Тайтөбе – Ер Қосай мен Қобыландының жекпе-жегі өткен жер
15.05.2018 2379
Тайтөбе Есіл мен Нұра арасындағы жадағай, жайлы өлкеде орналасқан жалғыз биік төбе. Нұра өзені Тайтөбені шығыстан айналып өтеді де содан әрі Қорғалжын қопасына қарай бағыт алады

Тайтөбе Нұра өзеніне бір жағынан кіріккен түбек сияқты. Тайтөбені тек  батысынан, яғни қазіргі Астана жағынан ғана ашық табиғи бекініс деуге келеді. Тайтөбе ұзақ уақыт қорғануға ыңғайлы, оның үстіне адамы да, малы да судан, азықтан тарықпайтын Нұраның бойында.

Осы Тайтөбенің басында  «Ақ  мола» атап кеткен ортағасырлық кесене орналасқаны бәрімізге белгілі. Зерттеулерге қарағанда «мола» атауы антика дәуірінің тарихшыларының, мысалы Прокопидің еңбектерінде «қамал» мағынасында қолданылады. Тайтөбенің басында сақ дәуірінің қорғандары бар, сонымен бірге 8х8 метр қарауыл мұнара мен үлкен архитектуралық құрылыстың іргетасы сақталған.  Міне, осы іргетас Аұқмоладан қалған жалғыз белгі. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш ізі жоқ, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде тастан қаланған шошақ құрылыс болған. Әрине бір мың жылдан аса аяқ асты болып жатқан ескерткіштер тозады.

Енді негізгі әңгіменің өзегіне қайтып келейік. Бұл ғажайып әңгімеге әлі де ғылыми тәпсір керек, дегенмен. Тай төбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін қуған Ер Қосай батыр мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын-соңды көрмеген жекпе-жек болды дейді Г.Н.Потанин жазып алған қазақтың батырлық ертегілері: «Оказалось, что преиехал Ир-Косай, сын богатыря Ир-Гокше, которого убил Кобланды. Таласпай и Кобланды вышли навстречу, поднялись на Тай-тюбе. Ир-Косай звал Кобланды на поединок; взяв белую саблю, вышел навстречу противнику, Кобланды тоже ывышел на поединок...Ир-Косай вонзил пику в сердце Кобланды, поднял его вверх на пике над своей головой ...»  (Г.Н.Потанин. Таласпай мерген. Ир-Гокше и его сын Ир-Госай//Избранные сочинения в 3-х томах. т.3. Труды по истории, этнографии и фольклору. Павлодар, 2005. с.334-349). 

Осыған байланысты Шоқан Уәлиханов та «Между киргизами (казахами-Ж.А.) мне известны еще два джира, один называется «Эркокче-Эркосай». В нем опсиываются подвиги витязя из рода уваков, Эркокче, и сына его Эркосая в войне против сильного кипчакского племени. Эта рапсодия не имеет исторического интереса, самые имена витязей, в ней действующих, совершенно нам не знакомы, между тем, стихи чрезвычайно сильны и звучны» деп жырлардың поэтикасы жөнінде өте жақсы бағасын береді, ал тарихи тұрғыдан белгілі бір уақыт межесіне келтіруге қиналады (Валиханов Ч.Ч. Собрание соч. В 5 томах. т.1, Алма-Ата,1984, с.280). Ә.Х.Марғұлан  Шоқан жазбаларына түсініктеме бере келіп Ер Көкше мен Ер Қосай аттарының қазаққа танымал екендігін айтады: «самые популярные богатыри, воспетые в казахском народном эпосе. Казахи рода уак, населяющие Ишимскую  степь, до сих пор считают Ер Кокче своим родоначальником»   (с.369).

Бұл жерде екі ғалым да дұрыс. Біріншіден Шоқан уақ тайпасының аталары болып келетін Ер Көкше мен Ер Қосайды  белгілі  тарихи кезеңдермен, аты шулы тарихи оқиғалармен байланыстыра алмағандықтан осылай жазып отыр. Мысалы Едігеден басталатын «Ноғайлының қырық батыры» циклы Алтын Орда кезеңіне тамаша келеді және жазба деректердегі бар оқиғаларды ашып көрсетуге дерек есебін де қызмет жасай алады.  Ал «Ер Көкше» мен «Ер Қосай»  уақ тайпасының аталары болғанымен, бұл аталған батырлық жыр нұсқаларының мазмұны тарихи дәуірдегі оқиғалатым ерте дәуірдің сарқыты болғандықтан тарихи интерпретацияға келе қоймайды.

«Көкше батыр» жыры Мұрын жыраудың мұрасында бар. «Қырымның қырық батыры» циклында «Жеке батырлар» деп шартты түрде бөлінген жырлардың ішінде Көкше батыр ерекше аталады. Бірақ жырдың мазмұны да, қаһармандары да ноғайлы циклына күшпен енгізілгенін анық көрсетіп тұр. Бұл жерде қазақ жыршылыраның өзіне белгілі жырлардың бәрін бір жүйеге топтастыру әрекеті айқын білінеді. Жырда Көкшенің маңына ноғайлының тарихи батырлары –Орақ, Жаңбыршыұлы Телағыс, Айсаның ұлы Ахмет т.б. көреміз, бірақ олардың бәрі де Көкшені нақты тарихи тұлға деп қарастыруға мүмкіндік бермейді. Мұрын жырау жырлаған «Көкшенің ұлы Ер Қосай» жырында мифтік сарындар көп, белгілі дәрежеде негізгі жыр нұсқасы жыршыға әсер еткені анық ( Батырлар жыры. 6 том (Мұрын жыраудан жазылған мұралар// Қазақ халық әдебиеті. Алматы, 1990. 103-113, 114-134). Дегенмен осы екі жырдың ноғайлы өлкесінде  Батыс Қазақстан жерінде қайта жырлануы терең зертеушілік ізденісті қажет етеді, бұл жерде Ер Көкше мен Ер Қосай туралы жыр-аңыздардың ертеден қазақ даласына кең жайылғандығы, екнішіден бұл жырлардың негізгі оқиғаларының ортасында жүрген тайпалардың Шығыстан Батысқа халықтардың ұлы қоныс аударуы кезеңінде жыр қаһармандарын  алып баруы  зерттеушіні қызықтыруға тиісті.

Уақ тайпасының қазақ құрамындағы ірі қауым екенін зерттеушлердің бәрі де атап өтеді. Г.Н.Потанин «Очерктерінде» «Уак –значительное киргизское поколение, отделения которого встречаются на Иртыше ниже Семипалатинска и в степях к юго-западу от Тарбагатая. У последних встречаются роды: Марк-уак, Чег-уак (или Чока –уак), Джельбегей» дейді (вып.ІІ. Прим. С.40).

Осы орайда біз Ә.Марғұланның уақ тарихын оңгіттермен байланыстыратын  концепциясын әлі де тереңдете түсуі керек деп есептейміз. Бір жағынан Қытай қорғанын қорғаған жауынгер оңгіттермен уақты байланыстыру қисынды болғанымен, оның қалайша уақ атанып кеткенін дәлелдеу оңай емес. Оның үстіне қазақ этносының құрамында әлі күнге дейін «Оңажіт» тайпасы бар, олар сол оңгіттермен байланысы жоқ деп кім айта алады ? Егер оңажіт  тайпасының өзінің түбірлі атауын сақтаса, онда уақтар неге сақтай аламады ? Біздің ойымызша уақ тайпасының түп тамырын қазақтың ауыз әдебиетінен іздеу керек.

         Қазақ шежіресінде Уақтан Қамбар, одан Ер Көкше болып келеді, яғни Қамбар батыр  уақ аталатын елдің арғы бабасы.  Ал енді Уақтың әкесі Жаубасар еді деген әңгіме  уақты Орта жүздің өзге ірі тайпаларымен, соның ішінде кереймен туыстыру үшін қолданылатын  генеалогия жасақтаудың амалдарының бірі. Біздің пікірімізше Қамбар батыр жыры әуелде тарихи-генеалогиялық аңыз түрінде тарап, кейін келе эпикалық жырға  ауысқан ғұн дәуіріне дейінгі оқиғалардың көрінісі.

          Шәкір Ыбыраев «Эпос әлемі» монографиясына  Ер Көкше т.б. бірнеше эпикалық дастандардың тарихи негізін талдай отырып былай деп жазады: «Ноғайлы дәуірінде (яғни Алтын Орда-Ж.А.) өтіпті дейтін «Ер Көкше» (В.Радлов нұсқасы)... сияқты жырлардың жекелеген белгілері ғана емес, бас-аяғын тұтас алғанда олардың мифтік, ертегілік сипаты басым. ..В.Радлов жариялаған «Ер Көкше» жырында «он сан ноғай бүлгенде, Ормамбет хан өлгенде» ғұмыр кешкен батырдың ерлік оқиғалары баяндалады. Әкесі жауда өлген Ер Қосай жолда жайдың тасын алып жаңбыр жаудырады. Жеті қабат темір үйді бұзып, ішіндегі «тоқсан бөлек қарыны бар» Сары бала мен «аяғында темірден шідері бар, темірден ноқтасы бар» күрең арғымақты өлтіреді. Сөйтсе де Темірбай алыптың найзаынан Қосай мерт болады. Алайда тұлпардың ақылымен Бота қыз Қосайды тірілтіп алады. «Атса мылтық, шапса қылыш өтпейтін», «сырты болат, іші құрыш» Темірбай алыпты Қосай түсіне енген әкесінің ақылымен түнде алыптың «мойнына шайтан үймелеп жатқанда» өлтіреді. Бойындағы найзаның сынығын жетпіс арбаға жүк болған көмірді жағып, үстіне отырып темірді балқытып түсіреді. Барлық уақытта батырдың ақылшысы да, жәрдемшісі де, болашақты болжайтын да оның тұлпары.

         Жалпы алғанда Ер Көкше байырғы батырлық ертегінің қаһарманы, ол эпосқа кейнірек кейіпкер болған» деп жазады (Шәкір Ыбыраев. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. Алматы,1993. с.162).

         Біз де осы жорамалға қосламыз. «Ер Көкше», «Ер Қосай» тым ерте дәуірдің ескерткіштері. Оған тағы бір дәлел қырғыздың атақты батырлық эпопеясы «Манас» жырында Ер Көкше атының  тұрақты түрде және шешуші сәттерде кездесуі.

«Манас» жырын терең талдаған Ә.Марғұлан «Ер Көкше Айдарханның баласы, өзі найман елінен, қоныстайтын жері Ертіс бойы, жайлауы Ақ –Қияс» дейді (Ежелгі жыр, аңыздар, 104 б.). Екінші бір деректерде Ер Көкшенің әйелі Ақ Еркеш найман елінен, яғни уақ ішіндегі Ергенекті аталатын аталардың түп тегі найман еді, бірақ шешесіне еріп уақ ішіне келді деген әңгімелерің астарында да қисын бар.

«Манас» жырындағы Ер Көкше мен Ер Қосайдың сәтті сомдалған бейнелерін саралай отыра Ә.Х.Марғұлан «Ер Көкше мен Ер Қосайдан тарайтын уақ тайпасына кіретін рулар: Сары-Бағыс, Сарман, Сарша, Шоға, Бидалы, Жансары, Бейімбет, Мұнда айтылған рулардың көпшілігі қырғызда да бар. Оның үстіне бұл тізімдегі Бейімбет «Манас жырындағы геройлардың бірі (Таз Бейімбет). Қырық шораның кішісі саналады. Уақ тайпасындағы сарыбағыс пен қырғыздардың сары бағышы ту баста бір ел болуы керек. Бұл шындықтар қырғыз бен керей, найман жұрттары бір арнадан шығып, бірге тіршілік жасап, сыртқы жауға бірге қарсы тұрған елдер екенін көрсетеді» дейді (104-105 бб.).

Шын мәнінде менің ойымша қырғыз бен найман арасындағы қарым –қатынас оғыздардың үстемдік еткен дәуірін еске түсіреді. Наймандар оғыздардың шығыс тармақтарының бірі екені «сегіз оғыз» атауының моңғол тілінде «найман» болып аударылатыны да көрсетеді. Осы  жағдайға қарасақ уақтар ерте заманда наймандар мен қырғыздар арасындағы буферлі қауымдардан тараса керек.

Біз Ер Көкше туралы ертегілік аңыздар мен жырлар Ғұн дәуірінің «ел көшіп, Есіл кері  аққан»  аласыпыран уақытын көрсетеді деп есептейміз. Бұған ұтымды дәлелдердің бірі «Ер Көкше» жырында негізгі мазмұнға кіріп тұрған «Арғынның Ақсары биі»: «Сонан соң жұртына кетті. Қосай Арғынның Ақсары биінің балаларына айтты: «Ертеңі менің көшім өтер-дүр, малдарына ие болмай қалмаңдар». Сөйтіп жүріп кетті, қолына келді. Судың арғы жиегіне қонды, ертеңіне малын айдады. Арғынның Ақсары биінің ауылын бастыра айдады...Ақсары бидің алты баласы алтауы алты тайға мініп, жайдақ шаңның ішінде қалды. Алтауы айтты: «Қосай мырзаға айтыңыз ! Малымызды бөліп алайық, тоқтасын,-деді. Оған тоқтамаймын» дейді. Қойындай қойын бөліп тастады, сиырындай сиырын бөліп тастады, жүріп үйіне келді» (Радлов В.В. Образцы ч.ІІІ, с.112).  Бұл жерде екі арада жаугершілік жоқ, көрші аталардың бір-біріне назы, құдалығы бар. Бірақ әңгіме  контексінен Арғын Ақсары бидің елінің саны да, малы да көп екені көрінеді. Арғындардың Ер Көкше мен Ер Қосайды менсінбеуі де заңды, ал Ер Қосайдың ерегесіп жаугершілікте қолына түскен малды Ақсары биің ауылын бастыра айдауы да қазақтағы көрші ағайынды елдің бір-біріне қыр көрсетуі дегеніне келеді.

         Тағы бір көңіл аударытын мәселе «Манас» жырында Ер Көкше малы мыңғырған бай, жері мол, ешкімге де бағына қоймайтын   елдің көсемі. Жалпы Манстың соңынан ерген қырық шора  (Әлмәмбет, Ер Көкше, Ер Қосай, Әжібай, Ер Төстік, Ер Үрбі, Бақай т.б.) бір-біріне бағына қоймайды. Олардың басы тек жаугершілік кезінде ғана қосылады. Манас та ара –тұра оларды асқа жинап, риза қылып сый беріп отырады, шешімі қиын мәселелерді солармен ақылдасып қана шешеді. Ал енді асқа уақытында шақырылмаған шоралар өкпелеп өзінің елін алып кетіп қалады. Олар көп мәселелерді өз ара келісіп, одақтасып та атқара береді. «Манас» жырында «Қабылан туған Әлмәмбет, Қараханның ботасы» дейтін ірі шоралардың бірі Әлмәмбет өзінің орда құрған Бейжін қаласын қайтармақ болып көмек сұрап Ер Көкшеге келеді.

Елім бір тілім алмады, досым,

Жұртым бір тілім алмады, досым,

Ханым бір тілім алмады, досым,

Қалың найман көп жұртым,- деп келген Әлмәмбет Ер Көкшенің елінде біраз тұрады. Осы уқытта ол өзін бірнеше рет танытады:

Көкшенің жабығын май қылды,

Жабы жұртын бай қылды.

Тоймағанын тойғызды,

Келінге кете байлатты,

Кемпірге құйрық шайнатты.

Осыдан кейін ғана Ер Көкшенің қолдауымен ерлердің жиынында Әлмәмбетті қолдап Бейжінге қарсы ұлы жорық туралы мәселе талқыға түседі.

«Манас» жырында Қосайдың бірнеше ерлік ісі көрсетілген «олардың бәрі де ту баста тарихи шындықтан шыққан болуы керек» деп жорамал айтады Ә.Х.Марғұлан (Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр, аңыздар». Алматы,1985, -102 б.).

Зерттеушілер Қосайдың аты шығуын  Қазылықтың бойындағы ерлігінен бастайды. «Қазылық» деп  қазақ ауыз әдебиетінде Түндік өзенінің екі жағындағы Сарыарқаның Қарқаралы, Баян сияқты тауларын айтады. Осы жерде жас Қосай  дәу аш бөрімен ажлғыз алысып, оны жеңіп, ел-жұртынан алғыс алады. Екінші рет ол Кеген өзенінің бойында елге жау тигенде ерлік көрсетеді. Үшінші рет атақты Ер Жаңғар ұлы Белерек тау елінде Мес қараның қолында тұтқын болып отырғанда, оны босатумен даңқы шығады. Сол ерліктердің бәрінен де өткен ірі ерлік Қосайдың Бейжін қаласын жаудан құтқарып атағы жайылғаны. Зертеушілер Бейжін қаласын Бесбалық деп те айтады. Бұл жерде Бесбалық болатын болса ол Шығыс Түркістандағы қазіргі заманда Қашқария аталатын қалалар шоғыры, ал Бейжіннің өзі болса қазіргі орыс тіліндегі әдебиетте Пекин атап жүрген қала.

Сонымен Тайтөбе ғұн және көне түрік замандарында-ақ  қарауыл төбе қызметін атқарған стратегиялық биік. Көне түркі дәуірінде «тай бегі» (қарауыл басы), «тай білге тұтық» (қарауыл салығын жинаушы) деген мемлекеттік лауазымдар болған (Древнетюркский словарь. Л.,1969. с.527). Бұл стратегиялық биіктің оғызды ығыстырып күшейіп келе жатқан қыпшақ үшін де, осы жерді ертеден жайлап қалған уақ батырлары үшін де маңызды болуы сөзсіз.

Тайтөбе  Есіл мен Нұра  аралығындағы елдің қадым заманнан бастап  ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі. Тайтөбе тарихи-мәдени қорық болуға лайық  орын, сол себептен ауыл, аудан, қала басшылары осы бір қасиетті төбені сақтауға, көркейтуге басты назар аударулары керек деген пікірдеміз.