аямай талқандап, бұзып-жарып бір тебешікке шықты.

Кенет ол түркештердің ту сыртынан, батыс қырдан көтерілген қалың қолды байқады. Бұл түркештердің ізін қуалай суыт келе жатқан тардуш шады Баға Тәңіркен бастаған елу мың қол еді. Ол қолды көргенде түркештердің есі
шығып, бір шеті сөгіліп қаша бастады. Түрікті Тәңірі қолдады. Күлтегін Баға
Тәңіркен шадпен бірігіп Сүлікті көк сүңгінің астына отырғызды. Ябғұсын, шадын сонда өлтірді. Елдік тағын тұтты. Бұл жолы да Күлтегін жеңіске
жетті.

Киелі Алтай тауы, Көк Тәңірі, Түркінің қасиетті Жер-суы қолдады. Көл-Шұбар секілді батырлардың аруағы дем берді. Құрбандығы қабыл болды. Бұл үлкен жеңіс еді. Осы жеңістен кейін Түркі қағанатының аруағы асты, мысы кімді болса да басты. Жортқанда жолы болды. Сүлік тәубаға
келді. Күлтегін Білге қағаннан сұрап оның жанын аман алып қалды. Оны тірі қоя тұру— дүрлігіп, бет-бетіне кеткен түркештерді жиып ұстау үшін керек болды.

Бұдан соң, Түркеш қағанына қарасты Он иеліктің біраз
бектері, халқы өздігінен келіп жүгінді. Күлтегінге жүгініп, билігін
түсіп берген бектер мен халықты бір жерге жиыстырып жатқанда,
түркештердің бойсынғысы келмеген біраз ағамандары, жасақ ба сылары Күллі-чордан басын сауғалап батысқа қашты. Күлтегін
оларды жасырған, айтпағандарды аямай шапты. Күллі-чормен
бірігіп оларды қуып, Шу, Талас өлкесімен Інжу өзенін
кеше, Тінсі әулетінің жатағы Беңлік-Ек тауынан асырып Темір қақпаға дейін қуды. Сол жерден қуып жетіп қайтарып, ағамандарын айдарынан алып бауыздап, артынан ергендерін тәубаға келтірді. Оларга көлік берген тохар, тәжік халкын, Дулығалы бастаған соғдақ халқын жүгіндірді. Олардың ағамандарының бір-бір баласын кепілге алып, небір он саусағынан өнер
тамған ұсталарды, шеберлерді құл есебінде жиып-теріп айдап, алтын-күміс, қазыпасын мол алып, керуендерге артып елге қайтты.

Жолай Тінсі ұлысы жатақтары Беңлік-ек тауында Білге Тоныкөкті күтіп алып, оған сары алтын, ақ күміс, қыз-қырқын, иір-түйе, ақық қазына, жібек жүйріктерін сыйға тартты.

Тоныкөк, Күлтегін екеуі өмірі аяқ баспаған жерлерді көрді. Тәжік жұрты оларға Бадақшанның арғы бетінен әкелінген зұбаржаттар мен алты қырлы алмастарды сыйға тартты. Інжу өзені мен Ыстық көлдің көк бұйра толқындары, Тәңір-Ақпан, Талас Алатауларының күмістей ақбас шыңдары мен етегіндегі жасыл жазиралары оларға шабыт берді.

Дала төсін күн сүйіп, жыл құстары зеңгір көкте тізіліп, салқын терістікке Кең-керіс пен кербез Көкшенің орманды тұңғиықтарына тыраулай қанат қаққан көктем айында, жер-дүние жіпсініп, жер аяғы құрттағам бір сәттерде Күлтегін, Білге Тоныкөк, Күллі-чор үшеуі арттарынан сан аламан қол ертіп киелі Кең-көл, Чоң Таластың бойына, кезінде Істеми қаған орда тігіп отырған Құлан мен Меркеге келді.

Ол жұртта мың жылға арнап жазылған мәңгі тастар мен сынтастар, балбалдар бар еді. Істеми қағанның жайлауы сонда еді. Күлтегін сол ақыртастарға, киелі ұстындарға жақындай бере атынан домалай түсіп, артынан ерген түмендерін қақтарып қойып, мың мәрте тәу етіп, көзінің жасын бұлады:

Ей, қасиетті ер-бабам, Түркі-есір жұртының ескідегі құты, айбары, аба қазығы! Сенің киелі тұрағыңа, ауыр тасыңа тәу етуге атым енді жеткенін кешіргейсің. Арғы атам Алып Ер-тоңа, бергі атам Істеми өзің ат терлетіп, арғымақ мойнын талдырған Қыдырхан мен Темір-қапықтың арасын өздеріңдей еркін жайлап, бейбіт етсек деп едік, соған енді ғана қолымыз жетті. Осы күнге жеткенше Түркі-есір жұртының басына не келіп, не кетпеді дейсің. Өздерің аттың омырауымен, жігіттің білегімен, ақ найзаның ұшымен алып берген бостандыққа бара-бара етіміз үйреніп, қадірінен кештік. Сендер күлік едіңдер, біздің заманымызда күліктер шіріктерге айналды. Бізді түйе үстінен ит талады. Бостан еліміз қарап тұрып бодан болды. Сол бодандықтан қайта бостандыққа шығу қандай қиямет еді! Бұрылып кеткен ниетті бұру, бет-бетіне кеткен елді біріктіру қандай қиын еді! Бүгін, міне, Он иелік жерінің кіндігі, Он оқ ордаңның жұртына, киелі тағыңның алдына ту тіктік. Енді осы жерге де қан тамызып, өзіңнен медет тілейік! — деді.

Сол жерге Тінсі ұлысы жатағынан жетектеп қайтқан семіз ақбоз биені сойып, жал-құйрығын бөрі байрағына байлады.

Он оқтың ағамандары, нүшебелері мен еркіндері, бұйрықтары, апалары, тұдындары түгел бас қосып, айдарлы бастарын жерге тигізе тағзым етіп, бір-бір бел баласын Күлтегінге кепілге берді. Өздері көк кесенені сүйіп, қандарын қара суға құйып, үлкен ала арқанды алдарына тастап қойып ант-су ішті.

Бұл анттың киесі, сілесі қатты болар. Егер оны бұзсаңдар, ала жіп аттасаңдар, ол сендерді ұрады! — деді бір қария алдарына шығып, шарт жүгіне отырып.

Он-оқтың игі жақсылары:

Айтқанымыз айтқан, егер осы сертімізден айнысақ құдіреті күшті Көк ұрсын, беті түкті Жер ұрсын, жетпей желкеміз қиылсын! — деді.

Айнала түгел жау. Осындайда түркі жұрты өз жеріңе, Төріңе ие болып қаласың ба, калмайсың ба, ол сенің ендігі бірлігіңе байланысты. Ту түбінде тұрысып, еліңді тұғырлы етуге ат салыссаң ғана елсің. Әйтпесе, біреуге құлсың. Он оқ, Тардұш-Түліс түгел бір болмай, өзге тірліктің бәрі бекер! — деді Тоныкөк.

Енді Күлтегін мен Тоныкөк тұтас Он иелікті басқаруды Баға Тәңіркен шад пен Күллі-чорға қалдырып Шу бойына жетіп, одан тура солтүстікке, салқын сауырлы Кең-керіске ат басын бұрды. Сонда қара түркештерді бағындырып, одан Кеңу-тармандағы қарлықтарды тізе бүктірді. Олардың да кепілге балаларын алып, ұзын аққан Ертісті бойлай жүріп отырып, Өтүкендегі таған ордаға айдарынан жел есіп оралды.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы,

Тұрсын-хан ЗӘКЕН, тарихшы-жазушы
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?