«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақша күрес

13858
0

Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.

Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді.
2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда Қазақ күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.

2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» күресі бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» күресі бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар. шілдесінде Монғолияда «Қазақша күрес» күресі бойынша ІІ Азия Чемпионаты өтті. 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.

Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері («Самбо»). Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін-де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жас өспірімдер үшін 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісін жасайды. Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың программаларына кіргізілген, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт таныған өнер.

Қазақ күресінің қысқаша тарихы

Жекпе-жек күрес түрлерін ұлттық һәм спорттық деп бөлуге болады. мысалы, сумо жапондықтардың ұлттық күресі-де, дзюдо сол топырақта пайда болған спорттық сайыс түрі. Сол сияқты таралу ауқымы еуразиялық кеңістікке тән әр қилы күрес түрлері көп. Атап айтқанда, «Белбеу күрес». Бұл өте байырғы жекпе-жек түрлерінің бірі. Бұл өнер түрі Алтын Орда дәуірінде көшпенділер арасында кеңінен танымал болған. Өйткені, Еуразиядағы түркі тектестер (қазақ, өзбек, ноғай, башқұрт, татар, қарашай-құмық т.б.) бір шаңырақтың астында болатын. Бүгінгі таңда жоғарыдағы күресті татар, башқұрт, ноғайлар төл өнеріміз деп таныса, Кіші Азия жұрты да ескілікті мұрамыз деп есептеп жүр. Орта ғасырда өмір сүрген оқымыстылар — Ибн Сина, Әбділқасым Фирдауси, Махмуд Қашқарилардың еңбектерінде белбеу күресі туралы жазылған. Сол сияқты моңғолдың ұлттық күресі «бөх»-тің де 1000 жылдан астам тарихы бар екен. Тіпті Шыңғыс заманына қатысты тарихи деректерде ұлттық күрестен сайыс өтіп, қағанның інісі Қасар топ жарғаны жайлы айтылады.

Қазақ халқының өмір сүру салты көшпенді тұрмысқа бейімделгендіктен, күнделікті іс-әрекетінің өзі күрес. Табиғаттың таза сұрыптауынан өткен халықтың жекпе-жек өнерге деген ынтасы классикалық түрде жетілген. Тарихқа көз жүгіртсек көшпенді тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дәуірінде садақ атудан, ат үстінде найзаласудан т.б. дәстүрлі сайыстар өтетіні жайлы нақты деректер бар.
Мысалы, Қытайдың осы заманғы археологтары біздің жыл санауымыздан бұрын Хан патшалығы дәуірінде тұрғызылған, Шинан қаласы маңындағы ежелгі түркілердің қонысын қазып, қабырды ашқанда зираттың ішінен екі мыс табақша табылыпты. Табақшалардың бетінде екі адам бір-бірімен қоян-қолтық ұстасып, күресіп жатқан сипаты ашық бейнеленген екен. Қытай ғалымдары бұл балуандарды түріктердің арғы тегі саналатын ғүндар деп ұйғарған. Демек, бұл заттар — күрес шежіресінің айғағы. Оның бер жағында халықтық эпостарда сайыс өнері жайлы көркем тілмен керемет баяндалса, ерте замандағы таңбалы тастардағы күресіп жатқан адам бейнелі таңбалар жайдан-жай салынбаған.

Сол сияқты байырғы көшпенді ата-бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы — қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар. Бірақ, ол өткен ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде күрестің бірізді жүйеленген тәртібі болған жоқ. Сондықтан да әрбір өңірде күрес ішкі ерекшеліктерін сақтай отырып, қалыптасқан. Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде «Арысқа түсу» дейтін сайыс түрі кең дамыған. Бұл жайлы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығарамаларында көркем баяндалады.
Арысқа түсу дегенміз — екі қауым, екі ел немесе екі ру өздерінің балуандарын алып келеді. Көрермендерге әсерлі болуы үшін, оны шынжырлап, ноқталап әрі көз-сұқ тимесін деген ниетпен жабулап ұстайды. Балуанды күрес алаңына, яғни арысқа әкеле жатқан мезетте шынжырлы балуан жақтасарын шынжырымен қоса сүйреп, қарсыласын жеп қоярдай өкіреді. Бұл нақтырақ айтқанда психологиялық шабуыл әрі театрланған көңіл көтеру. Осылай екі балуан арысқа түсіп қай жеңгені жүлдені алады, я болмаса, «менімен күш сынасатын тағы кім бар» деп көпшілікке қолқа салады.

Ал, қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі 1920 жылдан басталады. Алғаш рет 1936 жылы Семей қаласында қазақша күрестен Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан (Орал, Атырау, Ақтөбе), Қостанай, Оңтүстік Қазақстан (бұрынғы Шымкент және Жамбыл өңірі), Семей, Павлодар облысының балуандары қатысыпты. Олар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Жеңіл салмақта М.Құрманбаев (Алматы облысы), орта салмақта Еңсеп Досқалиев (Батыс Қазақстан), ауыр салмақта А.Мусин (Павлодар) жеңімпаз атанады. Түйе балуан атағы үшін алты балуан белдеседі. Еңсеп әуелі оңтүстіктің балуаны С.Қасықбаевты жеңеді. Шешуші бәсекеде Е.Досқалиев өзінен алты жас үлкен, әрі салмағы тоғыз келі ауыр А.Мусинді жеңіп қазақ күресі тарихында тұңғыш ресми «Түйе балуан» атанған екен. Өкініштісі жауырыны жерге тимеген атақты балуан Еңсеп Досқалиев 1944 жылы соғыста қаза тауыпты.

7786f9d41a3347b418fe1e003664b5d7.jpg

1938 жылы республикалық ауыл Спартакиадасында өтетін болып қазақша күрестің жаңа ережесі қабылданған. 1940 жылы қаңтар айында Алматы қаласында қазақша күрес өкілдері екінші рет бас қосып, жоғарыдағы ережеге өзгеріс енгізеді. Әрі жаңа ереже бойынша бір қана салмақ дәрежесімен Қазақстан чемпионатын өткізеді. Оған, Алматы, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, ОҚО, Павлодар, Өскемен, Семей өңірінің балуандары қатысты. Тағы да орта салмақтағы Еңсеп Досқалиев ешкімге дес бермей бәрін жеңеді. Осы жылы (1940) шілде айында Мәскеу қаласында ҚазССР-ның 20 жылдығына орай орталық «Динамо» стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақша күрестің үлгісін көрсетеді.

95f8efc48c176e51a932efe0a47ae385.jpg

Бұл жерде, яғни Мәскеуде қазақша күрестен басқа өзбек, тәжік және түркімен халықтары да өз күрес түрлері бойынша көрсетілім жасаған. Бірақ кеңестік спорт мамандары қазақша күрес үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бойынша 1941 жылы, ақпан айында Фрунзе (Бішкек) қаласында Орта Азия және Қазақстан халықтарының чемпионатын өткізу жайлы шешім қабылдайды. Бұл біріншілікке еліміз атынан 10 балуан қатысып, Еңсеп Досқалиев бастаған біздің азаматтар командалық есепте бас жүлдеге ие болған. Бұлар қазақ күресі тарихында халықаралық жарысқа қатысып, тұңғыш рет чемпион болған тұлғалар.

8651f8ace68ec7ad9bbf45f8191e8185.jpg

Осылай қазақша күрес халықаралық дәрежеде қарқын алып келе жатқанда, екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, арада он неше жыл үзілістен кейін 1952 жылы қана Орта Азия және Қазақстан спортшылары Спартакиадасында жоғарыдағы ереже негізінде жарыс өткен екен.

182a3a5fbf4e7a1cad82037a46a4f3c3.jpg

Қазақша күрес тарихында айта жүрерлік оқиға соғыс аяқталған 1945 жылдың күзінде Семейде Абайдың 100 жыты. Дереккөзіне жүгінсек, соғыстан бұрын қазақша күреспен айналысып, балуан атағы шыға бастаған азаматтардың барлығы соғыстан оралған жоқ. Аман-есен келгендердің өзі мүгедектігіне байланысты күреске шыға алмаған. Абайдың жүз жылдық торқалы тойы соғыстың зардабынан әбден еңсесі езілген халықтың рухани сілкінісін оятқан зор оқиға болғаны сөзсіз. Тіпті тойға атақты балуан Қажымұқан атамыздың өзі келіп қатысқан. Күрес 1940 жылы қабылданған ереже бойынша өтіп, Семейдің Ақсуатынан келген балуан Дәулен Әбікенов пен Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен екеуі шешуші арысқа түседі. Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды. Осы күрестің басы қасында болып, арыстардың айқасын көзбен көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің:
Балуандар жағаласып жармасқанда,
Алысып айдаһардай арбасқанда,
Балуаны, Ақсуаттың лақтырып,
Шығарды бұрқ еткізіп шаңды аспанға… — дейтін ұзақ жыры бар. Сөйтіп, қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажыекеңе сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Осы той кезінде Қажымұқан балуанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен фото сақталған(суретте).

Бекен Қайратұлы

http://ulttyqsport.kz

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English