Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шеген би

Шеген би - e-history.kz
Аты Шеген би
Шеген бидің өмірі, билік жүргізу мезгілі Тәуке хан заманындағы қазақ хандығының пісіп- жетілуі, нығайып аяғынан тұруы, тұтастығын сақтауы, көршілес елдермен тең өмір сүруімен тығыз байланысты.

10.04.15

1680-1688 жылдар аралығында Тәуке хан тағына отырғанда Шеген Жетірудың атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Ру басыларының, билердің ерекше орын алып, елдің тұтастық, тыныштық және басқа саяси мәселелеріне тікелей араласқаны Тәуке хан басшылығы мезгілінен басталады. Бірінші болып қойылған мәселе — елдің бірлігі. Тәуке хан билік жүргізудің бұрын болмаған жаңа түрін енгізуді ұйғарғаны болуы керек. Осы себептен елдегі ең беделді, ең сенімді, әділ және өте шыншыл адамдарды іріктеген. Міне, бұл іріктелген ақылды адамдар, сол заманның данышпандары бірінші болып Билер кеңесін құраған. Бұған қазақтың Ұлы жүзінен, Орта жүзінен, Кіші жүзінен бір-бір биден енген. Бұлардан басқа осы хандыққа қарайтын қарақырғыздан, қарақалпақтан және өзге тайпалардан кіріп, «Алаштың алты биі» атанған. Міне, осы билер кеңесінде Кіші жүздің атынан Шеген би сайланған. 

Шеген бидің Кіші жүздің төбе биі болып билер кеңесіне кіргенін дәлелдейтін деректер бар. Тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев өзінің «Великие бедствия» деген кітабының 78- бетінде Әйтеке биден бұрын Кіші жүздің төбе биі Шеген би болғанын айтып көрсетеді. Тәуке ханның тұсында қазақ халқының ең көркейген, ең нығайған мемлекетке айналғанын тарих жазбалары айқын көрсетеді. Тыныштық орнап, халық өзінің өмірдегі орнын біліп, өздерінің билері арқылы хан шешіміне ықпал жасау амалдарын түсінді, іске асырды. Билерді халық өздері іріктеп, оларды руды, тайпаны, жүзді басқару дәрежесіне көтеріп сайлау дәрежесіне жетті. Міне, осылай іріктеліп, текшеленіп, халық талқысына салынып, Кіші жүз қауымынан Алты алаштың бір биі болып сайланған адам — Шеген би. 

«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының деректеріне сәйкес, Шеген би Жағалбайлы тайпасынан шыққан, азан шақырып қойған аты — Шербұға. Бұл шығармаларда былай жазылған: «Бұл жерде аты аталып отырған Шеген бабамыз Кіші жүздің көп биінің бірі ғана емес, әз Тәукенің бас әзіреті, Сопы Әзиз Мүсірәлімен бірлесе отырып, жан-жақта жүрген барша Жетірудың басын қосып, Жайық бойына топтастыра, жақындатып жүрген тұлға». Әрі қарай бұл ой былай жалғасады: «Шеген бабамыз қазақ халқына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман туғызған Тәуке ханмен жақын таныс болған болуы керек. Олай болмаса Шеген бабамызды Алты алаштың бір биі етіп сайламас еді, сайлаттырмас та еді, ел арасында кісінің білімділігіне, ақыл-парасатына, ел арасындағы абыройына сенген болар, сенім білдірген болар, сүйенген болар». 

Енді халық аузындағы шежіреге үңілсек, Шербұға (Шеген би) — Жағалбайлыдан шыққан, осы тайпаның негізін салып қалыптастырған, түбі табанды қауымға айналдырған Мелде бидің ұрпағы. Әр тұстағы белді адамдардың атқарған еңбектері сол кезеңге сәйкес келетіні, сол мезгілдегі түйіндерді шешуде атқаратын орны ерекше. Мелде би өз тұсында әр жерде бытырап жүрген Жағалбайлы ұрпақтарын топтастырып, бауырмалдыққа, қоғамдыққа, туыстыққа, ауызбіршілікке, негізін айтқанда, елдікке тәрбиелеген. Ел аузында: «Елді ел еткен Мелде би» деген сөз қалған. 

Ал оның бесінші ұрпағы Шеген бидің уақытында Жетірудың тайпаларын біріктіру, Кіші жүзді нығайту, қалыптастыру және жаңа ірге сала бастаған қазақ хандығының ішкі, сыртқы саясатын құру мәселелері алда тұрды. 

Жетіру елі Тәуке ханмен келісе отырып, қазақ жерінің солтүстік батыс жағын қаптаған орыстардан, татар-башқұрттардан қорғаймыз деп, қасиетті Жайықтың басы Жамантаудан бастап, сонау Елекке дейінгі екі жағын ала орналасады. Сол кездегі Жетірудың Тәуке ханнан алған жері қазір Башқұртстан, Батыс Қазақстан, Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Челябі облыстарында. 

Осынша шұрайлы, шалғынды жерлерді Жетірудің үлесіне тигізу Жетірудің төбе биі Шеген бидің үлесінде екенінде күмән жоқ. Шеген сол замандағы ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Бұхара, Самарқаннан тәлім-тәрбие алған. Жағалбайлы тайпасының батысқа келместен бұрын, Хорезм, Самарқан маңдарында мекендегені туралы өз еңбектерінде М.Тынышбаев жазып қалдырған. Міне, осындай білімді, таза, намысшыл Шеген биі бар жағалбайлылар жаңа жерде, табиғаты тамаша Жайық, Тобыл, Суындық, Ор бойларында өмір сүруге тез-ақ үйреніп кеткен. 

Дегенмен, жағалбайлылар ХІХ ғасырдың ортасына дейін сауда орталығы Бұхара, Самарқанмен байланыстарын үзбеген. Шеген би шөберелерінің есімдері Балқожа, Аққожа атанып жүргені содан болуы керек. Шеген би атағы бүкіл қазаққа белгілі болған Кіші жүздің төбе биі Әйтекеге дейін билік құрған. 

Шеген би (Шербұға) бабамыз 80-90 жылдай өмір сүрген болуы керек. Оның өмірге келген мезгілін XVI ғасырдың аяғы не XVII ғасырдың басы деп болжам жасаймыз. Қазақтың атақты заңы «Жеті жарғыны» топтастыруда, ұйымдастыруда, текшелеуде, өмірге келтіруде алты бидің бірі Шеген бидің орны ерекше екені анық болып тұр. Осы заңның негізінде Тәуке ханның бастауымен сол алты би Билер кеңесінде жүйелеп, халықты өз уәкілдері — билер арқылы ел билеу ісіне араластырды. Бүгінгі «демократия» деген сөздің аты болмаса да заты, міне, осы XVI-XVII ғасырда қазақ жерінде, қазақ хандығында Тәуке ханның көрегендігінің арқасында, Алаштың алты биінің ақыл-ойының артықшылығының арқасында біздің қоғамға, елге, халыққа енді. Шеген бидің басқалардың қатарындағы ерекше үлесі осында жатыр. 

Тәуке заманындағы Билер кеңесінің бізде жазба түрінде қалдырған деректері жоқ. Кеңес құрылғанда болмаса одан кейін атақты билер туралы талдау жасалмаған. Біздің білетініміз — қазақ хандығының нығаюына, бекітілуіне, шекаралар көрсетіліп, жер-суды иеленулеріне аталған алты бидің еңбегінің есепсіз екені. 

Жалпы, Шеген би туралы ел аузынан естігеніміз — оның мына төрт жол айтқан сөзі: 

Елдің емі далада, 

Даланың емі балада. 

Баланың емі анада, 

Тіршілік түбі Аллада. 

Профессор Аманжол Күзембайұлы «Қостанай жаңалықтары» газетінің 2008 жылдың 26 тамызында шыққан «Қоғамға қызмет ететін әділ би» деген мақаласында былай дейді: «...Би халықтың ашық даусымен сайланған. Егер би өзінің шыншылдығы жөнінде халыққа сенімсіздік білдірсе, онда оған адамдар барып шағынуды қояды және ол би биліктен шығып қалады. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсініксіздеу мезгілде өмір сүрген. Шеген би неше түрлі сұрақтардың шешімдерін адалдықпен тауып беріп отырған. Әсіресе, жер көлемі туралы көп мәселелер шешімін тапқан. Ол кезде жайлау, қыстау, сосын мал ұстайтын қазаққа мал суару үшін өзен, көлдің жағалауын жанжал шықпайтын қылып, қылдай етіп бөліп беру керек болған. Әр руға, тайпаға бөлінген жер арада алауыздық не өкпе тудырмаған. Бұл Шеген бидің шеберлігі мен оның әркімге тартпайтын шыншылдығын көрсетеді». 

Осы ғалым «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр мәселе — шекара белгілеу мәселесімен айналысқан. Бұл іске шыншылдығымен, қайсарлығымен, қажырлылығымен кірісіп, өзінің өмірімен қоштасқан. Орыстар қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биді сатып алу мақсатында «сыйлық» деген атпен оған алтын алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген шапан, қылыш беріп, «шекараны қайта қарасын» деп уәкіл адам жіберген. Сонда Шеген би оған: «Алтынан алқа, жүзік тағатын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан жабатын сұлтан емеспін», — деп сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап көндіруге тырысқан. Көп ұстай алмайды, себебі бүкіл Алты алашқа белгілі, сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған». 

Шеген биді сол кездегі қазақ хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққаны, бірақ сүйек бұзылып кететін болғасын, басқа жерге жерленгені баяндалады. Аласапыран замандарда Шеген бидің ұрпақтары бабасының берген антын сақтап қалуға тырысқан. Мысалы, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» деген кітабының V томы 2-кітабының 34-бетінде: «...Жағалбайлы Тотай батыр — жоғарыда аты аталып кеткен Шеген бабаға (Шеген биге) «берген сертіне адал болу үшін ондаған жылдар бойы Елек-Жайық-Үй өзендерінің бойындағы, ұзындығы 2000 шақырымға жуық қазақ шекарасын қорғауға ат салысқан батыр», — делінген. 

Сонан соң қай шекара қалай қорғалғаны көрсетілген. Арасында 90 жылдай уақыт өтсе де, антқа берік қазақ батырлары сертті қасық қаны қалғанша орындауға тырысқан. Бұл Шеген бидің төртінші ұрпағы еді. 

Шеген биді қазақ хандығының бірінші заңының іргесін қалаушылардың бірі десек, оның оныншы ұрпағы, атақты заңгер, егеменді Қазақстанның алғашқы министрінің бірі Нағашыбай Шәйкенов Қазақстан Республикасының негізгі заңы — Бірінші Конституцияның негізін салушылардың алдыңғы қатарында болғанын халық жақсы біледі.

Баянғали Құлтаев — өлкетанушы, тарихшы, мемлекет қайраткері, Ақтөбе облысы бойынша Жағалбайлы шежіреші

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?