Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Халықтану ғылымы қалаймақан болмасын

13299
Халықтану ғылымы қалаймақан болмасын - e-history.kz
ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің отандық тарих ғылымы туралы жасаған баяндамасында: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деп атап көрсетілді.

Мемлекеттік хатшы қойған міндеттердің халықтану саласына тікелей қатысы бар. Халықтану немесе тарихи демография тарих толқынындағы халықтың өсіп-өнуін зерттеуші тарих ғылымының саласы. Осы салаға байланысты деректерді талдасақ ұлттық намысты қоздыратын, елдің өткен қаралы тарихи беттерінде қазақ үшін қай­ғылы болған тұстары жетерлік. Мысалы, кеңес дәуірінде орын алған саяси-эконо­микалық жағдайлар тұсындағы халықтың құрамындағы өзгерістер тізбегі. Кеңес өкі­метінің ұжымдастыру мен байларды тәр­кілеу шаралары нәтижесіндегі ашаршы­лықтар кезінде қазақ халқы қынадай қы­рылды, өз елінде тыныштық көрмегендер ел асты, қағажу көрді. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда осы тарихи әділетсіздікті қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылуда. Шетелдердегі қазақтардың бір бөлігі туған жеріне қайта оралды. Бірақ кемші­ліктерсіз емес. Сонымен бірге, алдымен патшалы Ресейдің, сонан соң кеңестік саясаттың арқасында қазақ жеріне келгендердің ішке және сыртқа бағытталған көші-қон тас­қындары бар. Бұл үдерістердің республиканы мекендеуші халықтың құрамына ти­гізген әсері ерекше. 

Қазіргі Қазақстан халқы елдің тарихи иесі – қазақ ұлты мен тарихи дәуірлер ке­зіндегі саяси-экономикалық шаралармен тұтастана жүрген көші-қон процесінің негізінде орналасып, қалыптасып, тарихтың «тезінен» өтіп, біртұтастанған диаспора өкілдері мен этностардың тарихи бірлестігі, біртұтастануы. Бұл тарихи нәтиже және тарихи жетістік. Осы жетістікті қолда ұстау, оны шынайы бірлікке ұластыру мемлекетті құраушы ұлт қазақ пен Қазақстанды Отаным деп сезінетін, қабылдайтын және сол үшін еңбек етіп, өмірін сарп ететін, эт­но­са­ралық достық пен біртұтастықты ұран тұтатын барша диаспора өкілдерінің мін­деті мен мақсаты. Нағыз отансүйгіштік пат­риотизм қазақстандықтардың Отаны­мыз­дың болашақ дамуы үшін біртұтаста­нуын қамтамасыз етуде. 

Бұл аталған міндеттердің идеялық негізі Елбасымыздың «Қазақстанның дамуы – қоғамның идеялық бірлігінде», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» еңбек­терінде және «Ел бірлігі» ұлттық доктринасында көрсетілді. Онда бүгінгі Қазақстан қоғамында қазақ этносының ұлттық сана-сезімінің өскені баяндалып, ұлттық біре­гейленудің қазақстандық үлгісін іздестіру мен қалыптастыру қажеттілігі атап көр­сетіледі. Біздің еліміздің ерекшелігін (тарихи, географиялық және көпэтностық құ­рамын) атай келе, Н.Ә. Назарбаев одан әрі бірегейлік мәселесіне екі деңгей тұрғысынан келе отырып шешу қажет дейді. «Бірінші деңгей, ол Қазақстан халқын біртұтас аза­маттық және саяси бірегей қауымдастық ретінде қалыптастыру болмақ. Супер­этни­калық қауымдастық емес, ең бірінші орында нақ осы халық ретінде…», – делінеді Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқыны» атты ең­бегінде. Яғни, ең алдымен, мемлекет тек таза формальді бірлестіктен жалпыға ортақ құндылықтар негізінде біріккен сапалы дең­гейдегі жаңа бірлестік болмақ.

Екінші деңгей қазақстандық және шет­елдік қазақтардың ұлттық бірегей­лі­гімен тығыз байланысты. Осы жерде қазақ ұлты­ның ішкі ұлттық бірегейленуі мәселесін шеше отырып, бірегейленудің алғашқы деңгейі – қазақ халқының азаматтық және саяси топтасуы мәселесін әсте естен шы­ғаруға болмайды. Олар өзара тәуелді байланыста. 

Кеңес дәуірінің соңы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, атап айтқанда 1992-1997 жылдар аралығында сырттан келген аға­йын­­дар­дың негізгі көші-қон әлеуеті тарихи Отандарына серпін берді. Қазіргі республика хал­қының құрамындағы әртүрлі этностар тарихи Отанына қайтпай, туған Отаны деп сезінетін Қазақстанда өз қалауымен мекен­деушілер. Қазақстандағы этностар өз өне­рін, мәдениетін, тілін дамытуға және өз тарихын кемелдендіруге құқылы, мүдделі және дамытуда. 

Тәуелсіздік ғасырлар бойындағы қазақ­тың еркіндік үшін күресінің нәтижесі болса, тәуелсіз Қазақстанның халқы ғасырлар бойы қазақ жерінде жүрген саяси, әлеумет­тік, экономикалық дамудың әсеріне ұшы­раған мемлекет құраушы ұлт қазақтар мен тарихи кезеңдерде қазақ жеріне келіп мекендеп, тұрақтанған этнос өкілдерінің бір­тұтастануы болып табылады. Олай болса, ең алдымен қазақтың өсіп-өнуін түгелде­мейінше, қазақ жерін мекендеген халықтар­дың өсіп-өну тарихы мен заңдылықтарын анықтау жалаң болып қалады. Міне осылайша, тарихи демография саласы бойынша зерттеулердің басым бағыттары анықта­лады. Осы тұрғыдан келгенде халықтану саласында әлі зерттелмеген, алғаш рет зерделеуге түсуі тиіс мәселелер ерекше көп. 

Отандық тарих ғылымында ХХ ғасырда орын алған ашаршылықтардың зардаптары бірсыдырғы зерттелгенімен, осы күнге дейін 1917-1918 жылдарғы ашаршылықтың зардаптарына назар аударылмай келуде. Со­ның салдарынан, оқу құралдарында бұл мәселе тіпті айтылмайды. Осыған орай, Ха­­лықтану және тарихи тұлғатану мәсе­ле­лері бөлімі алдағы кезде «Қазақстандағы ашаршылықтар: зардаптары, әлеуметтік-демографиялық ахуалға және этностық құрамға ықпалы» деген тақырыптағы ғы­лыми-зерттеу жұмысын жүргізуге әзір.

Тарихи демографияның аймақтарға сәйкес ерекшеліктері, жекелеген этностар­дың қазақ жеріндегі қалыптасу тарихы, қазақ­тардың сыртқа көші-қоны мен репатрияциясы мәселесі де терең зерттеуді кү­тіп тұр.

Қазақстанның ХІХ-ХХІ ғасырлардағы тарихи географиялық мәселелері де зерделеуге тұрарлық тақырып. Себебі, әкімшілік-территориялық бөліктердің өзгерістерін анықтау халықтың саны мен сапалық құ­рамының динамикасын анағұрлым нақты ашуға көмектеседі. Сондай-ақ, Қазақстан халқының ХІХ-ХХІ ғасырдағы әлеуметтік құр­лымындағы өзгерістердің демография­лық қыры да өзекті. Халықтану саласындағы негізгі мәліметтерді пайдалана отырып, тарихи демографияны арнайы тарихи пән ретінде оқу орындарында оқытқан жөн деп есептеймін. Мұнда ірі тарихи кезеңдерге сәйкес айқындалған тарихи оқиғалар халық құрамындағы өзгерістер, заңдылықтармен байланыстырыла тағы да қарастырылады. Тарихты халықтанудағы өзгерістер тұр­ғысы­нан оқыту қызығырақ болар ма еді. Тарихты қызықсыз, тек қана фактілер тізбегі деп қарап, оны оқудың қажеттілігі тек оқу орнын бітіру мен оқу орнына түсу үшін керек деп және тест сұрақтарын жаттау ар­қылы білетін немесе қалай жаттаса, солай ұмытатын жағдайдан арылу мүмкін деп есептеймін.

Тарихи демография бірқатар кедер­гі­лермен дамуда. Тек қана сандық мәлімет­терді ғана айта бересіңдер. Оларда не бар деп, қол жеткен жетістіктерді төмендету­шілер де кездеседі. Мәселе мынада: алдымен сандық мәліметтерді анықтадық. Енді сол сандарды күмбірлетуге келгендегі кем­шілік тарихи демограф-мамандардың елімізде арнайы даярланбауында деп ойлаймын. Бөлімнің қызметкерлері тарих факультетін бітіргендер, тарихшы маман ретінде даярланғандар. Демография пәні статистер мен экономистер даярлайтын оқу орындарында ғана оқытылады. Тарихи демография пән ретінде арнайы оқытылса, нәтижесі оң болар еді деп ойлаймын. Дер уақытында игерілмеген мәліметтің тез арада ескіретіні бар. Осы орайда мәліметтерді көзге көрсетіп, ішіне еніп, сандар мен оның түсініктемелерінің ғаламтор ресурстары арқылы көзге көрінуіне мүмкіндік беретін инфографиканы ұшқырлықпен қолдану қажеттігі туындайды. Инфографиканы тарихи демографияда қолдану мүмкіндігі зор. Оның графика – сызба түріндегі, видео түріндегі және т.б. түрлері көп. Инфографика арқылы нәтижелерді «қысқа да нұсқа» түсіндіруге болады (презентация деп те айтуға болады). Мағлұматтарды мәтін тү­рінде баяндаумен қатар, қазіргі замандағы анағұрлым ақпараттанған және соған бейім ұрпақтың мүмкіндігі мен жетілдірілудегі озық технологияны қолдануға байланысты оқырманға мәліметтерді инфографика арқылы толық, жылдам және жинақы беру түрі. Инновациялы-ақпаратты жүйенің жетістіктерін қолдану жаһандану жағ­дайын­да мәліметтерді визуализациялауға (көзге көрінетіндей етіп беруге) және тарихи процестер мен құбылыстарды графи­калық түрде бейнелеуге мүмкіндік береді. Графика түрінде деген сөз шартты түрде қолданылып отыр. Бұл жердегі графика ұғымы инфографикада пайдаланылатын барлық бейнелеу әдістерін қамтиды. Яғни, тарихты баяндау мен оның түрлері де өз­геруде. Инфографиканы қолдану арқылы барлық мәліметтерді талдап, жинақтау процестің нақты бейнесін анықтауға болады. Бұл тарихи зерттеулердің сипатын едәуір өзгертіп, фактілерді тізбелеп, суреттеп, оқиғаларды тек «тіркеп» қана емес, ендігі жерде «пайымдауға», сол арқылы нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Айжамал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Халықтану және тұлғатану бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы.