Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік тарландары. Дархан Мыңбай

4822
Тәуелсіздік тарландары. Дархан Мыңбай - e-history.kz

1980 жылдардың орта шенінен бастап КСРО аумағында жаппай тоқырау үдерісі басталды. Республиканың экономикалық жағдайы да нашарлап, әлеуметтік ахуалды шиеленісіп кетті. Қазақстандық қоғам барынша саясаттанып, саяси партиялар, құрылымдар мен қозғалыстар дүниеге келе бастады. 

Мемлекеттің цензурасы мен партияның идеялық басшылығынан бос қазақстандық саясаттандырылған газеттер, көп партиялы баспасөз, мемлекеттік емес БАҚ-тар пайда бола бастады. Осылайша, бас аяғы он жылдың ішінде Қазақстандағы БАҚ-тың негізгі бөлігі монополизацияланды, олар билікке жататын және оппозициялық болып бөліне бастады. Баспасөз қоғамдағы мүдделер қайшылығының айнасына айналды. Баспасөз «майданындағы» үлкен қақтығыстар барысында «кінәлі болған» журналистер қудаланып, бұл мамандыққа тыйым салу, газет тілшілеріне шабуыл жасау, оппозициялық баспасөз органдарын заңсыз тіркеуден өткізбеу, оларды жабу, журналистерге қатысты қылмыстық іс қозғау, түрмеге отырғызу үйреншікті іске айналды.

Міне, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде, Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1985 жылғы түлегі Мыңбай Дархан Қамзабекұлы Қазақ телеграфтық агенттігіне редақтор болып жұмысқа орналасады. Бұрқырап қайнап жатқан саяси қазанға түскен жас маман онда аға редактор, аға әдеби бақылаушы редактор ретінде 1990 жылға дейін қызмет етеді. Идеологиялық тұрғыда ҚазТАГ Мәскеудің тікелей және ерекше бақылауында болды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін сот залынан Қ.Рысқұлбеков бастаған төрт желтоқсандықтардың суретін жариялап, ақпарат таратқаны үшін ҚазТАГ қызметкерлері қуғындаланғаны есімізде.

Осы оқиғадан кейін Г.Колбин жастардың санасына әсер ететін жас аудиторияға бағытталған «Горизонт» газетін ашады. Алайда, ол, керісінше, республикадағы еркін баспасөздік алғашқы қарлығашына айналады. Оның беттерінде қылмыстар мен ұйымдасқан қылмыстық топтар, нашақорлық, Ауғанстандағы соғыс және т.б. туралы материалдар жарық көре бастады. Цензураға қарамастан, уақыт өте, газет үшін тыйым салынған тақырыптар мен сынауға болмайтын адамдар деген түсінік атымен жоқ болады. Жастар арасында үлкен беделге ие болған «Өркен» және «Горизонт» басылымын марқұм А.Сәрсенбаевтан кейін Д.Мыңбай басқарды. Сондай-ақ оның Жоғарғы Кеңестегі аға консультант және аға референт сияқты қызметтері өлара кезеңмен тұспа-тұс келеді. Дархан Қамзабекұлы дәл осы жерде Кеңестер Одағының күйреп, Қазақстанның егемендік пен тәуелсіздігін жариялаған уақыттарының күәсі болып, ол үдерістің қаншалықты қарама-қайшылықтар мен қарсылыққа толы болғандығын, оның заңдық тұрғыда рәсімделуінің астарын тек қатардағы азамат ретінде емес, кәсіби және білікті журналист ретінде өз көзімен көріп, терең ұғынғаны анық.

Менің түсінігімде, осындай толыққанды және сапалы қоғамдық-саяси мектеп іспеттес болған тәжірибе сонымен бірге оның мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын тудырып, жас та болса, талантты журналистің Отанына нақты қызмет етуге деген қызығушылығын, ынтасы мен адал ниетін күшейте түскен сияқты. Көп ұзамай, ол «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті қызметінен кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Д.Мыңбайдың мемлекеттік қызметтегі осы алғашқы қадамы құтты болып, 1997-2008 жылдар аралығында ол осы өңірдің жастар ісі жөніндегі және ішкі саясат департаменттерін басқарады, Түлкібас ауданының әкімі болады. Облыста жинақтаған мол тәжірибесі республикалық деңгейде де назардан тыс қалмады. Нәтижесінде, ол Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымына шақырылады.

Дархан Қамзабекұлы өзі туған өңірі – Оңтүстік Қазақстан облысында өмір жолын совхоздың жұмысшысынан бастап, облыс әкімінің орынбасарына дейін көтерілгенін белгілі. Ол облыста болса да, Астанада жүрсе де Түркістанды ешбір есінен шығарған емес. Ол облыс орталығы мәртебесіне ие боғанда оның қазақ хылқының рухани орталығы және бүткіл түркі әлемі үшін киелі орын екендігін халықаралық деңгейде ілгерілету мәселесіне көңіл аударды. Өйткені, ол өткен кезеңдерде Түркістан туралы жинақталған материалдар мен ақпараттардың евроцентристік тұрғыдағы сипатқа ие болып, оның шынайы тарихын көмескілендіруге жұмыс істегендігіне назар аударды. Ендігі жерде киелі Түркістанның тарихы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз бацланыста қарастырылуы қажеттілігіне Д.Мыңбайдың көзі әбден жетті. Оның уақыт өте көне Түркістанды символдық түрде біздің рухани жаңғыруымыздың қаласы деп аталуы да мүмкін екендігіне сенімі мол.

Қазақстанның Ұлттық музейінің директоры кезінде Дархан Қамзабекұлы «Музей – ескі заттар қоймасы емес» деген қағидатты ұстана отырып, үлкен жұмыс атқарды. Ол экспозициядан бөлек оның сақтау қорлары, зертханалар мен шеберханаларды дамыту негізінде ғылыми жұмыстды тұрақты жүргізуді жолға қоюға күш салды. Ондағы мақсаты - бұл мекемені ғылыми және рухани орталыққа айналдыру арқылы Қазақстанның барлық алдыңғы қатарлы жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету еді. Ұлттық музей иннновациялық технологияларды колданудың арқасында «ақылды музейге» айналды.

Сонымен қатар, ол аймақтардағы археологиялық қазба жұмыстарының тиісті бақылаусыз жүргізілетіндігіне, өткен ғасырдың 90-жылдары бұл саладағы жүйелі және қатаң есептіліктің болмауынан бейберекеттіктердің орын алғандығына көңіл аударды. Соның салдарынан археологиялық жәдігерлердің жалпыреспубликалық реестрі де болмаған. Ал, ол өз кезегінде, кейбір өздерін музей деп атайтын мекемелердің пайда болып, олардың жұмыстары тиісті талаптарды қанағаттандыра алмай, ондағы жәдігерлерді сақтау шарттары орындалмай келді. Осының бәрін ескере отырып, 40 жыл бойы жиналған осы тарихи-археологиялық құндылықтарды түгендеуге, қолды болғандарын қайтаруға мүмкіндік туды. Археологиялық экспедициялардың есептері сұратылып, жұмыс барысында табылған жәдігерлер ресми тіркеуден өтіп, Ұлттық музейдің қорына өткізіліп, зерттелетін болды. Бұл «қара археологтардың» жәдігерлерді шекара асыру әрекетіне тосқауыл болудың бір жолы еді.

Д.Мыңбай музейді демократия мекені және әр адам онда өзін қызықтыратын бір нәрсені тапса болғаны деп есептейді. Сондықтан болар, ол 2015 жылы Қазақстанда алғаш рет Халықаралық музейлер күніне орайластырып «Музейдегі түн» іс-шарасын өткізді. Этнографиялық және басқа да жаңа залдар, жаңартылған жәдігерлер, арнайы концерттік бағдарлама мен цирк және театрландырылған қойылымдар, лекциялар, тұсаукесерлер, мастер-кластар, викториналар, кітап жәрмеңкесі, скульптуралар көрмесі, ұлттық ойындар ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық.

Ол әлем мәдениетін бекіту мәселесіне зер қойып, мәдениеттерді жақындастыруда рухани құндылықтардың алатын орның терең сезінеді. Сондықтан Дәкең позитивті рухани құндылықтарды ілгерілету агрессивті идеологияның жолын бөгеуге мүмкіндік береді, тек сол ғана барлық дағдарыстарға – экономикалық, әлеуметтік, этносаралық, діни және рухани – қарсы тұра алады деген көзқарасты ұстанады. Д.Мыңбай сол сияқты жастар арасындағы ажырасу фактілерінің көбейіп, жас отбасыларының ыдырауына және соның салдарынан қоғамда орын алып жатқан туыстық қатынастардың бұзылуы мен моральдық-әлеуметтік қиындықтарға да алаңдаушылық көрсетеді. Осының нәтижесінде жүйелі түрде отбасы институтының негізі шайқатылып, ол өз кезегінде мемлекеттің демографиялық дамуына кері әсерін тигізуде.

Дархан Мыңбай депутат бола жүре кәсіби журналист ретіндегі тәжірибесін де ортақ елдік мүдденің кәдесіне жаратуға тырысуда. Ол Қазақстандағы ақпараттық саланы дамыту мәселесіне де ерекше мән береді. Оның ойынша, ол үшін елімізде кәсіби журналистиканы дамыту қажет. Жоғары оқу орындарымен, БАҚ ұжымдарымен байланысты күшейту арқылы қазақстандық кәсіби журналистиканы халықаралық деңгейге шығаратын кез келді. Әйтпесе, біз әлемге көршілеріміздің көзімен қарау әдетімізден арыла алмаймыз. Оның үстіне кәсіби журналистер әлеуметтік желілердің қазақстандық бөлігін дамытуға үлестерін қосар еді. Ол ұлттық бірегейлікті нығайту, баспасөз құралдарының көпэтносты қоғамдағы мәдениетін дамыту мен олардың кәсіби этикасы мәселелеріне Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері шығаратын БАҚ-тар да бұл үдерістерден тыс қалмау керектігіне баса көңіл бөлді.

Д.Мыңбай еліміздің қол жеткізген жетістіктерімен қатар елеулі кемшіліктерінің болғандығын көре білді. Оларды құр көріп қана қоймай, туындап отырған ахуал мен нақты фактілерді жан-жақты сараптап, өз көқарасын білдіріп келеді. Ол білікті журналист ретінде халық арасындағы биліктің саясатын қолдаудан бастап оны өткір және орынды сынға алған пікірлерді қаперіне алып, оны қорытып, көңіліне түйе жүрді. Яғни, ол адамдардың жанайқайы мен талап-тілектерін ести білетіндігін көрсетіп қана қоймай, қабылдаған жоспарлар мен бағдарламалардың барлығының халықтың көңілінен шығып, оларды қанағаттандырмайтындығын және белгіленген іс-шараларға ауқымды қаржы бөлінгенімен, жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толыққанды атқармай жатқандығын атап өтуді өзінің парызы деп есептейді. Оның пікірінше, жер-жердегі билік өкілдері халықпен кездеспейді, ал олардың халық алдындағы есептері үйреншікті үлгімен өткізіліп, іс жүзінде әлі де болса тиімсіз болып отыр. Салалық даму мәселесі де толықтай жолға қойылмай, бұл бағыттағы жұмыстың деңгейі төмен және ешбір сараптаудан өтпей, қабылданғаннан кейін-ақ ұмыт болуда. Міне, осындай қорытынды жасай отырып, Д.Мыңбай халыққа тиісті жағдай жасап, оларға берген уәдемізді орындау үшін осы айтылған жүйелі қателіктерді еңсерудің қажеттілігін ескертеді. Өйткені, ол депутат ретінде халықтың аузынан биліктің ебедейсіздігі, бюрократизмі, мен-мендігі, азаматтармен сөйлесе білмеуі турасында ренішке толы сөздердің әлі де болса саябырсымағанын біледі. Олар, негізінен, ауыз сумен, газбен, қоғамдық транспортпен қамтамасыз ету мен жолдарды жөндеуді талап етеді. Сонымен қатар оны ірі қалалар мен облыс орталықтарының төңірегіндегі ешқандай бақылаусыз, ешбір коммуналдық және әлеуметтік нысандарды салмақ түгіл жоспарлауынсыз жеке құрылыстың кең ауқымда техникалық ережелердің бәрін бұзып элиталық сарайлардан тұратын кәдімгі кенттердің салынуы да алаңдатады. Өйткені бұл үдерісті қатаң бақылауға алмасақ, оның кейін әлеуметтік проблемалар тудыратын стихиялы туындайтын сапасыз тұрғын үйлерге айналуы әбден мүмкін. Ол сонымен қатар жерді, алқаптар мен жайылымдарды бөлу, жеке құрылыс салуға табиғи аймақтардан жер телімдерін берудің кемшіліктері мен шешімін таппай жатқан тұстарына назар аударады. Олардың кейбір шенеуніктердің біліксіздігі мен заңсыз әрекеттерінен туындайтындығын да жасырмайды.

Өңірде қызмет атқарғандағы тәжірибесіне сүйене отырып, Д.Мыңбай Қазақстандағы елді мекендер, таулар, өзен-көлдер мен өлкелердің жағырафиялық атауларын зерделеуді тереңдетіп, жер кадастрының негізін қалап, ауыл шаруашылығының дамуына жағдай жасалар еді деген ой айтады. Оның сол сияқты тек территориялық шекараларды нығайтып қана қоймай, азаматтарымыздың ұлттық сана-сезімін де көтеріп, қазақтың атам заманна келе жатқан тұрғылықты жерлеріне көз тігушілердің мысын басар еді. Сол сияқты Д.Мыңбай меншік иелерінің бірлестігі, кент және аудан әкімдері құзыреттеріне қатысты заңнамаларды қайта қарап, оларға қосымша өкілеттік беру мәселесін де көтерді. Ол полицияның қызметіне де көңілінің толмайтынын жасырмайды. Мысалы, Қордайда болған оқиға кезінде тұрғындардың кейбір бөлігінің құқықтық сауатсыздығын былай қойғанда, полиция қызметкерлерінің жағдай өршімей тұрып құқық бұзушылардың бағынбауы мен қарапайым қарсылығын тоқтатуға шамаларының келмеуіне олардың дайындық деңгейінің төмендігі байқалды. Белгілі мемлекет және қоға қайраткері ретінде Д.Мыңбай алдымызға қандайда бір ауқымды стратегиялық міндеттер қоймас бұрын жаңа экономикалық, саяси және экологиялық ойлау қабілетін қалыптастырудың қажеттілігін ескертіп, оны қоғамның менталитеті және дәстүрінің белгілі бір шегімен байланыстыра қарайды. Мәселен, реформаларды жүргізуге қажетті ортаны өзгертуге бағытталған әлеуметтік модернизация бағдарламасы осыған байланысты жүрмей, жоба тежегіш күштердің әрекетінің салдарынан тоқтатылып, рухани даму мәселесімен алмастырылды.

Дархан Қамзабекұлы Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ұлттық қатынастар мәселесі үдерістерінен тыс қалған емес. Ол әрқашан оның дәл кіндігінде болды десек қате айтпаған болар едік. Ол - бұл проблемаларды ішінен білетін, олардың астарын байқай алатын саясаткер ретінде, бүкіл дүние, кез келген нәрсе есебімен, түгел болатындығын да жақсы түсінеді. Осы тұрғыда ол қазіргі ақпарат заманында ұлттық статистика жүйесінің бүгіннің қажетін толық қанағаттандырып отырғандығына күмәнмен қарап, елімізде барлық сала бойынша жинақталатын көрсеткіштердің шынайылығын, бұлтартпас дәлдігін және тәуелсіздігін қамтамасыз етудің деңгейіне сыни көзбен қарайды. Сатистикаға, оның түпкілікті нәтижелеріне қоғамда сенімнің жоқтығына назар аударып, бұл саладағы расталмаған деректің көпшілігінің алыпқашпа, қаңқу сөзге айналып отырғандығына өкініш білдіреді. Ол ашықтық жоқ жерде түрлі өсек-аяң тарап, қауесет қаулайтындығын өмір шындығы көрсетіп келеді дейді. Ендеше, орын алып отырған мәселелерге қатысты ала-құла цифрлардың жарыса өріп жүргендігін жергілікті жерде, орталықта әртүрлі мәліметтердің жарияланатындығын және бұл жағдайдың елімізде бұлардың анығын білетін оның иесі жоқтай әсер қалдырып отырғандығы оны қатты күйіндіреді. Өйткені, қуаңшылық, кезекті қымбатшылықтың алдын алу, денсаулық сақтау ісінің жай-күйіне байланысты, түрлі техногендік, табиғи апат немесе қоқыс жатқан жердің саны сияқты мәселелер ескеріліп, онымен нақты айналысып, нәтиже шығарып жүрген біреу бар ма?

Цифрландыру заманындағы статистика органдарының жұмысын ол ел қауіпсіздігімен тікелей байланыстыра қарайды. Сондықтан Дархан Қамзабекұлы статистиканың заттың, құбылыстың, нәрсенің жағдайын жетік білу, мемлекеттің ахуалын егжей-текжейлі білудің бірден-бір жолы екендігін жақсы түсінеді. Өйткені, цифрлық мәліметтер, дәлелдер негізінде халықтың моральдық және материалдық күш-қуатын, оның қазіргі ахуалын, жер игеру және өнеркәсіп өндіру көздері мен көлемдерін білуге болады. Оның түсінігінде осындай толыққанды мәліметтер әлемді билейді және кем дегенде әлемді қалай билеп жатқандарды көрсетіп бере алады екен.

Міне, жоғарыда аталған жауапты лауазымдар мен қоғамдағы түйткіл мәселелерді нақты көріп, оны тұжырымдай білу үшін, әрине, мінез керек. Ондай мінез бұл кісіде бар. Дархан Қамзабекұлын мен Алматыдан білемін. Басында газет-журналдардағы жазғандарын оқып, қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық қозғалыстардың әртүрлі жиындарында кездесіп қалып жүрдік. Сол таныстығымыз ақыры Астанада әріптестікке ұласты. Мен Дәкеңді өз Отанына берілген, еліне адал қызмет етіп жүрген мемлекетшіл қайраткер деп есептеймін. Ол - өз ісін жақсы білетін, адамгершілікке негізделген өмірлік ұстанымы бар, сөзі мен ісінің арасында алшақтығы жоқ азамат. Әріптесімізге болмысынан еңбексүйгіштік, творчестволық ұмтылыс, ізденіс пен жаңашылдық сияқты қасиеттер тән. Ол туындаған мәселенің мәнісін терең түсініп, өз ойын қорыта біледі. Мемлекеттік қызметкер ретінде ол өзіне қатал да бола алады, басқаларға да талап қоя біледі. Ол адамдарды шабыттандыра отырып, көптеген қызметтер атқарып, нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ менмендігі жоқ. Керісінше, оның мінезінде кішіпейілдік пен қарапайымдық басымырақ. Біреудің ала жібін аттамаған ол, жақсылық жасауға әдайым дайын тұрады. Ол осы уақытқа дейін өмірлік принциптерінен айнып көрмеген сияқты. Шахматшы іспеттес оның ойы терең, еске сақтау қабілеті мол, ол құдды әр қадамын бағамдап басатын сияқты.

Өйткені Дархан Қамзабекұлының оқыған-тоқығаны мен өмірде жиған-тергендері көп. Ол мәдени-рухани және тарихи мұраларымызға жақын жүреді, оның қоғамдық өмірге қатысты тұстарын жатқа айтып, түйдек-түйдегімен ағытып отыратын әдеті де баршылық. Оның бойынан ұрда-жық жағымпаздық, ұраншылдық пен науқаншылдық сияқты әрекеттерді байқаған емеспін. Ол қабақ шытпай-ақ, тек өзіне ғана тән күлкісі мен сөзін әзіл әңгімемен көмкеру арқылы нәтижеге қол жеткізе алу қабілетіне де ие. Дәкең елдің тынысын, мұң-мұқтажын білетін, әділ қоғам қайраткері қырынан да танымал. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші оның сөздері өтімді. Журналист болғаннан болар, ол қарапайым тілмен жүйелі сөйлеудің шебері. Бұл жерде тіл байлығымен қатар сөз тазалығынның қатар жүретіндігін де атап өткен абзал.

Бүгіндері ел ағасы жасына келіп отырған Дархан Қамзабекұлының өмірлік жолы мен мемлекеттік қызметтегі жеткен жетістіктері кім-кімге болса да үлгі-өнеге болары анық. Ол әділ және ұқыпты, өз кәсібінің білгір маманы, білікті басшы ретінде танылды. Дарқан мінезді, ортасына сыйлы және абыройлы азаматқа амандық пен табыс тілейік.

Жапсарбай Қуанышев

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?