Жюль Вернді сүйсіндірген Кенесары
27.08.2018 2339
Жюль Верн деген француздың фантаст-жазушысы Кенесары хан жайлы сұмдық қызық роман жазғанын білесіз бе?! «Ол қай кітабы?» деп еске түсіре алмай тұрсыз ба? Романның қазақша аудармасы жоқ

Орысша «Михаил Строгов» немесе «Гонец царя» деп көрсетілген. Алғашқы жолдары былай басталады: «Күллі Сібірді басып алып, орыс империясын дірдектеткен татар ханы Феофан»... Феофан, ол кім? Кенесары қайда дейсіз ғой. Әу баста, жазушы кітаптың басты кейіпкерін Кенесары деп жазған. Солай баспаға жібергелі тұрғанда Францияның һәм Ресей империясының Сыртқы істер министрлері араласып, ортада орыс жазушысы Тургенев өтініп, кейіпкердің есім-сойы өзгертіледі. Бірақ Кененің образы, ерлігі қаз-қалпында жазылды.

Иә, Кенесарының азаттық үшін айқасы, жапан далада өтіп, ешкім ол жайында білген жоқ деп үйретті ғой. Өтірік екен. Кененің көтерілісін бүкіл әлем естіп, разы болғандар роман арнаған, поэма жазған. Жай, сырттай ғана сүйсініп қоймаған. Ресей империясының тепкісінен мемлекеттігінен айырылған поляк, литвалық офицерлер арнайы іздеп кеп, Кенесары жасағына қосылған да екен.

Қош, Кенесары не үшін империяға қарсы көтерілді? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын 1830 жылдарға ойша сапарлап көрейікші. Не көресіз? Солтүстіктен Ресей империясы даламызға дендей еніп, Қостанай, Ақмола, Кереку, Қызылжар секілді жерімізді тартып алып жатты. Ал оңтүстіктен қоқандықтар шауып, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт, Алматы шаһарларын иемденді. Екі ортада, бір сызық боп Арқа ғана қалды. Қазақтың өмірлік аумағы сол кезде, осыншама тарылып кетіп еді. Енді осы «өмір сызығын» да,  үзбек болғанда қазақ соңғы рет тұяқ серпіді. Серпілген тұяқтың ұшқыны – Кенесары еді!

Көтеріліс пе, соғыс па?

Кенесары қарақшылар сияқты бірден бұлғақ жасаған жоқ. Сол дәуірдің дипломатиясына сай, әуелі Ресей патшасына ресми түрде хат жазды: «Абылай атамызбен жасасқан келісімдерің бар еді. Жеріңді алмаймын, салық салмаймын деген. Бүгін сол келісімді бұзып отырсыңдар. Бейбіт ғұмыр сүруді ойласақ, даламыздағы заңсыз бекіністерді бұзыңыз» деді.

Талап орындалмады. Тиісінше, Кенесары Ресей империясына соғыс жариялады. Иә, ақырғы ханымыздың айқасы – көтеріліс емес еді. Бұл мемлекетті сақтау үшін болған үлкен соғыс. Неге дейсіз бе? Көтеріліс  дегеніміз – мемлекет азаматтарының тәртіпсіздікке баруы, бұлғақ жасауы. Ал, Кенесары Ресей империясының азаматы болды ма? Жоқ! Ол кезде қазақ елі Ресей мемлекетінің басы бүтін боданы емес еді. Көнсек, протектораттыққа яки әскери одақтас болуға көнген едік. Сосын Кенесарының хан мәртебесі болды. Яки қазақ жұртының мемлекеттігі болды деген сөз бұл. Хандық кеңес жұмыс істеп тұрды. Бұл қазіргі Үкімет сияқты ғой. Қазіргінің соты – билер алқасы болды. Салық жүйесі болды. Тұрақты әскері болды. Қысқасы, мемлекеттік жүйеге қатыстының барлығы Кенесарыда болды. Енді осындай толыққанды мемлекетке екінші бір ел баса-көктеп кірсе, көтеріліс жасай ма, соғыс аша ма?  

Серікзат Дүйсенғазы, ғалым, ақын:

Бір мемлекет екінші бір мемлекетке ешқашан көтеріліс ашпайды. Керек десеңіз, Африкада бір замандары ағылшындар Зулус дейтін жұртты жаулап алды ғой. Сол зулустар өз елін азат ету үшін қарсы шыққан кезде, тарих ол оқиғаны «ағылшын-зулус соғысы» деп атайды. Зулустардың ағылшынға қарсы көтерілісі деп атамайды. Олай болса, Кенесарының оқиғасын «қазақ жерін азат етіп, хандықты қалпына келтіру соғысы» деп бағалаған жөн.

Көтерілістің ұзақ жылдық, стратегиялық мақсаты болмайды. Исатай мен Махамбеттің бұлғағын алайық. Жәңгірді жеңген соң, ары қарай нені мұрат тұтты? Оған қарағанда Кенесарының нақты миссиясы болды!

Берік Әбдіғали, «Қасиетті Қазақстан» ұйымының жетекшісі:

Бізде көтерілістер болса, көбінде аймақтық, былайша айтқанда рулық көтерілістер болды. Белгілі бір руды аман алып қалу ғана болды. Исатай, Сырым көтерілістерінің мәні сол. Ал Кенесарының ерекшелігі, ұлттық масштабта болды. Ол мемлекеттікті сақтау үшін шайқастар жүргізді.

Кенесары қазақтың тарылып-тарылып бір сызық боп қалған өмірлік кеңістігін ұлғайта бастады. Ең әуелі Арқада қалқиып-қалқиып тұрған орыстың бекіністерін шапты. Оңтүстікте Қоқанның қорғандарын қиратты. Кенесары жасағының ең алғашқы трофейі – 1838 жылы қыркүйекте алынған Ақтау бекінісі еді.

Негізі қамал шабу оңай шаруа емес! Айналасы ор, ал қабырғалары биік болып келеді. Тіке шапсаң, босқа қырыласың. Қазақтар бұл қамалды қалай қиратты?!

Темірғали Аршыбеков, тарихшы:

Бұл бекіністі алу үшін Кенесары әжептәуір дайындалды. Мынау Ақтау тауларының ар жағында «Қорған» деген жота бар. Сол Қорған қыратының етегіне орыс қамалының макетін соғып, жауынгерлерді сол бекініске шабуыл жасауға, басып кіруге жаттықтырған.

Яғни бекіністердің макетін соғып, әскерін соған өрмелеп шығуға, қақпасын бұзуға үйреткен. Бұдан түсінеріміз, Кенесары көзсіз ерлікке бармаған. Әбден дайындалып барып, шабатын болған. Яғни «әр қазақ – жалғызым» деп, мейлінше шығын бермеуге барын салған. Бір таңқаларлығы, аумағы 2 шақырымдай болған бекініс ішінде 800 солдат болған. Ал, осы қамалға шабуыл жасаған Кенесары қолында да 800 кісі бар еді. Әлемдік соғыс тарихында болмаған жайт. Бекініп отырған жауды шабу үшін шабуылдаушы әскердің саны қорғанушыдан 3-4 есе көп болуы керек. Себебі шабуылға шыққан армия ашық даламен келеді. Жасырынатын, қалқалайтын дәнеме жоқ. Көп сарбаз, содан оққа ұрынады. Константинопольді алар кезде түрік әскері 120 мың болса, қорғанушы византиялықтардың саны 8 мыңға да жетпеген. Османлықтар бұл шаһарды 2 ай ала алмады. Себебі, қорғанушылар қамал ішінде, оларды қалқалайтын қабырға бар. Төбеден тас атып, ыстық май төгіп отыра береді.

Жә, Кенесары хан бекініп отырған, әскер саны өзімен пара-пар дұшпанды қалай жеңді? Бұл қорғанды таң-алагеуімде шауыпты. Ол кезде таңғы салқыннан шық тұрып, оқ-дәрі суланып-намданып, бірден оталмайды екен. Яғни зеңбіректер айқас уағында мылқау тұрған. Әупірімдеп жүріп оталғандары добын алысқа ата алмаған. Алайда, орыс солдатының қолындағы винтовкалар капсульді болғандықтан, таңғы шықтың еш зияны болмаған. Шабуыл кезінде қарша бораған оқтан қорғану үшін Кенесары әскерге баялдыр, қараған секілді майысқақ, бірақ берік бұталардан қалқан тоқып, соны қалқалап баруды бұйырған. Винтовкалардың оғы осы батысқан, шиеленісе тоқылған қалқандарға тіреліп қалады екен. Не керек, 3 сағатқа созылған шайқаста қазақтар бар-жоғы 10 сарбазды шығын етіп, Ақтау бекінісін құлатады.

Кенесары сарбаздары дәл осындай тәсілмен кейін Ақмола бекінісін қоршап, өртеп жіберді. Арқадағы шеп-қамалдарды қирата жүріп, Ресейдің шекарасына дейін барған кездері болған. Ресей империясы Кенесары ханның көтерілісін жанши алмай, 10 жыл жоғалтады. Тарихшылар айтып отыр. Хан Кенемен соғысқа көрші ел өзінің ІЖӨ-нің 19%-ын сарп етіпті. Яғни әскер ұстауға, орыстың деревня, станицаларын көшпенділер шабуылынан қорғау үшін, шүпірлетіп қамалдар соғу үшін қыруар қаржы жұмсалған. Бұдан бөлек соңғы ханның басына 3 мың рубль тікті. Бұл дегенің, өте көп ақша! Мысалға, Қарағанды кенішін орыс көпесі 350 рубльға сатып алған. Жә, қазіргі ақшаның құнымен шамамен 300 миллион теңгеге пара-пар.

Қазақтың оңтүстігін Қоқан бекіністерінен тазартқанымен, орыс империясымен тайталасу Хан Кенеге ауыр тиді. Шегіне-шегіне Алатаудың баурайына жетті. Осы арада, қайбір тарихшылар «Кенесары өзі жеңіліп жатып, бөтен ел – қырғызға баса-көктеп кірді» деп қате пайымдайды. Жоқ, қырғыз бөтен ел емес еді. Қасым ханның заманынан бері қазаққа қараған-ды... Хақназардың дәуірінде, бұл жұрт Ұлы жүздің құрамында болған. Абылайдың тұсында да солай еді. Сондықтан да, Кенесары ханның қырғыз жеріне баруы бөтен елге, бөтен жерге баруы емес. Кәдімгі қазақтың құрамында болған елге баруы еді. Сосын Қырғыздың билері Кенесары келгенде жолбарыс терісін жапқан сәйгүлікті сыйлап, «біз сізге бағынышты боламыз» деп Кенесарыға уәдесін айтқан еді.

Кенесары қырғыздарға неге барды?

Жоғарыда жазған сөзімізге дәлел келтірсек. Қырғыздың атақты тарихшысы Белек Солтоноев «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабында: «Тарых боюнча 1510-жылы Касымхандын кыргызды каратпаса да калканч болгону көрүнөт. 1526-жылы анын Тайыр деген баласына кыргыздын карап турганын көрдүк» деп осыны айтады. Хақназар хан тұсында қазақтың әкімшілік-территориялық басқару жүйесі құрылған уақытта қырғыз Ұлы жүздің құрамында жүргені осы кітаптан белгілі: «Тарыхка караганда XVI кылымдын аягында казактан Акназар деген кан чыгып, бир мамлекеттин сайасы жана жеринин ыңгайына карата кичи жүз, орто жүз, улуу жүз деп үч бөлгөн. Жүз термини арап сөзүндө болук деген сөз болуп, жүзи сөз жүз дегенге айланып кеткен. Демек улуу жүз — улуу жүз, орто жүз-орто жүз, кичи жүз-кичи жүз делип кетти. Ал заман да кыргыз (улуу жүз) улуу жүзгө кирген».

Қырғыз биі Көкемнің Есімханның қызметінде жүргенін Ш. Уәлиханов, Қоқым бидің Әз Тәуке хан заманында «Жеті жарғы» кеңесінде отырғанын М. Тынышпаев жазады. Бұдан шығатын қорытынды біреу: қырғыздар Қазақ хандығының құрамында, қамқорлығында болған. Оның бір дәйегі Салқам Жәңгірдің қырғызды қорғап қаза табуы, қалмақ дерегі тапжылтпайды: «Зимою года усун лу (1652 г.) Цецен-хан возратился в свои кочевья из похода на бурутов; в этом походе 17-летний Галдама лично заколол Янгир-хана, повелевавшего бурутами и киргиз-кайсаками». Бурут деп қалмақ қырғызды айтады, яғни Салқам Жәңгір қырғызды қорғаймын деп шағын қолмен аттанып кеткен болып отыр.

Қырғыз қазақ қарамағынан «қазақ қайың сауып, қырғыз Гиссар асқан» «Ақтабан шұбырындыда» шығып кетті. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай жағдай дұрысталды. Қырғын соғыстардың нәтижесінде Жоңғария «барсакелмеске» кетті, жаңа көрші Қытаймен шекараны белгіледік. Осы тұста Бадахшаннан бері құлаған қырғыз Іле мен Шу арасына таласып қазаққа маза бермеуге айналды. Көкжал Барақ жанына ерген батырларымен 1767 жылы қырғыз қолынан қаза тауып, олардың бастарынан «кәлла мұнара» тұрғызылған соң Абылай 1770 жылы Алатауға аттанды. Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша беріпті, қазақ соңынан қуып, Қарабалта, Соқылықтың асуына жеткізбей, көбін қырыпты...

Абылай Қарабалта, Соқылықтан асып шаппақшы болғанда, мұны естіген қырғыз биі Садырбала елші жіберіп «біз бір тайпа елді ақ үйліге берейік» деп ант берген...» (9-том, 121-122 бб).

Ақ үйлі аманат беру – саған бағынамыз, сенің бір жұртыңа айналамыз деген сөз. Қазақ пен қырғыздың бұл шарты Кенесары заманына дейін өз күшінде келді. Ант бұзылған жағдайда аманатқа берілген адам болса да, рулы ел болса да қырып тастайды. Кенесары орыспен он жыл соғысып соңына ерген елмен қырғыз шекарасына жақындаған уақытта бұл оқиғалар мөрі бар қағаз сияқты еді. Б. Солтоноев та «Кыргыз менен элдешип турууга киши жиберели, эгерде болбосо күч менен караталы деп, 1846-жылы эрте көктөмдө Кенесары көчүп келип Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрөгелдиге элчи жиберген» дейді. Міне, деректер осылай дейді. Бірақ, Кенесарының соңынан Вишневскийдің әскері келді. Мына жағынан қоқандықтар қысты. Генерал Вишневский орден-медалдар таратып, Қырғыз бен Ұлы жүздің билерін өздеріне қаратып алды. Қырғыздар ақыр түбінде хан Кенеге қарсы болып шықты.

Кенесары соғысы не берді?

Кенесарының он жылдық соғысы қазаққа не берді? Мұндай майдандарда шығын мол болады. Бірақ, бергені яки зияны материалдық шығынмен өлшенбеуі керек. Ол – ешбір ақшаға сатып ала алмайтын күрескерлік рухты мұра етті бізге. Сол заманда саны бізбен қарайлас якут, бурят жұрты қарсыласпаудың салдарынан жұтылды, тозды. Осындай зобалаңнан ұлтты құтқарған ханымызды біз ажалдан құтқара алмадық.

Берік Әбдіғали, «Қасиетті Қазақстан» ұйымының жетекшісі:

Кенесарының жеңілуіне біз кінәліміз. Қысылтаяң шақта қазақ тұрып бермеді. Білесіз бе? Сол уақытта, Кавказда Шәміл ғазауат жариялады. Шешен, Дағыстан жұртында да орыстан шен алып, шекпен кигендер көп болды. Бірақ, Шәміл жасыл туды көтергенде сол шенеуніктер шенін тастап, Шәмілдің айналасына жиналды. Ал бізде Хан Кене соғыс жариялағанда көп қазақ қолдамады, Абылайдың ақ туының жанынан табылмады. Кезінде қолдамай, ханымызды жалғыздықта қалдырғанымыз үшін – қазақ жұрты өзін әлі күнге кінәлі сезінетін сияқты. Аласұрып, Хан Кененің басын іздеп жүргеніміздің де себебі осында секілді. Еш болмаса, сөйтіп марқұмнан кешірім сұрағысы келетіндей...

Кәрі тарих біледі, бізде талай бай-манап та, ақын-жазушы да, ғалым мен әнші де өтті. Алайда ұлттық мүддені темірқазық ете алмағандардың бәрі – ұлт жадынан ұмытылды. Олардың өмірі де, өлімі де зая кетті. Демек, азамат үшін түпкі мақсат – туған халқыңның намысын қуу. Кетігіне кірпіш болып қалану. Басқаның бәрі баянсыз.