Ноғайдың дәуірлеуі мен күйреуі
04.05.2018 2105
Осыдан 720 жыл бұрын (1298 ж.) беклербек (Бектердің бегі) Ноғай Алтын Орда ханы Тоқтыға қарсы шықты

Тәуелсіздігін алған Алтын Орданың алғашқы ханы Мөңке Темірдің тұсында Ноғай ханның ықпалы өсе бастайды. Мөңке Темір оны беклербек етіп тағайындайды. Іс жүзінде Ноғай Алтын Орданың оң қанатының билеушісі болды. Жошы ханның жетінші ұлы Бувалдың немересі болғандықтан, ол Жошы тұқымына жатады.

1271 жылы Ноғай Берке ханның ықпалымен ислам дінін қабылдап, Иса деген мұсылман есімі беріледі. 1282 жылы Мөңке Темір қайтыс болғаннан кейін Жошы ұрпағының ішіндегі үлкені – ағасы Ноғай болады, оған осы әулеттің барлық өкілдері құлақ асу керек еді. Хан билігі оның інісі Туда Мөңкеге ауысты. Ноғайдың арқасында таққа отырған Туда Мөңке әлсіз билеуші болды. Жаңа билеушіге қатысты Ноғайдың өз жоспары болатын, ол Туда Мөңкенің саясатына ықпал ете отырып, өз күшін нығайтып, арттыра берді.

Мөңке Темірдің мұрагері 1283 жылы ислам дінін қабылдап, сопылық ілімнің ізбасары болды. Бұл египеттік ақсүйектермен жақсы қарым-қатынас орнатуға себепші болды. 1284 жылдың наурызында Египет сұлтаны Алтын Ордаға елшілік аттандырды, олар жаңа билеушіге сый-сияпат пен сұлтанның атынан құттықтауын жеткізді. Ал, Алтын Ордада мешіт салу үшін 1287 жылы Каирдан мамандар келеді.

Туда Мөңке билігі кезінде Алтын Орданы біртіндеп исламдандыру процесі жүрді. Алтын Орданы басқару ісіндегі Туда Мөңке рөлінің мардымсыз болуына байланысты, орталықтың билігі әлсіреп, Оң және Сол қанаттардың билігі күшейе түсті. Ноғай хан дінін ауыстырып, мұсылман болды, бірақ ол басқа дін өкілдеріне толерантты, ашық қарым-қатынаста болды.

1273 жылы ол Византия империясының билеушісі Михаил Палеологтың қызы  Ефросиньяға үйленеді. Ефросинья правословиелік христиан дінін ұстанатын. Бұл неке Ноғайды еуропалық монархтарға бір табан жақындата түсіп, оның беделін күшейтті. Өз кезегінде, бұлғарлармен қақтығыста Ноғай 30 мың әскерді басқарып Византия билеушісіне дер кезінде көмекке келіп, Михаилдің одақтасына айналады.

Туда Мөңке мықты саяси көшбасшы болған жоқ, ол көп уақытын тіршілік күйбеңінен аулақта, ораза тұтып өткізуге тырысатын. 1287 жылы Төле Бұқа басқарған іні-жиендері оны хандық тақтан құлатады. Төле Бұқа мен оның ағасы Қоншақ және Мөңке Темірдің балалары: Алғу мен Тоғрыл төртеуі бірден билеуші болады.

1288 жылы Ноғай хан елхан Арғынға қарсы соғыс ашты. Содан соң өз әскерімен Венгрия, Польшамен соғысуға Батысқа аттанған Төле Бұқаның әскеріне келіп қосылады. Сәтті жорықтан кейін Ноғай Төле Бұқаның әскерінен бөлініп шығып, Дунай өзені бойындағы өз иелігіне аттанады.  

Жат жерлермен таныс емес Төле Бұқа тау алаптары арқылы ұзақ жол жүреді. Әскерді індет пен аштық жайлап, 100 мыңға жуық адам қаза болады. Төле Бұқа өзінің барлық сәтсіздіктеріне, өзін таныс емес жерде қалдырып кеткендіктен Ноғай кінәлі деп шешеді.

Төле Бұқа қолдайтын орыс халқына Ноғайдың шабуыл жасауы олардың арасындағы жікті ұлғайта түсті. Бірақ, қарсыласының қуатын білгендіктен, олардың ешқайсысы да батыл шабуылға бара алмады. Бұл кезде Алғудың туған ағасы Тоқты Алтын Орда ханы бұған қарсы жасауы мүмкін қастандықтан қорқып, өзінің туысы Балықшыға қашып барып, соны паналады. Олар екеуі Төле Бұқаға қарсы Ноғаймен одақ құрады.

Шайқасқа қатыспас үшін Ноғай хан ауру болғансып, айла жасайды. Төле Бұқа елшілері арқылы ауру туралы естиді. Ол бауырларымен бірге бұрынғы одақтасының халін сұрамақшы болып келеді. Көп ұзамай Тоқты да келеді де, мықтап қаруланбай келген Төле Бұқа мен бауырларын өлтіруге бұйрық береді. Осы оқиғадан соң 1291 жылы Тоқты Алтын Орданың ханы болып сайланады.

Бастапқыда Ноғай жаңа ханды қолдап, тіпті өзінің қызы Қабақты да оған күйеуге береді. Бірақ 1294 жылдан бастап олардың арасында алауыздық туындай бастайды.  Ноғай хан өркөкірек адам болатын, ол өзін ханмен тең көргісі келетін. Ол Тоқтының және өзінің аты жазылған Жошы Ұлысының монетасын соғып шығара бастайды. Осылайша, ол өзінің мәртебесін Алтын Орда ханының дәрежесіне теңестірді.

Екі билеушінің әскері арасында текетірес басталып кетеді. Қол астындағылар екі жақтың бірін қабылдап, екі күшке анық меже қоя бастайды. Ноғай мен Тоқты арасындағы басты шайқас Дон өзені мен қазіргі Новочеркасск аймағындағы Жошы Ұлысының Батыс қанаты иелігінің шекарасы мен оның орталығында 1297 (1298) жылы болды.   

Шайқасқа 350 мыңға жуық адам қатысты. Тоқтының әскері күйрей жеңіледі, бірақ ол өзі қашып үлгереді. Бай олжаны қанағат тұтқан Ноғай оны өкшелей қумайды. Алайда, табысына мастанған Ноғайдың көзін біртіндеп шел қаптай бастайды. Алдымен олжаны әділетсіз бөлгеніне өкпелеген үш ағайынды Абаджи, Йанджи мен Қараджин одан бөлініп кетеді. 

Бірақ, қостан кетіп үлгермеген оларды алдап кері шақырып, опасыздықпен өлтіреді. Салық жинау кезінде жергілікті тұрғындар өлтірген жиені Ақ-тәжінің кегін қайтару үшін 1298 жылы Ноғай Қырымға басып кіреді. Бұл жорықта ол тағы да олжаны әділетсіз бөледі, бұл жолы Шибанның баласы Мажарға үлес тимей қалады.  

Мажар өз әмірлерін ертіп Тоқтаға келіп қосылады. Ақыр соңында ақсүйектердің көпшілігі Тоқтының жағына шығады. Бұл жағдай Ноғайды біршама әлсіретіп тастайды. 1299 (1300) жылы Ноғайдың жақтастарынан екі есе көп әскерімен Тоқта қарсыласының иелігіне шабуыл бастайды. Басты шайқас Днепрдің сол жақ жағалауындағы Ноғай жұрты орналасқан Қоқанлық деген елді мекенде болды. Күні бойы болған шайқас Ноғайдың жеңілісімен аяқталады. Оны Тоқты әскерінің бір сарбазы тұтқынға түсіріп, басын шауып алады.

Алтын Орданың Оң қанатының билеушісі болған, хан тағына өз қалауынша екі үміткер ұсынып, хандықта зор ықпалы болған және шайқаста күйрей жеңілген Ноғай ханның өмірі осылайша аяқталды.