Әкемнің естелігі: «Отыз жетінің ойраны»
03.08.2018 1645
Әкем Қорған Әмірхамзаұлы былтырғы жылы 90 жасына келіп қайтты, ол 1927 жылы Торғай уезі Қарақоға болысының 4-ауылында туған

Бес жасында әкеден, 18 жасында анасынан жетім қалған. 1932 жылғы аштықты басынан өткеріп, 1937-1938 жылдардағы нәубәттің куәсі болған. 1941 жылғы Албарбөгет орта мектебінің 7 класын тәмамдап, кейін негізін Ы.Алтынсарин қалаған Торғай қазақ орта мектебін мерзімінен бұрын сырттай оқып (экстермен) бітірген. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек етіп, колхозда қара жұмысшы болған. Өзі «мен әке-шешемнің ыстық алақанын көрмей өскен адаммын. Мен туғаннан кейін бүкіл Қазақстанда байларды конфискелеу басталды.

1-сурет. Қорған Әмірхамзаұлы

Одан кейін қазақ халқының жартысынан астамы қырылған 1931-32 жылдардың қанды-қырғын аштығы, одан кейін 4 жылға созылған Ұлы Отан соғысы, сөйтіп, менің балалық жастық шағым аштық, жоқшылықпен өтті»  дейтін. 1948-49 жылдары Қостанай облысы Меңдіқара педагогикалық училищесінде оқыған. 1958 жылға дейін Қаратүбек орта мектебінде кітапханашы болып жұмыс істеген. 1958 жылдардан бастап Қызбел, Еңбек, Южный, Ақкөл кеңшарлары аумағындағы сауда мекемелерінде сатушы, қоймашы, меңгеруші болып жұмыс атқарған. Кейін Еңбек совхозы машина, трактор шеберханасының есепшісі, «нормировщик», директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметтерінде болып, 1987 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ұзақ уақыт Еңбек кеңшары жолдастық сотының төрағасы болған. Ел аузынан ертеде өткен билердің шешендік сөздерін қазақ ру-тайпаларының шежіресін жазып алып отырған. 1960 жылдардан бастап мерзімді баспасөз беттерінде кең тақырыптарды қамтыған мақалалары ұдайы жарық көріп тұрған. Өздігінен көп оқып, ізденіп, орыс тілінде де мақалалар жазған. Суырып салма ақындық қасиеттерден де құралақан болмаған. Ілияс Есенберлиннің сөзін мысалға алып, «Мен 1927 жылы тудым, 1882 жылы дүниеге келген әкемнің аға-інілерінің сөзін тыңдадым, олар үлкендерден естігендерін құлақтарына құйып алып, бізге жеткізетін. Сөйтіп, бір ғасырды көзбен көріп,  екінші ғасырды  көргендердің сөзін естідік. Екі ғасырдың дерегі деген осы» деп отыратын.

Енді, әкемнің Сталиндік зұлматтың құрбаны болған қарапайым адамдар туралы естелігінен үзінді келтіре кетейін:

«Бүкіл елімізде сауатсыздыққа қарсы күрес жүріп жатқан кез. Шешелеріміз «Саужай» деп аталатын мектепте оқиды. Сабақ латын әрпінің негізінде жүргізіледі. Ғұмырында мектепті көрмеген шешелеріміз әріптердің атауын ұмытып қалып, «шотаяқ, тырнауыш, айыр, домалақ» деп айдар тағып алады. Алды 50-ден, арты 30-40-тан асқан адамға оқу оңай болып па? Әйтеуір бір әурешілік. Біздің кезімізде мектепке 7-8 жасында баратын балалар сирек кездеседі. 1931-1932 жылдардың аштық трагедиясы талай балғындардың өмірін қиып кетті. Одан кейін іле мектептер ашуға үкіметтің шамасы келмеді. Мектепте оқитын балалардың алды 16-17 жасар, арты 9-10-ға келгендер. Аштық пен жоқшылықтың ащы дәмін ерте тартқан біздердің ол кезде өмірге, оқуға деген құштарлығымызда шек жоқ еді.

Жасымыздан тағдырдың тақсіретін бастан өткізген біздің қатарларымыз ерте есейді. Білімнің нәріне сусындап, өмір ағымына ерте араластық. Қазіргі аға ұрпақ өкілдерінің бәрі де осылай өсіп-жетілді, білім алды, жұмыс істеді. Сөйтіп, өмірдегі еңбекке деген ләззатын таба білді. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде 17-18-ге толмаған жастар, өздері тіленіп, майданға кетіп, Отанын қорғады. Жасы жетпегендер тылда «Бәрі майдан үшін! Бәрі жеңіс үшін!» деп жан аямай еңбек етті.

2-сурет. Қазақ балалары

1937 жылдың 12 желтоқсанында бірінші рет КСРО Жоғары Кеңесінің сайлауы өтті. Қазіргі Еңбек совхозының аумағында ол кезде бір жылдық бір бастауыш мектеп болды. Елде сауатты адамның мүлде жоқ кезі, менің бастауыш мектептің 4 класында оқитын кезім. Мектептердегі әр түрлі үйірмелерге белсене қатысамын, үздік оқушылардың бірімін.

Сайлауға әзірлік бүкіл халықтық іс болып жарияланды да, мектеп мұғалімдері мен озат оқушылардан сайлау материалдарын халыққа түсіндіру үшін үгітшілер тобы құрылды. Сол үгітшінің бірі – мен. Мектепте, сайлау учаскесінде концерттер қоямыз, 5-10 үйден бөліп алып, оларға сайлау ережелері мен депутаттардың өмірбаяндарын үйретеміз. «Ұлы көсем» Сталинді, оның нарком Ежов сияқты серіктерін мақтап, даусымыз қарлыққанша өлеңдер оқып, тақпақ айтамыз:

     Олай жазсам ұнай ма?

     Бұлай жазсам ұнай ма?

     Теңеп айтсам қайтеді,

     Көсемімді күн, айға?!

    

       Күн менен ай дегенің,

     Жоғары тұрған бір айна.

     Айна қайдан тең болсын?

     Көсемге біткен шырайға!

    

    Туған айдай дер едім,

     Түнде бар да, күндіз жоқ.

     Жанған күндей дер едім,

     Күндіз бар да, түнде жоқ! – деп әлемнің төрт бұрышынан, аспан мен жерден Сталинге, оның «данышпан» ақылына, әділдігіне тең келерлік ештеңе таба алмай, алысқа шауып, көмбеге жақындаған бәйге атындай танаурап, қара терге түскен жүйріктей зарығып, 90-дағы Жамбылдан бастап 11-12 жасар бала біздерге дейін «тең таба алмай» шалдығып жүрген шақ. Сайлау уақыты жақындап қалды, әрбір үгітшінің қарамағында 10 шақты үйден сайлаушыларымыз бар. Соларға сайлаудың ережесі мен депутаттардың өмірбаяндарын дауыстап оқып береміз. Үгітіміздің қаншалықты нәтиже бергенін білу үшін 1-2 күннен кейін әрбір сайлаушылардан пысықтап қайта сұраймыз. Ол кезде біз Қостанай облысына қараймыз (айта кететін бір жайт, Торғай ауданы 1936 жылға дейін Ақтөбе облысына бағынышты болып келді, ал 1937 жылдан бастап Торғай ауданын Қостанай облысына қаратты). Облыс бойынша Одақ және Ұлттар Кеңесіне Қостанай облысынан 2 депутат түсті. Оның бірі – сол кездегі Қостанай облысының бірінші хатшысы Петр Григорьевич Богданов деген кісі, екіншісі – Хасен Қарасаев деген азамат. Жер-жерлерде олардың өмірбаяндары басылған, ерекше әсем жазылған плакаттар ілулі тұрады. Газеттерде оларды мақтаған: «Халықтың қалаулы ұлдарына бір кісідей дауыс берейік! Сайлауға бәрің де толық қатысыңыздар!» – деген ұрандар анадайдан көз тартады. Ақындар депутаттарды мақтап, өлең де жазып үлгерді, арада өткен 60 жыл аз ғұмыр емес, өмір ұмыттырып та тастапты.

Халықтың дені сауатсыз, оның сыртында ғұмырында орыстың фамилиясын естімеген қазаққа, әсіресе, Богдановтың аты мен әкесінің атын жаттау қияметтің үлкені. Байғұстардың тілі де келмейді, оған қарап жататын уақыт жоқ, сайлау күні жақындап қалды. Бізге, үгітшілерге тапсырма: қарамағымыздағы сайлаушыларға депутаттың өмірі мен сайлау ережесін толық үйретіп шығаруымыз керек. Богдановқа келгенде өте қиналатын адамның бірі –Қотыр есімді ағамыз. Өмірі ешқайда шықпаған, малдан басқа ештеңе көрмеген, түрі ажарсыз, бетін қорасан дағы басқан, бұжыр, тапалтақ кісі еді. Осындай белгілеріне қарап жеңгелері атын «Қотыр» деп атап кетіпті. Ал шын атын Отан соғысына қатынасып, 12 мүшесі аман елге келгеннен кейін ғана білдік, есімі Әбдірахман екен. Міне, ағамызға сайлау ережелерін, депутаттардың аты-жөнін көбірек түсіндіреміз. Ақыл-есі кемістеу адам біздің айтқанымызды ұға бермейді. Бір айтқаныңды табанда ұмытып қала береді. Әсіресе, Богдановтың аты мен әкесінің атын атау бір қиямет-қайым.

– Қотыр аға, депутат Богдановтың аты мен әкесінің аты кім? – деп сұраймыз. «Ұмытып қалдым» деп басын шайқайды. «Жазған құлда жазық жоқ», Богдановтың аты мен әкесінің атын қайта-қайта айтып түсіндіреміз, «уһ» деп демімізді алып, ағамыздан қайта сұраймыз.

– Ал, аға, енді айта ғой, есіңе түсті ме? – деп сұраймыз. Ағамыз көп ойланады, ақырында үлкен бір жүктен құтылғандай, кеудесін кере дем алып:

– Иә, білдім, ол кісінің аты Петр күлдір көмеш қой, – дейді. Қотырдың сөзіне күлейін десең, үкіметтен қорқасың, күлмейін десең, ол байғұстың тілі келмейді. Депутаттың атын мазақ қылдың деп біреу-міреу НКВД-ға жеткізсе, келесі күні иманыңды айта бер. Сен жассың ба, кәрісің бе, НКВД жендеттері алады да кетеді. Жан, шіркін, тәтті! Ол кезде депутаттардың, «Ұлы көсем» Сталиннің суреті бар газеттерді жыртуға, оқушыларға кітап қылып қаптауға да қатаң тыйым салынған уақыт. Көрші колхоздан қартаң, бір момын шаруа адам Сталиннің суреті басылған газетті байқамай басып кетеді.

– Сен ұлы көсеміміз Сталинді аяғыңа бастың, – деп келесі күні әлгі бейшараны НКВД баскесерлері алып кетіпті, содан із-түзсіз жоқ.

3-сурет. Сталиннің соңғы фотосы

Бір ауылда шалдыр-шатпақ 1-2 ауыз өлең шығаратын «ақынсымақ» жігіт болады. Соның бір қылжақбас құрдасы жаңағы ақын досына:

– Сен ақынсың, Үкіметті, Сталинді мақтап 1-2 ауыз өлең шығаршы, – дейді. Ештеңеден хабары жоқ, жаңағы аңқау ақын өлеңнің ұйқасқан, ұйқаспағанына қарамай, әуелі Николай патшаны жамандап, артынан Кеңес үкіметін мақтайды ғой. Сондағы өлеңі мынау болса керек:

     Атаңа нәлет, Николай,

     Қант пен шайды ішкізді.

     Етіме көйлек кигізді,

     Айналайын, Советім,

     Арқамды битке жегізді,

     Көрмегенді көргізді... – деп тақпақтай жөнеліпті. Арада бір күн өткенде ауылдың милициясы «үкіметтің жауы» деп ауданға түрмеге апарып тастапты. Содан хабарсыз ол да кетіпті. Не деген қатігездік, не деген қиямет заман! Осыларды естігенде бала жүрек қан жылап, бір алапат қорқыныштың айдаһардай аузын ашып, жақындап келе жатқанын сезгендей болатынсың. Сонымен, не керек, көптен күткен сайлау да өтті. Сайлау өтіп болмай жатып қырағы нарком Ежов бастаған НКВД жендеттері халықтың қалаулы ұлдары деп күні кеше ғана дауыс берген депутаттар: П.Г.Богдановты, Х.Қарасаевтарды бір күнде «ойбай, олар халық жаулары, Жапонияның шпиондары» екен деп ұстап та үлгерді. Азғантай уақыттың ішінде дүние астан-кестен бір заман болды. Әкені баладан, баланы әкеден бездірді. Ол кездерде бүкіл аудан көлемінде не болып жатқанын білуге менің, жас баланың өресі жетпеді. Тек қана 30-40 үйлі «Қарабидайық» деп аталатын шағын колхоздан 1-2 айдың ішінде Нұрманның Айсасын, Өмірбектің Бәйтенін, Иманқұлдың Есенейін, Міржақыптың Нұрбайын, Түсіпназарды, т.б көптеген елдің маңдайына біткен арыстарын ұстап әкетті.