Меркіт тарихы бізге бөтен емес
24.09.2018 4681
Меркіт басшысы Тоқтай бектің Тоғыз, Құса, Құды, Жылауын, Жибұқ және Құлтұқан мерген деген алты ұлы болған екен. Олардың бәрі дерлік Он хан мен Шыңғыс ханмен болған соғыстардың кезінде қаза тапты

Шыңғыс хан империясы құрылар алдында  Орталық Азия үстіртіндегі беймаза халықтың бірі меркіттер еді. Кейбір деректерде «удуит» (удут) аталатын меркіттер төрт тайпа дейді білетіндер: ұйғыр, мудан, тудаклин және жиын, ұйғыр атауы меркіттерді көне оғыздармен жақындастыратынын хақ. 

Меркіттердің өте жауынгер ел болғанын сол заманның деректері жақсылап сипаттайды. Олар заманында керейіттермен де, моңғолдармен де аз күрескен жоқ. Рашид-ад-Дин Шыңғыс ханның жас кезінде меркіттердің қолында тұтқында болғанын жазады. Кейін ағайын-туысы қайта сатып алса керек. Мүмкін Шыңғыс ханның меркіттерге өштігінің бір себебі осы бозбала кезінде тұтқында болғаны шығар, кім біледі?

Одан кейін меркіттердің Темучиннің ауылын шауып Бөрте ханымды олжалап алып кеткен әңгімесі бар. Темучиннің әкесі Есугей баһадүр жас жігіт кезінде бір меркіттің азаматының қалыңдығын тартып алғаны белгілі. Темучиннің шешесі – сол меркіттің қалыңдығы. Меркіттер сол кекті ұмытпай жүреді екен. Рашид-ад-Дин Темучин тұтқынға түскен кезеңде меркіттер Он ханмен жақсы еді, ал оның інісі Джакамба тіпті олардың басшыларымен дос еді, сол себепті Он хан Бөрте ханымды саф таза күйінде Темучинге қайтарып берді дейді. Меркіт тайпасы жас жолбарыс Темучин таққа мінерде моңғолға қарсы күрестің кезінде Найман хандарының сенімді одақтасы болды.

Меркіт басшысы Тоқтай бектің Тоғыз, Құса, Құды, Жылауын, Жибұқ және Құлтұқан мерген деген алты ұлы болған екен. Олардың бәрі дерлік Он хан мен Шыңғыс ханмен болған соғыстардың кезінде қаза тапты. Тоқта бектің інісі Құды Қыпшақ даласына қарай қашып бара жатқанда қолға түсіп өлтірілді. Тоқта бектің кіші ұлы Құлтұқан мергеннің тағдыры туралы ерекше баяндамасақ болмайды.

Құралайды көзге атқан ғажап мерген еді дейді замандастары. Ағасы Құды сияқты Құлтұқан мерген де моңғол мен меркіттердің соңғы жойқын соғысынан кейін қыпшақ даласына қарай қашады. Мүмкін әкесі Тоқтай бек ең болмағанда осы кіші ұлым аман қалсын деп жіберді ме екен? Құлтұқан мергенді қуып оның соңынан Жошы жіберген әскери қосын қуғынға аттанды. Шыңғыс ханның тәртібі бойынша өздеріне жау болған елдердің билеуші әулеттерінің түгел көздері жойылуы керек еді. Жошының жіберген әскері Құлтұқанды ұстап әкелді. Қалай ұстағаны тарихи шежірелерде айтылмайды, бірақ Жошының Құлтұқанның мергендігінен ертеден хабардар болғанын анықтауға болады. Жошы алыстан бір белгі қойып Құлтұқанның мергендігін сынамақ болады. Меркіт ханзадасы Жошының қойған белгісіне тигізеді, онымен қоймай бірінші атқан жебесінің соңынан екінші жебе жіберіп, ол алғашқы жебенің соңынан барып тиіп, масағын қақ айырып жібереді.

Жошы хан Құлтұқанның мергендігіне риза болып меркіт ханзадасын өлімнен аман алып қалмақ ниетпен  әкесі Шыңғыс ханға осы туралы өтінішпен нөкерлерінің бірін аттандырады.

Шыңғыс хан өзінің қайтпас, қатал мінезімен Жошының өтінішін қабылдамай қойды дейді шежіре. «Меркіт тайпасынан нашар бірде-бір тайпа жоқ: біз олармен қаншама соғыстық; қаншама олардың кесірінен зардап шектік және қиындық көрдік, қалай оны тірі қалдыруға болады, ол қайтадан көтерілісті бастасын деп жібереміз бе?! Мен сендер үшін қаншама тайпалар мен уәлаяттарды алдым, әскер құрадым, бұл адамның бізге қанша қажеттілігі бар?! Мемлекеттің жауына көрден басқа жақсы жер жоқ!» деп жауап беріпті қаған хабаршыға. Осылайша Жошы Құлтұқанды өлтіруге мәжбүр болады.

Тоқтай бек сонда да күресті тоқтатпады. Батыр ұлдарынан айырылған меркіт бегі енді найманның Таян ханына келіп қосылды және Жамуха сияқты қиын уақытта қашып кетпей, соғыстың аяғына шейін майдан даласында болды. Таян хан жараланып өлген соң, Тоқтай бек өзінің селдіреп қалған қолымен найманның екінші ханы Бұйрыққа келді. Шыңғыс хан оны бұл жерде де аман қоймады, ақыры майдан даласында өлді. Тоқтай бектің інісі Құду өзінің балаларымен ағасының денесін алып жерлемекші болып еді, асығыста денесі ауыр болғандықтан көтеріп жүре алмады. Амал жоқ, Тоқтай бектің басын кесіп алып Шығыс Түркістанға қарай тартты. Бұл жерде ұйғыр идиқұты көмектесер деп еді, ол ойлары болмады. Осылайша іргелі елді билеген әулеттің соңғы өкілдері азып-тозып әр жерде жан сақтауға кірісті, көпшілігі соңынан өкшелей қуған моңғолдардан қырғын тапты.

Батысқа қарай жан сақтап қашқан меркіттер кейіннен қазақтың абақ-керей тобына қосылды. Меркіттердің үлкен қырғыннан аман қалған аздаған өкілдері Шыңғыс хан ордасында да кездеседі. Оның бір себебі, Шыңғыстың үлкен әйелдерінің бірі Құлан ханым меркіттің Тайыр Усун деген бегінің қызы еді. Шыңғыс ханның осы Құлан бикеден туған Құлқан деген ұлы болды. Ол азамат болған шағында Бату әскерінің құрамында батыс жорығына қатысып, сонда қайтыс болды делінеді.

Осы Құлан ханым ақылды әйел болғаны әр түрлі деректерде айтылады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» мұрагерлік туралы әңгімені алғаш көтеретін осы Құлан қатын дейді. Құланның бір інісі Шыңғыс ханның жеке өз басын күзететін мыңдықтың құрамында жүзбасы болғаны анық. Атақты Сартауыл еліне жорықтың кезінде, 1219-1224 жылдары Құлан бикенің Шыңғыс ханмен бірге жүргені, осы жорықтың барлық ауыртпашылығын қағанмен бірге  көтергені белгілі.

Құлан ханымның өмірінің соңғы сағаттары Ұлытау жерінде соқты. Оның қайтыс болған жерінде үлкен кесене салынған. Бүгінгі күні Сарысу мен Кеңгірдің қиыласатын жерінде, Болған ана кесенесіне таяу осы Құлан ханымның басына соғылған күмбездің орны көрінеді.