Қазақстан халқының тарихы: орыстар
03.05.2018 4668
Қазақстанда халқының саны бойынша мемлекетқұраушы қазақ халқынан кейінгі екінші орында орыстар тұр

Қазақтар мен орыстар арасында байланыстың орнауына аумақтардың жақын орналасуы септігін тигізді. Ал Қазақстанның Ресей империясы құрамына қосылу процесі басталысымен орыс мәдениеті мен салт-дәстүрі жергілікті дәстүрлерге қарқынды әсер ете бастады.

Ресей империясы халыққа риясыз қорғаушылық көрсетіп қана қоймай, өз ықпалын тарата бастады, соның нәтижесінде қазақтар империяда қалыптасқан басқару ерекшеліктерін қабылдап, үйрене бастады. Оның үстіне Ресей қазақ жерлеріне азия әлеміне жол ашатын тартымды территория ретінде көретін. Бұдан басқа, кең-байтақ қазақ жерінің пайдалы қазбаға бай екені де белгілі еді.

1714 жылы I Петрге Сібір губернаторы М.П. Гагариннен мынадай хабарлама келіп түседі: «Қалмақтардың Эркети қалашығында... Дария өзенінде құмнан алтын шаюды кәсіп етеді».  

XVIII ғасырдың басында Ресей империясы ресей-қазақ шекарасы бойында фортификациялық құрылыстар салу арқылы Қазақстанды экспансиялауға көшеді. 1714 жылдан бастап 1720 жылға дейін Жоғарғы Ертіс бойында өлкені одан әрі отарлауға себін тигізген  Ямышевская, Омская, Колбасинская, Железинская, Семипалатинская, Коряковская и Усть-Каменогорская әскери бекіністері салынады.

1731 жылғы 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы жарлыққа қол қояды. Бұл бір сәттік процесс болған жоқ. Халық ішіндегі көптеген сыйлы ақсақалдар Әбілқайыр ханның мұндай шешіміне қарсылық білдірді. Десе де, көп ұзамай Орта жүз де Ресей протекторатын сұрайды, кейінірек Ұлы жүз де Ресей империясына қосылады.  

Ресей Қазақстанмен шекаралас аумақта өз инфрақұрылымын құруға тырысты. Ол жерлерге орыс тұрғындарын, әсіресе, саудагерлерді тарту үшін басшылық көтермелеу бағдарламасын әзірледі.  XIX ғасырдың ортасында даланың байырғы тұрғындары – қазақтардың ғана емес, сонымен қатар, орыс халқының да біраз бөлігінің тағдыры шешілу үстінде еді.

Империяда буржуаздық реформалар жүргізіліп жатқан кезде Қазақстанның Ресейге қосылу процесі аяқтала бастаған еді. 1861 жылы крепостнойлық құқықтың жойылуы шаруаларға көптен күткен бостандығын берді, алайда, бұрынғы басыбайлылар бұл бостандықпен не істеуге болатынын білмеді.  Алғашқы жылдары олардың тұрмыс-тіршіліктері тіпті нашар болды. Шаруаларға жер үлесін бөліп берді, бірақ, ол үшін 49 жыл бойы 6% жылдық есеппен төлем төлеу керек болды. Қоныс аудару саясаты жер мәселелерін шешу тәсілдерінің бірі болуы керек еді. Бұдан басқа, жаңа территориядағы ресейлік тұрғындар Ресей империясының басшылығы үшін тірек қызметін атқаруы керек болды. Әскери-казактық отарлау бұқаралық отарлаумен алмасты.

1868 жылғы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелерге» сәйкес қоныс аударушыларға бастапқы кезде келесі артықшылықтар мен  көмек берілді: әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке қолайлы 30 десятинадан жер бөлініп беріледі; қоныс аударушылар 15 жыл бойы салықтан және түрлі міндеткерліктерден босатылады, 100 рубльге дейін қарыз беріледі.

Уақыт өте келе жеңілдіктер азая бастады. Мысалы, 1883 жылы жер үлесі 3 есе азайған. Бұл көтермелеу әрекеттерінің әсері болғанын және орыс халқының бір бөлігі тұрғылықты мекенін ауыстырғанын көрсетеді. Бірақ, басқа халықтың құқығына нұқсан келтіру арқылы ғана жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін еді. Бұл екі ұлт арасында қақтығыстар туындатты. Қазақтар тіршілік етуге қолайсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды. Сол кездері қазақтардың саны қатты азайды.

Алайда, орыстар да толықтай қамтамасыз етіліп, әлеуметтік жеңілдіктермен қорғалды деп айтуға келмейді, олар жаңа қонысқа, басқа салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршілікке байланысты қиындықтардан құтыла алмады. Бір бөлігі Қазақстан арқылы өтетін Сібір теміржолы құрылысының басталуына байланысты, 1892 жыл Ресейдің қоныс аудару саясатының жаңа кезеңіне айналды.  

Орыстардың көптеп ағылуы 1891-1892 жылдары Ресейдің 17 губерниясында жаппай аштық болуымен түсіндірілді. Мигранттардың бір бөлігі бейімделе алмай, отанына қайта оралды. Қазақстанда қалған орыстар көбіне өздерінің еңбекқорлығы, табандылығы мен бірін-бірі қолдауының арқасында жаңа жерге үйреніп, сіңісіп кете алды.  

Тарихи отанынан қол үзу, бөтен ұлттық, мәдени орта бір ұлт өкілдерінің өзара бірігуіне себепші болды, алайда, олар жергілікті халықпен де достық қарым-қатынас орнатуға тырысты.

Қазіргі Қазақстан аумағына орыстардың қоныстануы одан кейінгі жылдары да жалғасты. Орыс ұлтының кейбір өкілдері отанын тастап, Қазақстанға жер аударылды, немесе қасіретімен танымал лагерьлерде жазасын өтеді, басқаларын өмір сүрудің қолайлы шарттары, маңызды идеологиялық жұмыс қызықтырды, кейбіреулер жұмыс бабына байланысты немесе жеке себептерімен келді.

Бірақ Қазақстан және оның байырғы халқы әрқашан да елде ұлтаралық келісімді қолдауға тырысты, ал, өз кезегінде орыстар өздерінің жаңа отанының дамуына үлестерін қосты.